48 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны Алмагүл Құмашеваның 15-сәуір күні шенеуніктермен кездесуде ашына айтқан сөзі әлеуметтік желіде әлі қызу талқыланып жатыр. Көп балалы ананың билік өкілдеріне айтқан кейбір сөзін қолданушылар "қанатты сөзге" айналдырды.
Алмагүл Құмашева Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданында дүниеге келген. 11 жасқа толғанда отбасы Қарағанды өңіріне қоныс аударған. Сонда мектеп бітіріп, жергілікті колледждің біріне оқуға түсіп, экономика мамандығы бойынша біліп алған. Оқып жүргенде тұрмысқа шыққан. Сөйтіп оқуы аяқсыз қалған.
- "Екі жарты - бір бүтін" болайық десек те, жетіспеушіліктен, жоқшылықтан болмады. Балалар кішкентай болды ғой, мүмкін мен [күйеуіме] сәл қысым көрсеткен шығармын. Тұра алмадық, - деп еске алады жалғызілікті ана.
Алмагүл қанша қиындық көрсе де тағдырдың ауыртпалығына мойымағанын айтады. 34 жасында оқу бітіріп, диплом алған. "Мамандығым бойынша қызметке тұру қиын болды, бала-шағаны асырау үшін ешқандай жұмыстан тартынбадым" дейді ол.
- Ыдыс та жудым, қап та тасыдым. Далаға шығып сауда да жасадым. Кондуктор да болдым. Балаларымды тастап кетіп, басқа жаққа барып жұмыс істеуіме тура келген кездер де болды, - дейді Алмагүл.
БАСПАНА КЕЗЕГІ
2002 жылы жақындарының кеңесімен Алмагүл жалғызілікті ана ретінде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданында пәтер кезегіне тұрады. Кейін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің құрылымында өзгеріс болып, архивтегі бірқатар құжат жоғалып кеткен. Солардың арасында Алмагүлдің де құжаты жоғалып, пәтер кезегінен айырылып қалған. Кейін құжаттарын қайта жинап, баспана кезегіне тағы тұрған.
- Үй кезегіне тұрған кезде 29 жаста едім. Қазір жасым 47-ден асты. Оңай емес. Мен де өмір сүргім келеді. Менің де арманым көп еді. Бірақ қалай да осы үйді аламын деп жанталаспаппын. Бұған өмірдегі басқа да мұқтаждықтар кедергі келтірді. Негізгі мақсатым - балаларыма жақсы білім беріп, дұрыс адам қылу болды, - дейді Алмагүл Құмашева.
Видео: Көп балалы ана Алмагүл Құмашеванмен сұхбат. (Нұр-Сұлтан, 18 сәуір 2019 жыл).
Төрт балалы жалғызілікті ана қазір Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Көктал-1 шағын ауданында жалпы аумағы 28 шаршы метр бөлмеде тұрып жатыр. "Жарамды аумағы 10 шаршы метрге жетер-жетпес" дейді Алмагүл. Аядай бөлме төрт адамға тарлық қылғандықтан 17 жастағы ұлы Әділ қаладағы туысының үйінде тұрып, оқиды. Қазір анасымен бірге 11 жастағы Фатима мен он жасар Ясин-Ислам ғана тұрады.
- Исламым маған тартқан, сөзге жүйрік. Ойына не келсе, соны айта салады. Ұлым маған "Өмірде жолым болмаған. Өйткені мен әлемдегі ең нашар ата-ана мен мемлекетте тұрамын. Менен біреу осындай жерде тұрғың келе ме деп сұрады ма? Терезе қайда? Әлемді өз көзіммен көргім келеді. Бұл үйде тордағы жолбарыс сияқтымын" дейді. Жаныма батады. Бірақ амалым жоқ, - дейді Алмагүл.
Тұрған жері жайсыз, тұрмысы ауыр болғандықтан үлкен қызы Айдана (23 жаста) төрт жыл бұрын Санкт-Петербург қаласына оқуға кетіп, сонда қалып қойған.
- Аллаға шүкір, қазір жағдайы жақсы. Мен қазір өкінбеймін. Бірақ сол кезде оның кеткеніне ренжідім. Артынан қуып барып, алып кеткім келді. Қызым "Қаламын, осы жерде оқығым келеді, басқа жерлерді көргім келеді" деді. Бірақ Қазақстанда менің жағдайым осындай [қиын] деген жоқ. Өкініштісі сол, біздің жастарымыз [еліне емес] шетелге көбірек керек болғаны ма? - дейді Алмагүл Құмашева.
Екінші ұлы Әділ Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған "Зерде" мектебінде 11-сыныпта оқиды. Ол да болашақта шетелде білім алғысы келеді. Мықты программист болуды армандайды. "Кетемін десе жолын бөгемеймін" дейді Алмагүл.
Азаттық тілшісімен сұхбатта Алмагүл Құмашева балаларының сапалы білімді шетелден іздемей, өз елінде алатындай жағдайға жеткенін көргісі келетінін де айтты.
- Мен Қазақстан Дубай (БАӘ - ред.), Франция, Америка сияқты адамдардың арманына айналған мемлекет болса екен деймін. Ал мен сондай мемлекеттің азаматы болғым келеді. Балаларым Қазақстанда білім алып, кейін шетелдік компаниялар оларды жұмысқа шақырса деймін, - дейді ана.
ЖАСТАР НЕГЕ ҚАЗАҚСТАННАН КЕТІП ЖАТЫР?
Әлеуметтік желіде Алмагүл Құрмашеваның видеосы тарағаннан кейін қолданушылар "жақсы өмір іздеп, елінен кеткен" жастар жайлы пікір таластыра бастаған. Кейбірі "мұнайға бай", "өзін жарнамалауға келгенде жомарттық" танытатын Қазақстанда жастарға жағдай жоқтығын айтып, билікті кінәлаған еді. Сәуірдің 15-і күні Нұр-Сұлтанда көп балалы аналармен кездескен депутаттардың бірі Бақытбек Смағұл Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "жастардың шетелге кетуіне үкімет қана емес, ата-аналар да жауапты" деді.
- Жалғызілікті анасын тастап кеткен баланыкі де дұрыс деп ойламаймын. Тәрбиеден болар. Міндетті түрде шетелге бару шарт емес, басқа да жұмыс көздері бар деп ойлаймын. Өзіміздің де баламыз бар ғой. Олардың бәрі қарапайым еңбектен бастады. Өйткені, мектеп қабырғасын бітірген балаға бірден жақсы орын жоқ, - деді ол.
Ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз бала опат болған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Көп балалы аналар наразылығы. Себебі тереңде ме?Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен.
Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.
Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.