"МӘСЕЛЕНІ ШЕШКІСІ КЕЛМЕЙДІ, БІЗДЕН ҚҰТЫЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"
Шілденің 12-сі күні Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақордаға апаратын "Нұрлы жол" бульвары арқылы президент әкімшілігі алдына баруға тырысты. Бірақ оларды көпірде полиция бөгеп, әрі қарай жылжуына мүмкіндік берген жоқ. Бұдан соң наразы аналар сол жерде әлеуметтік талаптарын айтып, "Баспана" деп айғайлай бастаған.
Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:
Есімін Гүлзада Тұрсынтаева деп таныстырған әйелдердің бірі "шенеуніктердің баспана мәселеміз шешеміз" деген құрғақ уәдесінен шаршағанын айтып, "билік аналардың мәселелерін шешкісі келмейді, бізден ың-шыңсыз құтылғысы келеді" деді. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне баспанаға зәру 46 адамның тізімін бергенін, мәселелері сол күйінше қалғанын айтты.
Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырғанын айтқан тағы бір әйел, төрт баланың анасы "Қазақстанда мүгедек балалардың құқығын таптайды, оларды қорлайды, сабайды, мектепте білім алуына жағдай жасамайды" деп ашынды. Ол мүгедектігі бар балаларының ауыр жағдайын айтып, налыды.
Наразы аналардың бірі мүгедектігі бар балаларға ерекше күтім қажет болғандықтан оларға бөлек тізім бойынша баспана беру керек деген ұсыныс айтты.
Кейбір аналар баспана алу бойынша мемлекеттік бағдарламалардың шарттары күрделі екенін алға тартса, кейбірі баспана кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрғанын, кезекке жуырда тұрғандардың үй алып кеткеніне шағымданды.
Бастапқыда наразыларға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова келді. Ол аналарды министрлік ғимаратына кіріп, мәселелерді талқылауға шақырды. Бірақ бұған аналар келіспеді. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен келіп, дәл сондай ұсыныс жасады.
Наразылар сұрақтарына жауап берген шенеунік "мемлекеттің бір күнде бәріне бірдей баспана тауып бере алмайтынын" айтып, үй алу үшін кезекке тұру қажет деді. "Дәл осы жерде 5-6 адамнан құралған комиссия құрайық" деп еді, наразы аналар келіспей шулап кетті. "Бұған дейін де комиссия құрылған. Ештеңе шешілген жоқ. Аналарды осылайша бөліп-жарғыларыңыз келеді" деп ашуланды аналардың бірі.
- Президент халықтың қаңғырып жүргенін көрсін. Әрқайсымызға он сотықтан жер бергенде бұлайша қаңғырып жүрмес едік. Шетел азаматтарына жер бергенше билік өз халқын жарылқасын, - деді наразы аналардың бірі.
Ақорда жаққа қарай полиция өткізбегеннен кейін көпір астындағы көлеңкеге жиналған аналар президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала әкімі Алтай Көлгіновтің келуін талап етті.
Түске таман олардың кейбірінің денсаулығы нашарлап, отырып қалды. Оқиға орнына жәдел жәрдем көлігі шақырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары түстен кейін аналардың бір бөлігі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Бердібек Сапарбаевпен кездесіп жатқанын айтып, қалған аналарға сол жаққа баруға кеңес берді. Бірақ аналардың көбі бас тартты.
"Ақпан айынан бері осылайша жүгіріп жүрміз. Ол жақта 10-15 рет болған шығармыз. Мәселе шешілген жоқ. Әбден шаршадық. Президент пен қала әкімін осында күтеміз" деді аналардың бірі.
Олар талаптары орындалмайынша бұл маңнан кетпейтінін жеткізді.
Оқиғаны полиция қызметкерлері, арнайы жасақ өкілдері бақылады. Аналар жиналған орынға жақын жерде бірнеше полиция автобусы да тұрды.
Шамамен 14:30 шамасында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен наразы аналарға тағы келіп "жүріңіздер, әкіммен кездестіруге кепілдік берем, Азаттық тілшілері де барады" деп көндіріп, министрлік ғимаратына алып барды. Бірақ кіре берісте телефон, құрылғылардың бәрін алып қоятынын естіген аналар "онсыз ішке кірмейміз" деп шу көтерді. Тек осыдан кейін ғана бәрінің тексерусіз, тізімсіз кіруіне рұқсат берді.
Жиналыс залына аналар барған кезде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бұған дейін келген аналардың бір бөлігін үстелде жеке-жеке қабылдап, жеке деректері мен мәселелерін тіркеп отырды. Азаттыққа берген сұхбатында ол "осында екі сағат отырғанын, 30 шақты ананы қабылдап үлгергенін" айтты.
Әкім аналардың тізімін жасап, келесі аптаның алғашқы үш күні осы аналардың өтініштері қаралатынын жеткізді. Көлгінов бұған дейін қабылдауда болмаған, жағдайы қиын отбасылардың көп екенін айтып, мәселелерін шешуге мемлекет күш салады деді.
Ол "әкімдіктің халықты қабылдау жүйесін жетілдіретінін, алдағы уақытта бұрынғыдай бірнеше күн емес, күн сайын қабылдайтындай жағдай жасайтынын" айтты.
"Баспана сұраған аналардың талабы орындала ма?" деген сұраққа "оларға мемлекет ең тиімді ұсыныс жасап отыр - 2 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ұсынып отыр" деп жауап берді.
ШЫМКЕНТТЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Жұма күні Шымкент қаласының әкімдігі алдына ондаған әйел жиналып, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың сыртқа шығуын талап етті. Жиналғандардың басым бөлігі - көп балалы, жалғызбасты аналар. Олар баспана мен жәрдемақы мәселесін көтеріп, "қала әкімі шықсын!" деп айқайлады. Айтуларынша, қала әкімі "тамыз айында беріледі" деген 100 мың теңге шамасындағы бір реттік жәрдемақыдан қағылып, кейбірі баспанасыз пәтер жалдап, қиналып жүр.
Наразыларға қалалық басқарманың бірнеше басшысы шығып, ғимарат ішіне кіріп сөйлесуді сұрады, бірақ олар ішке кіруден бас тартып, әкімді күтетіндерін мәлімдеді. Әкім шықпаса аштық жариялайтындарын да жеткізді.
Жиналғандарды прокуратура мен полиция өкілдері сырттан бақылады.
Наразылық кезінде Нұр-Сұлтанда да, Шымкентте де кейбір әйелдердің бастары айналып, қан қысымы көтеріліп кетті. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақырылды.
Түстен кейін "әкімнің шығуын" талап еткен аналардың екеуі әкімдік ішіне кіргізілді. Әкімдікте кіммен сөйлескенін айтпаған екі әйел сыртқа шыққан соң әйелдерден тарауын сұрады. Талаптарының орындалмағанына қынжылған әйелдер жарты сағаттан соң тарап кетті.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.
Аналар наразылығынан кейін билік көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілетінін хабарлады. Сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайы нашар отбасыларға әлеуметтік көмек беру туралы заңға қол қойды. Атаулы әлеуметтік көмек аясында көп балалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңгеден төленетіні айтылды. Үкімет "шарттары жеңіл" баспана бағдарламасын әзірлеп, алғашқы жарнасы пәтер құнының 10 пайызын құрайтын екі пайыздық мөлшерлемемен 18 жылға ипотекаға үй алуға болатынын хабарлады. Билік сонымен бірге баспанаға зәру азаматтарды арзан жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз етуге де уәде берді.
Бірақ соған қарамастан көп ана әлі күнге дейін баспана мәселелерінің шешілмегенін, әлеуметтік жағдайларының жақсармағанын айтып шағымданып отыр.
Мамыр-маусым айларында Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев және премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Ол кезде де аналар биліктен баспана сұраған.
Бұған дейін билік өкілдері олардың мәселелерін "заң шеңберінде қарастырылатынын", "өтініштері жеке қаралатынын" айтқан.