"Бейнеттен арылмадық". Ақордадан жарты сағаттық жерде тұратын халықтың тіршілігі

Нұр-Сұлтан қаласындың маңындағы "Кирпичный" елдімекеніндегі үйлердің бірі. Қазақстан астанасына жақсы өмір іздеп келген адамдардың кейбірі осындай баспана салып алады. 14 сәуір 2021 жыл.

Астана іргесіндегі "Кирпичный" елдімекенінде бес жарым мың адам тұрады. Олардың көбі орталық су құбыры мен кәріз жүйесіне қол жеткізе алмай келеді.

Нұр-Сұлтан ішінде және қала маңында 16 тұрғын алабы бар. Ресми дерек бойынша, оларда 300 мыңға жуық адам тұрады. Бұл – астана халқының төрттен біріне тең. Аталған елдімекендерде зәулім үйлермен қатар, астананың Байқоңыр ауданына қарасты "Кирпичный" тұрғын үй алабындағыдай, жұпыны баспана да көп кездеседі. 1997 жылдың соңында Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшірілгеннен кейін қаланың әрбір жаңа әкімі (қазірге дейін жеті басшы ауысқан) "Кирпичный" елдімекенінің жағдайын жақсартуға уәде беріп келген. Бірақ содан бері мұнда ештеңе өзгерген жоқ.

АСТАНА МАҢЫНДАҒЫ "ЖҰПЫНЫ АУДАН"

"Кирпичный" тұрғын алабы орталық базардың артында, Алаш жолының сол жақ бетінде орналасқан. Бізді жергілікті бастамашыл топ белсендісі, ақпарат құралдарында өзі тұратын ауданның мәселелерін көтеріп жүрген Қарлығаш Набиулина ертіп жүрді.

– Біздің әкімге жаным ашиды. Оның еншісіне қанша жыл бойы бір де бір мәселесі шешілмей, үсті-үстіне қордалана берген аудан тиіп отыр. Әр жаңа әкім (қазіргі әкімді айтып отырған жоқпын) бұл қызметке қалағанын алып кету үшін ғана келеді. Ешкім "Бұл жақтағы адамдар қалай өмір сүріп жатыр екен? Оларға қалай көмектессем болады?" деп ешқашан ойланған емес. Ал бұл – астананың нақ өзі! – дейді Набиулина.

"Қалағанын алып кету" дегенде тұрғындар аудан әкімі болған Асқар Есіловті еске алады. Ол былтыр ақпанда "футбол алаңдарын салу бойынша мердігерлік жұмыстар алуға көмектескені үшін" параға смартфон алған. Сот оған 15,4 миллион теңге айыппұл салған.

Совет кезіндегі өндіріс аумағына ұқсайтын ауданға кірген бойда (бұл жер бұрынғы кірпіш зауытына байланысты осылай аталған) ұзақ жылдан бері салынған бірінші әлеуметтік нысанның түрлі-түсті бояуы бірден көзге түседі. Астанадағы Есіл өзенінің сол жағалауындағы кез келген тұрғын үй кешені үшін қалыпты саналатын шағын футбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңы, жаттығу құралдары, орындықтар мен қос қатар етіп отырғызылған терек көшеттері бар шағын аумақты былтыр жергілікті билік халыққа "саябақ" деп таныстырған.

Билік 2020 жылы бес жарым мың адам тұратын "Кирпичный" тұрғын үй алабында салынған бұл жерді "саябақ" деп таныстырған. Нұр-Сұлтан, 8 сәуір 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайтында "Кирпичный" тұрғын алабында алғашқы толыққанды саябақ пайда болды" деп жазылған.

"Қоғамдық орынның" аумағына көңілі толмаған жергілікті жұрт әкімдіктің "Қатысу бюджеті" жобасы бойынша өтініш беріп, биліктен саябақ көлемін кемінде екі есе ұлғайтуды сұраған.

– Ол жерге халық сыймайды. Жазда құмырсқаның илеуіндей болып жатады. Балалар ойын алаңына таласып төбелесіп қалады, – дейді Набиулина.

– Болды! Осы жерден біздің мәселеміз – Арқарлы және Көксеңгір көшелері басталады. "Кирпичный" ауданында қар мен жаңбыр суын ағызатын жүйе жоқ. Халық екі көшеге осындай жүйені күресіп жүріп, зорға тартқызған. Бір көшені жөндеу барысында кемшіліктер байқалды. Не тротуар, не жол жоқ, нашар істеген. Жазда тағы да осы мәселені көтереміз. Бюджет қаржысы кімге бөлінеді? Бұл ақша қайда кетіп жатыр? Түсінбеймін. Абайлаңыз! – дейді Қарлығаш жүргізушіге жол ортасындағы үлкен көлшікті айналып өту керегін ескертіп. Білетін жұрт бұл жерді айналып өтеді: көлшіктің түбінде шұңқыр бар.

"Кирпичный" ауданының асфальты мен тротуары жоқ лай көшелерін аралап жүрген адамға әр тұстан қараусыз қалған нысандар, қаңғыбас иттер, металл қабылдайтын орындар кездеседі. Дәл осы жерден Қазақстан президенті резиденциясына көлікпен жарты сағатта жетуге болады дегенге сену қиын.

"Кирпичный" тұрғын үй алабындағы Көксеңгір көшесінде. Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.

Белсенді бізді осында тұратын зейнеткерлердің үйіне апарды. Олардың Ойыл көшесінде орналасқан "барак" үйін қар суы алып кеткен. 73 жастағы Оразгүл Әлмұханбетованың үйінің алдында жұмыс істеп тұрған Қытайда өндірілген насос ауладағы суды сыртқа төгіп жатыр.

– Су үйдің ішіне дейін кіріп кетті. Жылда осылай. Былтыр қар тазаладық, су болған жоқ. Ал биыл қар аз болған сияқты еді, бірақ көрмейсіз бе, не болғанын. Ұлым насос сатып алды. Соны кезекпен пайдаланамыз. Жеке насосымыз болғаны дұрыс еді, – дейді осы үйде жұбайымен бірге тұрып жатқанына 24 жыл болған зейнеткер.

"Кирпичный" елдімекенінде тұратын Қарлығаш Набиулина (сол жақта) мен зейнеткер Оразгүл Әлмұханбетова су басқан үйдің ауласында тұр. Нұр-Сұлтан, 7 сәуір 2021 жыл.

Оразгүл апай өзі тұратын "барак" үймен "түйдей құрдас": ескі ғимарат та шамамен 73 жыл бұрын салынған. Едендегі бірнеше қабат қамыстың үстіне су сіңіретін картон қағаз төселіпті.

– Біздің үйге өте алмайсыздар. Барлық жерді су басты. Таңғы төрттен бері "жүзіп" жүрміз, – дейді зейнеткермен көрші тұратын келіні Айжан Рақымбекова.

Оның ескертуіне қарамастан Набиулина көрші аулаға өтпек болды. Зейнеткердің ұлы екі ағашты қатар қойып, өткел жасады. Қарлығаш ағаштың үстімен әупірімдеп өтуге тырысқанымен, аяғы тайып кетіп, аяқ киімінің қонышына су кіріп кетті.

– Күндіз-түні су тартып жатырмыз. Түнде бұл жерде қалай ұйықтауға болады? Білмеймін, – дейді Айжан пештің алдындағы су жиналатын шұңқырды көрсетіп. Суды осы шұңқырдан тартып шығарған әлдеқайда оңайға түседі. Тұрғындардың "тиімді әдіс" деп таныстырған шұңқыры түбі жоқ құдыққа ұқсайды.

"Құрметті әкімдік, неғып отырсыздар? Неге мына жаққа келмейсіздер?! Қанша қар мен су жатқанын көріңіздер! Үйге кіруден қалдық. Адамдар бұл жерге түнеуге қорқады. Мына жерге бір көлікті бекітіп қойсаңыздар қайтеді?" деді өзі куә болған жайтты видеоға түсіріп, "Кирпичный" тұрғындары мен әкімдік өкілдері бар чатқа жіберген Қарлығаш.

Кешкісін аудан әкімдігінің қызметкері зейнеткерлерге насос әкеліп берді. Ол да насос тапсыру сәтін видеоға түсіріп, ортақ чатқа жіберді.

– Әртүрлі жағдай болады. Кейде әкіммен ұрсысамыз, кейде олар мәселемізге құлақ түреді, – дейді шенеуніктер реакциясына баға берген белсенді Набиулина.

ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН ҮЙЛЕР

Қарлығаш билік тұрғын алабын не өзі дамытпай, не тұрғындарға дамытуға мүмкіндік бермей отырғанын айтады. Оның сөзінше, өндіріс аумағына тұрғын үй салуға тыйым салынған. Бірақ бұл жақта құжаты жоқ үйлер мен ғимараттар аз емес.

"Кирпичный" елдімекеніндегі адамдар өз бетімен салып алған тұрғын үйлер. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір 2021 жыл.

– Мұндағы үйлердің жартысы рұқсатсыз салынған. Біздің аудан өндіріс аумағына жатады, бұл жерде тұрғын үй болмауы керек. Біз сияқты мемлекеттік актісі бар адамдарға құрылыс салуға рұқсат бермейді. Бірақ айналамызда жатақхана, монша мен өндіріс цехтары салынған, – дейді ол.

Шет көшесінде осындай ондаған заңсыз үй бар. Олардың көбі арзан материалдардан, қоршауы жоқ уақытша баспана ретінде жылдам салынғаны көрініп тұр. Кейбірі қараусыз қалған. Шағын көшелерде су құбырлары бар. Балалар ол жерден канистр, бөшкелерге су толтырып, тасып жатыр.

Заңсыз салынған үйлерде тұратындар ол тақырыпта сөйлесуге, үйінің құжаты жоғын айтуға құлық танытпайды. Тек 60 жастағы Әлихан Нұржанов есімді азамат қана тілшімен әңгімелесуге едәуір уақыт көніңкіремей тұрып, ақыры үйінің сыртындағы қоршаудың ар жағында тұрып сөйлесуге келісті.

Нұржанов бұл жерге 2006 жылы үй салғанын айтады. Ол астанадан 40 километр жерде орналасқан Аршалы деп аталатын аудан орталығынан қалаға көшуге жұмыссыздық пен бесінші сыныпта оқитын қызына жақсы білім беру ниеті себеп болғанын айтады.

– Бәрі үй салып жатқан соң, біз де салдық. Бұл жерде қамыс пен батпақ қана болатын. Екі жарым метрге дейін топырақ төктік. Үкімет ешқандай талап қойған жоқ. Сол кезде тыйым салса, ешкім үй салмас еді. Үй салып қойғаннан кейін "бұл – жерді өздігінен басып алу, заңсыз құрылыс" дей бастады. Үйдің құжаттары жоқ. Тіркеуге тұра алмаймыз. Жедел жәрдем шақырғанда көрші, басқа мекенжайды айтамыз. Ауысқан әкімнің бәрі біз туралы біледі. Туған жерімізде не жеріміз, не үйіміз жоқ, – дейді ол.

Қазір Әлиханның қызы тұрмыста, ол күйеуі және ұлымен бірге ата-анасының үйінде тұрып жатыр.

Аялдамада автобус тосып тұрған адамдар. "Кирпичный" тұрғын үй алабы, Нұр-Сұлтан, 6 сәуір 2021 жыл.

Көшеге қоқыс төгуге шыққан зейнеткер Ғания да үйінің құжаты жоғын, бірақ 2007 жылдан бері осында тұратынын айтады.

– Су, жарық пен қоқысқа ақшаны уақытылы төлейміз. Жерімізді заңдастырып алу үшін бірнеше рет қол жинап, құжат дайындап, заңгер жалдап көрдік. Бірақ мұнымыздан ештеңе шықпады. Бұл жақтан жер бермей отыр. Неге екенін білмеймін. Бірақ үміт үзбейміз. Мұнда көп отбасы тұрады. Заңға қайшы ештеңе істеп отырған жоқпыз. Жоғарыдағылар жағдайымызды түсінер деп үміттенеміз. Елбасы мен үкіметтен басқа ештеңе сұрамаймыз, – дейді ол.

Түркістан облысының тумасы Нұрлан Нұржігітовпен үйінің терезесіне орнатылған темір қоршаудың ар жағынан сөйлестік. Үйден балалардың дауысы естіледі. Кәмелетке толмаған жеті бала өсіріп отырған әке өзі жұмыс істейтін орталық базардың жанынан 60 мың теңгеге туыстарының үйін жалдап тұрады. Нұрлан базарда жүк тасып, күніне бес мың теңге табатынын, ол ақша төлемдерді жауып, азық-түлік алуға әзер жететінін айтады.

"Кирпичный елдімекеніндегі өзге көшелерге қарағанда жөні түзу саналатын көшедегі иттер мен су тасып бара жатқан жасөспірім.

Нұрлан Нұржігітов қазір көп балалы отбасы ретінде баспана кезегінде 1700-орында тұр.

– Бізге қаладағы пәтерлерді жалға бермейді. "Балаларың көп" дейді. Әкімдікке осылай айтып барыңдар. Кезек өте баяу жылжып жатыр. Мемлекет баспана берсе, жалдау құнын төлер едім. Әйелім сауда жасауға тырысып көрді, бірақ табыс жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймыз, "әйеліңіздің жеке кәсібі бар" деп бермей қойды. Сол әкімдік қызметкерлерін базарға отырғызып қойса, сауданың қалай жүретінін өз көзімен көрер еді. Оның үстіне демалыс күндері базарды карантинге жабады. Соған қарағанда вирус жұмыс күндері демалып, тек демалыс күндері ғана оянатын сияқты, – деп мысқылдайды тұрмыс қиындығын айтқан көп балалы әке.

"КИРПИЧНЫЙ" АУДАНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ МЕН ДЕПУТАТЫ

Әкімдік инспекторы Тоқтар Қасенов бір жылдан бері осы ауданға жауапты маман болып істейді.

– Былтырдан бері көп жұмыс атқарылды. Қоғамдық орын салдық. Жылда су астында қалатын екі көшеге арық тарттық. Арқарлы көшесінен Солтүстік айналма жолына дейін жаңа жол салдық. Ол жақтағы жолды да су басып қалатын. Бірнеше үйде жерасты суы көтеріліп, қиындық туғызады. Оларға әзірге амалдау үшін су тартатын насос тараттық, – деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен инспектор.

– Арқарлы көшесін жөндегеннен кейін зертхана мердігердің жұмысынан сәйкессіздік тапты. Бұл – біздің мердігер емес. Оны көлік басқармасы жіберген. Мердігер компания екі жыл бойы кепілді қызмет көрсетуге міндетті. Асфальтқа байланысты шағымым жоқ. Жол өз қызметін атқарып жатыр, бұған тұрғындардың да көңілі толады. Бұрын ол жерде мүлде жол болмаған, біз бастап салдық. Бұл жолды тұрғын алабындағы жүк көліктерін азайту үшін жасадық. Биыл қолдау көрсетсе, тағы бір жол саламыз. Мен келгенге дейін "Кирпичный" ауданына бір жолмен ғана кіруге болатын. Қолдан келгенше шағын көшелерге тас төсеуге тырысамыз, – деді ауданға байланысты жоспарын бөліскен Тоқтар Қасенов.

"Кирпичный" елдімекенінің жоспары. Нұр-Сұлтан, 13 сәуір 2021 жыл.

"Кирпичный" ауданы қалалық мәслихаттың жетінші шақырылымына "Нұр Отан" партиясының атынан сайланған депутат, Нұр-Сұлтандағы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісовтың атына бекітілген. Депутат сұхбат бермес бұрын жарты сағат бойы қала аумағын дамыту жоспарын, аудан паспортын, билік партиясының сайлауалды бағдарламасында жүзеге асыруға уәде берген жобаларын көрсетті.

Жүнісов қаңтардың ортасынан бастап қалалық мәслихат депутаты болып сайланған. Ол "Кирпичный" ауданын бірнеше рет аралап шыққанын, бірақ ондағы жағдайды толық түсініп үлгермегенін, сондықтан ешбір мәселеге, оның ішінде ауданда заңсыз салынған 103 нысанда тұрып жатқан 406 адамның тағдыры жайлы пікір бере алмайтынын айтты. Бұл деректер депутат көрсеткен қағаздарда жазылған.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатына "Нұр Отан" саяси партиясынан сайланған депутат Алмат Жүнісов.

– Қала шетіне көп көңіл бөлініп отыр. Бәрі бюджетке барып тіреледі. Бюджет тапшы. Кіріс ақша салықтан түседі. Пандемияға байланысты салық көлемі де азайып келеді. Ал қала аумағы кеңейіп жатыр. Қаржы әр ауданның қажетіне, мәселенің маңызына және қолда бар мүмкіндікке қарай тең бөлінеді. Биыл инспектор біраз көшеге жол салу туралы ұсыныс айтып отыр. "Бюджеттен қаржы бөлуге көмектесіңіз" дейді. Бірақ бұл маған ғана байланысты емес қой. Әр депутат өз ауданына ақша бөлу керегін дәлелдеуге тырысады. Кейін бұл мәселені автокөлік жолдары басқармасы қарайды, – дейді жұмыс барысын түсіндірген депутат. Оның дерегінше, биыл "Кирпичный" ауданында алты жүз орындық жаңа мектеп құрылысы басталуы тиіс.

Депутат қазір балалар бесінші сыныпқа дейін оқитын мектептің әжетханасы далада орналасқанын айтады.

– "Кирпичный" тұрғындары ескі ғимараттарда отыр. Ол жаққа жаңа инфрақұрылым салу үшін көп қаржы керек. Бұл қымбатқа түседі. Мысалы, қаладағы Шұбар және Оңтүстік-Шығыс аудандарын сүру туралы шешім қабылданған. Ондағы үйлердің бәрін сүріп, тұрғындарға жаңа баспана беру де бюджет мәселесіне барып тіреледі. Алдағы жылы болмайтыны анық, – дейді Жүнісов.

Депутаттың сөзінше, қаланың даму жоспарында "Кирпичный" тұрғын үй алабы тұрған жер өндіріс аумағы деп белгіленген.

– Өзімнің және аудан әкімдігінің тарапынан "Кирпичный" халқына қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Бұл тек аталған тұрғын алабына ғана қатысты емес. "Шеті жоқ қала" деген ұғым бар. Қаланың шекарасы кеңейіп жатыр, – дейді ол.

Нұр-Сұлтанның шетіндегі "Кирпичный" елдімекенінде су басқан лай жолмен кетіп бара жатқан адам мен жеңіл автокөлік.

"Кирпичный" елдімекенінде тұратын Арман Есмағамбетов биліктің не тұрғын үйлерді сүріп тастамай, не жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға ақша бөлмей отырғанына қынжылады.

– Қайтерімізді білмей отырмыз. Байқоңыр әкімдігімен қанша уақыттан бері дауласып, дәлелдеп, өтініш айтып келеміз. Олар жыл сайын "Кешіріңіздер, биыл былтырғыдан да аз ақша бөлінді" деумен келеді. Былтыр бөлінген қаржы алдыңғы жылғы бюджеттен аз болған. Бірақ астана тұрғындары ретінде бізде таза ауыз су мен кәріз жүйесі болуы керек. Халықтың қазір пайдаланып отырған жерден қазған шұңқырлары – нағыз сорақылық, бұл санитарлық талаптарға сай емес! – дейді Есмағамбетов.

МЕНШІК ИЕЛЕРІ МЕН ИНВЕСТОР АРАСЫНДАҒЫ ДАУ

Нұр-Сұлтан билігі 2007 жылы заңсыз тұрғын үйлерді жоюға тырысып көрген. Бұл үшін әкімдік бірнеше инвестор тауып, оларға "заңсыз үй салған азаматтарды көшіруге көмектессеңіздер, босаған жер телімін бизнеске береміз" деген ұсыныс айтқан.

Осындай инвесторлардың бірі – "Бизнес-Тайм-Астана" жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Александр Пацукевич. Астана әкімдігі 2009 жылы кәсіпкерге сауда-қойма кешенін, қонақүй, дәмхана, дүкен, көлік жуу орны, техникалық қызмет көрсету станциясы, жанармай бекетін салу үшін "Кирпичный" ауданынан 12,6 гектар жерді жалға берген.

"Кирпичный" елдімекеніндегі тұрғын үйлер. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір 2021 жыл.

Бұл жерді алу үшін Пацукевич үй салып, ауданда тұратын 80 отбасыны "Үркер" тұрғын үй алабына (бұрынғы Ильинка) көшіруі керек болған. Билік кәсіпкерге "Үркер" ауданынан да 28,5 гектар жер берген. Пацукевичтің айтуынша, әлеуметтік шиеленіс артып, жағдайдың ушығуына байланысты билік асығыс шешім қабылдауға мәжбүр болған. Ол кезде астананы қазіргі үкімет басшысы Асқар Мамин басқарған.

– Мемлекет мәселелерін осылай шешеді. 2007 жылы сот шешімімен рұқсатсыз салынған үйлер сүріле бастады. Адамдар митингіге шығып, аштық жариялап, жолды жапты. Бір тұрғын өзін өртеп жібермек болды, – дейді Александр Пацукевич. Кәсіпкердің айтуынша, ол басқаратын компания әкімдік алдындағы міндетін толық орындаған.

Бірақ Пацукевичке "Кирпичный" ауданынан бөлінген жерге кіретін Жолымбет және Қамысты көшелерінің маңында заңды жолмен салынған, тиісті құжаты бар үйлер де болған. Инвестор кей тұрғынмен үйін сатып алуға немесе басқа баспанаға ауыстыруға келіскен. Бірақ кәсіпкердің ұсынысына көнбегендер де болған.

Сондайлардың қатарында бір гектардан сәл асатын жерде орналасқан 28 үйдің иесі мен жергілікті белсенді Қарлығаш Набиулина да бар. 1970 жылдары ЖЭС-2 құрылысына қатысқан жұмысшыларға арнап салынған фин үлгісімен салынған үйлер Совет одағы тарағаннан кейін купон механизмі бойынша үлестірілген. Кейін үй иелері баспанасын жекешелендіріп алған. Тұрғын үйлердің бір бөлігі орталық жылу жүйесі мен су құбырына қосылған. Сондықтан сондай үйде тұрған адамдар өтемақы ретінде барлық жағдайы жасалған үйдің құнына тең ақша беруді сұрайды.

– Набиулинаға қазіргі үйінің орнына "Үркерден" үш қабатты үй ұсындым. Келіспеді. "Сол жағалаудан үш бөлмелі пәтер береміз" дедік. Ол басында 300 мың доллар сұрады, кейін 200 мыңға түсті. Қазір қайтадан қымбат сұрап отыр. Келісімге келер емес, – дейді Александр Пацукевич.

Ал Қарлығаш Набиулина өз уәжі орынды екенін айтады.

– Қаланың ортасында тұрамыз. Үйімнің аумағы – 130 шаршы метр, қосымша 10 сотық жерім бар. Басқа инвестор келсе, мүмкін келісіп қалармыз. Пацукевичпен істес болғым келмейді. Ол бізді және көршілерімізді тыңдап болған соң, "көп ақша сұрап отырсыңдар" деп, есікті тарс жауып кетті. Орталық жылу жүйесі, суы бар үйімнен "Үркердегі" пеш жағатын үйге көшкім келмейді. Үйімізге лайық баспана алуға құқығымыз бар, – дейді инвестордың сөзіне жауап берген Қарлығаш Набиулина. Ол Пацукевичтің "жерді заңсыз алып отырғанын" айтады.

"Кирпичный" елдімекенінде су тасып жүрген бала. Нұр-Сұлтан, 6 сәуіір 2021 жыл.

Инвестор қазір "Кирпичный" ауданындағы 12,6 гектар жердің 1,5 гектарына жанармай бекеті мен жүк көлігін жуатын орын салуға ғана рұқсат қағазы барын мойындады. Бұл қағаз бойынша инвестор жер телімін 2025 жылға дейін бес жыл мерзімге жалға алуға хақы бар.

– 2019 жылға дейін рұқсат қағазымыз болған. Бізге "Жеке келісім бойынша белгіленген аумақты босатсаңдар құжат береміз" деген. Қазір қолында құжаты бар 30 отбасыны көшіру қалды. Тек содан кейін ғана жерді толық рәсімдеп береді, – дейді Александр Пацукевич.

Ол Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке 2 сәуірде жазған хатын көрсетті. Хатта кәсіпкер "Кирпичный" ауданындағы босаған жерді игеруге рұқсат беруді және "Үркердегі" құрылысты аяқтау үшін "рәсімделмеген жер телімдерін" пайдалануға рұқсат мерзімін ұзартуды сұраған.

Нұр-Сұлтан әкімінің жыл сайынғы есебінде "Кирпичный" тұрғын үй алабындағы заңсыз құрылыс туралы ештеңе айтылмайды. Әкімдік баспасөз қызметі "Заңсыз салынған үйлерде тұрып жатқан отбасылардың ендігі тағдыры не болмақ?" деген сұраққа жауап бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев көптік етпей ме? Нұр-Сұлтанда экс-президентке тағы бір музей ашылды