Маңғыстауда өлген итбалық саны 500-ден асты. Құс пен балық өлекселері де табылып жатыр

Инспекторлар жағадан жинаған итбалық өлекселері. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы. 6 қараша, 2024 жыл.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында өлген итбалық саны 500-ден асты. Итбалықтың жаппай қырылуына байланысты мәлімет полицияға жолданғанымен, әзірге қылмыстық іс қозғалмаған. Сынама үлгілері зертханаларға жіберілген.

ӨЛЕКСЕ ЖИНАҒАН ИНСПЕКТОР: ӘЛІМІЗ КЕЛЕР ЕМЕС

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында өлген итбалық саны 500-ден асқанын Азатық тілшісіне Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Нұрлыбек Ғайсин хабарлады. Оның сөзінше, 7 қарашада тағы 79 өлген итбалық табылған.

Ауданда итбалықтың жаппай қырылғаны туралы мәлімет алғаш рет 24 қазанда тіркелген. Әуелі 51, сосын 100 өлексе табылған. Осылайша айналдырған бес күн ішінде олардың саны 289-ға жеткен. 4-5 қарашада тағы 121 өлексе табылған.

– 24 қазаннан бастап 6 қараша күні 20:30-ға дейін жергілікті атқарушы органмен бірге 454 өлген итбалық жинадық. Ал бүгін тек балық қорғау инспекциясымен бірге түсте 79 өлексе тауып отырмыз. Біз жағаның ар жағына барған жоқпыз әлі. Жағаға шығып қалған өлекселер әлі де көп болу керек. Біздің әліміз келер емес. Негізі бұларды жинаумен жергілікті атқарушы орган айналысуға тиіс. Біздің жұмыс – осыны қадағалау еді, – деді Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауында итбалық өлексесін жинап жүрген Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Нұрлыбек Ғайсин.

Балық қорғау инспекторлары теңіз жағасына шығып қалған итбалық өлекселерін жинап жүр. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутин ауылы, 6 қараша, 2024 жыл.

Ол Қызыл кітапқа енген итбалықтың жаппай қырылуына байланысты материалдар полицияға жолданғанын айтты. Бірақ әлі қылмыстық іс қозғалмаған.

Азаттық Маңғыстау облыстық полиция департаментіне жазбаша сауал жолдап қойды. Осы мақала жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.

Жүздеген итбалықтың неден өлгені белгісіз.

Осы аптада Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған.

"Зерттелген итбалықтардың жартысынан астамы буаз болған, барлық итбалық – қоңды. Бұл өлгенге дейін олардың жас әрі тіршілікке бейім болғандығынан хабар береді. Олардың ажалы ерте және кенеттен болған сияқты. Күзде итбалық көбею үшін Солтүстік Каспийге қарай қоныс аударады. Олар теңіздің осы бөлігіне ойысқанда өлген" деп жазды зерттеуші.

"ТЕК ИТБАЛЫҚ ЕМЕС – ӨЛГЕН ҚҰСТАР МЕН БЕКІРЕ ДЕ ТАБЫЛДЫ"

Жүздеген итбалық өлексесі табылған Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылы тұрғындары теңіз жағасында тек итбалық қана емес, өлген құстар мен бекіре балықтары да табылғанын айтып отыр. Баутин ауылында тұратын балықшылар құқығын қорғап жүрген белсенді, облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов "неге итбалықтың жаппай қырылып жатқаны туралы ғана айтылады да, өліп жатқан құстар мен бекіре балығы туралы ашық айтылмай жатыр?" деген сұрақ қойды.

Маңғыстау облысы бойынша балық қорғау инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Андрей Руцкий теңіз жағасынан бес бекіре балығы табылғанын айтты. Ал Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовтың сөзінше, осы ауданнан 24-29 қазан аралығында теңіз жағасынан 17 су құзғыны, 3 шағала табылған. Ол екеуі де табылған өлген құстар мен бекіре балықтары санаулы болғандықтан жаппай қырылу дерегі бойынша іс тіркелмегенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каспийде жүздеген итбалық неден қырылды?

"Бекіре балығы бойынша шамамен бес данасы табылғасын оларға сыртқы ортаның әсері жоқ деп түсінемін, бұлардың саны тіркелмеді, оларға акт толтырылған жоқ", – деді Руцкий.

Ал Досатов мұның себебін "табиғи жағдай болып саналады" деп түсіндірді.

– [Мұндай жағдай] бірен-сараң кездесіп тұрады. Әдеттегі құс өлімі. Жыртқыш құстарға жем болады. Жасы келіп, көшіп-қону кезінде әлсіз болуы мүмкін, – деді Досатов.

Маңғыстау облысында итбалықтың жаппай қырылуы жергілікті жұртты да алаңдатып отыр. Біреулер бұған жұқпалы ауру себеп болуы мүмкін деп қауіптенсе, кейбірі теңіз суының ластануы салдарынан уланған болуы мүмкін деп топшылайды.

Ал Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысы Армат Жүсіпқалиев теңіз суынан итбалықтың жаппай қырылу дерегі тіркелген 24 қазаннан бастап бірнеше рет сынама алынған және "сынама нәтижелері шекті нормадан асқан жағдай тіркелген жоқ" деп мәлімдеді.

Итбалықтың неден өлгенін анықтау үшін сынамалары тағы бірнеше зертханаға жіберілді. 6 қарашада Алматыдан келген Микробиология және вирусология институты қызметкерлері үш итбалықтың өлексесінің сынамасын алып кетті. Олар "итбалықтар жұқпалы аурудан өлді ме" деген сұраққа жауап іздеп, соның себебін анықтауға тырысады. Зертхана нәтижесі екі аптадан соң, қарашаның аяғында белгілі болмақ.

Ал Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының Түпқараған аудандық ветеринария станциясының басшысы Нұрлан Мастеков 7 қарашада Азаттық тілшісіне екі итбалықтың өлексесін неден уланғанын анықтау үшін Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасына жолданатынын хабарлады.

– Бүгін [7 қараша] екі итбалық өлексесін сойып, басы, өкпесі, тері, тырнағын салқындатқышта сақтап, Қарақия ауданына қарасты Ералы елді мекеніндегі зертханаға жіберіп жатырмыз. Олар улануға қатысты тексеруді сұрап Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына жібереді. Біз тек [құзырымыз бойынша] биоматериал алып береміз, – деді Мастеков.

Каспий теңізі жағасынан биыл сәуірде де итбалық өлекселері табылған. Ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет итбалық қыс мезгілінде бір уақытта өліп, содан бері өлксесі суда тұрған болуы мүмкін деп долбар жасаған.