Жатақхана типтес 46 пәтерлі үй 1980 жылдары салынған. 1990 жылдары кәріз жүйесінен ажыраған соң тұрғындар балалар алаңының орнына қолда бар құрылыс материалдарымен әжетхана салуға мәжбүр болған.
- Қыста әжетханаға шыға алмаймыз. Жазда есік-терезені ашып отыра алмаймыз. Балалар түсіп кетпеуі үшін әжетхананы құлыптап қоямыз, - дейді Лаура Досқожаева.
Кейбір әжетханалардың үстіне шағын бөшке орнатылған. Бұл жазды күндері душқа айналатын әжетхана екенін білдіреді.
Алақандай жерге салынған 50 әжетханадан жазды күндері жағымсыз иіс шығады. Тұрғындар өздері ақша төлеп шығаратын қоқыс жәшіктері де үйге жақын орналасқан.
Тұрғын үй иелерін қинайтын тағы бір мәселе – ауыз су. 20 жылдан аса уақыт бұрын олар ауыз суды жақын маңдағы жер үйлерден сұрап ішіп жүрген. Жуырда есік алдына құбыр тартып алудың сәті түскен. Тұрғын Сандуғаш Ратова:
- Көп қабатты үйде тұрамыз деген аты ғана. Кәріз жүйесі жоқ. Құбыр жарылса, оны да өзіміз жасатамыз, - дейді.
Бес қабатты тұрғын үй ешқандай мекеменің балансында жоқ. Сол себепті күрделі жөндеу көрмегеніне де көп болған. Тұрғындар жағдайларын айтып облыстық, қалалық әкімдікке де жүгінген. Жергілікті биліктен көмек болмағасын жатақхана тұрғындары президент әкімшілігіне хат жазған. Әкімшілік мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыс әкімдігіне тапсырма берген. Ал облыс басшылығы қала билігіне бұрған.
Тұрғын Ақкенже Еспенбетова Азаттыққа:
- Қалалық әкімдік жөндеуге көмектесеміз деп уәде бергенімен, оны орындамады, - дейді.
Ал Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үйді модернизациялық бағдарлама аясында жөндеуден өткізетіндерін айтады.
- Үйді жоба-сметалық құжаттамаларға енгізіп, кәріз жүйесін тартып, мәселені шешуге болады, - дейді ол.
Салынғалы бері жөндеу көрмеген көп қабатты үйдің пәтерлері қыста суық. Тұрғындар түскен кірпіш орнындағы тесіктерді қолдарына түскен затпен бітеп қояды.
Тұрғындардың әжетхана мен ауыз су мәселесін көтергеніне көп болған. Осыдан бес жыл бұрын Азаттық қызылордалықтардың жағдайы жайында мақала жаған болатын.
Оқи отырыңыз: Қала үйінде тұратындар ауладан туалет қазуға көшті
Сол кезде Азаттықа берген пікірінде Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы қаражат бөлінсе, үйді 2014 жылы жөндеуден өткіземіз деген еді. Бірақ үй сол қалпында қалған.