Алматы тұрғыны, 22 жастағы Дмитрий Ушаков Қарағанды облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының үкімімен "қылмысты жасырды" (Қылмыстық кодекстің 432-бабы) деп айыпталып, екі жылға сотталған. Қазір ол жазасының соңғы бөлігін Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/10 мекемесінде өтеп жатыр.
"БАСШЫЛЫҚТЫҢ ҮСТІНЕН АРЫЗ АЙТҚАН СОҢ ӘДІЛЕТСІЗДІК БАСТАЛДЫ"
Азаттық тілшісі Ушаковпен ол Нұр-Сұлтандағы №8 емханаға кезекті емін алуға келген кезде жолықты. Жас жігіт қолындағы энергетик сусынын мазасыздана жұтып, жан-жағына жалтақтап отыр екен.
– Көзім нашарлап барады. Маған офтальмологтың кеңесі керек. Ал мені төрт күннен бері дәрігерге апармай жатыр. Үш күн бойы рапорттан (сыртқа шығуға рұқсаты бар адамдар тізімі көрсетілген құжат – ред.) атымды сызып тастаған. Міне, тек төртінші күні ғана емханаға келіп отырмын, – дейді Ушаков.
Оның айтуынша, басшылықтың дәрігерге жібермей қоюына өзінің мекеме басшылары үстінен шағым айтуы себеп болған. "Мекеме бастығына кіріп, оның оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары Айдын Құмарбекұлы мен режим бөлімі бастығының маған әділетсіздік жасайтынын айтқанмын. Бастық "олармен сөйлесемін" деген, бірақ кейін олардың маған көзқарасы мүлде нашарлап кетті. Олар мені [тізімнен] әдейі сызып тастады" дейді ол.
Ушаков өзі жазасын өтеп жатқан мекемені "сыбайлас жемқорлыққа толы" деп сынайды. Оның сөзінше, қауіпсіздігі барынша төмен мекеме болғандықтан қалаға барыс-келіс, дәрігерге қаралу сияқты нәрсе өз тәртібімен орындалуы керек, бірақ кей адамдар "өз шаруасымен кете береді, олардың ауруханада жүрген-жүрмегенін ешкім тексермейді, ал шын ауру адамдар шыға алмай отырады".
– Қазір карантин режимі күшейтілгенін білемін. Бірақ бізге [коронавирусқа қарсы] екпе салынған. Қолымызда вакцина паспорты бар. Ashyq жүйесімен мекеме маңындағы базар – "Биг Шанхайға" барып, қажетімізді алуға, шаштаразға баруға құқымыз бар. Тіпті қылмыстық атқару кодексіне сай, айына төрт рет колониядан шығуға хақылымыз, – дейді ол.
"ЕУРОПАДА ЖҮРГЕН ЖОҚСЫҢ ҒОЙ"
Ушаковтың сөзінше, мекемедегі тыйымның бәрі бастықтың атына сын айтқандарға арналған. Оның айтуынша, құқығы бұзылғаны жайлы арызынан соң басшылыққа оның тіпті шаш үлгісі де ұнамай қалған.
– [Басшыларға] шашымның үлгісі ұнамай қалды. Мекемедегі №819 бұйрыққа сай ұқыпты болып жүруміз керек. Өз басым сол бұйрықты орындап жүрмін деп санаймын. Маған "шашыңды тақырлап алғыз" дейді. Мен мұны дискриминация деп есептеймін. Бостандығымнан айырылғаныммен, пікір білдіруге құқығым бар. Ал басшылық гей екенімді білгеннен кейін кез келген жағдайда тиіскісі келеді. Маған "Еуропада жүрген жоқсың ғой, қайтесің енді, шыдайсың" дейді, – деп кейіді.
Ушаковтың айтуынша, колонияда психологиялық қысым өте күшті, тек сотталушылар ғана емес, түрме әкімшілігі де үнемі оны келемеж қылып, қорқытып-үркітеді.
Түрмедегілер сексуалдық ерекшелігін білгеннен кейін оның жан күйзелісі арта түсіпті. Ол өзі сияқтыларды мекемеде "гаремде" ұстайды дегенді естіп уайымдап, мұның соңы депрессияға апарғанын, ол көңіл-күйден психолог көмегімен шығуға тырысып, антидепресант ішіп жүргенін де жасырмады.
Дмитрий Ушаковтың айтуынша, қамаудағыларға жақын туыстарынан өзге адамдармен хабарласуға рұқсат бермейді. Басқа түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан жігітімен байланыса алмағандықтан да "күйзеліске ұшырап, денсаулығым нашарлады" дейді ол.
"БІЗ СИЯҚТЫЛАРҒА ҚАЗАҚСТАНДА ӨМІР СҮРУ ҚИЫН"
Өз айтуынша, Ушаков түрмеде гомосексуал екенін жариялап, ашық қорғануға мәжбүр болған. "Түрме субмәдениетінің ерекшелігі" осыған мәжбүр етті дейді ол.
– Мен қауіпсіздігі жеңілдетілген мекемедемін, ал орта және жоғары қауіпсіздік қамтамасыз етілетін орындарда мен сияқты адамдарға бұдан да нашар қарайды. Ол жерде қол-аяғымды сындырып, басымды жарып тастар еді, ешкім де, оның ішінде әкімшілік те ара түспес еді. Көріп тұрғаныңыздай, біздің сыртпен байланысқа шығып, үнімізді жеткізуге аз да болса мүмкіндігіміз бар. Олар өз құқықтарын тиісті деңгейде қорғай алмайды, – дейді Ушаков.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трансгендер, ҰҚК өкілі және әйелдер түрмесіндегі зорлық ісіДмитрийдің сөзінше, Қазақстанда сексуалдық азшылық өкілдеріне өмір сүру өте қиын, көшедегі кекетіп-мұқату өз алдына, дискриминацияны әр қадам сайын кездестіруге болады. Ол әсіресе, жұбымен кетіп бара жатқанында артынан сөйлейтіндер көп екенін, бірақ оған бойы үйренгенін, бұған мән бермеуге тырысатынын айтады. Ол Шымкенттегі ЛГБТ мүшелеріне жасалған шабуылды еске алып, ол туралы түрмеде ақпарат білгісі келгенімен, отандық арналар ештеңе көрсетпегенін, оны туыстарынан сұрап білгенін айтты.
– ЛГБТ оқиғасы туралы жергілікті арналар бермеді. Тек сіздерден (Азаттықтан – ред.) оқып білдік. "Қазақстанда дискриминация жоқ" деп бәрін жасырады. Іс жүзінде оны біз сияқтылар анық сезініп жүр. Ұлттық превентивті механизм сияқты қадағалау ұйымдарының өкілдері түрмеге келгенмен, бізбен жолықпайды, бәрі тек жай есеп үшін. Мекемелердегі реформаларға қарамастан біздің құқымыз бұрынғыша бұзылып жатыр. Мұның бәрін көзіммен көрген соң айтып отырмын, – деді ол.
"ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛУДЫҢ АМАЛЫ"
Азаттық тілшісі Дмитрий Ушаковтың шағымын тыңдап тұрғанда №8 емхана алдына ЕЦ-166/10 мекеме басшысының орынбасары Айдын Құмарбекұлы келді. Ол шағымданушының айтқанын жоққа шығарып, оның әрекеттерін "өзін-өзі қорғау инстинкті", "жазадан құтылудың амалы" деп сипаттады.
Лауазымды тұлға мекемде сотталушыларға барлық жағдай жасалған, олар колонияда еркін жүреді, жаттығу залы, кітапхана бәрі бар, тамақ та жақсы беріледі деп сендіруге тырысты.
– "Геймін" деп өзі мойындап тұр ма? Өте қызық екен. Бұл – қорғанудың бір түрі. Ол "қалаға шығамын" деп күнде келеді. Сотталғанын ұмытып, күнде сыртқа шығуды талап етеді. Нұр- Сұлтан [коронавирус пандемиясы бойынша] қызыл аймақта болғандықтан шығара алмаймын. Бәлкім осылай назар аудартып, [бостандыққа] шығып кеткісі келетін болар. Мұнысы – жазадан құтылудың амалы ғана, – деді ЕЦ-166/10 мекеме басшысының орынбасары.
Айдын Құмарбекұлының айтуынша, мекемеден қалаға күніне 40-50 адам шығып, дәрігерге көрінеді. Қазір ЕЦ-166/10 мекемесінде 656 адам жазасын өтеп жатыр.
Осы материал дайындалып жатқанда Азаттық тілшісіне Дмитрий Ушаков хабарласып, тілшімен кездескен күні өзін дәрігерге көрсетпей, төрт сағат тәртіптік оқшаулауға отырғызғанын айтты. Ал оның анасы Оксана баласының тағдырына алаңдайтынын, түрме басшылығымен сөйлесе алмай жүргенін, екі аптадан бері қаншама рет қоңырау шалса да, оның тұтқаны көтермейтінін айтты.
Бұдан соң Азаттық тілшісі ЕЦ-166/10 мекемесі басшысының орынбасары Айдын Құмарбекұлымен хабарласқан. Ол 22 шілде күні Ушаковтың анасымен сөйлесіп, жағдайды түсіндіргенін, карантинге байланысты видеобайланыс арқылы сөйлестіргенін айтты.
– Олар (Ушаков пен тағы бір сотталушы – ред.) "кесілеміз, асыламыз" деген соң тәртіптік оқшаулауға екі сағатқа отырғыздық. Өйткені олар келіп, басқа сотталушыларды көтеруі мүмкін. Ушаковтың шағымдарын қанағаттандырамыз. Ол келесі аптада тиісті дәрігерлерге уақытылы шығып тұратын болады. Босауына да төрт ай қалды, – деді ол.
- АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам құқықтары жөніндегі есебінде Қазақстан түрмелеріндегі ахуалдың нашар екені, тұтқындар "қатыгездік көріп, кейде өміріне қауіпті" жағдайға тап болатыны айтылған.
- Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған биылғы қарарында "елде ЛГБТ өкілдерінің құқығы тапталып жатыр" деген.
- Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінде Қазақстанда ЛГБТ өкілдері "стигматизацияға ұшырайтыны" айтылады.