Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" жобасы оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:
Соңғы ақпарат бойынша, полиция 800-ден астам адамды ұстаған. Әсіресе Пушкин және Трубной алаңында ұстау көп болған. Мұнда адамдар толы автозактар қайта-қайта жөнелтіліп отырған.
Ұсталғандар арасында құқық қорғаушы Аркадий Дубнов, тәуелсіз кандидат, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный жетекшілік ететін жемқорлықпен күрес қорының заңгері Любовь Соболь, тәуелсіз кандидат Сергей Цукасов, әнші Кирилл Медведев және тағы бірнеше кандидат бар. Полиция Собольды акция орнына жетер-жетпей жатып ұстап әкеткен.
Бірнеше адам полицияның өзін ұрып-соққанын хабарлаған.
"ОВД-Инфо" дерегінше, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Александр Свидерский өзін автозакта бүйрегінен ұрғанына шағымданған. Кейбірінің жеке мүліктері бүлінген.
Бүгінгі акция "Бульвар бойымен серуендеу" форматында өтеді деп жоспарланған еді. Акция басталмай тұрып бірнеше сағат бұрын Бульвар маңын полиция мен Росгвардия жасақтары күзете бастады.
Трубной алаңында ОМОН жасақтары жиналғандарды тықсырып, "қозғалысқа кедергі келтірмей" Садовое қиылысына қарай өтуді талап етті. Прокуратура өкілдері акцияның заңсыз екенін айтып, азаматтарды таратуға тырысты.
Әлеуметтік желіде Бульвар шеңбері аумағында мобильді байланыстың нашарлағаны жайлы хабар тарады.
"Настоящее время" телеарнасының хабарлауынша, жұма күні осы маңда орналасқан мейрамхана, дәмхана, дүкен сияқты қоғамдық орын иелеріне тамыздың 3-інде жұмыс істемеу туралы кеңес берілген. Бұған дейін күштік құрылым өкілдерінің метро станцияларында азаматтарды тексеріп, "тәртіпсіздікке қатыспау туралы" ескерту бергені хабарланды.
Тамыздың 2-сі күні Мәскеу прокуратурасы "арандату әрекеттері, тәртіпсіздік және қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетті тыю мақсатында барлық қажетті шаралар қолданылады" деп мәлімдеді.
Шілде айында билік көптеген оппозиция кандидаттарын қыркүйек айында өтетін муниципалды сайлауға жібермегеннен кейін Ресей астанасында наразылық шаралары жиілеген. Соңғы рет бұған ұқсас акция шілденің 27-і күні қала орталығында өтті. Акцияны күшпен басқан полиция 1400-ден астам шерушіні ұстаған. Ондаған адам наразылық шарасы кезінде жараланды. Human Rights Watch және бірқатар халықаралық ұйымдар полицияның шерушілерге күш қолдануын айыптады.
Қарай отырыңыз: Мәскеудегі шеру (27 тамыз 2019 жыл).
Билік бұл акцияны "арандату әрекеті" деп атап "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" ісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кемінде бес адамға айып тағылды. Қалалық дума сайлауына қатысуды көздеген бірнеше тәуелсіз кандидаттар да қуғындалып, кейбірінің үйінде тінту жүргізілді.
Бұған дейін Мәскеу қалалық сайлау комиссиясының өкілдері тәуелсіз кандидаттар жинаған 5 500 қолдың жарамсыз екенін айтып, оларды тіркеуден бас тартқан. Ал оппозиция мен тәуелсіз кандидаттар бұл тұжырымды жоққа шығарып, Мәскеу билігі тек кремльшіл кандидаттардың сайланғанын қалайды деп айтқан.
45 орындық Мәскеу қалалық думасының едәуір өкілеті бар: заң жобасын ұсынудан бастап, 43 миллиард долларлық қала бюджетінің қалай жұмсалып жатқанына дейін бақылауға мүмкіндігі бар.
- Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.
- Кейбір дерекке қарағанда, рейтингісі төмен болуына байланысты "Единая Россия" депутаттарын сайлауға ұсынбаған. Олар өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатыспақ.
- Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.