2018 жылы Қытайдың түркітілдес мұсылмандар көп тұратын Шыңжаң аймағынан кеден бекеті арқылы Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Қайша Ақанның Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап арыз жазғанына бір жылдын асты. Оның қолында қазір тек "пана іздеуші тұлға" куәлігі ғана бар.
Былтыр желтоқсанда Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанға "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айыру жазасын кескен. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін кінәлі деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын айтқан.
2019 жылғы 5 желтоқсанда Қайшаның босқын мәртебесін беру өтініші бойынша Алматы қалалық көші-қон қызметі жанынан құрылған босқын мәртебесін беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өткен.
– Комиссия құрамында тоғыз адам болды. Төртеуі маған қарсы сөйледі. Олар "ешқандай қуғын-сүргін көріп жатқан жоқсыз, балаңыз да Қытайда оқиды екен, сол жаққа кетпейсіз бе?" деп кінәлай сөйледі, – дейді Қайша.
Қазір Алматы қаласында тұратын Қайша Ақан Қытайдағы күйеуімен ажырасқанын, баласы сол жақта, күйеуінің қолында қалғанын айтады.
Оның сөзінше, комиссия мүшелері арызын үш ай ішінде қарап, шешім шығаруға келіскен. Бірақ одан кейін комиссия отырысы болмаған. Қайшаның өзі қалалық көші-қон полициясына бірнеше рет хабарласқанымен, "Пандемияға байланысты комиссия отырысының уақыты белгіленген жоқ" деген жауаптан басқа ештеңе естімегенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Індет бөгеді". Қытайдан "қашқан" қазақтардың карантиндегі ахуалыҚайша Ақан "пана іздеуші тұлға" куәлігін 2019 жылғы қараша айында алған. Үш айға ғана берілетін құжат мерзімі осымен бесінші мәрте ұзартылды. Құжаттың мерзімі 2020 жылғы 20 қарашада бітеді. Қытайлық этникалық қазақ "одан кейінгі тағдырым не болады?" деп алаңдайды.
"Пана іздеуші тұлға" куәлігі Қазақстанда уақытша тұруға ғана мүмкіндік береді. Бұл құжатпен жұмысқа қабылданбайды, үкіметтен берілетін әлеуметтік көмекке де үміт арта алмайды, тегін медициналық көмек те берілмейді.
2020 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстанда қиын әлеуметтік жағдайға тап болғанын айтып, Facebook-те видеомәлімдеме жасаған Қайша Ақан халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарынан да жәрдем сұрады.
"Мені Қытайға барымталап әкетуі де мүмкін. Сол себепті мен өз тағдырыма алаңдап, осы видеомәлімдемені жариялап отырмын. Мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарынан, әлем жұртшылығынан, бүкіл демократиялы елдерден көмек сұраймын", – дейді ол видеода.
Қайша Ақан сол видеомәлімдемеде шекараны заңсыз өтті деген айыппен үстінен қозғалған іс бойынша былтыр өткен сотта өзін қорғаған заңгер Айман Омарованың қорғаушы болудан бас тартқанын, қазір өзінің ісімен айналысатын адвокаты жоғын айтады.
Азаттыққа берген сұхбатында адвокат Айман Омарова "Қайша Ақанның ісін сотта тегін қорғауға ғана келісім бергенмін. Ол кісінің бостандығынан айырылмай, Қазақстанда қалуына жәрдемдестім. Бірақ өмір бойы қорғауымда болады деген жоқпын. Қазір бұл іспен айналысуға мүлдем уақытым жоқ" деді.
Азаттық Алматы қалалық полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметіне хат жіберіп, Қайша Ақанға босқын мәртебесін беру мүмкіндігі туралы сұраған.
Босқын мәртебесін беру жөніндегі комиссия құрамында тоғыз адам болды. Төртеуі маған қарсы сөйледі.
Көші-қон қызметінің жазбаша жауабында "Қазақстанның "Босқындар туралы" заңына сәйкес, уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтініш тіркелген күннен бастап үш ай ішінде шешім қабылдайды. Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайда түпкілікті шешім бір жылдан аспайтын мерзімге шегеріледі" делінген.
Ал Қайша Ақанның өтініш бергеніне 2020 жылы 9 қыркүйекте бір жыл толды.
Көші-қон қызметі Азаттықтың өтінішті қарау мерзімінің кешігу себебі, "пана іздеуші тұлға" куәлігінің мерзімін ұзарту ықтималдығы туралы сауалдарына жауап бермеді.
"ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ЖІГЕРСІЗДІК ТАНЫТЫП ОТЫР"
Қытайдан келген азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген заңгер Шынқуат Байжанов "өз елінен қысым көріп, заңсыз шекара асқандардың бәрі ешқандай кедергісіз босқын мәртебесін алуы тиіс" деп санайды. Оның ойынша, билік Қытайдан шекараны заңсыз кесіп өткен этникалық қазақтарды сот шешімімен Қазақстанда қалдырғанымен, оларға қандай да бір мәртебе беруге қорқады.
– Қазақстан Қытаймен арадағы саяси-экономикалық келісімдерге сызат түсе ме деп қорқады. Сондықтан [шекараны заңсыз кесіп өткен этникалық қазақтарға] босқын мәртебесін беруден сескенеді. Қытайға депортациялап та жібермейді. Себебі халықаралық нормалар бойынша да, Қазақстанның "Босқындар туралы" заңы бойынша да олардың талабы орынды, – дейді Байжанов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайдан қашқандарға шыққан үкім – Пекинмен ренжіспеудің амалы"Тоқсаныншы жылдарының соңында Қытайдан Қазақстанға бас сауғалап келген ұйғыр ұлтының бірнеше азаматын кері қайтарып жібергеніне куә болғанын айтқан саясаттанушы Дос Көшім "Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақтарды кері қайтарып жібермегеніне қуануымыз керек. Бірақ қазіргі жағдайда Қазақстан билігінің жігерсіздік танытып отырғаны да рас" дейді.
– Мысалы, "сіздерде әділ сот өткізу мүмкін емес" деп, Қазақстаннан қашып кеткен адамдарды барған елдің билігі кері қайтарудан бас тартқан. Сондықтан кейінгі жылдары Қытайдағы саяси лагерьге қамалудан қорқып, қашып келген қандастардың барлығына саяси баспана беріп жіберуге болар еді, – дейді саясаттанушы.
2018-2019 жылдары Сайрагүл Сауытбай, Қайша Ақан, Тілек Тәбәрікұлы, Бағашар Мәлікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы есімді этникалық қазақтар шекара бұзып, Қытайдан Қазақстанға өткен. Бұлардың барлығы да Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап өтініш бергенімен, ешқайсы ол мәртебені алған жоқ. Сайрагүл Сауытбайдың өтінішін қараған Алматы облыстық көші-қон полициясы қызметінің жанынан құрылған босқын мәртебесін қарау туралы комиссия оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Кейін Сайрагүл Сауытбай Швециядан саяси баспана алып, сол елге көшіп кетті.
"Шекара бұзған" Қытай қазақтары
Сайрагүл Сауытбай. "Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу лагерінде оқытушы болып жұмыс істеген" Сауытбай 2018 жылы Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз өткен. Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтқан. 2018 жылы тамызда Жаркент қаласындағы сот Сауытбайды алты ай шартты жазаға кесіп, елде қалдырды. Судья үкім шығарарда Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір сонда тұрып жатыр.
Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы. 2019 жылы қазанның басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға білдіртпей өтіп кеткен. Кейін жолай такси жалдап, 10 қазанда Алматыға "келген". Олар 14 қазанда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, "Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін" айтып, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрады. Осыдан кейін ҰҚК шекара қызметі екеуін ұстап, тергеу изоляторына қамады. 2020 жылы 21 қаңтарда Зайсан аудандық соты екеуін бір жылға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырған. Сот шешім шығарарда олардың қылмысты мойындағандарын, тергеуге көмектескендерін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескерген. Екеуінің қолында Қазақстан берген "пана іздеуші куәлігі" бар. Босқын мәртебесін алатын-алмайтыны әлі белгісіз.
Тілек Тәбәрікұлы. 2020 жылы 16 қаңтарда Жаркент соты Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырды. Айыптау актісіне сай, Тәбәрікұлы 2018 жылы мамырда қазақ-қытай шекарасының Қорғас шекара бақылау бекетінен "заңсыз өтіп кеткен". Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсанда Қытайға "көлік жөндеу жағын үйрену үшін" барып, қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары "белгісіз себептермен" шетелге шығатын құжатын алып, қайтармаған. Судья үкім шығарарда Тәбәрікұлының қолында Қазақстан берген ықтиярхат барын, оның әке-шешесінің Қазақстан азаматы екенін, айыбын толық мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерген. Тәбәрікұлы қазір Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып қойғанын айтады.
Қайша Ақан. Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Ол Қытайдан Қазақстанға заңды жолмен үш рет өте алмағанын айтады. Сотта ол "Шыңжаңда лагерь болмаса қашпас едім" деді. Жаркент қаласындағы сот Қайша Ақанды алты ай бас бостандығынан айырып, оны шартты жазамен алмастырды. Судья Ақанды Қытайға қайтармай Қазақстанда қалдырды. Сот үкім шығарарда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, "пана іздеуші куәлігі" барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескерген.
Бағашар Мәлікұлы. Айтуынша, 2015 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударған. Осы елде "Оралман куәлігі" мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтияр хат алған. 2016 жылы қараша айында Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін "Қорғас" кеден бекетінен өткен, сол кезде Қытай полициясы ұстап, "құжаттарын алып қойған". 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келген. 2019 жылдың соңында ҰҚК шекара қызметі тергеуге алған. Кейін ҰҚК Азаттыққа Мәлікұлының үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын мәлімдеді, бірақ істің тоқтау себебін ашып айтпады. Мәлікұлы да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.
Шыңжаңнан қашқан қазақтардың көбі Қытайдағы қысымнан және саяси лагерьге қамалудан қауіптеніп қашқандарын айтады. 2017 жылы көктемде Қытай билігі Шыңжаң өлкесінде саяси лагерьлер ашып, сол аймақта тұратын мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат тарай бастады. БҰҰ есебінше, Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде 1 миллионнан астам адам қамауда отырған. Қытай басында Шыңжаңдағы әрекетін жоққа шығарған, бірақ кейін бұл ісін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеретін орталық" деп атаған.
Қазақстандағы этникалық қазақтардың құқықтарын қорғайтын ұйымдар Шыңжаңдағы "саяси үйрету лагерьлерінде" қамалып жатқан қазақтар туралы жиі мәселе көтереді. Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетіне қатысты нақты ресми ұстанымын білдірмеген. Бірақ 2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.