Accessibility links

Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктен қауіптене ме? Путиннің "газ одағы" біртіндеп іске аса бастады ма?


Кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев. 20 қараша, 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев. 20 қараша, 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Тоқаев парламентті кезектен тыс сайлау қарсаңында жаппай тәртіпсіздікке дайындалып жатыр ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Путин ұсынған, Өзбекстан мен Қазақстан билігі бас тартқан "газ одағы" қалайша біртіндеп жүзеге асып жатқанын және Астана мен Ташкент неге Мәскеумен газ интеграциясына баруға мәжбүр екенін талдады. Бұдан бөлек, Ресей компаниялары Қазақстандағы серіктестерінен Батыс санкцияларын айналып өтуге көмек беруді сұрап, өтініш түсіріп жатқанын жазды.

"САЙЛАУ НӘТИЖЕСІНЕ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРЕТІН ЖҰРТ ЕСКІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫДАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ"

Орталық Азия жайлы жазатын журналист Брюс Панниер BNE Intellinews іскерлік басылымындағы мақалада мәжіліс пен мәслихатты сайлауға өзін-өзі ұсынған тәуелсіз кандидаттар шеттетілгеніне назар аударады.

Осы жолғы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтпек. 5 маусым күні референдумда сайлаушылар ел Конституциясының үштен бірін өзгертетін түзетулерді қолдап дауыс берген. Кей түзетулер парламенттің төменгі палатасын сайлау тәртібін өзгертті. Енді мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден сайланбақ.

"Қазақстанда 20 жылға жуық уақыттан бері алғаш рет билікке жақын емес кандидаттар жеңіске жетеді деген үміт бар" дейді автор.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 19 ақпан күні 29 бірмандатты округ бойынша 435 кандидат тіркелгенін, "бір мандатқа орташа есеппен 15 кандидаттан келетінін" мәлімдеген. Ол 76 кандидат саяси партиялардан екенін айтқан.

Панниер содан кейін салық декларациясы мен құжаттардағы мәселеге байланысты кемі 20 кандидат сайлаудан шеттетілгеніне назар аударады. Олардың кейбірі сотқа шағымданып, кандидат куәлігін қайтара алды. Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан шеттетілгендердің бәрі дерлік – тәуелсіз кандидат.

Автор елде 15 жылдан бері шынайы оппозициялық партиялар тіркелмегендіктен, партиялық тізіммен президентті жақтайтын партиялар ғана сайлана алатынын жазады: "Бұл егер бірнеше тәуелсіз кандидат қана жеңсе немесе бірде-бірі мандатқа ие болмаса, оны қоғам қалай қабылдайды деген сұрақ тудырады".

Қаңтар оқиғасында көшеге шыққан жұрт елді басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттің даму бағыт-бағдарын айқындауға халық қатысса деген талап қойған. Тоқаев елді басқаруға халық көбірек қатысады деп уәде етті. Бірақ "сайлау статус-кво өзгермегенін көрсетсе, көпшілік үшін қандай да бір өзгерісті байқау қиын болмақ".

Автор Тоқаев алда болуы мүмкін жаппай тәртіпсіздікке дайындалып жатқандай әсер қалдырады дейді. 13 наурыз күні президент үкіметті жаңарту бойынша бірқатар бастама жариялайтынын хабарлады, бірақ өз сөзінде "заңсыз әрекеттің" алдын алуға көбірек көңіл бөлді. Ол "елге іріткі салған және қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған" адамдар қатаң жазаланатынын айтты.

"Тоқаевтың бұл сөзі Қазақстан "жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін жазаны қатаңдатады" деген ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың сөзімен үндес шықты. Билік қоғам сайлау қорытындысын Жаңа Қазақстанды құруға жасалған қадам деп қабылдамайды дегенге сенетін тәрізді. Олар осылайша сайлау нәтижесіне наразылық білдіруді көздеген жұрт тура ескі Қазақстандағыдай жазаланады дегенді көрсеткісі келеді" деп қайырады Панниер.

АСТАНА МЕН ТАШКЕНТ НЕГЕ МӘСКЕУМЕН ГАЗ ИНТЕГРАЦИЯСЫНА БАРУҒА МӘЖБҮР?

Орталық Азия бойынша сарапшы Темір Омаров Халықаралық бейбітшілікті қолдайтын Карнеги қорының сайтында "Путин былтыр күзде ұсынған, Өзбекстан мен Қазақстан билігі бас тартқан "газ одағы" біртіндеп жүзеге асып келетінін" жазады.

Қазақстан мен Өзбекстанда газ тұтыну жыл сайын 7-10 пайыз артып келеді. Ішкі нарықтан бөлек, Астана мен Ташкенттің Қытайға газ экспорттау бойынша міндеттемесі бар. Екі ел қазірдің өзінде бұл міндеттемені толық орындай алмай жатқан тәрізді. 2022 жылы Ташкент Қытайға газ экспортын тоқтатты, ал Астана экспорт көлемін төмендетті. Омаров Ташкент пен Астана осылайша бір мезетте ішкі сұранысты өтеп әрі Қытайға газ тасымалдау міндетін орындай алмай отыр дейді. "Бүкіл газды Қытайға тасымалдап, стратегиялық серіктестің көңілін тауып, валюта түсімін алсақ деген мүдде жоқ емес. Бірақ ел ішіндегі энергетикалық дағдарыс саяси режимдердің тұрақтылығына қауіп төндіреді".

Қазақстанда 2022 жылғы қаңтарда сұйылтылған газ отынының қымбаттауынан басталған наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ал Өзбекстанда қыстағы энергетикалық дағдарыс наразылыққа себеп болды, жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен айырылды. Сарапшы Астана мен Ташкент осы себепті газды экспорттаудан немесе жұртты газбен қамтудан бас тартпай, мәселені басқаша жолмен шешуге тырысып жатыр деп есептейді.

Екі ел үшін ең тиімді шешім – газды импорттау. Газды импорттауға болатын ел санаулы: Түркіменстан мен Ресей. Бірақ Түркіменстанмен бұл саладағы серіктестік тек газ сатып алумен шектеледі, Ашғабат технологияларға келгенде Қытайға тәуелді. Сондықтан екі ел газды Ресейден импорттауды ең оңтайлы шешім көреді. Себебі Ресеймен арада саудамен бірге технологиялық серіктестікті де дамытуға болады.

Мәскеу де Орталық Азияның шағын нарығын жаулауға мүдделі. Еуропа елдері Ресей отынын сатып алудан бас тартқалы бері Мәскеу 150 миллиард текше метр газды өткізе алмай отыр. Ресейдің оқшауда қалғаны Орталық Азия елдеріне де тиімді, "Сколтех" сарапшысы Сергей Капитонов Қазақстан мен Өзбекстан Қытайға қандай бағамен газ сатса, Ресеймен саудаласып, газды одан да төмен бағаға сатып алуға келісе алады дейді.

Дегенмен сарапшы Астана мен Ташкент Ресеймен жаңа келісімшарттарға қол қойса, ел ішіндегі халық мұны биліктің әлсіздігі деп қабылдайды деп есептейді. Көпшілік мұны мемлекеттер мәселені өз бетімен шеше алмай, бұрынғы метрополиядан көмек сұрауға мәжбүр болды деп бағалайды.

Газ тарту жұмыстары.
Газ тарту жұмыстары.

"Мәскеу оңтүстіктегі көршілерді газ ынтымақтастығына тарту арқылы Орталық Азияның Қытайға газ экспортын бақылауға алғысы келеді деген болжам бар. Бірақ оған қол жеткізу қиын: Өзбекстан мен Қазақстанды Қытаймен жалғайтын газ құбырын Қытай қатысатын бірлескен кәсіпорындар бақылайды".

Қалай болғанда да наурызда Ресей Қазақстан мен Өзбекстанға газ тасымалдай бастайды. Бұл келісімнің бүге-шігесі жария болмады, бірақ бұл ретте ішкі сұранысты жабатын газ көлемі тасымалданатын тәрізді. Осылайша Путин былтыр күзде ұсынған, екі ел билігі бас тартқан "үш елдің газ одағы" біртіндеп іске асып жатыр. Мәскеумен жақындасу туралы ашық айту қауіпті, сондықтан жаңа бастамалар ың-шыңсыз іске асырылады... Ресейдің Орталық Азияға ықпал ете алатын тетіктері онсыз да жеткілікті, бірақ газ одағының арқасында бұл одан бетер артпақ. Ташкент пен Астанаға көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізу қиындай түспек, ал Ресейден алшақтау мәселесінің бетін жылы жауып қоя тұруға тура келеді".

"БАТЫС САНКЦИЯЛАРЫН АЙНАЛЫП ӨТКІСІ КЕЛЕТІН РЕСЕЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ӨТІНІШІ"

Reuters ақпарат агенттігі кейінгі апталарда Ресей компаниялары Қазақстандағы серіктестерінен Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесуді сұрап, аса қажет тауарды импорттау туралы көп өтініш түсіріп жатқанын жазды.

Ресей Батыс санкцияларын айналып өту үшін үшінші елдер арқылы тыйым салынған тауарды тасымалдаудың күрделі желісін құрды. Көп тауар Түркия мен бұрынғы совет елдері арқылы тасымалданады.

Reuters ақпарат агенттігіне жеті құпия дереккөз Ресей компанияларынан Қазақстандағы серіктестеріне мойынтірек (подшипник), ұшақ бөлшектері мен сирек жер металдары тәрізді тауарды сатып алуға көмектесу туралы қаптаған өтініш түскенін байқағанын айтқан. Түркия санкцияға ілінген тауарды өз аумағымен тасымалдауға күрес ашуды жоспарлап жатыр деген хабар тараған, ақпарат агенттігінің екі құпия дереккөзі Ресейден Қазақстанға өтініш көптеп түскенін оы ақпаратпен байланыстырған.

Reuters-ке сұхбат берген, аты-жөнін жазбауды өтінген сыртқы саудамен айналысатын құпия дереккөздің айтуынша, бұл − басы ғана, мұндай өтініш одан бетер қаптайды.

Тағы бір қазақстандық кәсіпкер оған ресейлік компания Австралиядан жүк көлігіне тиелген сирек жер металдарын тасымалдау үшін 1 миллион доллар ұсынғанын жеткізді.

Қазақстан үкіметі ақпарат агенттігінің осы жайлы ресми сауалына жауап бермеген.

Ақпарат агенттігі дереккөздерінің айтуынша, ресейліктер сатып алатын тауар тізімінде өнеркәсіп жабдықтары, теміржол мойынтіректері, электроника, радиотехника, ұшақ бөлшектері, турбина, шикізат, тіпті банк карталарына қажет материалдар бар.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен таяуда Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде аймақ елдеріне санкцияларды ұстануды ескертіп, бұл талап экономикаға жағымсыз әсерді жеңілдетуге көмектесетінін мәлімдеді.

Былтыр Қазақстанның Ресейге экспорты 808 миллиард долларға өсті. Кей тауарлардың экспорты артқан. Мысалы, мойынтіректерді сату екі есе өсіп, 111 миллион долларға жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG