Қызылорда қалалық N2 сотта екі әйел үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша сот отырыстары өтіп жатыр. Екі әйелге де "Жалған ақпарат тарату" ("Көрінеу жалған сөз жеткізу") бабы бойынша айып тағылған.
Олардың бірі - Қызылорда тұрғыны, екі баланың анасы, үшінші балаға жүкті, жалғызбасты ана Меруерт Әйтімова. Ол наурыз айында биліктен жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және көп балалы отбасыларға жеңілдіктер беруді талап еткен аналар наразылығына қатысқан соң өзін белгісіз біреулердің көлікке салып әкетіп, "тыныш жүр!" деп қоқан-лоқы жасағанын Азаттыққа айтқан.
Жалғызбасты ананың айтуынша, ол осы оқиғадан соң қысымға байланысты полицияға арыз түсіріп, бірақ сәуір айының соңында қайтарып алған. Баласының ауруының асқынып кеткенін айтқан Әйтімова "күні бойы тергеуде баламмен бірге жүре алмадым" дейді. Осының ізінше полиция "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, айыптау актісін қолына берген.
- Азанда сағат 8-9 алып кетеді. Кешкі сағат жетіде алып келеді. Не түскі ас жоқ, не үзіліс жоқ. Балам бір жаялықпен күні бойы жүреді. Амал жоқ, шыдамай арызымды алып алдым. Бұған қоса, сәуірдің 14-і күні Тальгоға билет алып, Нұр-Сұлтанға бардым. Қызылорда облысынан сенатқа сайланған екі депутаттың бірімен кездестім. Ол да "бара беріңіз, арызыңызды қайтып алыңыз. Бала-шағаңызбен тыныш өмір сүре беріңіз. Енді сізді ешкім мазаламайды" деді. Соларға берген уәдем бойынша Қызылордаға 18 күні келдім. Ұлымның температурасы 39,8 болып тұрды. Бірден ауруханаға жаттық. Онда 15 күн болдық. 15 күннен кейін арызымды қайтып алдым. Менде іс жабылды деген анықтама да бар. 15-20 күн бойы олар маған ештеңе деген жоқ. Тек 20 күннен соң маған айыптау актісін әкеп берді, - деді Меруерт Әйтімова.
Оның айтуынша, өткен сот процестерінің бірінде прокурор Әйтімованы екі айға қамауды сұраған. Бірақ судья "куәгерлердің бәрі сұралып біткен жоқ" деп өтінішін қанағаттандырмаған. Прокурор Әйтімоваға бұл бап бойынша 5-10 жыл аралығында сотталуы мүмкін екенін ескерткен.
Қызылорда қаласы прокурорының міндетін атқарушы Б.Нұрмағамбетовтің қолы бар, 25 маусым күнгі айыптау актісінде Әйтімова "әлеуметтік желі арқылы халық назарын өзіне аударып, әкімдік қызметкерлерінің заңсыз бас бостандығынан айыру әрекеті" туралы "жалған ақпарат таратты" деп жазылған. "Қылмыстық пиғылын сәтті жүзеге асыру үшін қоғам белсенділерінің күшін қолдануды ұйғарып", алматылық белсендіге хабарласып, өзін әкімдік қызметкерлері көлікпен ұрлап алып кетіп, пәтерде заңсыз ұстап, ұрып-соққаны туралы жалған мәлімдеме жасаған" деп жазылған.
Меруерт Әйтімова өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін, өзі сияқты әлеуметтік мәселелерді айтқан аналар наразылығын басу үшін "іс ашты" деп болжайды.
- Мен әкімшілікке барып, қайта-қайта көмек сұрай берген соң шығар. Заң жүзінде өзіме беріліп жатқан нәрсені талап еттім. Білмеймін, сонымен байланысты шығар, - дейді. Оның ісін судья Жәкеева қарап жатыр.
ЕКІНШІ АЙЫПТАЛУШЫ ІСІ
Екінші айыпталушы - Қызылорда тұрғыны, бес баланың анасы Нұргүл Арыстанбаева. Бұған дейін өзіне де қысым жасалғанын айтқан Арыстанбаева "құрбысының кеңесімен полицияға шағым түсіргенін, бірақ одан нәтиже болмағанын" айтады. Арыстанбаеваның айыптау актісін әзірге ала алмадық. Айыпталушының болжамынша, тергеу органдары оны "көп балалы әйелдерді митингіге шақырды" деп те айыптағысы келеді.
Оның айтуынша, өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша шілде айынан бері бірнеше сот отырысы өткен. Куәгерлер шақыртылған. Бірақ олардың көбінің іске қатысы болмай шыққан. Айыптау тарабының өзін қамауға алуға күш салып жатқанын айтқан ана қамауға алса, бес баласын кімге қалдыруды білмейтінін, екі баласының мүгедектігі бар екенін айтады.
- Күйеуіммен ажырасқанмын. Екінші баламды да демікпемен мүгедектікке шығардым. Дем ала алмай қалады. Ауа жетпейді. Кеше судья "қамаған жағдайда кім қарайды" деп сұрады. "Қарайтын ешкім жоқ деп айттым. Қамаған жағдайда үйде қалады" дедім. Енді не істейміз? - дейді Нұргүл Арыстанбаева.
Мүгедектігі бар балаларын емдету үшін биліктен бірнеше рет көмек сұрағанын айтқан ана "билік өзінің шағымдануын тоқтатқысы келеді" деп санайды. Сот қаулысында оның ісін судья Әлиев қарап жатқаны көрсетілген.
Азаттық тілшісі екі ананың ісіне байланысты Қызылорда облыстық полиция департаментіне хабарласты. Баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжаһан Қайырбергенова ресми сауал жіберуді сұрады.
- Іспен айналысқан тергеуші ақпаратты беретін шығар. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, ол прокуратурамен келісілген күйде жіберіледі. Заңда солай көрсетілген. Жекелеген іс қой. Біз қазір тергеушілер жіберген ақпаратты оларға жібереміз. Заңдылығын тексереді. Заң бойынша, сауал түскен уақыттан бастап, екі күн ішінде қарастырылады, - деп жауап берді. Азаттық полицияға ресми сауал жолдады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балаларыңды ойла! Тыныш жүр!" Қызылордалық ана қысым көргенін айтадыАзаттық наурыз айында бұл екі әйелдің жағдайы туралы жазған кезде Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов белсенді таратқан ақпарат шындыққа сай емес деп мәлімдеген еді. Ал жалғызбасты аналардың бірі аймақта "әлеуметтік мәселе көтерген өзге аналар да қысымға ұшырайды, тек айтудан қорқады" деп айтады.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.
Аналар наразылығынан кейін билік көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілетінін хабарлады. Сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайы нашар отбасыларға әлеуметтік көмек беру туралы заңға қол қойды. Атаулы әлеуметтік көмек аясында көп балалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңгеден төленетіні айтылды. Үкімет "шарттары жеңіл" баспана бағдарламасын әзірлеп, алғашқы жарнасы пәтер құнының 10 пайызын құрайтын екі пайыздық мөлшерлемемен 18 жылға ипотекаға үй алуға болатынын хабарлады. Билік сонымен бірге баспанаға зәру азаматтарды арзан жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз етуге де уәде берді.
Бірақ соған қарамастан көп ана әлі күнге дейін баспана мәселелерінің шешілмегенін, әлеуметтік жағдайларының жақсармағанын айтып келеді.
Мамыр-маусым айларында Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев және премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бұған дейін билік өкілдері олардың мәселелерін "заң шеңберінде қарастырылатынын", "өтініштері жеке қаралатынын" айтқан.