Орамал оқуға кедергі ме? Даулы мәселеде тараптар мәмілеге келер емес

Басына орамал тағып, мектепке кіріп бара жатқан оқушылар. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда оқушылар ата-анасы мен мектеп әкімшіліктері арасында орамал дауы тағы қозды. Билік бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрыққа барлық оқушы бағынуы керек деп біледі. Ата-аналар орамал оқу процесіне кедергі емес дегенді алға тартып, баланың білім алу құқығы тапталды дейді. Бала омбудсмені ең алдымен баланың өзін қоғамда тең сезініп, құралыптастармен қатар білім алуы маңызды екенін айтады.

МІНДЕТТІ БІЛІМ АЛУ ҚҰҚЫ МЕН ОРАМАЛ

Қарағанды қаласында мектеп формасы туралы талапқа сай киінбеген 47 оқушының ата-анасын әкімшілік жауапқа тарту үшін істерін сотқа жолдамақшы. Қалалық білім бөлімінің бастығы Есентай Әшімнің Азаттыққа айтуынша, "сот тиісті шешім шығарғанға дейін оқушы қыздар уақытша сабаққа қатыса береді".

Your browser doesn’t support HTML5

Қарағандыда ата-анасы сотқа жүгінген орамалды оқушыларды мектепке кіргізе бастады

Балалары орамал таққаны үшін мектептегі сабақтан шеттетілген бірнеше ата-ана Конституциялық сотқа жүгінуді ұйғарған. Олар қыздары мектеп формасы туралы талапқа сай киінгенін, тек басына орамал тартқаны үшін сабаққа кіре алмай, міндетті білім алу туралы конституциялық құқы бұзылғанын айтады.

"Заң да емес, министрліктің бұйрығын алға тартып, баланың білім алу құқын таптауға ешкімнің хақы жоқ" деп есептейді қарағандылық құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағамбетов.

Қайсыбір жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде орамал дауына қатысты ондаған іс сотта қаралған. Қазақстан соттары орамал таққан оқушының сабаққа кіруіне тыйым салған мектептің ұстанымын заңды деп тапқан. Бірақ орамал дауы мұнымен бітпеді.

Биыл жаңа оқу жылы басталысымен тағы қозды. Өткен айда бір топ ата-ана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, оқушы балалардың орамал тағып сабаққа кіруіне тыйым салған мектеп әкімшілігі олардың білім алу құқын шектеп отыр деп мәлімдеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Оқушылардың хиджап дауы қайта ушықты

Орамал таққан оқушылар ата-анасының шағымы көбейген тұста Қазақтан мұсылмандары діни басқармасы "Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз" деп мәлімдеме жасады. ҚМДБ бұл мәселеге қатысты "мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар бергенін" хабарлады. Бірақ нақты не ұсынғанын ашып айтпады.

Ал оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушы қыздардың сабаққа орамал тағып бару туралы журналистер сұрағына "мектеп формасын киіп келуі керек" деп жауап берген еді. Осыған ұқсас пікірді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да білдірді.

"Мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді" деп жазды ол Facebook-парақшасына.

Қазақстандағы мектеп формасы туралы ережеге сай, оқушы пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасы жайлы бұл талапты меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

26-бұйрық не туралы?

"Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды".
Білім және ғылым министрлігінің (қазір – оқу-ағарту министрлігі) 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы

Азаттық Оқу-ағарту министрлігінен елде мектепте міндетті білім алғысы келген орамал таққан бала саны нешеу екенін сұрап хат жолдаған еді. Министрліктің балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова "діни киім киюге байланысты балалар жеке есепке алынбайтынын" айтып, "жаңа оқу жылында Қазақстанда мектеп аумағында сабақ уақытында хиджаб я орамал таққан оқушы тіркелмеді" деп жауап берді.

"БІЛІМ КЕРЕК БОЛҒАН СОҢ ЕРЕЖЕГЕ БАҒЫНУҒА МӘЖБҮРМІЗ"

Шымкентте тұратын Жаннат Нұрәлиеваның 8-сыныпқа барып жүрген екі қызы үздік оқушы атанған. Осыдан екі жыл бұрын екеуі алғаш рет орамал тағыпты. Бірақ олар оқитын №83 мектептің әкімшілігі қыздардың сабаққа орамал тағып қатысуына қарсы болып, мектеп формасы туралы ережеге бағынуын талап еткен.

– Оқу жылының аяғына дейін екеуі орамал тағып барып жүрді. Ал былтыр 7-сыныпта орамалмен мектепке кіргізбей қойған соң, үйден онлайн оқыдық, – дейді оқушылардың анасы.

Жаннат қыздары қашықтан оқыған кезде білім деңгейі төмендей бастағанын айтады. Оқу жылының аяғында бір қызы онлайн сабақтан бас тартқан. Қыздары оқудан қол үзіп қала ма деп алаңдаған әйел биыл басқа мектеп іздепті. Сөйтіп балаларының құжатын Шымкенттегі жекеменшік Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейіне тапсырған.

Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейінде сабақта отырған оқушылар. Шымкент, 20 қыркүйек 2023 жыл.

– Жекеменшік білім мекемесі болғанымызбен, мемлекеттің білім беру заңдарына бағынамыз. Орамал тағатын қызын алып келген ата-анаға бізде шәкірт Оқу-ағарту министрлігінің №26 бұйрығына сай мектеп формасын киіп жүруге, мектептің ішкі тәртібі бен ережесіне бағынуға міндетті екенін, лицейімізде діни атрибутикаларды қолдануға тыйым салынатынын бірден ескерттік, – дейді Intellect мектеп-лицейінің директоры Ерлан Құдайбергенов.

Жаннат қыздарының мектеп-лицейдегі сабаққа орамалсыз қатысуына келіскен. 1 қыркүйекте балаларымен бірге білім мекемесіндегі жиынға да қатысқан.

– Мектеп аумағына кірген соң мұғалімдер орамал тағып жүруге болмайтынын айтты. Қыздарымды алдын ала дайындап, мұнда тек қыздар оқитынын, әйел мұғалімдер болатынын түсіндірсем де, балаларыма орамалын шешіп жиналысқа қатысу оңайға түспеді. Екіұдай күй кешіп, қайта-қайта басын ұстай берді. Жан-жағына жалтақтап, "ер кісілер жоқ па?" деп сұрады, екеуі де қатты абдырап қалды, – дейді оқушылардың анасы.

Жаннаттың қыздары қазір мектеп-лицейде орамалын шешіп, шашына ақ бантик тағып, мектеп формасын киіп жүруге үйренген. Сабақ аяқталып, мектеп аумағынан шыққан кезде орамалын қайта тағады.

– Көшеге шыққанда орамалсыз жүру деген сөз болудың өзі мүмкін емес. Біздің түсінігімізде балиғат жасқа толған қызды ер адам орамалсыз көрмегені дұрыс. Қыздарым орамал таққанмен – бала. Өзге балалармен түсінігі бірдей. Олардың ой-мақсаты – білім алу. Мектеп ішінде орамалды шешуге мәжбүрміз. Себебі оқу керек, – дейді Жаннат Нұрәлиева.

"БИЫЛ ДА МЕКТЕПКЕ ОРАМАЛ ТАҒЫП КЕЛІП ЖҮР"

Қалалық білім беру басқармасының дерегінше, Шымкентте қазір 33 оқушы қыз мектеп әкімшілігінің оқу формасына қатысты талабына мойынсұнбай, сабаққа орамал тағып қатысып жүр. Қыркүйектің басында осындай 51 оқушы болған дейді басқарма өкілдері.

"Мектеп әкімшілігі ата-аналарға түсіндіргеннен кейін 18 оқушы сабаққа орамалын шешіп кіретін болды. Қалған 33 баланың 30 ата-анасына бір апта уақыт берілді. Егер шәкірт орамалын шешпесе, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінен оқушының ата-анасына шара қолдануын сұраймыз", – деді білім басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа 3 қазанда.

Мектепке орамалмен кіргізбеген соң үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. Орал, 5 қыркүйек, 2017 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Осы департамент биыл қаңтарда Оқу-ағарту министрлігінің №26 бұйрығын орындамаған оқушылардың ата-аналарына – барлығы 35 адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы ("Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") бойынша әкімшілік шара қолданып, ескерту жасаған. Солардың ішінен 16 ата-ананың қыздары биылғы жаңа оқу жылында мектепке тағы да орамал тағып келіп жүр.

Оқушы мектеп формасы туралы ережеге бағынуға міндетті екені ата-аналарға түсіндірілгенімен, тамыз айында қалалық білім басқармасына баласына орамал тағып сабаққа қатысуға рұқсат сұраған 15 ата-анадан өтініш түскен.

"МЕКТЕПТЕН ТЫС ЖЕРДЕГІ ЖҮРІС-ТҰРЫСЫНА АТА-АНАСЫ ЖАУАПТЫ"

Қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Шымкенттегі жекеменшік Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейі маңындағы аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрған оқушы қыздар туралы видео тарады. Онда үстіне мектеп формасын киген қыз балалардың дені орамал тағып алғаны көзге шалынады. Бұл видео қоғамда қызу талқыланып, пікірталас өрбіді. Балаға орамал тағуды сынағандар да, құптағандар да болды.

Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейіндегі дене шынықтыру сабағын. Шымкент, 20 қыркүйек 2023 жыл.

Intellect қыздар мектеп-лицейіне барған Азаттық тілшісі мекеме аумағында оқушылар міндетті мектеп формасы туралы талапқа сай киініп жүргенін байқады. Ашылғанына үш жыл болған білім мекемесінің директоры Ерлан Құдайбергенов орамал таққан оқушы қызын ертіп келген ата-анаға мектеп әкімшілігі оқушы алғашқы күннен бастап №26 бұйрыққа сай киінуге міндетті, діни атрибутикаларды мектепте қолдануға болмайды деген шарт қоятынын айтты.

Қызыма орамалды қазір де тағуыма болады. Бірақ таңдау құқығын өзіне бердік. Ой-өрісі дұрыс қалыптассын, кейін тағамын десе, өзі біледі

Оның сөзінше, қазір мектеп-лицейде білім алып жүрген 400-ден аса оқушы қыз түгелдей сабаққа мектеп формасын киіп қатысады. Ал сабақтан шыққан соң орамал тағып жүретін шәкірт саны нешеу екенін білмейтінін, "лицей ондай есеп жүргізбейтінін" айтты.

– Мектептен тыс жерде оқушының жүріс-тұрысы мен киіміне ата-анасы жауапты, – деді директор Ерлан Құдайбергенов.

Шымкенттік Ержан Ырысқұловтың Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейінде 7-сыныпта оқитын қызы да орамал тағады. Ержан баласы сабақ уақытында мектеп формасын киіп, ортақ ережеге бағынуы керек деген талапқа келіскен. Ал мектептен тыс жерде орамал тағу – қызымның өз құқығы деп біледі.

– Шариғат бойынша, қыз бала есейе келе орамал тағады. Әркімнің таңдауын құрметтеу керек. Бұл мектепке тек қыздар оқиды. Ұлдар жоқ. Сондықтан мектеп ішінде орамалын шешуге рұқсат еттім. Ал сыртта орамал тағып жүруге оның еркі бар, – дейді кәмелетке толмаған оқушының әкесі.

Шымкенттің тағы бір тұрғыны Гауһар Асанова хиджаб киіп жүреді. Ол Intellect мектеп-лицейінде 5-сыныпта оқитын қызына орамал тағуға әлі ерте деп біледі. Анасы қызының орамалды өз түйсігімен таққанын қалайды. Білім алып, мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнына барған кезде өзі таңдау жасап, шешім қабылдағаны абзал деп есептейді ол.

– Әр баланың орамалды қабылдауы әртүрлі. Ата-ананың парызы – баланы тәрбиелеумен бірге білім алуына жағдай жасау. Қызыма орамалды қазір де тағуыма болады. Бірақ таңдау құқығын өзіне бердік. Ой-өрісі дұрыс қалыптассын, кейін тағамын десе, өзі біледі, – дейді Гауһар Асанова.

Intellect физика-математикалық қыздар мектеп-лицейіндегі сабақ. Шымкент, 20 қыркүйек 2023 жыл.

БАЛА ОМБУДСМЕНІНІҢ ПІКІРІ

Түркістан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл әрі балалар психологы Гүлжан Вероцкая ой-санасы әлі толық жетіліп, қалыптаспағандықтан кейде оқушы орамал тағудың мән-мағынасын түсініп-түйсінбеуі мүмкін дейді. Сондықтан бұл нәзік мәселеде абай болу, баланың жанын жаралап алмау маңызды екенін айтады.

– Кез-келген ерекшелік балалар арасындағы дискриминацияға алып келуі мүмкін. Мектеп формасының мағынасы тереңде жатыр. Бұл барлық бала – бірдей, тең деген қоғамдық көзқарас қалыптастыруға негізделген, – дейді ол.

Вероцкаяның пікірінше, орамал тағу кәмелетке толмаған оқушының емес, ата-анасының я заңды өкілінің таңдауы, солардың ұйғарымы екенін ескеру керек. "Баланы балалық шақтан айырмау маңызды. Бала өз кезегінде әртүрлі мүмкіндікті пайдалана алғаны жөн. Баланың бойында еркін, өз болмысын қабылдайтын, бәрімен тең екенін түсінетін, бір сөзбен айтқанда, сау көзқарас қалыптастыру керек" дейді психолог.

Жоғарғы оқу орнында оқитын мұсылман қыздар университет ауласынан шығып барады. Азаттық архивіндегі сурет.

Кей жағдайда "көп қарғаның ішіндегі ала қарға" болу баланың жасқаншақ, бұйығы болуына әсер етеді деп ескертеді.

– Кез-келген бала өз ортасына барынша қауіпсіз икемделуге, үйренуге тырысады. Кей жағдайда басқалардан бөлекпін деп сезіну баланың өз болмысын қабылдауына шектеу қояды. Мысалы, мектепте мың бала оқиды, соның ішінде бір оқушы орамал тағады делік. Балада өзі туралы қандай пікір қалыптасады? Өзін бөлек, бөтен сезіне ме? Бұл баланың психикасына кері әсер етуі ықтимал, – дейді бала омбудсмені.

Вероцкая ой-санасы толық қалыптаспаған баланы еркінен тыс мәжбүрлеу, баланың үлкендердің сөзінен шыға алмайтынын пайдалану қателік болатынын, оның орнына баланы жастайынан өз таңдауын өзі жасауға тәрбиелеп, өміріндегі маңызды шешімді өзі қабылдауына баулыған дұрыс екенін айтады.

– Әкесі мәжбүрлеп орамал таққызған бір қызды білемін. Үйіне тек діни кітаптарды әкелуге рұқсат еткен. Әдеби кітаптарды оқыса ұрып-соққан. Ол баланы өз еркімен орамал тақты деп айтуға болмайды. Отбасына бейімделу үшін орамал тағатын оқушылар көп. Орамал таққан қыздардың әрқайсысына жеке қарау керек дегенім сондықтан. Орамал тағу я тақпау туралы шешімді кәмелет жасқа толғанда, яғни 18 жасқа келгенде өзі қабылдағаны жөн, – дейді маман.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Пәренжі, орамал, шәлі. Бұрынғы СССР-дағы әйел бас киімінің эволюциясы"Орамал оқуына кедергі келтірмейді ғой". Хиджапқа бола бір ай сабаққа кіре алмаған Кәусардың хикаясыОрамалды шәкірттердің ата-анасы онлайн оқуды заңдастыруды сұрайды