"5-10-20" бағдарламасы үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шеше ме?

Семей қаласындағы жаңа ықшамаудандағы үйлер. 30 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті халыққа несиеге баспана алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасының тағы бір бағыты іске қосылатынын мәлімдеді. Билік "5-10-20" деп аталатын жаңа жоба мемлекеттен әлеуметтік баспана сұрап, "үй кезегінде тұрған" 500 мыңнан астам азаматтың мәселесін шешеді деп үміттенеді. Азаттық кей сарапшының мемлекет беретін несиеге неге күмәнмен қарайтынын анықтауға тырысты.

Билік үйдің бес пайыздық жарнасын құйған азаматтарға он пайыз жылдық мөлшерлемемен 20 жылға дейін баспана сатып алуға бірыңғай банк арқылы несие бермек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа "дағдарысты еңсеруге бөлінген" қаржыдан 390 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Билік өкілдері қолжетімді баспана құрылысы "экономиканың дамуына серпін беріп, жұмыспен қамту деңгейі мен әлеуметтік қолдауды арттыруға көмектеседі" деп сенеді.

- Биыл елде жалпы аумағы 15 миллион шаршы метрді құрайтын немесе 150 мың пәтер мен үйден тұратын рекордтық көлемдегі құрылыс жоспарланған. Азаматтарымыздың баспана жағдайын жақсарту жолындағы жұмысты жалғастыру маңызды, - деді мамырдың 11-і күні төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген Тоқаев.

"Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың дерегінше, жыл соңына дейін ұйым атауы "Отбасы банкі" деп өзгеріп, әкімдіктегі кезек жүйесі банктің иелегіне өтеді.

Банк сайтында "Отбасының әр мүшесіне шаққанда, күнкөріс шегінен (31 183 теңге) аз табыс табатын, кезекте тұрған отбасыларға мемлекет сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер ұсынады. Әр адамға бөлінген табыс мөлшері күнкөріс шегінің екі еселенген мөлшеріне жететін отбасылар "Бақытты Отбасы" (көп балалы және толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар) бағдарламасына қатыса алады. Отбасының әр мүшесіне шаққанда, күнкөріс шегінің 3,1 еселенген мөлшеріне дейін табыс табатын отбасында "5-10-20"" пилоттық жобасы бойынша несие алуға мүмкіндік бар", - делінген.​

КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫНЫҢ ҮМІТІ

Нұржан Жайықбаев әйелі Меруертпен және кәмелеттік жасқа толмаған бес баласымен бірге бір айдан аз уақыт бұрын астана шетіндегі Силикатный ауылындағы кезекті жер үйге көшкен. Отбасы қала шетіндегі өмірді үй жалдау ақысының арзан болғаны үшін таңдаған. Олар ас үй мен жатын бөлмесінен тұратын шағын жер үйге коммуналдық төлемдерді қосқанда, айына 53 мың теңге төлейді. Дәретхана сыртта орналасқан. Аула осында үй жалдап тұратын отбасылардың бәріне ортақ. Екі балалы отбасы 2007 жылы астанаға Түркістан облысынан көшіп келген. Содан бері пәтер жалдап, күнелтіп жүр.

Нұржан Жайықбаев әйелі және бес баласымен бірге уақытша баспана жалдап тұрып жатыр. Нұр-Сұлтан, 20 мамыр 2020 жыл.

- Туыстарымыз үнемі "ауылға қайтыңдар", "Астанада баспанасыз қашанғы қаңғып жүресіңдер?" дейді. Біз қайтқымыз келмейді, ауылда жұмыс жоқ. Балаларды қалай асыраймыз? - дейді Нұржан Жайықбаев.

Отбасы баспаналы болуды армандайды. Нұржан – азық-түлік қоймаларының бірінде жүк тасушы болып істейді. Меруерт мейрамханалар мен кафелерде ыдыс жуушы болып істеп, қосымша ақша табады. Нұржанның жалақысы (жүз мың теңге) мен Меруерттің көп балалы ана ретінде алатын жәрдемақысын (шамамен 58 мың теңге) қосқанда, отбасының ай сайынғы табысы шамамен 160 мың теңгені құрайды.

Жайықбаевтар отбасы мұндай табыспен баспана сатып ала алмайды. Астанаға алғаш келген жылдары жан бағу үшін ауылдағы бір бөлмелі үйін сатқан. Заң бойынша отбасының бұрынғы мүлкі әлеуметтік баспана алу үшін кезекке тұруға мүмкіндік бермей отыр.

Үнемі баспананы ойлап, жаным күйзеледі.

- Балаларды асырап, жеткізу үшін бойымнан әл кеткенше жұмыс істеймін. Бірақ жасым елуге келді, денсаулығым да нашарлай бастады. Бірде қолым, бірде аяғым ауырады. Үнемі баспананы ойлап, жаным күйзеледі. Маған бірнәрсе бола қалса не жұмыссыз қалсам, балалардың күні не болады? - дейді отбасының қамын ойлап, алаңдаған отағасы.

Жайықбаевтар отбасы биліктің жаңа несие бағдарламасына үміт артып, несие алуға құжат тапсырып көруге ниеттеніп отыр.

- Үнемі көше беруден шаршадық. Балалар "қашанғы осылай өмір сүреміз?" деп сұрайды. Қанша рет әкімдік пен "Нұр Отан" партиясынан көмек сұрап бардым. "Көмектесеміз" деген, бірақ әзірге жауап жоқ. Жалдамалы пәтер болса да, алсақ екен. Қазір жалдап тұрып жатқан үйімізге төлейтін ақшаны беруге дайынбыз, - дейді Меруерт Сұрамысова.​

Әлеуметтік баспана кезегінде қанша адам тұр?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы қаңтардың 1-індегі есеп бойынша, әкімдіктерде 540 мың адам кезекте тұр. Олардың қатарында:

  • мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемеде істейтін азаматтар - 212,5 мың адам;
  • толық емес отбасылар - 120,5 мың адам;
  • жетім балалар - 60,8 мың адам;
  • бірінші және екінші топ мүгедектері - 43,5 мың адам;
  • көп балалы отбасылар - 47,8 мың адам;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, - 21,1 мың адам;
  • басқа санаттағы азаматтар - 34 мың адам.


МЕМЛЕКЕТТЕН ЖАЛҒА АЛУ

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, он баланың анасы Гүлшат Жұмағалиева 12 жыл кезекте тұрып, былтырға дейін отбасымен бірге үй жалдап, көшіп жүрген. Жұмағалиевтар отбасы алғашында кезекте 5400-орында тұрған. 2019 жылы желтоқсан айының соңында жергілікті әкімдіктен 82,6 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер алған.

Көппәтерлі үй астананың ескі орталығындағы базарлардың жанында орналасқан. Гүлшат күйеуімен бірге бір кездері осы базарда жұмыс істеген. Күйеуі таң атқаннан қас қарайғанша жүк арбасын сүйреген, ал Гүлшат самса сатқан.

- Он балаға үш бөлмелі пәтер тарлық қылса да, келістім. Өйткені пәтер жалдап тұра беруден шаршап кеттік. Балалар жиі ауыра берді. Мүлде баспанасыз қалармыз деп қорықтым, - дейді көп балалы ана.

Он баланың анасы Гүлшат Жұмағалиева. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2020 жыл.

Жұмағалиева баспананы өз иелегіне беретін шығар деп үміттенген. Бірақ кейінірек пәтер мемлекеттік қордан сатып алу құқығынсыз берілгенін білген.

- Былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупованың қабылдауында болғанымда, (2019 жылы қыркүйек айында өз еркімен қызметінен кетті. - ред.) ол он баласы бар аналар баспананы сатып алу құқығымен алады деп уәде берген. Жақында пәтер жалдап тұруға ғана құқылы екенім туралы келісімшарт қолыма тиді. Бұл әділетсіз деп ойлаймын, - дейді Гүлшат Жұмағалиева.

Отбасы ай сайын пәтерге 11 мың теңге шамасында ақша төлейді. "Алтын алқа" төсбелгісінің иегері мемлекеттен көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті қосқанда 200 мың теңгеге жуық ақша алады (қазіргі бағам бойынша шамамен 482 АҚШ доллары). көп балалы отбасы мен астана әкімдігі арасындағы пәтер жалдау туралы келісімшартты әр бес жыл сайын ұзартып отыру керек. Әкімдік "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңда көрсетілген негіздемелер бойынша, келісімшартты кез келген сәтте бұза алады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР НЕГЕ ЖАЛПЫ КЕЗЕКТЕ ТҰР?

Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының басшысы, азаматтардың жеткілікті баспана құқығын қорғаумен айналысатын Зәуреш Батталова мемлекет өзі ратификациялаған халықаралық келісімшарттарға сәйкес, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету міндетін мойнына алғанына қарамастан, ұлттық заңнамада жеткілікті баспана құқығы туралы ештеңе жазылмағанын айтады.

Зәуреш Батталова.

- Мемлекет экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес, азаматтарының жеткілікті баспана құқығын жүзеге асыру міндетін әлі орындаған жоқ. Яғни, мемлекет азаматтарға баспана бермегені былай тұрсын, оларға баспана алуға өздері ақша жинайтындай жағдай да жасап берген жоқ, - дейді Зәуреш Батталова.

Құқық қорғаушы әлеуметтік баспана алу кезегінде тұрғандардың жалпы тізіміне мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемеде істейтін азаматтарды қосуға қарсы.

- Билік "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңда әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған азаматтардың нақты санатын бекіткенімен, көбіне оларды назардан тыс қалдырады. Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемеде істейтін азаматтарға көбірек көңіл бөледі. Екі топтың әлеуметтік деңгейі екі түрлі. Мұндай қарым-қатынас мемлекеттің жүйеге қызмет ететін, басқаруға жеңіл көнетін адамдарды қолдауға мүдделі екенін көрсетеді. Мемлекеттік баспана беру жүйесін қайта қарау керек, - дейді құқық қорғаушы.

Қор басшысының дерегінше, әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған азаматтардың ай сайынғы табысының шамамен 70 пайызы пәтер жалдауға немесе соған байланысты шығындарға кетеді.

Әкімдік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жалға берген үйдің маңайы. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2020 жыл.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Қаржыгер және экономист Мұрат Темірханов мемлекет үй кезегінде тұрғандардың баспана мәселесін шешуге талпынып, тұрғын үй нарығына араласу арқылы үлкен қателік жіберіп отыр деп есептейді. Сарапшының пікірінше, билік бұрынғы баспанамен қамту бағдарламаларының тәжірибесін қайталап, халықтың басым бөлігінің төлем қабілеті төмен болғанына қарамастан, үй салушы компанияларға қаржы бөлуін жалғастырып отыр.

Мұнай бағасы әлі ұзақ уақыт төмен болса, мемлекет бұл бағдарламаны қаржыландыра алмайды.

- Мемлекет жеке нарықты жалғыз өзі жаулап алып отыр. Тұрғын үй құрылысын қолдаудың халықаралық тәжірибесіне сүйенсек, мемлекет баспана нарығына араласу арқылы уақыт өте келе жеке нарық қолжетімді баспананың қажет көлемін мемлекет қаржысынсыз өзі салатындай жағдай жасауы керек. Мұнай бағасы әлі ұзақ уақыт төмен болса, мемлекет бұл бағдарламаны қазіргідей қаржыландыра алмайды. Сонда онсыз да төмен деңгейде тұрған баспана қолжетімділігі одан әрі құлдырайды, - дейді экономист.

Темірхановтың пікірінше, үкімет қолжетімді баспанамен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты толықтай қайта қарап, құрылыс компанияларына субсидия берудің орнына халыққа ипотекасын жабуға көмектесуі керек.

- Мемлекет табысы аз халыққа шынымен қолжетімді ипотекамен көмектескісі келсе, онда нарық шартын бұзбай-ақ қарызы бар азаматтарға ипотекасын жабуға көмектесе алады. Бұл атаулы әлеуметтік көмек сияқты жүреді, - дейді Мұрат Темірханов.

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың дерегінше, Қазақстанда 2020 жылы наурыз айында мүлік бойынша 21 582, сәуір айында - 5211 келісімшарт жасалған. Ол төтенше жағдайға байланысты біраз келісімшарт тіркелмеген болуы мүмкін деп топшылайды. Соған қарамастан, карантиннің бір айында сату мен сатып алу көлемі 76 пайызға қысқарған.

Нина Лукьяненко.

- Халықтың басым бөлігі төтенше жағдай мен карантин кезінде ақысыз еңбек демалысына кетіп, біраз адам жұмысынан айырылды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысы тоқтап, көп отбасында қаржылық жағдай қиындады. Мұндай кезде халықтың төлем қабілеті туралы айтудың өзі артық, - дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшының пікірінше, "5-10-20" бағдарламасы бойынша лайықты баспана табу оңай емес. Өйткені бағдарламада "тұрғын үй бағасына қатысты және пәтерді жаңа салынған тұрғын үйлерден ғана алуға болатыны жөнінде шектеулер бар”. Сарапшы мемлекет қолға алған шаралар халықты баспанамен қамту мәселесінің бір бөлігін ғана шешуге арналғанын айтады.

- Бағдарламаға 390 миллиард теңге бөлінді. Яғни, пәтердің орташа бағасы 15 миллион теңге деп алсақ, бұл ақшаға 26 мың пәтер келеді. Ал кезекте тұрғандар саны - 540 мың адам, - дейді сарапшы.

Коммуналдық не жалдамалы үй кімдерге беріледі?

"Тұрғын-үй қатынастары туралы" заңның 67-бабына ("мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру ережесі") сәйкес, жергілікті атқарушы орган коммуналдық не жалдамалы үйді төменде көрсетілген азаматтарға береді:

  • Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендер;
  • жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе "Батыр ана" төсбелгісін алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көп балалы аналар. Аталған санатқа кіретін азаматтардың баспана алардан бұрын соңғы он екі айдағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа айлық табысыкүнкөріс шегінің 3,1 еселенген мөлшерінен (2020 жылы күнкөріс шегі 31 183 теңге) кем болуы керек;
  • оралмандар;
  • экологиялық апат, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай кезінде баспанасынан айырылған азаматтар;
  • мемлекеттік немесе қоғамдық міндетін, әскери қызметін атқарып жүргенде, ғарышқа ұшу және оған дайындық кезінде, адам өмірін құтқару мен қоғамдық тәртіпті сақтау үстінде көз жұмған азаматтардың отбасы;
  • толық емес отбасылар;
  • мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, ғарышкер, арнаулы мемлекеттік орган өкілдері мен мемлекеттік таңдаулы қызметтегі шенеуніктер. Мұндай қызметкерлерге жергілікті атқарушы орган жеке баспана қорынан жалға берген пәтерден бөлек нысандар "қызметтік баспана" саналады;
  • жалғыз баспанасы апатты жағдайға түскен Қазақстан азаматтары.