48 жастағы Алтынхан Қалиярқызы Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі өзі жұмыс істейтін "Орда" базарының маңындағы көпқабатты үйдің бір бөлмелі пәтерін жалдап тұрады. Бір жарым жылдай туыстарын сағалап жүрген әйел осыдан екі айдай бұрын Қытайдан екі ұлы келген соң, үшеуі осы пәтерге шыққан.
Біз келгенде Алтынханның екі ұлы үйде екен. 15 жастағы Есіл кирилл графикасы негізіндегі қазақ әрпімен жазылған кітапты дауыстап оқып отыр. Жанында отырған 19 жастағы Таңжарық інісінің әр сөзін бақылап, түзеп қояды. Өздеріне бейтаныс әліпбиді осылайша тез жаттап, оқып-жазуға дағдыланып жатқанын айтты.
– Қытайда 5-сыныпқа дейін төте жазумен қазақша оқыдым. Екі жыл бұрын білім беру таза қытай тіліне көшіп, оқуымды қытайша жалғастырдым. Шешем болғанда ол кісімен үйде қазақша сөйлескем. Анам Қазақстанға кеткен соң қазақша сөйлеу азайды. Қазақстанға келгелі қазақша сөйлеуге қайта машықтанып жүрмін, – деді Есіл.
Есіл мен Таңжарық Қазақстанға биыл көктемде Қытайдан Ресей арқылы ұшақпен жеткен. 13 наурызда әуелі Шанхайдан Мәскеуге, сосын Нұр-Сұлтанға келген екі бала анасымен бір жарым жылдан соң қауышқан.
ШЕКАРАНЫҢ ЕКІ ЖАҒЫНДА ҚАЛҒАНДАР
Алтынхан Қалиярқызы Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялы өлкесінде туып өскен. Тұрмыс құрып, дүниеге үш ұл келген. 2018 жылы Алтынханның жұбайы ауырып, қайтыс болған. Алтынхан бірнеше жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған анасы мен туыстарына барып, жағдайын көріп қайтуды ұйғарған.
– Қазақстандағы бауырым үш балама және маған шақырту жіберді. Бірақ Қытай жағы "бір отбасыдан бір адам барады" деп маған ғана рұқсат берді, – дейді Алтынхан.
Қазақстанға келген соң Алтынхан құжаттарын реттеп, Қазақстан азаматтығын алған. Қытайда үйренген кәсібі – тігіншілікті қайтадан қолға алған. Астананың шетіндегі "Орда" базарынан орын жалдап, қазақтың ұлттық киім-кешегін, тұрмыста қолданатын түрлі бұйымдар тігумен айналысқан. Тапқан табысы нан-суына жететінін айтады.
Алайда жатса-тұрса Қытайда қалған балалары ойынан шықпаған. Қазақстан азаматтығын алған соң балаларына ресми түрде бірнеше рет шақырту жіберген. Бірақ Қытай тарабы коронавирус инфекциясына байланысты карантинді алға тартып, рұқсат бермеген.
Your browser doesn’t support HTML5
"ҚАЗАҚСТАНҒА БАРАТЫНЫМЫЗДЫ ЕШКІМГЕ АЙТПАДЫҚ"
Таңжарық пен Есіл Шыңжаңның Баркөл Қазақ автономиялық ауданында туған. Сол жерде білім алып, ер жеткен. Әкесі қайтыс болып, кейін жалғыз тірегі – анасы Қазақстанға кеткен соң балаларға қиын тиген.
– Ананың орны бөлек қой. Шешем жанымда болғанда тамақ пісіру, үй жинау, кір жуу дегенді білмеп едік. Кейін бәрін өзіміз істедік. Бірақ бәрінен шешемнің жоғы кенжеміз Есілге қатты батты. Ол нағыз анасының баласы еді. Кейінгі уақытта сыртқа шықпай, тіпті тамақ татпай іштей тынып қалды, – деп еске алды Таңжарық.
Таңжарық інісі екеуі Қазақстанға аттануға бірнеше ай дайындалғанын айтады. Үш ұлдың үлкені 26 жастағы Медет інілерінің жолына керек қаражатты тауып берген. Бірақ отбасы жағдайына байланысты Медеттің өзі Қытайда қалып қойған.
– Қытай билігі көпке дейін бізге паспорт бермеді. Анамның ресми шақыртуын көрсетіп, бірнеше рет арыз жазып әрең алдық. Сөйтсек, виза аштыру үшін паспорт мерзімінің аяқталуына кемінде алты ай болу керек екен. Біздікі алты жарым ай ғана қалыпты. Сондағы қызметкерлер "дереу виза ашып, жергілікті жердегі мекеменің рұқсатын алыңдар" деді. Паспорт қолға тиген соң виза аштық та, мекеменің рұқсатын күтпестен бері шығып кеттік, – деді Таңжарық.
Айтуынша, Есіл екеуі Қазақстанға кететіні туралы Шыңжаңдағы туыс-таныстың ешқайсысына айтпаған.
– Бәрін үндемей тындырдық. Достарыма да, сол жақтағы туыстарға да айтпадық. Бізбен тұратын нағашы ағамның өзі түк білген жоқ. Неге дейсіз ғой? Біз кеткен соң ол кісілерді сұраққа алады деп қорықтық. "Біліп тұрып, неге айтпадыңдар?" демес үшін солай жасауға тура келді, – дейді Таңжарық.
ШАНХАЙ – МӘСКЕУ – НҰР-СҰЛТАН
Ағайынды үшеу ақылдаса келе, ең дұрысы Қазақстанға Үрімжі емес, Шанхай қаласы арқылы ұшу керек деп ұйғарған.
– Негізі бізге Үрімжі арқылы жету тезірек. Бірақ ол жақпен жүруге жергілікті мекеменің рұқсаты керек. Сондықтан Қытайдың ішкі өлкесі Шанхайдан ұшатын болдық. Ұшаққа билетті алдымен Ресейге, содан соң Қазақстанға алдық. Шанхайда бір-екі күн аялдадық. Covid тестін тапсырып, құжаттарды реттедік. Аяқ астынан шекарадан өткізбей қойса жәрдемдесер деген үмітпен Қазақстан елшілігіне де хабарласып қойдық. Сөйтіп 13 наурыз таңғысын әуежайға жеттік. Қобалжыдық. Бірақ бағымызға қарай құжат тексерген қызметкер "Анасының шақыртуымен Қазақстанға кетіп барады екен, өтсін бе?" деп бастығынан сұрады. Ол кісі "рұқсат" деді. Оны естіген біз қуанып кеттік, – дейді Таңжарық.
Ағайынды екеу егер өздерін шекарадан шығармай қайтарса, Баркөл ауданында қиындыққа тап болар едік дейді.
– Рұқсатсыз кетудің сыртында Қытайдың бірнеше ережесін бұздық. Бауырым Қазақстанға кетер алдында мұғалімге "аяғым сынды" деп айтып, сабаққа бармай қойған. О жақтағы заң бойынша, 9 жылдық білім алу міндет, сабақтан себепсіз қалуға болмайды. Мен де ішкі Қытайдағы оқуымнан шығып алғам. Бұл әрекетім де дұрыс емес еді. Иә, шекарадан өткенше үрей басым болды. Бірақ құдай сақтап, аман жеттік, – дейді Таңжарық.
"ҰЛДАРЫМ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛСА ДЕЙМІН"
Алтынхан Қалиярқызы ұлдары Қазақстанға аман-есен жеткенше жанын қоярға жер таппағанын айтады.
– Паспорт мерзімі бітуге таяғанын естігенде екі баланы шекарадан өткізбей қояды-ау деп зәрем ұшты. Екі-үш күн жылап, жатып қалдым. Балаларым келген соң ғана көңілім орнықты, – дейді анасы.
Алтынханның ендігі арманы – екі ұлына Қазақстан азаматтығын алып беру.
– Ана жақта аштырған уақытша виза үш айға берілген екен, бітуге таяп қалды. Қайтпайды ғой. Шыңжаңдағы ахуалды біле тұра, қалай жіберем? Не көрсе де, өзіммен бірге көрсін деп шештім. Шындығында екеуі қашқандай болып келді. Ұлдарымды құшағыма алып, маңдайынан иіскегенше сене алмадым. Кенжем Есілдің өзі "Шеше, шын келдік, пе өтірік келдік пе?", "Аяғым Қазақстанға шын тиіп тұр ма?" деп қайта-қайта сұрай берді. Олар да келгеніне сене алмаған ғой. Азаматтыққа өтініш тапсыру үшін тұрақты тіркеу қажет екен. Қазір екеуі сол мәселемен айналысып жүр, – дейді Алтынхан.
Анасы балалары Қытайға оралатын болса, ол жақта жазаға ұшырайды деп қауіптенеді.
– Жақында астанадағы танысымның күйеуі мен қызы Қытайдан келген. Олар сақшы мекемесінің бақылауы күшейгенін, екі баламның аты-жөнін "қашып кетті" деп тізімге енгізіп қойғанын айтты. Медетім Қытайда жергілікті поштада жұмыс істейді. Осы қыста шаңырақ көтерді. Сөйлесіп тұрам, "хал-жағдайым жақсы" деумен шектеледі. Ашып ештеңе демейді, – дейді Алтынхан күрсініп. Әйткенмен ол үлкен ұлмен де қауышатын күн келер деп үмітін үзбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Видеомен сөйлескенде Қазақстан туы, құранды жасырамыз". Қытайда қалған жақынын күткендерҚытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында миллионан астам қазақ тұрады. 2017 жылдан бастап Шыңжаңдағы қазақтарға билік тарапынан түрлі қысым, шектеу күшейгені туралы ақпарат тарай бастады.
Қазақстанда Қытайдағы туыстарынан ажырап қалған нақты қанша адам бары белгісіз, ондай статистика жоқ. Бірақ елде туыстары Қытайда қалып, қысым көргенін айтқан азаматтар үкіметтен көмек сұрап, жиі наразылыққа шығады. Олардың арасында "жақыны Шыңжаңдағы қысымға тап болып, лагерьге қамалғанын" айтқандар бар. Кейбірі "туыстарымыз құжатсыз қалып, Қазақстанға өте алмай отыр" дейді. Азаттық ата-анасы Қытайда қалған, өздері Қазақстанда тұрып жатқан балалар жайлы да жазған.
- БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер кейінгі жылдары Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
- АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланд және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин Батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
- Қытайға экономикасы кіріптар Қазақстан билігі Пекиннің саясатын ашық сынаудан тартынады. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңда қалған қазақтардың туыстарының арыз-шағымын "дипломатия жолымен" қарайтынын айтады.