АҚПАРАТТЫ ТАМ-ТҰМДАП ҚАНА БЕРДІ
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты нысанда болған тағы бір апат (7 қарашада метан жарылып, салдарынан "Абай" шахтасында алты кенші қаза тапқан) тау-кен саласы жұмысшылары мен қоғамды дүр сілкіндірді. Қайғылы жағдай біраз мәселенің басын ашып, "әлеуметтік шиеленіс туғызатын оқиғалар" жиі тіркелетін Қарағанды облысындағы қоғамдық көңіл-күйге кері әсер етті.
Бұл жолы кәсіподақ пен билік өкілдері бірден мәселені ушықтырып алмауға тырысты. Жаңа ереуілге жол бермеу үшін кеншілер көмек сұраған "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағы билік пен жұмыс беруші компания өкілдерін төтенше жағдайдан кейін бірден келіссөзге шақырды.
Келіссөзге компанияға қарасты сегіз шахтаның әрқайсынан төрт өкілден ғана қатысуға рұқсат берілді. Журналистер мен халыққа берілген ақпарат шектеулі болды: тілшілерді келіссөз өтіп жатқан залға кіргізбеді, еңбек ұжымының талабы мен қарсы тараптың жауабын тыңдауға мүмкіндік беретін онлайн-трансляция да ұйымдастырылған жоқ.
Келіссөз барысында 2017 жылы желтоқсанда өткен ірі ереуілден (ол кезде жүздеген кенші бірнеше күн бойы жер бетіне шықпай наразылық білдірген) кейін де шешімі табылмаған бірқатар мәселе көтерілген. Келісім орнатушы комиссияға металлургтер кәсіподағы да қосылып, қабылданған шешімдердің бір бөлігін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Теміртау металлургия комбинатында да жүзеге асыруды сұраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Абай" шахтасында тағы да апат болып, алты кенші көз жұмдыКелісім орнатушы үшжақты комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін "келіссөз жүргізушілер" шахта өкілдеріне – бригадирлерге ақпарат берген. Олар бұл хабарды шахтадағы жұмысшыларға жеткізген. 24 қарашада билік, кәсіподақ пен компания өкілдері журналистерге арналған брифинг өткізіп, келісім орнатушы комиссияның қандай қорытындыға келгенін айтты.
– Барлық мәселе егжей-тегжейлі қаралып, хаттамалық шешімдер қабылданды. Бұл шешімдердің маңызын және дәл уақытында қабылданғанын атап өткім келеді, – деді "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ?
Жұмыс беруші жалақыны сәл ғана көтеруге келіскен. Желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының көмір, болат және темір департаменті жұмысшыларының жалақысы инфляцияға байланысты төленетін сегіз пайыз үстемені қосқанда, 15-17 пайызға өседі. Кеншілер болса жалақыны 35 не одан да көп пайызға өсіруді талап еткен. "Шахтерлар мамандық, санат пен разряд бойынша нақты қанша ақша алады?" деген сұраққа брифингке қатысушылардың ешқайсысы жауап бере алмады. Олар журналистерден бұл ақпаратты кейінірек сұрауды өтінді.
Қаңтарда жалақыны жыл сайын ресми инфляция деңгейіне қарай өсіруге уәде берілген. Бұрын басқа механизм болған: инфляциялық өсімнің 50 пайызы қаңтарда базалық жалақыға (оклад) қосылып, қалған пайызы жоспардың орындалуына және өндірістік, экономикалық көрсеткіштерге қарай біртіндеп төленетін. Бұл мәселе бұрын да көтерілген, бірақ өңір басшысының айтуынша, жұмыс беруші жағдайды қазір ғана түсінген.
– Енді бірден қосылады. Мысалы, инфляция жеті-сегіз пайыз болса, 1 қаңтардан бастап тарифтік мөлшерлеме мен базалық жалақы (оклад) осынша пайызға өседі. Бұл пайыз еңбек демалысын алғанда, денсаулығына байланысты емделуге кеткенде, мереке немесе демалыс күндері жұмысқа шыққанда да есептеледі, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Көмір департаменті желтоқсанда жоспардың орындалуына, өндірістік және экономикалық көрсеткіштерге қарамастан, 13-жалақы төлеуге уәде беріп отыр. Бұрын 13-жалақы көктемде өткен жылдың жұмыс нәтижесіне қарай берілетін. Жылдық көрсеткіштер орындалмай қалса, жұмысшылар қосымша жалақыдан қағылатын.
31 желтоқсанға дейін көмір департаменті жұмысшыларының саны бойынша норматив бекітіледі. Бұл кеншілер көтерген "шахтаға жұмысшылар жетіспейді" деген мәселені шешуі керек. Кеншілердің айтуынша, бригадалардағы жұмыс күшінің тапшылығы еңбек қауіпсіздігі мен жоспардың орындалуына тікелей әсер етеді. Компания көмір департаментінің штаты толыққанша, ай сайын 100 адамды жұмысқа алып отыруға міндеттелді.
Компания көлік қатынасы мәселесін шешіп, шахтерларды үйінен жұмысқа және кері бағытта таситын автобустарды жаңартуға уәде берді. 1 желтоқсанға дейін ескірген көліктер жаңасына ауысады. Келер жылы компания Қарағандыдан шығатын жаңа автобустарды сатып алады. Бұл мәселе 2017 жылғы ереуіл кезінде де көтерілген, бірақ соңына дейін шешілмеген.
2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа тұрған қызметкерлердің еңбек демалысы ұзарады.
Ұзақ уақыт ауырған азаматтарға денсаулығына байланысты еңбек демалысы кезінде төленетін ақша көлемі 50 айлық есептік көрсеткішке дейін (бір АЕК – 2917 теңге) артады.
Компания шахталарға техникалық тексеріс жүргізіп, ескірген құрылғыларды алып тастайды.
Одан бөлек, жоспарлы міндеттерді тау-геологиялық жағдайларға байланысты түзетуге уәде берілді.
Бірақ шахталарда еңбек қауіпсіздігін жақсартуға қатысты қандай шаралар қолға алынатыны жөнінде ештеңе айтылмады. Билік өкілдері жұмыс тобы құрылып, сарапшылар 1996 жылдан бері тіркелген апаттарды зерттеумен айналысатынын, кейін соның негізінде іс-шаралар жоспары дайындалатынын айтты.
– Компания көп мәселені дұрыс қарамады. Кәсіподақтар бұл мәселелерді үнемі көтеріп жүргенін білемін. Компания апта сайын не айына бір рет кеншілердің шағымына реакция білдіріп отырса, бүгінгідей жағдай болмас еді, – деді Қарағанды облысының әкімі Қасымбек.
Кеншілер тұрғын-үй мәселесін шешу керегін де еске салды. Облыстық әкімдік Қарағанды облысы, бірінші кезекте, Саран, Абай, Шахтинск, Теміртау және Қарағанды қалаларындағы кеншілер мен метталургтердің тұрғын-үй жағдайын жақсарту үшін "Отбасы банкімен" бірге бес пайыздық жаңа ипотекалық бағдарлама бастаған.
Билік өкілдері банк механизмдері дайындалып жатқанын, 2022 жылы бұл бағдарламаға облыстық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылып отырғанын мәлімдеді. Бағдарлама бес жыл бойы жүріп, оған бірінші және екінші нарықтағы үйлер қатысады деп күтіліп отыр. Брифингте кеншілер тұратын Абай, Шахтинск және Саран сияқты қалаларды дамытып, тұрғын-үй салып, көшелерді жөндеу жоспарланып отырғаны айтылды.
ОРЫНДАЛМАҒАН ТАЛАПТАР
Кеншілер қойған талаптардың үшеуі заңнамаға өзгеріс енгізуге байланысты болды. Спикерлер бұл мәселені шешуге уақыт керегін, мұндай шешімді орталық мемлекеттік органдар қабылдайтынын айтты.
– Жергілікті билік пен "АрселорМиттал Теміртау" басшылығының құзыретіне кірмейтін мәселелер бар. Олардың қатарына жер астында істейтін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету, апат себебін зерттеу кезінде жапа шеккен жұмысшының кінәсін анықтау, өндірістік жарақаты мен кәсіби сырқатының салдарынан мүгедек болып қалған азаматтарға берілетін төлем мәселесі жатады. 12 қарашада аталған үш мәселені де үкіметтің қарауына жібердік. Оларды шешуге біраз уақыт керек. Үкімет жұмысшылар талабын орынды деп тапса, нормативтік актілерді өзгерту керек. Заңнамалық реттеуге қатысты мәселелер ұзақ уақытты талап етеді, ол кезде (2017 жылғы кеншілер ереуілінен кейін – ред.) мемлекеттік органдардың позициясы басқа болды. Қазір елдегі экономикалық жағдайды, бюджет мүмкіндігін ескеріп, еңбек министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бұл мәселеге басқаша қарайды, – деді Қасымбек.
Кеншілердің "көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз жұмысшылардың көңіл-күйіне кері әсер етеді, оны жұмыстан босату керек" деген талабы орындалмады, бірақ компанияның бас директоры Биджу Наир бұл мәселені қарастырып көретінін айтты.
Билік өкілдері кеншілер берілген түсініктемелер мен қабылданған шешімдерге разы болды деп мәлімдеді. Бірақ әлеуметтік желідегі көңіл-күйге қарағанда брифинг нәтижесі мен ақпарат жеткізу әдісіне көңілі толмағандар да бар сияқты. Төменде әлеуметтік желіден алынған осындай наразы пікірлердің бірнешеуін мысалға келтіріп отырмыз:
"Кездесуге жұмысшылар қатысуы керек, бұл тақырыпты солар көтерді, ендеше қандай шешім қабылданғаны да соларға түсіндірілуі керек".
"Біз – кеншілер, сіздің жалақыны кемінде 35 пайызға өсіру туралы шешіміңізбен келіспейміз".
"2017 жылдан бері ереуілден кейін кеншілердің зейнет жасын төмендету мәселесі көтерілді. Одан бері төрт жыл өтті, ал сіз әлі бұл жедел шешілетін мәселе емес деп отырсыз. Енді жарты ғасыр күтеміз бе? Осылай мәңгі соза беруге болады. Зейнет жасын көтеру бір минуттық жұмыс болды, ал оны төмендету ше?"
"Цирктен еш айырмашылығы жоқ, жұмысшыларды залға мүлде кіргізбеді".
"Кейде компания өкілдері басқа ғаламшарда өмір сүретіндей көрінеді".
Билік өкілдері жарты жыл ішінде ай сайын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығы мен жергілікті әкімшілік тарапынан берілген уәделердің орындалу барысын тексеріп отыратынын ескертті. Бұл тексерулердің іс жүзінде қалай жүретінін уақыт көрсетеді.
7 қараша күні таңертең Қарағанды облысындағы британдық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі сегіз шахтаның бірі – "Абай" шахтасында үлкен апат болды. Метан жарылып, салдарынан алты шахтер қаза тауып, үшеуі жараланды.
Your browser doesn’t support HTML5
Апаттан зардап шеккен кеншілер ауруханадан шыққаннан кейін журналистерге берген сұхбатында шахтадағы жұмысқа оралуымыз екіталай деген. Оның үстіне, миды зақымдайтын метан газынан уланған азаматтардың денсаулығында қандай өзгеріс болары белгісіз. Әзірге дәрігерлер оларды үйіне жіберіп, емін жалғастырып, мамандардың қарауында болуға кеңес берген.
24 қарашада төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин апат себебін зерттеген үкіметтік комиссия "жұмысшылардың айыбы жоқ, жұмыс беруші "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының кінәсі 100 пайыз дәлелденді" деген қорытындыға келгенін хабарлады. Министрлік дерегінше, кәсіпорынға иелік ететін компания еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шахтадағы жұмыс кезінде болуы мүмкін қауіптердің алдын-алмаған. Үкіметтік комиссия сондай-ақ жұмысшылар тобы мен инженерлік құрамға кадр жетіспейтінін, геологиялық барлау жұмыстарының толық жүргізілмейтінін, өндірістік жабдықтар мен технологиялық құрылғылардың уақытылы жаңартылмайтынын анықтаған.