"Патша жақсы. Уәзірлері жаман". Әлеуметтік желідегі реакция.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеп жатыр. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл

Қазақстандықтар Бақытжан Сағынтаев басқаратын үкіметтің тарауын әлеуметтік желіде талқылап жатыр. Олар министрлер кабинетін таратуға себеп болған мәселелерге қатысты ой-пікірлерін айтып, келесі үкіметтің құрамы қандай болатыны жайлы болжам жасаған.

Ақпанның 21-і күні кешке Ақорданың ресми сайты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың министрлер кабинетін сынаған мәлімдемесін жариялады.

Президент халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе: "Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс" деді. Ол ақпанның 27-і күні болатын "Нұр Отан" партиясының съезінде халықтың жағдайын көтеру үшін нақты ұсыныстар жасайтынын, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін бюджеттен және Ұлттық қордан көп қаржы бөлінетінін хабарлады.

Бірер сағаттан соң Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқаратын үкіметті таратып, осы кезге дейін үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары болып істеп келген Асқар Маминді уақытша премьер-министр етіп тағайындады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет тарады. Енді не болмақ?

Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келген Бақытжан Сағынтаев қызметтен босатылған соң жасаған мәлімдемесінде "тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген" Назарбаевқа алғыс айтты.

Әлеуметтік желі қолданушылары үкіметтің тарауы жайлы түрлі пікір білдіріп жатыр.

"ЖАҚСЫ ПАТША МЕН ЖАМАН УӘЗІРЛЕР"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев президенттің үкіметті тарату туралы мәлімдемесі "Патша жақсы. Уәзірлері жаман" деген сол баяғы классикалық схема бойынша жүзеге асып жатыр дейді.

"Протестік көңіл-күйді бойкүйез шенеуніктерге қарай бұру керек болған кезде қолданылатын істен шыққан саяси технология" деп баға береді саясаттанушы.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "...біздің үкімет өз бетінше әрекет ете алмайды, ол әншейін президент тапсырмасын ұжым болып орындаушы ғана... Премьер-министр де тәуелсіз тұлға емес. Ол тіпті министрді де жазалай алмайды, мұны президенттен сұрауға мәжбүр. Премьер-министрдің бір министрге сөгіс жариялай алмағанын еске алайық..." деп жазды.

"ӘЙЕЛДЕР КЕТІРГЕН ҮКІМЕТ ДЕГЕН АТПЕН ҚАЛАР"

Сарапшы Ерлан Сайыров “бұл үкімет тарихта әйелдер кетірген үкімет деген атпен қалатын болар” деп санайды.

"Шыны керек, Үкіметтің жұмысы керемет болды деп айтуға ауыз бармайды. Осы Үкіметтің тұсында елімізде қаншама бағдарлама қабылданды, қаншама стратегиялық шешімдер іске асырылды. Бірақ осынау шешімдер халықтың әл-ауқатына оң әсер ете алмады. Ана мен баланың мәселесі мүлдемге ушығып кеткендігін, көптеген министрлер білмеген де..." дейді ол.

"Бақытжан Сағынтаев үкіметінің отставкаға кететінін сезген едік" деп жазған саясаттанушы Андрей Чеботарев Қауіпсіздік кеңесі өкілетінің өзгеруі, конституциялық кеңестің президент отставкасына қатысты мәлімдемесі тәрізді соңғы оқиғаларды ескерсек, "билік ауысатын кезең жақындап келеді" деп тұжырым жасайды.

"Осыған байланысты ірі кадрлық өзгерістерді күтуге болады, ізінше элита ішіндегі тәртіп те өзгеруі мүмкін. Үкіметтің жаңаруынан соң президент әкімшілігі, өзге де орталық мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдері арасында кадрлар алмасуы болуы мүмкін" деп болжайды Чеботарев.

Белсенді Мұхтар Тайжан халықтың білім саласына көңілі толмайтынын, елде кедейшілік асқынғанын айтып, "елге үлкен реформалар керек, әйтпесе дағдарыс ушығып кетеді" деп жазған.

Журналист Нұрғали Нұртай Сағынтаев үкіметінің алдыңғы Мәсімов үкіметінен жақсырақ жұмыс істегенін айтып, үкіметтің басты міндеті "EXPO мен Астананың 20 жылдығын өткізу болған сияқты" деп топшылайды.

Nikolay Gavrilov есімді қолданушы "Назарбаев елдегі жағдайдың бәрін көріп-біліп, сезіп отырғанын тағы бір мәрте көрсетті" дейді.

"ОТСТАВКАНЫҢ БІРІ ЕРТЕ, БІРЕУІ ЖАЙ..."

"Қалтадан кіріп, бойды алар
Ірі сома, крупный сый.
Көңілге кәйіп күй сыйлар,
Кіресло сүйсең, менше сүй".

Отставканың бірі ерте, біреуі жай
(Маған ерте қылмашы бұны, Құдай)
Ертең кетсем, мені жұрт жеп қояр! - деп,
Көзі алақтап думкада отырар бай
("Қарашы, жын соққандай бұл брейк-ай") деп әзілдеген желі қолданушысы Нұрлан Сәдір.

Журналист Аян Шәріпбаев "Бұл Назарбаев тағайындаған соңғы кабинет бола ма?" деп сауал тастайды.

Фатима Хусаинова есімді қолданушы "Өзі шешеді, өзі тағайындайды, өзі мақтайды, өзі қуады..." деп жазыпты.

Ал Жанасыл Болатбек есімді қолданушы "Министрлердің бәрі кететіндей ерте тас атпаңыздар" деп желідегі бірыңғай "үкіметті жамандаған" жазбаларды меңзеген.

Әлеуметтік желіде "кімнің кім болып тағайындалатынына" қатысты болжамдар да басталып кеткен:

Қазақстан Конституциясына сәйкес, президент парламент мәжілісінің келісімімен премьер-министрді қызметке тағайындайды. Бұған қоса президент үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды және орнынан босатады.​