Батыс басылымдары бұл аптада парламент сайлауынан кейін президент Тоқаевтың саяси жүйесі біржолата қалыптасып біткенін, алайда режим легитимдігі мен саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін факторлар жойылмағанын жазды. Басылымдар жаппай наразылық пен элита реваншизмінің алдын алу үшін билік не істеу керектігін талдады. Сонымен қатар Мәскеу мен оның өкілдері Қазақстанға Ресейдің автономия республикаларының бірі деп қарай ма дегенге үңілді.
"ТОҚАЕВТЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ", "РЕЖИМ МЕН САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ТӨНЕТІН ҚАУІП"
Парламент сайлауының нәтижесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйесі біржолата қалыптасты. Ел әлі де либерал демократиядан алыс, көп билік президенттің қолында дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев Халықаралық бейбітшілікті қолдайтын Карнеги қорының сайтында шыққан мақалада.
Сайлау Қазақстанның саяси жүйесі демократияға қарай үлкен қадам жасағанын көрсетуі керек еді. Бірақ сайлау нәтижесі бұған қарай қарқынды ойысу жүріп жатпағанын көрсетті. Халықаралық бақылаушылар сайлауда әдеттегідей бұрмалау мен әкімшілік ресурс қолданылғанын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ашық бұрмалау". Кандидаттар сайлаудағы заңбұзушылықтар туралы дәлел жинаса да, сотқа сөзін өткізе алмай отырМаусымда өткен референдумнан кейін аралас сайлау жүйесі енгізіліп, парламентке өту үшін саяси партия еңсеруге тиіс меже 5 пайызға төмендесе де, парламент айтарлықтай өзгерген жоқ. Бес пайыздық межені алты партия еңсерді, бірақ биліктің "Аманат" партиясы әлі де көпшілік орынға ие: ол 53,9 пайыз дауыс жинап, 40 мандатқа ие болды. Сондай-ақ 29 бірмандатты округтердің 23-інде "Аманат" кандидаттары жеңіске жетті. Осылайша "Аманат" парламенттегі 98 орынның 63-іне ие, бұл оған маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдауға және сенат ветосын еңсеруге мүмкіндік береді. Конституциялық заңдарды қабылдау үшін "Аманатқа" үш мандат жетпей тұр, алайда бұл үш дауысты парламентке өткен басқа партиялар немесе бірмандатты округ бойынша өткен басқа депутаттар беруі мүмкін, себебі, саясаттанушының ойынша, олар көп ретте президент әкімшілігіне тәуелді. Ғазиз Әбішев парламенттегі қалған орындарды билікке жақын жалған оппозициялық партиялар бөліп алды дейді.
Саясаттанушы бұл сайлауда Қазақстан билігінің басты мақсаты сәл ығысқандай кейіп танытып, парламентке бақылауды толықтай сақтап қалу болған, билік сол мақсатқа қол жеткізді деп пайымдайды. Бір қарағанда, парламентте бұрынғыдай үш партия емес, алты партия, депутаттардың үштен бірі бірмандатты округтерден сайланды, гендер бойынша квоталар берілген. Дегенмен іс жүзінде күштер балансы өзгермеді.
"Тоқаев жариялаған реформалар аяқталды. Бұрынғы қарқынды жалғастырудың қажеті жоқ, ал бұл билік қазіргі саяси жүйе мен өзінің сол жүйедегі орнын сақтап қалуға тырысады деген сөз" деп қайырады Әбішев.
Қоғамдық пікірді зерттейтін "Орталық Азия барометрі" үкіметтік емес ұйымының коммуникациялар жөніндегі қызметкері Тілеген Қуандықов Италияның халықаралық саяси зерттеулер жөніндегі институтының сайтында шыққан мақалада парламент сайлауының нәтижесін Тоқаевтың реформаларымен байланыстыра отырып талдаған. Ол билік саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында үнемі "Аманат" партиясына сүйенетінін жазады. Бірақ, оның ойынша, "Жаңа Қазақстанның" саяси институттарын халық қолдамаса, билік партиясына сүйенетін стратегия ұзақ мерзімде де, қысқа мерзімде де елге тұрақтылық әкелуі екіталай.
Сарапшының жазуынша, "Нұр Отан" партиясының "Аманат" партиясына ребрендингі оның халық арасындағы беделін айтарлықтай жақсартқан жоқ. Халықтың экономикалық ахуалға көңілі толмайтынын ескерсек, бұл режим легитимдігі мен саяси тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Жаппай тәртіпсіздік пен мемлекеттік төңкеріс әрекетінің алдын алу үшін жаңа басқару әдістеріне сүйену керек. Жаңа парламент бұған үлес қоса ма?
Жаңа-ескі билік инфляция өсімі мен әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап жатқанда, халықтың әл-ауқатын жақсарта ала ма? Саясат элитадан тәуелсіз және инклюзив бола ала ма? Қуандықовтың талдауынша, соңғы сценарийді іске асыру қиын болса да, үкімет тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаппай наразылық пен элита реваншизмін болдырмаймын десе, алғашқы екі сұраққа "иә" деген жауап беруі керек.
МӘСКЕУ ҚАЗАҚСТАНҒА РЕСЕЙДІҢ АВТОНОМИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕП ҚАРАЙ МА?
Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада қандай да бір көрші елді табан астында басып аламыз деген мәлімдемелер Кремль пропаганда машинасы мен Ресейдегі пайымдаудың ажырамас бөлігіне айналғанын жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Петропавлда "тәуелсіздік жариялаған" топтың артында кім тұр?1994-1996 жылдардағы бірінші Ресей-Шешенстан соғысының алдында Ресейдің сол кездегі қорғаныс министрі Павел Грачев шешендерді аз күшпен-ақ қантөгіссіз бағындыратынын мәлімдеген. Бірақ Грозныйға төрт бағыттан бет алған Ресей күштерін аз деуге келмейтін. Ресей армиясы Грозныйды үш айдан кейін ғана басып алды. Соғыстың өзі екі жылға созылды. Бірақ Ресей соғыстан жеңімпаз болып шыға алмады. Грачев соғысты аяқтаған Хасавюрт келісіміне қол қойылмай тұрып-ақ қызметінен босатылды.
Тәжуітовтің пайымдауынша, Мәскеу бұдан еш сабақ алмаған. Ресей президенті Путин 2014 жылы Ресей әскері Украина астанасы Киевті екі аптада басып ала алатынын мәлімдеді. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресейдің қарулы күштері Путиннің бұйрығымен Украинаға басып кірді. Былтырмен салыстырғанда қазір Ресейдің Киевті басып алу ықтималдығы аз. Соған қарамастан, басқаларды санаулы күн, апта немесе ай ішінде басып аламыз деген блицкриг менталитеті әлі де жойылмаған тәрізді.
Автор жақында Ukraina.ru сайты "Андрей Грозин: Ресей мен Қытай Қазақстанды екінші Украинаға айналдыруға жол бермейді" деген мақаладағы ТМД институты Орталық Азия және Қазақстан бөлімінің жетекшісі Андрей Грозиннің мәлімдемесіне назар аударады. Грозин онда "Ресей қандай да бір жағдай болса қалса, Қазақстанға әскер кіргізбей-ақ, сол елге кіретін және сол елден шығатын транзитті жабу арқылы Қазақстанды жоқ қыла алады" деген.
Грозин 2022 жылдың басында, Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей үшін Украинадан бұрын Қазақстан мәселесін шешіп алу маңызды екенін айтқан.
"Украинадағы бүкіл қисынсыздық − жағымсыз нәрсе, алайда Ресей жаулары басқаратын немесе мүлде ешкім басқармайтын (бұл ең жағымсыз сценарий) Қазақстан жайлы бас қатырудың тіпті қажеті жоқ. Ондай жағдайда логистика тораптарын бақылауға алып, оңтүстікке шыға алу үшін бітімгершілік күштерін емес, әскери контингентті кіргізуге тура келеді" деді Грозин.
Тәжуітовтің пайымдауынша, Грозиннің осы сөздері –Қазақстанға қалай қарау керек деген сұрақ туындағанда Ресей сарапшылары мен пропагандасы қалай әрекет ететінін көрсететін жарқын мысал. Саясаттанушының ойынша, Мәскеу мен оның өкілдері Қазақстан мен оның халқына тап бір Ресейдің автономия республикаларының бірі тәрізді қарайды, ресейліктер бурят, тува, якут, хакас және қалмақ сияқты ұлттық азшылықтарды қалай қорласа, қазақтарға да дәл соны жасай аламыз деп есептейтіндей. Буряттар мен қалмақтар автономия республикаларының басшылары өз халқын қорғай алмай отыр деп есептейді. Ал бұл ретте Қазақстан басшылығы өз халқын қорғай алды ма?
"Уральская неделя" басылымы Максим Яковченко есімді Батыс Қазақстан облысының тумасы былтыр көктемде әлеуметтік желіде "Орал, Петропавл мен Павлодарды Ресейге беру керек" деген жазба жариялап, кейін қазақ халқын қорлап, тіл тигізгенін жазған. Оның үстінен "ұлтаралық араздық тудыру" және "сепаратизм" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда Яковченко Ресейге қашып кетіп, босқын мәртебесін алған.
Тәжуітов жақында Мәскеуге барған сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресейді "Қазақстанның сенімді серіктесі" дегенін еске салады. Дегенмен бұл жайт Ресей қазақтарды қорлаған адамды қорғауға алғанын жоққа шығара алмайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктен қауіптене ме? Путиннің "газ одағы" біртіндеп іске аса бастады ма?Ескі державаға ескерткіш. Ресей соғыстың салдарынан Байқоңырдан кетуі мүмкінНазарбаевтан кейін ештеңе өзгермегенін көрсететін сайлау ма? Ресей қазақтарды қорлағандарды неліктен қорғайды?