Өтпеген митингіде полиция адамдарды қалай ұстады?

Полиция Төле би және Панфилов көшелерінің қиылысында адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Қазанның 26-сы күні Алматы, Нұр-Сұлтан және Қазақстанның өзге қалаларында "оппозициялық қозғалыс митингісі өтеді" деген жерлерде полиция адамдарды ұстады. Ұсталғандардың кейбірі "Қытай экспансиясына" қарсылық білдіріп, саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

26 қазанда түстен кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбе қалаларында полиция "митингі орындарында" пікірін айтуға оқталған адамдарды бірден ұстап әкетті. Ұсталғандардың кейбірі "Қытай экпансиясына" қарсы екенін, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп айқайлады. Полиция "жәй жүрген" азаматтарды да ұстады.

АЛМАТЫ

Алматыда полиция адамдарды негізінен Төле би мен Панфилов көшелерінің қиылысында ұстады. Бұл орын түске дейін алдын ала қоршалып, түстен кейін мұнда автозактар мен автобустар тізіліп тұрды.

Саябақты күзетіп тұрған сақшылар. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Түскі сағат екі шамасында бұл аумақта адам саны көбейіп, басым бөлігі полицейлер мен арнайы жасақ өкілдері болды. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілерінің видеосында "сатқын билікті" кінәлап жатқан бір ер адамды төрт-бес сарбаздың жабылып, көлікке отырғызуға тырысып жатқаны көрінеді. Елдегі қоғамдық-саяси ахуалға байланысты пікірін айта бастаған кезде оны ұстаған.

Әлия мен Мәншүк ескерткіші орнатылған саябақта жүрген бір адамды полиция қызметкерлері ұстап, әкетпек болған кезде "жәй жүрмін, неге ұстап жатсыңдар?" деп қарсылық көрсетті. Ақырында бірнеше полицей оны да газельге отырғызды.

Сайлау Лепесов есімді желтоқсаншы полиция ұстап жатқан "бауырына" ара түспек болған кезде сарбаздар оны да қоса ұстап, газельге отырғызды. Газельдің ішінде де "текетірес" жалғасып, полицейлердің бірі көлік сыртында бақылап тұрған сақшыға "не қарап тұрсың, ішке кір" деп зекіді. Осыдан кейін газель есігі жабылды.

Алматыдағы ұстау. 26 қазан 2019 жыл.

Полицейлер саябақ маңында Қазақстан Конституциясындағы пікір айту еркіндігі туралы жазылған бөлікті көпке оқып тұрған зейнет жасындағы ер адамға тиіспеді. Ол "Ата заңға сәйкес, биліктің қайнар көзі халық екенін, Қазақстанның адам құқығына қатысты халықаралық құжаттарға қол қойғанына қарамастан азаматтардың пікір айту құқығы шектеліп жатқанын айтып" сынады. "Барлық сайлау қорытындысы бұрмаланды" деген тұрғын сөз арасында өзінің де кезінде шенеунік болғанын (ауыл шаруашылығы министрлігі) айтып өтті.

Алматыдағы ұстау. 26 қазан 2019 жыл.

Полиция ұстаған бір әйел "Қытай экспансиясына қарсымын", "саяси тұтқындар босатылсын" деп айғайлады. Азаттық тілшісі Алматыда кемінде он адамның ұсталғанына куә болды.

НҰР-СҰЛТАН: "ҚАУІПТІ АЙМАҚ" ЖӘНЕ "ЭКСТРЕМИСТ" ӘБЛЯЗОВ

Нұр-Сұлтанда да "Астана" концерт залы ғимараты маңы түске дейін қоршалып, ондағы жерасты өткелі жабылды. Полиция қызметкерлері ары-бері өтіп жатқан азаматтарға "қауіпті аймақтан" аулақ жүруге кеңес берді. Бұған қоса, аумақтан ерсілі-қарсылы жүріп жатқан кейбір азаматтардың құжаттарын сұрап, тексерді. Сәкіде отырған бір әйел құжатын көрсетуге қарсылық білдіріп еді, оны көрген өзге полицейлер де келіп, ақырында талаптарын орындатқызды.

Азаматтардың құжаттарын тексеріп тұрған полицейлер. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

Түскі екі шамасында полиция осы маңға келіп, "пікірін айтпақ болған" бірнеше адамды ұстап әкетті. Полицияның адамдарды жабылып, көлікке апара жатқанын көрген әйелдердің бірі "өз шаруасымен кетіп бара жатқан бейбіт адамдарды ұстап жатыр, ұяттан безген бе не?" деді.

Полиция ұстаған бір қыз көлікке бара жатып "Қытайға жол жоқ!" деп айқайлады. Сарбаздар ұстағаннан кейін "көмектесіңдер!" деп жан даусы шыққан әйел де көп ұзамай полиция көлігіне отырғызылды. Азаттық тілшілері мұнда да шамамен оннан астам адамның ұсталғанын көрді.

Полицейлер әйел адамды күштеп ұстап бара жатыр. Нұр-Сұлтан. 26 қазан, 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев ұстаулар басталмай тұрып Азаттық тілшісінің сұрақтарына былай деп жауап берді:

"Өздеріңіз білесіздер, 26 қазанда экстремист Әблязов [митингіге] жиналыңдар деді. Полиция ешкімге тиісіп жатқан жоқ. Тек полицейлерге қарсылық көрсеткен бір-екі адамды ғана ұстадық. Бір апа жаңа осы жаққа келе жатыр екен, біз "қауіпті жағдай, әрі қарай өтіңіз" дедік...Бұл жақ қауіпті. Кімнің ойында не бар екенін білмейміз. Жарып кетсе, көпке қауіпті болады ғой" деді ол.

Полицейлердің белсенді Дулат Ағәділді күштеп ұстап бара жатқан сәті. Нұр-Сұлтан. 26 қазан, 2019 жыл.

Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан кезде интернет байланысы өте нашар болып, видеотрансляция қайта-қайта үзіле берді.

ШЫМКЕНТ ПЕН АҚТӨБЕ

Шымкент пен Ақтөбеде де 26 қазанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, "митингі орындарында" полиция адамдарды ұстады. Шымкентте Азаттық тілшісі үш адамның ұсталғанына куә болды. Олардың бірі "Қытай экспансиясына" қарсы екенін жеткізіп, алаңға сол пікірін айту үшін келгенін айтты.

Оқиғаны түсіру барысында қара түсті қолшатыр ұстаған екі адам ұстауларды камераға түсірген Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. Олар камераның бетіне қолшатырды көлегейлей ұстап, полиция мен азаматтар арасындағы диалогты, азаматтарды қалай ұстап әкеткенін дұрыс түсірткізбеді.

Қолшатыр ұстап Азаттық тілшісіне фото-видео түсіруге кедергі жасаған адамдар. Шымкент, 26 қазан 2019 жыл.

Ақтөбеде полиция Әбілқайыр хан мен Абай даңғылдарының қиылысынан он шақты адамды ұстады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олардың басым бөлігі зейнет жасындағы адамдар.

Полиция азаматтарды ұстап бара жатыр. Ақтөбе, 26 қазан 2019 жыл.

Ұсталғандар арасында жастар да болды. Солардың бірі Дана Жанаева өзін "адам құқықтары жөніндегі Италия федерациясының бақылаушысымын" деп таныстырды. 32 жастағы Роман Рейхер екі қолынан ұстап, қолтықтап әкетіп бара жатқан полицейлерге "отбасыммен жай ғана серуендеп жүрмін" деп айғайлады. Полицейлер оның ескертуін елеген жоқ. Әйелі омыраудағы сәбиімен бірге көше қиылысында қала берді.

- Біз Мәртөк ауданында тұрамыз. Ақтөбеге келіп, отбасымызбен серуендеп жүргенбіз. Полиция әй-шайға қарамай, күйеуімді алып кетті. Менің қалтамда автобусқа төлейтіндей де тиын жоқ. Енді не істерімді білмей тұрмын, - деді Роман Рейхердің әйелі Регина Рейхер Азаттық тілшісіне.

Полиция "отбасыммен серуендеп келдім" деген Роман Рейхерді (сол жақта) ұстап жатыр. Ақтөбе, 26 қазан 2019 жыл.

Әдетте наразылар Ақтөбе облысы әкімдігіне қарсы аллеядағы фонтан маңына жиналатын. Бұл жолы полиция аллеяны темірмен қоршап, ешкімді өткізбеді.

26 қазанда түстен кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда кейбір азаматтардың "рұқсат етілмеген митингі" өткізбек болғанын мәлімдеп, 26 адамның ұсталғанын хабарлады.

"Жағдайды анықтау үшін және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру мақсатында полицияға 26 адам жеткізілді" деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҰСТАЛУЫ ЖӘНЕ КҮЗЕТ

Қазанның 26-сы күні таңертең Алматыда бірнеше белсенді үйлерін полиция күзетіп тұрғандықтан сыртқа шыға алмай қалғанын хабарлады. Белсенділер Сүйіндік Алдабергенов пен Ермек Қазиевті полиция үйлерінен алып кеткен. 26 қазанға қараған түні Алматыда бірнеше белсендінің ұсталғаны да хабарланды. Олардың телефондары өшіп тұр. Полиция жауап бермеді. Осыған ұқсас ақпарат Қазақстанның басқа аймақтарында да тарады.

Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 26 қазанда жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың " қатаң жазаланатынын" хабарлады.​

ҚДТ қозғалысы жақтастарын митингіге шығуға анда-санда шақырып тұрады. Соңғы рет осыған ұқсас жағдай 21 қыркүйекте болды. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы белгілеген "митингі орындарында" сол күні ресми дерек бойынша шамамен 100 адам ұсталып, 15 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге дөрекі күш қолданылғаны хабарланды.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанда бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқанын бірнеше рет ескертіп, Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға шақырған.