Адам шығыны, қылмыстық істер, қамалғандар. Қаңтар оқиғасынан кейін дәл қазір не белгілі?

Алматыдағы дүрбелең кезінде көшеде жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін жағдай тұрақтала бастағанымен жұртты мазалайтын сұрақтар бар. Қанша адам қаза тапты? Қанша адам қамауда отыр? Неше қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр? Азаттық жұрт көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі ресми органдар хабарлаған негізгі деректерді алдымен қысқа-нұсқа шолып шығайық (26 қаңтарға дейінгі мәлімет):

  • 227 адам қаза болды;
  • 4578 адам зардап шекті;
  • 2044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған;
  • 9257 әкімшілік іс қозғалып, 63 адам қамауда отыр;
  • Билік өкілдерінің қысымы мен азаптауына байланысты 109 шағым түскен;
  • 1466 ғимарат, 700 көлік қираған.

Енді осы деректерді кеңірек тарқатайық.

ҚАНША АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ?

Кемі 227 адам қаза тапты. Қазір қолымызда 15 қаңтарда және 18 қаңтарда жарияланған ресми дерек ғана бар. Билік қаңтар дүрбелеңінен он күндей өткен соң "тәртіпсіздіктен 225 адам қаза болғанын" мәлімдеді. Марқұмдардың арасында 19 полицей мен әскери бар. Қаза тапқандардың 149-ы – Алматы қаласынан.

18 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, жансақтау бөліміне түскен екі адам көз жұмғанын хабарлады. Дәл қазір қаңтар дүрбелеңінен, ресми дерек бойынша, 227 адам қаза болғаны белгілі. Қаза тапқандар жөнінде 18 қаңтардан кейін басқа статистика жарияланған жоқ. Билік қаңтар оқиғасынан 227 адам мерт болғанын айтқанмен, олардың тізімін жарияламай отыр. Осыдан соң азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер мен құқық қорғаушылар марқұмдардың тізімін туыстарының және куәгерлердің көмегімен өз бетінше жинай бастаған. Қаза болғандар арасында алматылық екі бала бар.

ҚАНША АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ?

Бас прокуратураның 15 қаңтардағы мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4353 адам жараланған. Билік органы статистикасында зардап шеккендердің 3393-і полиция мен күштік құрылым қызметкерлері екені айтылады. Қазір елде зардап шеккендер жайлы тек осы ресми дерек ғана бар. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендер арасында оқ тигендер, таяқ жегендер барын мәлімдеген.

ҚАНША АДАМ ҚАМАУДА ОТЫР? ҚАНША ІС ҚОЗҒАЛДЫ?

Бас прокуратураның 25 қаңтардағы мәліметінше, 2044 қылмыстық іс бойынша 802 күдікті қамауда отыр. Әкімшілік іс бойынша 63 адам қамалған. Енді қылмыстық және әкімшілік істердің ара-жігін ажыратайық.

25 қаңтардағы дерек бойынша, дүрбелеңге байланысты 2044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған. Соның ішінде 802 адам қамауда отыр. Қалғаны үйқамақта я кепілмен босатылған. Қылмыстық істердің дені "адам өлтіру", "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "ұрлық", "қаруды заңсыз сақтау", "бұзақылық", "тонау" баптарымен қозғалған.

Алматы көшесіндегі полиция қызметкерлері. 5 қаңтар 2022 жыл.

Бас прокуратураның 25 қаңтардағы дерегінше, қаңтар оқиғасына байланысты 9257 әкімшілік іс қозғалған. Прокуратура бұл істердің көбінде айыпталғандарға жаза қолданбағанын, 4500 мың адамның қамаудан босатылғанын, 63 адам ғана абақтыда отырғанын айтады.

"4584 адамға ескерту жасалды. 577 адамның айыппұлы ескерту шарасына ауыстырылды" деді бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 25 қаңтардағы брифингте.

Прокуратура өкілдері 25 қаңтардағы брифингте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдетіңдер" деген тапсырмасының қалай орындалып жатқаны жайлы есеп берген тұста Алматыда қамауда отырған оннан аса адамның бостандыққа шыққаны белгілі болды.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде ұсталғандарға қысым жасалып жатыр деген хабар көбейген кезде президент Тоқаев 14 қаңтарда бас прокуратураға "жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді" тапсырған еді.

"АЗАПТАУ" ШАҒЫМЫНА ҚАТЫСТЫ ІС ҚОЗҒАЛДЫ МА?

Елде қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталып, изоляторға қамалғандар мен олардың туыс-жақыны, құқық қорғаушылар полиция, тергеушілер күдікті ретінде ұстаған азаматтарға қысым жасап, азаптап, айыпты мойнына алуы үшін қинап жатыр деп шағымданған еді. Бұдан бөлек, қаңтардағы оқиғалар кезінде жараланғандарды ауруханада ауырып жатқанына қарамастан тергеуге әкеткені жайлы шағымдар айтылған.

25 қаңтардағы брифингте бас прокуратура өкілі Қилымжанов орган өкілдерінің қызметіне байланысты 109 шағым түскенін, 21 қылмыстық іс қозғалғанын, 43 арыз тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Прокурор 22 шағым расталмағанын айтады.

ҚАНША ҒИМАРАТ/КӨЛІК БҮЛІНДІ?

ІІМ мәліметінше, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда қаңтар оқиғалары кезінде 1466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме (12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі) және 1395 бизнес нысаны зақымданған.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген көліктер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

700 көлік бүлінген я толық қираған. Бүлінген көліктердің ішінде 116 жеке авто, 500-ден астамы жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру көліктері және қызмет мәшинелері.

ІІМ қаңтар оқиғасы кезінде аңшы қаруы сатылатын жеті дүкенге шабуыл жасалып, 1564 қару ұрланған деп хабарлады. Бас прокуратура қару-жарақты өз еркімен өткізген азаматтар, егер олар басқа қылмыстық іс бойынша күдікке ілінбесе, жауапкершіліктен босатылады деп мәлімдеді.

Бұл деректер алдағы уақытта әлі де өзгеруі мүмкін. Азаттық түскен ақпараттар негізінде мәліметтерді уақтылы жаңартып отырмақ. Ал қаңтардың басында елдегі оқиғалардың хронологиясын төмендегі мақаладан оқып, таныса аласыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы