"Шыңжаңдағы қысым туралы айтпауым үшін қорамды өртесе керек"

Your browser doesn’t support HTML5

Тұрсынай Зияудун Қытай лагерінде басынан өткенін баяндайды. Шелек ауылы, Алматы облысы, 20 ақпан 2020 жыл.

Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болғанда қысым көргені туралы ашық мәлімдеп жүрген этникалық ұйғыр Тұрсынай Зияудун Алматы облысында тұрып жатқан үйінің қора-қопсысын біреулер өртеп жібергенін айтады. Ол мұны Шыңжаң жайлы айтқандарымен байланыстырады.

Алматы облысы Шелек ауылында тұратын Тұрсынай Зияудун Қытайда туған этникалық қазақ Қалмырза Халықұлына тұрмысқа шыққан. Ақпанның 14-і күні тұрып жатқан үйінің ауласындағы қораға белгісіз біреулер от қойған. Күйеуі екеуі өртті өшіруге тұра жүгіргенде үйінің есігінің сыртын біреу жіппен байлап кеткенін айтады.

- Есікті итеріп едік, ашылмады. Өрт сөндірушілерге хабарластық. Пышақпен арқанды кесіп, есікті әрең аштық. Өрт сөндірушілер келгенде сыртқа шықтық. Бұл бізді өлтіргісі келгендердің ісі ме, қайдан білейін, - дейді 42 жастағы Тұрсынай.

Тұрсынай Зияудун мен Қалмырза Халықұлы тұрып жатқан үйдің ауласының өрттен кейінгі көрінісі. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 жыл.

Қора-қопсысы өртенген отбасы полицияға арыз жазғанын айтады. Шелек аудандық полиция бөлімінің аты-жөнін айтпаған қызметкері әзірге бұл арыз бойынша іс қозғалмағанын жеткізді.

- Ол жерде кісі өлімі немесе тонау болған жоқ. Тек қора өртенді. Бізге өрт сөндіру қызметі өрттің неден болғаны туралы қағаз жіберу керек. Содан кейін барып іс қозғаймыз. Әзірге ондай қағаз келген жоқ, - деді ол.

Тұрсынай "Қытайда көрген қысым жайлы айтқызбас үшін қорамды әдейі өртеген сияқты. Бұл ескерту болуы керек" деп топшылайды. Сөзінше, ақпанның басында "жақында Қытайдан келдім, сондағы туыстарыңның жолдаған сәлемі бар, жолығайық" деп белгісіз адам бірнеше рет қоңырау шалған. Ал Тұрсынайдың жұбайы 63 жастағы Қалмырза Халықұлы өзіне белгісіз біреу келіп, "әйелің екеуің тыныш жүріңдер" деп ескертіп кеткенін айтады.

- Маған жасалған шабуыл ма деп қорқамын. Мұнда да маған тыныштық бермейтін сияқты. Не істерімді білмеймін, - дейді Тұрсынай.

Отбасының жартылай өртенген қорасы қазір сол күйі тұр.

"ЛАГЕРЬДЕ ІШІМНЕН ТЕПТІ, ЕНДІ БАЛА КӨТЕРЕ АЛМАЙМЫН"

Қалмырза Халықұлы 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ал Тұрсынай Зияудун "пана іздеуші куәлігімен" жүр. "Екі рет Шыңжаңдағы саяси лагерьде отырып шықтым" деген Тұрсынай Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрайды.

Тұрсынай Зияудун мен күйеуі Қалмырза Халықұлы дастархан басында. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 жыл.

Тұрсынай Зияудун мен Қалмырза Халықұлы 2011 жылы Қазақстанға Шыңжаң өлкесі Іле Қазақ автономиялық облысындағы Күнес ауылынан келіп, уақытша тіркеуге тұрған. Бірақ Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырмаған. Қытайда дәрігер болып істеп, сол жақта зейнетке шыққан Қалмырза мұның себебін "Қытайдағы зейнетақымды алу үшін" деп түсіндіреді.

2016 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық соты ерлі-зайыптыға Қазақстанда бес жыл заңсыз тұрғаны үшін айыппұл салған. Осыдан кейін екеуі Қытайға оралуды ұйғарған. Шекарадан өткеннен кейін Қытай полицейлері құжаттарын жинап алған. Тұрсынайдың айтуынша, 2017 жылы сәуірде оны "шетелде ұзақ тұрғаны үшін" саяси лагерьге жіберген, ал күйеуінің құжаттарын қайтарып берген.

- Ол кезде лагерь жаңадан ашылған болатын. Күйеуіме де тиіспегені содан болар. Аса қатал емес еді. Сақшылармен де тіл табысуға болатын. Бір айдан кейін асқазаным қабынып, ауруханаға түстім де, дәрігерлердің диагнозы негізінде саяси үйрену лагерінен босадым, - деп еске алады Тұрсынай.

Шыңжаңдағы лагерьлердің бірі. 2019 жылғы маусымда түсірілген сурет.

Бірақ 2018 жылы наурызда қайта қамауға алынып, екінші рет лагерьге жабылған.

- Екі әйел сақшы алып барды. Бірден құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқамды киімдеріммен қоса шешіп алды. Тіпті сөйлеуге, неге бұлай жасап жатырсыңдар деп сұрауға мұрша бермеді. Мысалы, менімен бірге жасы жетпістен асқан ұйғыр апа кірді. Басында жаулығы бар еді. Алдымен соны жұлып алды. Сол жердегі елдің көзінше үстіндегі ұзын көйлегін шешкізіп тастады. Тек лыпамен ғана қалды. Сол сәттегі апаның бейнесін көз алдыма елестетсем жүрегім ауырады, - дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаң жұрты "сақал өсіріп, хиджап кигені" үшін қамалған

Тұрсынай саяси лагерьдегі жағдайды "түрмеден бетер болды" деп суреттейді. Ол "түн ішінде орындарынан тұрғызып, жеке бөлмеге апарып ұрып-соғатын кездер де жиі болғанын" айтады.

- Бір рет ішімнен қатты тепті. Есімнен танып қалдым. Ота жасады және енді бала көтере алмайтынымды ескертті. Қазақстанға келгеннен кейін де дәрігерге қаралып, тексеруден өттім. Олар да енді перзентті болу мүмкіндігінен айырылғанымды айтты, - дейді әйел көзіне жас алып.

Қазір де дәрігерлердің тұрақты бақылауында айтқанын Тұрсынай Азаттық тілшісіне дәрігерден алған қағаз-құжаттар мен анықтамаларды көрсетті.

ТҰРСЫНАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ОРАЛДЫ?

Тұрсынайдың күйеуі Қалмырза Халықұлы 2017 жылы "жолын тауып" Қазақстанға оралып, осы елдің азаматтығын алған. Кейін Қазақстанның құзырлы органдарынан көмек сұраған.

Қалмырза Халықұлы. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 жыл.

2019 жылы қыркүйекте Шыңжаңдағы лагерьден босап шыққан Тұрсынай күйеуінің шақыртуы негізінде үш айлық виза алып, Қазақстанға келіп алған. Бірақ визамен келгендіктен қазір Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсыра алмай жүргенін айтады. Оның қолында "пана іздеуші куәлігі" ғана бар. Тұрсынай Алматы облыстық көші-қон полициясына босқын мәртебесін сұрап арыз да жазыпты.

- Арыздан әлі хабар жоқ. Пана іздеуші куәлігімнің мерзімі екі рет ұзартылды. Енді бір рет қана ұзарта аламын. Егер босқын мәртебесін бермесе, Қытайға қайтарып жібереді. Онда түрмеде шіримін. Одан да Қазақстанда өлейін. Ұлтым ұйғыр болғанымен жұртым қазақ қой. Қазақтың келінімін, - дейді ол егіле жылап.

Азаттық Алматы облыстық көші-қон полициясына Тұрсынай Зияудунның босқын мәртебесін сұрағаны жайлы сауал жолдады. Әзірге жауап келген жоқ. Қытайдан келген қазақтардың ісімен айналысып жүрген заңгер Айна Шорманбаева Тұрсынай Зияудунның босқын мәртебесін сұраған арызы бойынша комиссия отырысы наурыздың 3-іне белгіленгенін айтты.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Басында лагерьлердің барын жоққа шығарып келген Пекин кейін оларды "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.

Қытайдағы мұсылмандарға қысымнан кейін Қазақстанға қашып, саяси баспана сұраған тек Тұрсынай Зияудун ғана емес. 2018 жылы Шыңжаңдағы қысымнан қашып, қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбай да Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін сұраған. Бірақ босқын мәртебесін ала алмаған Сауытбай мен отбасына Швеция пана берді. Қазір Шыңжаңнан келген этникалық қазақтар Қайша Ақан, Бағашар Мәлікұлы, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы да Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрайды. Олардың қолында да "пана іздеуші қуәлігі" бар.

"Шекара бұзған" Қытай қазақтары

Сайрагүл Сауытбай. "Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу лагерінде оқытушы болып жұмыс істеген" Сауытбай 2018 жылы Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз өткен. Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтқан. 2018 жылы тамызда Жаркент қаласындағы сот Сауытбайды алты ай шартты жазаға кесіп, елде қалдырды. Судья үкім шығарарда Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір сонда тұрып жатыр.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы. 2019 жылы қазанның басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға білдіртпей өтіп кеткен. Кейін жолай такси жалдап, 10 қазанда Алматыға "келген". Олар 14 қазанда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, "Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін" айтып, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрады. Осыдан кейін ҰҚК шекара қызметі екеуін ұстап, тергеу изоляторына қамады. 2020 жылы 21 қаңтарда Зайсан аудандық соты екеуін бір жылға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырған. Сот шешім шығарарда олардың қылмысты мойындағандарын, тергеуге көмектескендерін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескерген. Екеуінің қолында Қазақстан берген "пана іздеуші куәлігі" бар. Босқын мәртебесін алатын-алмайтыны әлі белгісіз.

Тілек Тәбәрікұлы. 2020 жылы 16 қаңтарда Жаркент соты Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырды. Айыптау актісіне сай, Тәбәрікұлы 2018 жылы мамырда қазақ-қытай шекарасының Қорғас шекара бақылау бекетінен "заңсыз өтіп кеткен". Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсанда Қытайға "көлік жөндеу жағын үйрену үшін" барып, қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары "белгісіз себептермен" шетелге шығатын құжатын алып, қайтармаған. Судья үкім шығарарда Тәбәрікұлының қолында Қазақстан берген ықтиярхат барын, оның әке-шешесінің Қазақстан азаматы екенін, айыбын толық мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерген. Тәбәрікұлы қазір Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып қойғанын айтады.

Қайша Ақан. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Ол Қытайдан Қазақстанға заңды жолмен үш рет өте алмағанын айтады. Сотта ол "Шыңжаңда лагерь болмаса қашпас едім" деді. Жаркент қаласындағы сот Қайша Ақанды алты ай бас бостандығынан айырып, оны шартты жазамен алмастырды. Судья Ақанды Қытайға қайтармай Қазақстанда қалдырды. Сот үкім шығарарда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, "пана іздеуші куәлігі" барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескерген.

Бағашар Мәлікұлы. Айтуынша, 2015 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударған. Осы елде "Оралман куәлігі" мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтияр хат алған. 2016 жылы қараша айында Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін "Қорғас" кеден бекетінен өткен, сол кезде Қытай полициясы ұстап, "құжаттарын алып қойған". 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келген. 2019 жылдың соңында ҰҚК шекара қызметі тергеуге алған. Кейін ҰҚК Азаттыққа Мәлікұлының үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын мәлімдеді, бірақ істің тоқтау себебін ашып айтпады. Мәлікұлы да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.