КҮШЕЙТІЛГЕН КҮЗЕТ, ОНЛАЙН-РЕЖИМДЕГІ СЪЕЗ
Биліктегі "Нұр Отан" партиясының парламент сайлауы алдындағы кезектен тыс 20-съезі басталар алдында сәрсенбі күні таңертеңнен қауіпсіздік шаралары күшейтілді: жиын өткен ғимарат алдына темір шарбақ қоршау мен полицияның арнайы жасағы қойылып, қарапайым адамдардың ол жерге кіруіне тыйым салынды. Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн режимде өткен отырысқа партия лидері, Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде билікте әлі де ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, парламент мәжілісінің спикері мен үкімет жетекшісі және өзге де бірнеше лауазым иесі – барлығы жеті адам қатысты. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек съезге өзге делегаттар 20 шақты қаладан онлайн режимде қатысып отырғанын хабарлады.
БАҚ өкілдері съезд барысын ол өтіп жатқан орыннан бір шақырымдай жердегі басқа ғимаратта монитордан бақылады. Камерамен келген ақпарат құралдарына видео түсіруге тыйым салынды, тікелей эфирге шығуға рұқсат берілмеді. Партия қызметкерлері БАҚ өкілдеріне кейінірек видео беруге уәде етті.
Съезде сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының сайлауалды бағдарламасын жариялап, алдағы бес жылда оны жүзеге асыруға 21 трлн теңге жұмсалатынын мәлімдеді. Күллі әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай соқпағанын айтқан Тоқаев билік партиясының "халыққа үнемі қолдау танытып, көмек беріп келе жатқанын" атап өтті. Ол Қазақстанның күрделі кезеңде стратегиялық даму мақсаттарын іске асыруда Назарбаевтың жүргізген саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі деп мәлімдеді.
Президент Тоқаев партия үшін басты мәселенің бірі ретінде халықтың үнін "еститін үкімет" қалыптастыру екенін де айтты. Оның сөзінше, "мемлекет пен қоғам арасында өзара сенім орнамай" елдің дамуы мүмкін емес. "Нұр Отан" мемлекеттік шешімдер қабылдауға қоғамды белсенді түрде жұмылдырады деді Тоқаев. Оның бұған дейін де осы мазмұндағы мәлімдемелерінің "құрғақ уәде" болып қалғаны Қазақстанның өз ішінде және шетелдерде бірнеше рет сынға ілінген.
Президент пен жоғары басшылар мұқтаж адамдарға жанашырлық танытып, ел игілігіне еңбек ету жайлы айтып жатқан кезде, съезд өтіп жатқан ғимараттан ондаған метр жердегі парламент үйінің алдына жиырма шақты әйел жиналып, биліктен мүгедек баласы бар отбасылардың баспана мәселесін шешуін талап етті.
– Көбіміз 10-15 жылдан бері үй кезегінде тұрмыз. Жалға берілетін баспанаға ақша төлеп тұруға жағдайымыз жоқ, өйткені мұндай балаларға ерекше күтім қажет, – деді олардың бірі Ақмарал Біләлова.
ПРАЙМЕРИЗГЕ ҚАТЫСПАСА ДА, ТІЗІМГЕ ЕНГЕН ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА
Съезде "Нұр Отан" партиясынан алдағы жылы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына кандидаттар тізімі бекітілді. Тізімге енген 126 адамның 77-сі биыл жазда "Нұр Отан" өз ішінде өткізген праймеризге қатысқан. Ал қалғаны "партия квотасы" бойынша іріктелген, бұлардың арасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар, Шерлок Холмс үйі және "корольге сыйлық"Былтыр наурызда әкесі президенттіктен кеткен кезде Тоқаевтың ұсынысымен парламент сенатының спикері болып тағайындалған, алайда биылғы мамырда аяқ астынан ол қызметінен босатылған Дариға Назарбаева бүгінгі съезде партияны басқаратын әкесі Нұрсұлтан Назарбаев, президент Қасым-Жомарт Тоқаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевпен бірге ортадағы дөңгелек үстелдің басында отырды. Сенат басшылығынан кеткен соң көпшілікке көрінбей кеткен Назарбаеваның есімі биыл Лондондағы қымбат мүліктерге қатысты даулар мен мақалаларда жиі аталған еді.
"Нұр Отан" мәжіліс депутаттығына ұсынып отырған 126 кандидаттың арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бауыржан Байбекпен бірге президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, вице-премьер Ералы Тоғжанов, президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова және өзгелер бар.
Тізімге қазіргі парламентте депутат болып отырған "Нұр Отанның" 23 мүшесі енген. Кандидаттардың үштен бірге жуығы - әйел.
Билік партиясынан бұл сайлауға "Ana tili" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, BTS Education компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек, саясаттанушы Айдос Сарым, т.б. адамдар да ұсынылып отыр.
"ЕҚЫҰ ӨКІЛДЕРІН ЖОЛАТПАЙ, БЕЛАРУСЬТІ ТӨМПЕШТЕДІ"
Сәрсенбідегі жиында сөйлеген сөзінде "Нұр Отан" партиясының төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда "еркін, нарық экономикасы бар, демократияға қарай ойдағыдай бет түзеген" ел ретінде сипаттады.
"Біз үшін демократия – жолдың соңы емес, басы. Біз сол жаққа бара жатырмыз" деді ол. Бір қызығы, осының алдындағы парламент сайлауы кезінде Назарбаев "демократия Қазақстан үшін жолдың басы емес, соңы" екенін айтып, өзге елдерді Қазақстанды демократия жолына түсуге "асықтырмауға" үндеген еді. Ол одан кейін де Қазақстанның демократияға бастар "өз жолы барын" мәлімдеген.
Бұл жолы Назарбаев демократиялық ел саналатын өзге мемлекеттерді екіжақты стандарт ұстанады деп сөкті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев "АҚШ ЕҚЫҰ бақылаушыларын сайлауға мүлде жібермеді" дейді. Рас па?"Қазір АҚШ-та сайлауға ЕҚЫҰ (өкілдерін) мүлде қатыстырмады, демократтар республикашылдардың бақылаушыларын жолатпады, т.с.с. Ірі мемлекетті сынау үшін (айтқаным) емес, бірақ бізді сынап жүріп, неге өз жерінде осындай тәртіпсіздіктер болды?" деді Назарбаев.
Ол 26 жылдан бері авторитар президент Александр Лукашенко басқарып отырған Беларусь еліндегі президент сайлауынан кейін төрт айға жалғасқан халық наразылығы мен оны басып-жаншыған билікті батыс елдерінің айыптауына байланысты да пікір білдірді
"Екіжақты стандарт та бар. Бір ай бойы Беларусьті "төмпештеді", дәл сол кезде осындай жағдай Болгарияда да болды, бірақ, неге екені белгісіз, ол жайлы естіген жоқпыз" деді ол. Алайда Болгарияда үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен наразылық сайлаудан кейін басталған жоқ және ол елде болып жатқан оқиғалар туралы әлемдік БАҚ көп жазған.
"Біз де мемлекет ретінде тәрбиелік роль атқара аламыз. Мені қолдайтын елдер өте көп деп ойлаймын. Біз еркін, нарықтық экономикасы бар, демократияға бағыт алған мемлекет құрғанымызды мақтан тұтамыз" деді ресми баспасөзде Қазақстан тәуелсіздігінің негізін салушы ретінде дәріптелетін, ал оппозиция мен құқық қорғаушылар авторитарлы билік жүйесін құрып, мемлекетті жеке дара билеп-төстеген басшы ретінде сынайтын Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаевтың АҚШ, демократия туралы айтқаны. 25 қараша 2020 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда биліктің барлық тармағына үстемдік жүргізіп отырған "Нұр Отан" партиясының лидері әрі Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде биліктегі ықпалын жоғалтпаған Назарбаевтың заң жүзінде бекітілген "Елбасы" деген титулы бар. Осы титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды. Билікті сынаушылар Назарбаев өзінен кейін орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, елді әлі басқарып отыр деп санайды.
Назарбаев бұл жолғы сайлаудың күрделі кезеңде өтіп жатқанын айтып, қазақстандықтарды "дау-дамай, айғай-шусыз, депутат болып, партия қатарына қосылып, өз партиясымен парламентке өтіп, мәселелерін көшеде емес, сол жерде көтеруге" үндеді.
"Басқа партиялар да бар, әлі де болар. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ, қоғам солай, уақыт солай. Алайда сол партиялардың бәрі нақты ұсыныс жасап, елге жақсылық жасаса екен дейміз. Тек қана сынап, көшеге шығып, айғайлап, одан не шығады? Қанша айғайласа да, көшеге шықса да, түбінде, жаңағы көп балалы аналар, жағдайы жоқ кісілер кімге келеді? Үкіметке келеді. Бәрін шешетін мемлекет, үкімет" деді Назарбаев.
Бұған дейін қазақстандық кейбір оппозициялық топтар сайлау қарсаңында және дауыс беретін күні жаппай қарсылық акциясына шығуға үндеген. Олар бұл жолғы сайлауға шынайы оппозиция қатыстырылмай отырғанын айтып, сайлау қазіргі режимнің ғана мүддесін көздеп ұйымдастырылып отыр деп санайды.
Қазақстанда 2019 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Батыс бақылаушылары ол сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.
ЕҚЫҰ мен батыс елдері Қазақстанда осыған дейін өткен парламент және президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сай деп таныған емес.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халықта ешқандай таңдау жоқ". Парламент сайлауына белсенділер мен сарапшылар не дейді?