Римма мен балалары. Сириядан оралған отбасының хикаясы

Сирия мен Ирактан Қазақстанға оралған әйелдер Қарағандыдағы бейімдеу орталығында.

Қарағандыда 28 жастағы жесір әйел Римма араға жеті жыл салып, жақындарымен қайта қауышатын сәтті тосып жүр. Ол төрт баласымен бірге жақында Таяу шығыстағы қарулы жанжал аймағынан оралған.

"Шанс" әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығындағы әйелдер мен балалар таңғы астан кейін өз шаруаларымен әр жаққа тарқасады. Кей әйелдер дәрігердің қабылдауына, кейбірі мемлекеттік органдардан анықтама алуға асығады. Барлық жерде олармен бірге орталық қызметкерлері де жүреді. Орталықты уақытша паналап отырғандардың көбінің аштық пен санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайдан денсаулығы нашарлаған.

Сириядан оралған әйел дәрігердің қабылдауында отыр.

Орталықта тұрып жатқандардың бірі - 28 жастағы Римманың төрт баласы бар. Үлкені - сегізде, кенжесі екі жаста. Римма кенже баласы қырқынан шыққан күні жесір қалған. Оның күйеуі Таяу шығыстағы қарулы қақтығыста қаза тапқан. Римманың айтуынша, күйеуі Сирия мен Ирактағы экстремистер қатарына қосылу үшін отбасын Қазақстаннан өзімен бірге алып барған. Римма төрт баласымен бірге әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығына осыдан бір ай бұрын келген.

СОҒЫС СҰМДЫҒЫ

Римманың сөзінше, олардың Сирияға сапары 2012 жылы Египеттен басталған. Оған дейін күйеуі Египетке отбасымен бірге оқу мақсатында көшіп барған. Кейінірек Түркияға қоныс аударған. Бетке алған елдері Сирия екенін Римма орта жолда бір-ақ білген.

– Мен жылап, күйеуімнен "Мұнда не үшін келдік?" деп сұрадым. Бұл қауіпті деп ескерттім. Күйеуім балалар мен менің өміріме қауіп төнбейтінін айтып, уәде берді. Жарты жылдай тыныш өмір сүрдік. Кейін қоршауға түстік те, дүниенің астаң-кестеңі шықты, - дейді ол.

Отбасы Иракқа қашқан. Римманың айтуынша, оларға ерген адамдардың көбі жолда өліп, бірқатары тұтқынға түскен. Иракта Римманың отбасы соғыс аймағына тап болған.

- Үнемі үйге қайтқым келетін. Ол жақта мұндай ниеті барын ашық білдірген адамдарды не түрмеге қамайды, не өлтіреді. Қашқан адамдар да болды. Жағдай ушығып, ақша мен азық қалмады. Жол жабық болғандықтан, қолымызға түскенді талғажау еттік. Адамдар шөп, бидай мен кебек жей бастады. Балалардың біразы аштықты көтере алмай көз жұмды. Ашығып, азып-тозып, ауру мен жарақаттан қаншама адам өлді. Дәрі-дәрмек болмады. Адамдардың денесі тірідей шіріп, құрттай бастады. Бір әйелдің үстінде құрт жүргенін көзіммен көрдім. Бұл көріністен жүрегім айныды, – дейді Римма.

ОТАНҒА ОРАЛУ

Жесір әйел саны күннен күнге көбейіп, жағдай нашарлай берген. Римманың айтуынша, күйеуі өлген әйелдерді басқалардан бөлек, өте нашар жағдайда ұстаған. Ерлі-зайыптылар 10 отбасыдан бірігіп, бір жерде тұрған. Кейінірек жесірлерге жаңа күйеу іздей бастаған.

Римма қақтығыс аймағында бірнеше рет тұрмысқа шыққан әйелдерді жазғыратындардың сөздері "жағымсыз" екенін, ол әйелдер тірі қалу үшін өзге ер адаммен бас қосуға мәжбүр болғанын айтады. Римманың сөзінше, ол екінші рет тұрмысқа шығудан бас тартқан.

Бірде үлкен ұлыммен бірге тамақ алуға шығып, қайтып келе жатқанда, біз тұрған шатырдың жарылыстан қақ айырылғанын көрдік.

– Ауылдың шетінде тұрдық. Үй-үйді аралап, қайыр сұрап күнелттік. Өзімізге қолдан шатыр құрып алдық. Бірде үлкен ұлыммен бірге тамақ алуға бардық. Қайтып келе жатқанда, біз тұрған шатырдың жарылыстан қақ айырылғанын көріп, жүгіріп жеттік. Шатырда қалған құрбыма жарықшақтар тиіп, балалар аман қалыпты. Бірақ жанымыздағы жүкті әйел мен баласы мерт болды. Басқа шатырларда да әйелдер мен балалар өлді. Үлкен балам маған көп қолқанат болды. Ұлым оқ астында жүріп, өзеннен су таситын. Айнала толған снайперлер. От жағу үшін шүберек жинап келетін. Қайғысы ортақ адамдар бір-бірімізге көмектесуге тырыстық. Паналайтын жер мен азықты өзіміз табуға тура келді. Қолымызға түскен асты бәрімен бөлісіп жейтінбіз, – дейді Римма.

Римма қазақстандықтардың елге оралғаны туралы ата-анасынан естіген. Ол ұзақ уақыт бойы жақындарына қайда жүргенін айтпағанымен, олар бәрін өздері білген.

– Бомбылау мен атыс астында бас көтере алмайтын кездер болатын. Окоптарда жан сақтауға үйрендік. Бірақ төбемізден снаряд ұшқанда окоп та қауіпті орынға айналатын. Бір түндегі бомбылау кезінде мен танитын әйелдер балаларымен бірге түгелдей мерт болды. Осыдан соң біз күрдтермен байланыстық. Олар бізге бомбылаудан кейінгі дәліз жолын берді. Онда мыңдаған адам болды. Бізді шатырлы қалашыққа әкелді. Көбі үйлеріне қайтқысы келді. Тізімдегі кезектері келгенше күтті. Мен балалармен бірге үшінші тізімге іліндім. Бізді Қазақстанның қайта қабылдағанына қуаныштымын. Басқа елдің әйелдері қайда барарын білмей, елге оралсақ бізді не қамайды, не өлтіреді деп жылады, – дейді Римма.

Окоптарда жан сақтауға үйрендік. Бірақ төбемізден снаряд ұшқанда ол да қауіпті орынға айналатын.

Соғыс балалардың психикасына өте қатты әсер еткен. Әсіресе, алты жасар қызы көрген сұмдықтарын ұмыта алмаған. Ол ұзақ уақыт бойы жақ ашпай, жаңа адамдардан қорқып, үнемі жылай беретін болған. Сегіз жастағы ұлы орталыққа тез үйренген. Аз уақыттың ішінде ойыншықтармен ойнап, тамақты жақсы іше бастаған. Римма жақын уақытта ата-анасының үйіне көшіп, курстарға барып, жұмысқа орналасып, өмірін қайта бастауды армандайды.

СИРИЯДАН ҚАЙТАРЫЛҒАНДАР

Қарағанды облысындағы орталықта биыл Таяу шығыстағы қақтығыс аймақтарынан оралған 15 әйел мен 34 бала әлеуметтік бейімдеуден өткен. Олар мұнда Атыраудың адамдарды басқа қалаларға таратумен айналысатын уақытша тұрақтау мекемесінен келген.

Қарағандыдағы бейімдеу орталығында сабақ кезінде сурет салып отырған балалар.

"Шанс" орталығының жетекшісі Карина Полюховичтің сөзінше, мұндағы адамдарға бейімдеу мен оңалту бағдарламасынан бөлек, құжаттарын қайта қалпына келтіруге де көмектеседі.

– Әйелдердің бәрі қаза тапқан күйеулерімен ресми некеде тұрған. Қазір некені бұзу процесін бастадық. Қазақстан территориясынан тыс жерде туған балаларға туу туралы куәлік жасап жатырмыз. Әйелдер бұл балалардың биологиялық анасы екенін растау үшін ДНК сараптамасынан өтті. Қазір құжаттарды қалпына келтіру үшін қорытындыны күтіп отырмыз, - дейді Полюхович.

Қазір Қазақстанда, кей деректер бойынша, Сирия мен Ирактағы қарулы жанжал аймақтарынан келген азаматтардың дерадикализациясы мен оларды оңалту шарасымен айналысатын 13 орталық бар. Олар Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Көкшетау, Атырау, Жезқазған және Қаскелең қалаларында орналасқан.

2018 жылы шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа "Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарына Қазақстанның 800 азаматы кеткен" деген ақпарат берген. ҰҚК дерегінше, Таяу шығыстағы халықаралық террористік ұйымдардың қол астындағы территорияларда 120 қазақстандық ер азамат, 250-ден астам әйел және 500 кәмелеттік жасқа толмаған бала болған. Ресми ақпарат бойынша, "Жусан" операциясы аясында қазақстандық арнаулы қызмет 2019 жылы Сириядан 516 адамды, оның ішінде 360 баланы елге жеткізген. Эвакуацияланған ерлер мен әйелдердің бірқатарының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оларға "терроризмді насихаттау" және "алауыздық тудыру" баптары бойынша айыптар тағылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үш баласын күйеуіне тастап, Сирияға кеткен әйел сотқа тартылды