Нұрсұлтан Назарбаев: Тоқаев – сенімді серігім, Путин – досым. Мемуардағы мойындау мен мақтан

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабы. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл

"Өз елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым" дейді мемуарда. Бірақ қолынан келмеген жайттарды атамаған. СССР-ді конфедерация түрінде сақтап қалу үшін күрес. Ресей рубль аймағынан Қазақстанды шығарып тастаған соң амалсыз теңгені айналымға енгізу. Ортақ ақша кірмегеніне өкіну. Тоқал алғанға қуану. Қанды қаңтар – билікке талас. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа кітабында не жазды?

"НАЗАРБАЕВҚА СӨЗ КЕЛЕ МЕ?"

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" дейтін мемуары жарыққа шықты. Жаңа кітап 1 желтоқсанда – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін "Қазақстанның тұңғыш президенті күні" деген мереке болып келген, бұдан бір жыл бұрын ол статусынан айырылған күні сауда орындарына түсті.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты жаңа кітабын "Алматыкітап" дүкенінен сатып алып жатқан адам. Алматы, 1 желтоқсан, 2023 жыл

Қаңтар оқиғасынан кейін көп алдына шығуды сиреткен Назарбаев таяуда інісі Болат Назарбаевқа Астанада ас бергенде ғана бұрынғы серіктерінің алдында президент кезіндегі еңбегін айта келе, "маған сөз келмейді" деп мәлімдеген. Жаңадан шыққан мемуарында өзіне не себептен "сөз келмейтінін" тәптіштеп түсіндіргісі келгені байқалады.

Жаңа мемуар – Қазақстанды отыз жылдай басқарған кезде өзі туралы ондаған кітап жазған Назарбаевтың Қаңтар қырғынынан кейін "елбасы" деген ерекше мәртебесінен айырылып, экс-президент статусымен қалған зейнеткер ретінде шығарған алғашқы шығармасы.

Назарбаевтың биліктегі 30 жылы

Мемуардан совет дәуірі мен тәуелсіз Қазақстандағы жоғары биліктің кулуарындағы алуан түрлі ойынның куәгерінің және мемуар тақырыбы бойынша отандық, шетелдік зерттеулер мен мемуарларды мұқият жинақтаған зерттеуші-саясаттанушының қолтаңбасы сезіледі.

Кітапта Назарбаев саяси мансабы мен билікте болған кезеңдегі есінде қалған елеулі оқиғаларды түгелге жуық шолып шығуға тырысқанға ұқсайды. Туған жер, өскен өңірі мен 1960 жылдары Қарағанды металлургия зауытына жұмысқа аттанған кезден бастап бүгінге дейінгі өзі маңызды деп санаған жайттарды еске алған. Алайда өзі Қазақстанды басқарып тұрған кезде бүкіл елді дүр сілкіндірген, бірақ мемуар авторы айналып өткен жайттар да жеткілікті.

Мысалы, мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде полиция оқ атып, көп қаза тапқан 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, 2005 жылғы Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі, 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлының Алматыда жанындағы екі серігімен қоса атып өлтірілуі, тәуелсіз Қазақстан тарихында жоғары биліктегі лауазым иелерінің жемқорлығы ең алғаш рет әшкере болған атышулы "Қазақгейт" ісі сияқты оқиғалар жайлы да тіс жармаған.

Автор советтік қайта құру кезеңі мен тәуелсіздік алғаннан 1995 жылға дейінгі кезеңді көбірек қамтыған. 683 беттік кітаптың үштен екісінен астамы – 1980 жылдар мен 1990 жылдардың бас кезіндегі оқиғалар. Назарбаев осы кезеңдегі өзі куә болған жайттарды тәптіштеп баяндаған.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаевтың барлық ісіне қуана алмаймын". Назарбаев мемуарында не айтты?

"ЖӘНІБЕКОВТІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ, ӘУЕЛБЕКОВТІҢ "МОЙЫНДАУЫ"

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа кітабында өзін жоғары қызметке тартқан бірнеше адамның атын атап, ризалығын білдірген. 1960 жылдары Қарағандыда жүрген жерінен комсомол жұмыстарына тартып, Мәскеудегі үлкен жиындарға қатыстырған Өзбекәлі Жәнібековтің "ағалық қамқорлығын, кісілік көмегін көп көрдім" деп жазады.

"Тезірек өсуі, тәжірибе жинақтауы үшін мен оны әртүрлі одақтық, республикалық іс-шараларға өзіммен бірге алып жүрдім, биік мінберлерден сөйлеуіне жағдай жасадым" дейтін Өзбекәлі Жәнібековтің естелігінен дәйексөз кетірген. Бұған дейінгі естеліктерінде Жәнібековке мұндай ықылас білдірмеген еді.

Назарбаев Қазақстан билігіне жеткен соң бұрын республилық комсомол ұйымының бірінші хатшысы, мәдениет министрі, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы сияқты жауапты қызметтер атқарған Өзбекәлі Жәнібековті тура алпысқа толған күні зейнетке жібергенін Азаттық бұған дейін жазған. Сарапшылар мұны Назарбаевтың Жәнібековті бәсекелес көргендігімен байланыстырған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктен соң биліктен шеттетілген Өзбекәлі Жәнібеков

Жаңа мемуарында автор 1980 жылдардың екінші жартысында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековпен "көзқарасымыз талай тұста тоғыспай қала беретінін жұрт білетін" деп жазады.

Сол кездегі саясаткерлер мен түрлі естеліктерде Еркін Әуелбеков Қонаевтан кейін Қазақстан басшылығына келуі мүмкін адамдар қатарында аталған. Әуелбеков – Қонаевты 1983 жылы ақпанда өткен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің съезінде сынаған санаулы адамдардың бірі. Ол Қазақстан билігіне Колбин келген соң да, 1987 жылы наурыздағы пленумда Қонаевпен қосып, министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты да өте қатты сынағанымен де мәлім.

Назарбаев мемуарында Әуелбековпен қырбайлығын жасырмаған. Бірақ 1987 жылғы 22 маусымда Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына ұсынылған жиында Әуелбеков те қарсы болған жоқ деп жазады. "Нұрсұлтан Әбішұлы сыннан дұрыс қорытынды жасайтынын айтуға тиіспін. Кейінгі жылдары біздің арамызда бірде бір рет келіспеушілік болған жоқ" деді. Бұл сөз маған күрделі тұлғаның әділдігін көрсететін, мойындауын білдіретін пікір ретінде әсер етті" деп жазады Назарбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Еркін Әуелбеков туралы естеліктерде "Нұрсұлтан Назарбаевты мойындаған" дейтін пікір кездеспейді.

"ҚОНАЕВ – ҰСТАЗЫМ"

Назарбаев жаңа кітабында Қазақ ССР-ін ширек ғасырға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаевқа ерекше ілтипат білдіреді. Қонаевтың тұлғасына жоғары баға беріп, ұстазым деп атаған. Бұған дейін, дәлірек айтқанда 1986 жылы Қонаев республика басшылығынан босатылып, әйгілі Желтоқсан оқиғасы болғаннан кейін өткен кезеңде Назарбаев Қонаевты "ұстазым" деп жария түрде атаған емес. "Адамға қамқорлық жасау, кадрлардың жайын ойлау Димекеңнің айта жүретін абзал қасиеті еді" деп сипаттайды ол Қонаевты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ширек ғасыр бұрын Назарбаев Қонаевқа қарсы шықты

"Сендердің ешқайсыларың да республиканың келесі басшысы бола алмайсыңдар. Бұл сөзіме ренжімеңдер. Тек Нұрсұлтан Назарбаевта ғана мұрагерім болуға мүмкіндік бар. Ол айтарлықтай жас әрі дарынды" деп көптің ішінде айтып қалғаны бақталастарымның қарсылығын күшейтті, арамызға от салуға тырысты" деп жазады Назарбаев.

Автордың сөзінше, Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы болған соң экономикаға байланысты ашық сыни пікір айта бастағанын Қонаев дұрыс түсіне алмаған.

"Менің бар ниетім ортақ істі қолдан келгенше жақсарту, орын алған қиғаштықтарды түзету болатын. Өкінішке қарай, бұл ниетті Димекең билікке ұмтылу деп түсінді", – дейді Назарбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өз Рубиконынан 1986 жылдың ақпанында асты

Автор 1986 жылы ақпанда өткен Қазақ ССР компартиясының 16-съезінде жасаған сыни баяндамасына арнайы тоқталған. Съездің қорытындысында Дінмұхамед Қонаев қайтадан Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы болып сайланған еді.

"СССР компартиясының бас хатшысы Михаил Горбачев Қонаевты қайта сайлатпау үшін Назарбаевты айдап салды" деген пікір-болжамдар бұған дейін жиі айтылған. Назарбаев мұнай болжамдарды жоққа шығарып, "жастық албырт көңілмен, жанашырлықпен айтылған сын болатын" деп түсіндіреді.

"Қайта құрудың құйындай құбылған жылдарында, егемендіктің бастапқы тұсында біраз республикаларды бұрын ел басқарған адамдарға қайтадан баға беріліп, кей жерлерде оның ескерткішін қиратып тастаған еді. Бұрын да солай болған. Жаңа басшылық жаңа бағыныштыларды іріктейді де, кемшіліктің бәрін бұрынғыларға жаба салады. Кей елдерде бейітті қазудан да тайынбады. Қазақ елі ондай желікке ерген жоқ, Оған мен де жол берген жоқпын" деп жазады Назарбаев. Автор бұл сөзінде кімді меңзегені беймәлім.

Бұрынғы президент Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы – Сандуғаш Дүйсенова

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысының сол кездегі әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында наразылық шеруіне шыққан мыңдаған адам орталық алаңдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдан бері тұрған ескерткішін құлатқаны мәлім.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қонаевтың тойында - Назарбаевқа қошемет

"СССР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРЛІГІНЕ ҰСЫНДЫ"

Назарбаев мемуарында СССР-дің ыдырау кезеңінде өз куә болған сәттерді баяндап, Совет одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачевпен бірге одақтың жаңа шартын дайындап, конфедерация құру жолында көп еңбектенгенін баяндаған.

Өзіне Горбачев әуелде СССР вице-президенті қызметін, ал кейін жаңарған одақтың премьер-министрі болуды екі рет ұсынғанын, бірақ бас тартқанын жазады. Назарбаев СССР-дің толық тарауына мүдделі болмағанын, оны жаңа одақтық шарт бекітіп, конфедерация түрінде қайта құру жолында күрескенін айтады.

– Одақ сақталмаса 70 жылда қалыптасқан шаруашылық байланыстары үзіліп тынатыны, негізінен шикізат өндіруге бейімделген Қазақстан экономикасының тығырыққа тірелетіні анық болатын. Конфедерация құрып, содан соң тәуелсіздікке барсақ деп ойладық, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Депутаттар Назарбаевтың баяндамасын емес, жобаны талқылауды ұйғарды". Егемендік декларациясы қалай жарияланды?

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған соң да Назарбаев одақтың жаңа шартын жасауды қолдап-ұйымдастырушылардың басы-қасында жүрді.

Ол Қазақстанды Ресейдің рубль аймағында қалдыру үшін күрескенін, тек 1993 жылғы 1 шілдеде Ресей өзінің ұлттық валютасы енгізгеннен кейін күресті тоқтатуға мәжбүр болғанын айтады. Назарбаев тіпті 1993 жылы қыркүйекте де рубль аймағында қалу үшін Мәскеуге бірнеше рет барып, келісімге қол қойып кеткенін, 1993 жылғы 15 қарашада теңгені амалсыздан айналымға енгізгенін айтады.

Назарбаев теңге туралы жазғанда бүгінгі күнді де еске алып, шегініс те жасаған. "Қазір біз орталық нарық, елдеріміздің жақын ықпалдасуы туралы айтып жатырмыз. Мұндай ықпалдасудың түпкілікті шешімі – ортақ валюта. Кезінде бір-бірімізбен келіскенімізде ол валютаның дүниеге келетін күні жақындай түсер еді" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теңгеге Назарбаев бейнесі қалай түспей қалды?

1994 жылы Еуразия одағын құру туралы бастама көтерген Назарбаев 2003 жылы құрамында Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь бар ортақ экономикалық кеңестік аясында ортақ валюта шығарып, атын "алтын" деп қоюды ұсынған болатын.

"ҰМЫТЫЛҒАН БАТА"

Назарбаев 1991 жылғы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық төте дауыс беру жолымен Қазақ ССР президенті болып сайланғанын, инаугурациясында халық ақыны Шәкір Әбенов бата беріп, Әбіш Кекілбаев тілек айтқанын жазған. Кітапта Кекілбаевтың тілегінен үзінді берілген, бірақ Шәкір ақынның батасынан ештеңе келтірмепті.

Семей өңірінен сол кездегі ел астанасы Алматыға арнайы алдырылған Шәкір Әбенов Назарбаевқа бата беріп тұрып, "қателессең, халқыңнан кешірім сұра" дегенін бұған дейін Азаттық жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың «кешірім сұра» деген батаны ұмытқанын айтады

Назарбаев "Қазақстан тәуелсіздігін неге өзге республикалардың ең соңы болып жариялады?" деген сұраққа да жауап беруге тырысқан. Оның сөзінше, республика халқының басым бөлігі өзге ұлттар болғандықтан жанжал туып кетпесін деп қауіптеніп, әліптің артын бағыпты.

"16 желтоқсан күні түстен кейін Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімі Қазақстан халқы күтіп отырғанын жеткіздім. Бұл заңды қабылдау керек, өйткені жалғыз біз қалдық. Көп ұлтты Қазақстан халқының алдында арымыз таза дедім" деп жазады Назарбаев.

Әйтсе де сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаттарының естеліктерінде тәуелсіздік декларациясын кешеуілдете бермей қабылдау үшін Назарбаевтың парламентке шақырылғаны туралы да сөз бар.

Тәуелсіздіктің өзгелердің соңынан жарияланғанына байланысты қоғамда түрлі болжам айтылып келген.

"Назарбаев СССР-ді сақтап қалуға тырысты, өйткені оған Горбачев СССР премьер-министрі қызметін ұсынды" деген бұған дейін айтылып жүрген болжамдарды Назарбаевтың өзі осы мемуарында растайді және СССР-ді тарату жөнінде Ресей, Беларусь, Украина басшыларының жиынына "техникалық себепті желеу етіп", әдейі бармай қалғанын айтқан. Назарбаев бұл әрекеттерін "республикалар арасындағы экономикалық байланыстарды үзіп алмау мақсатымен жасадым" деп түсіндіреді.

"ТАСАДА ТҰРЫП ТАС АТПАДЫ"

Назарбаев 1990 жылдары реформа жасауға құмбыл кіріскенін, бірақ Қазақстан Жоғарғы кеңесі "кедергі жасаумен болғанын" бұған дейінгі естеліктерінде де айтқан еді.

Жаңа кітабында "парламент басшылары социалистік сана құрсауынан арыла алмаған-ды, тіпті депутаттардың көпшілігі жаңа экономика, жаңа саясат дегенді түсінбейтін" деп жазады. Сөз арасына сол кездегі Жоғарғы кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдинді де қыстырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың Әбділдин туралы, Әбділдиннің Назарбаев жайлы айтқаны

"Тәуелсіздік тарихын баян еткен мақалалардың арасында, тіпті кейбір кітаптарда 1992-1993 жылдарда президент пен парламенттің арасында қалыптасқан ахуалды нақты Назарбаев пен Әбділдиннің тіресуіндей етіп көрсететіні де табылады" деп жазады Назарбаевтың өзі. Бірақ келіспеушілікті "ескі мен жаңаның келіспеушілігі" деп сипаттап, өзін жаңашыл етіп көрсеткен.

1993 жылы Жоғарғы кеңесті ұнатпағанын ашық жазғанымен, Назарбаев оны таратуға ұйытқы болған Заманбек Нұрқаділов еді деп еске алады және "Жоғарғы кеңесті тарату Заманбек Нұрқаділовтің қара басының мүддесіне сай келді, өйткені Алматы қаласының басшысын Жоғарғы кеңес орнынан алып тастай алатын" деп ондай әрекеттің астарын түсіндірген.

"Сөйтіп Алматы қаласы Алатау аудандық кеңесі тарап, өзге депутаттарға үндеу тастады. Басқалар да қолдай кетті. Мен оны көріп отырдым. Тоқтатуыма да болатын еді, бірақ маған да керегі сол болатын" деп жазады.

Нұрқаділов Жоғарғы кеңесті таратуға президент пен парламент арасындағы текетіресті жою үшін мұрындық болғанын көзі тірісінде айтқан. Кейін оппозицияға кеткенде, Жоғарғы кеңесті таратып, билікті Назарбаевтың қолына жинап бергеніне өкініп, көпшілік алдында кешірім де сұраған.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жоғарғы кеңесті таратқан – мен!" Нұрқаділов неге өкінді?

Сарапшылар Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы кеңес парламенттік басқару тұрпатын ұстанғанын, президентке тәуелді болмағанын, тіпті 1993 жылы ақпанда қабылданған алғашқы Конституция да осы форматты сақтап қалуды көздегенін айтады.

Мұны мемуарында Назарбаев та растайды. "Ол іс жүзінде елдің саяси сипатын парламенттік республикаға жақындатуға тырысып бақты. Парламент реформаларға кедергі келтірді" деп жазады.

Бірақ Назарбаев Әбділдинді тұқырта сипаттағанымен, жеке басының қасиетін жоғары бағалайтын шақтары да бар. 1999 жылғы 10 қаңтарда кезектен өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 11 пайызы президенттікке кандидат Серікболсын Әбділдинді қолдаған. "Әбділдиннен кейін маған оппозицияда ондай бәсекелес болған емес" деп жазады Назарбаев.

Әбділдин 1999 жылғы сайлау кезінде заң бұрмаланғанын, әсіресе Қазақстанның батыс өңірінде оны сайлаушылардың көбі оны жақтап дауыс бергеннен кейін "билік сайлау бюллетеньдерін қайта есептеп, жалған құжат жасағанын" Азаттыққа берген сұхбатында айтқан. Оның сөзінше, бұл деректі сол кезде билікте жүрген Алтынбек Сәрсенбайұлы да, премьер-министр болған Нұрлан Балғымбаев та растаған.

"Не айтса да көзіме айтты, тасада тұрып тас атпады, шетелге қашып, елін жамандап жатпады. Келіспеушілікті қақтығысқа жеткзбеуге септігін тигізді" дейді Назарбаев Әбділдин жайлы.

Назарбаев 1990 жылдардың басы мен аяғындағы Әбділдин туралы айта келе, "әр қадамыңды аңдып, кез келген кемшілігіңді көзге шұқып айтып тұратын, сөйтіп босаңсуға мүмкіндік бермейтін мықты оппозицияның болмауы жақсылыққа апармайтынын кейінгі өмірдің өзі дәлелдеп берді" деп қысқа ғана жазған.

Назарбаев Әбділдин басқарған Жоғарғы кеңесті таратқан соң, 1994 жылы наурызда жаңадан сайланған, Әбіш Кекілбаев төрағалық еткен Жоғарғы кеңестің де бір жылдан кейін тарап кеткенін құп көргенін айтады. Бірақ "сайлау заңды бұрмалаушылықпен өткені анықталған соң амалсыз таратуға мәжбүр болдым" дейді ол. Назарбаев алғашқы Конституцияны да ұнатпағанын жасырмаған. Тәуелсіз сарапшылар мұның бәрі президенттік билікті суперпрезиденттік басқару тұрпатына айналдыру деп бағалады.

"ҚЫЗМЕТ БЕРСЕҢ – РАЗЫ, БЕРМЕСЕҢ – НАРАЗЫ"

1995 жылы Назарбаевтың бастамасымен және жетекшілігімен жазылған жаңа Конституция қабылданып, билік жүйесі президенттік басқару форматына көшкеннен кейінгі кезеңді Назарбаев мемуарының екінші бөлігі деуге болады. Мұнда көбіне экономика мен оны жекешелендіруді сөз еткен автор оппозицияны "қызметте жолы болмаған адамдардың ұсақ-түйек" тірлігі деп сипаттаған.

"Қызмет берсең – разы, бермесең – наразы болу біздегі оппозицияның біраз өкіліне тән. Қазіргі біздің оппозициямыз деп жүргендер арасында Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосов сияқтылар бар. Олардың қолдарына кезінде лауазымды қызметтер сеніп тапсырылған, міндетін тиісінше атқара алмай орындарынан босатылған. Бұған өздерінен басқа ешкім кінәлі емес" дейді ол.

Назарбаев мемуарында көп жылдан бері шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, бұрынғы министр Мұхтар Әблязов туралы "сол сумақайға кешірім жасамауым керек еді" деп жазады. 2001 жылы арасында кәсіпкерлер, банкирлер, мемлекеттік жауапты қызметте жаңаша басқару стилімен көзге түскен, халық арасында "жас түркілер" атанып кеткен жас басқарушылар бар бір топ адам елге демократиялық жаңару мен саяси реформалар қажет екенін мәлімдеп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған. Сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев оларды "киндерсюрприздер" деп сынап, Назарбаевтан оларды мемлекеттік қызметтен аластауды сұраған. Аяғында қозғалыс лидерлері Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтың 6-7 жылға түрмеге қамалып, ҚДТ қатарында болғандардың бір бөлігі қозғалыстан бас тартып, үкіметтен жаңа лауазымдар иеленді. Енді бір бөлігі "конструктивті оппозиция" құратынын айтып, "Назарбаевсыз Қазақстан" деген талапқа қосылмайтынын айтты. 2004 жылы президент Назарбаев Әблязовтың өтінішін қанағаттандырып, оған рақымшылық жариялап, түрмеден босатты. Түрмеден шыққан соң елдегі жетекші банктердің бірін басқарған Әблязов 2009 жылы ол банкті мемлекет иелігіне алғаннан кейін, шетелге кетіп, содан бері Назарбаевты, кейін ол билікке қалдырған Тоқаевты сынап жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Экстремиске" айналған "қастандыққа тапсырыс беруші"

Назарбаев кітабында 1994-1997 жылдар аралығында үкіметті басқарған, кейін қызметінен кеткен соң оппозицияға өткен, 1998 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Әкежан Қажыгелдинді де сынайды.

"Қажыгелдин бара-бара жекешелендіруге қатысты қаулыларға үкімет отырысын өткізбей-ақ қол қоя беретіні анықталды. Оған қоса пара алғаны белгілі болып, сот шешімімен 12 жылға бостандығынан айырылды" дейді. (Қазақстан соты 2001 жылы Әкежан Қажыгелдинді 10 жылға сырттай соттаған – ред.)

Биыл Қарағанды шахтасында болған апаттан кейін "Арселор Миттал-Теміртау" компаниясына сын көбейген. Бұрын сол шахтаға аз ғана уақыт иелік еткен бизнесмен Болат Әбілев, Мұхтар Жәкішевтер билік комбинатты бергені үшін пара сұрағанын, келіспеген соң шетелдік бизнесменге арзанға беріп жібергенін айтқан еді.

Назарбаев кітабында бұл жөнінде пікір айтып, бизнесмендердің өздерін кінәлайды.

"Карметкомбинат" көміршілерге, теміржолға, электр жүйесіне қарыз. Жалақы төленбегелі алты айдан асқан. Жас бизнесмендер шамасы келмей, комбинатты тастай қашты" деп жазады экс-президент. Ол аздай "олар комбинат қолға тиісімен 23 мамыр мен 8 маусым аралығында құны 16 миллион доллардың өнімін жөнелтіп үлгерген, сонша ақшадан жұмысшыларға жалақы төлейтін қаржы таппаған" деп күдік келтіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арселордың" Қазақстандағы 28 жылы мен Митталдың болат қорыту империясының өрлеуі

Оның сөзінше, 1990 жылдары Қазақстанның алып өнеркәсіптерін сатып алатындай отандық бизнесмендер болмаған. Мысал ретінде "Қазақмыс" компаниясын алға тартып, оны Оңтүстік Кореяның "Самсунг" компаниясы сатып алғанын жазған.

"Кейін "Қазақмыс" "Самсунг" корпорациясынан акциялардың бақылау пакеттерін сатып алған отандық бизнесмендердің қолына өтті. В.Ким басшылығы компания қызметін тиімді жүргізе алды" дейді Назарбаев.

Бұған дейін қазақстандық тәуелсіз басылымдарда және шетел баспасөзінде Владимир Кимнің иелігінде саналатын "Қазақмыс" компаниясына Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қатысы бар деген түрлі зерттеулер жарияланған. Бірақ мемуарда ол жөнінде ештеңе айтылмаған.

Назарбаев Қазақстанда ірі өндіріс орындары, кеніштер, т.б. жекешелендіріліп, президентке жақын адамдардың қолына өтіп кеткені жөнінде айтылып жүрген сынға өзінше жауап берген.

"Жекешелендіруді сөз еткенде әлі күнге дейін әділетсіз жекешелендіруге жол берді деп санайтын, меншікті қайта бөлуді қалайтын адамдар барын айту керек. Әлемде бастапқы жекешелендіру ешқашан толық әділ өткен емес. Ешқандай қайта қараушылық болмау керек және болмайды да" деп жазады Назарбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевта не қалды? Экс-президенттің билігі мен байлығы

"ПУТИН – УӘДЕГЕ БЕРІК АДАМ"

Назарбаев мемуарында Ресей президенті Владимир Путиннің кітаптарына бірнеше рет сілтеме жасап, оның өзін "сөзге берік, достыққа адал адам" деп мақтаған.

"Владимир Путин адамгершілік қасиетін, бөлекше жанашырлығын мен 2020 жылы коронавирус дертіне шалдыққанымда да көрсетті. Ресейден жедел жіберілген ең таңдаулы вирусолог дәрігерлердің он күн бойы жанымнан кетпей, ол кезде әлі емдеу тәсілдері толық анықтала қоймаған қауіпті аурудан құлан-таза айықтырып шығарғанын ешқашан ұмытпаймын" дейді ол.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин

Назарбаевтың сөзінше, Путинмен арадағы берік байланыстары әлі де үзілмеген, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң алты айдан кейін Мәскеуге барып, Путинмен жолығып, Ресей басшысын күнімен құттықтап қайтқанын да атап жазған.

Мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлейді. Батыс Ресейді талқандау мақсатын көздеп отыр деп есептейді. "Екі бауырлас халықты араздастырудың, өздерінің сол мақсатын жүзеге асырудың сәті түсе қалды" деп жазады.

Назарбаев шетел басшыларымен болған әңгімелерді жиі еске алған. Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайтпен әңгімесі назар аудартады.

"АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт елімізге келе сала демократия уағыздарын айта бастады. Сол тұста әлдебір даулы оқиғаға ілініп қалған азаматтардың басшы қызметте жүргендеріне таңданыс білдірді. Мен: "Сіз өз достарыңызды жолда тастап кете бересіз бе?" деген сұрақ қойдым. Жоғары лауазымды ханым ойланып қалды. "Дегенмен ол адамдарды босатқан жөн" деді. Амал жоқ оған "Қазақстандағы кадр мәселесі Астанада шешіледі, Вашингтонда емес деп айтуға тура келді" деп жазады мемуар авторы.

Назарбаев сөз болып отырған достары кім екенін айтпаған. Бірақ 1998 жылы Қазақстан Солтүстік Кореяға әскери ұшақтар сатып, халықаралық жанжалдан кейін ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы, Назарбаевтың көп жылдан бергі сенімді серігі Нұртай Әбіқаев пен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қызметтерінен босатылған еді.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев сұхбатында Әбіқаев пен Алтынбаев Батыстың қысымынан кейін босатылғанын айтқан болатын. Бірақ көп ұзамай екеуі де жоғары қызметке қайта оралған. Ал даулы ұшақ сатудан түскен көлденең табыс кімнің қалтасына кеткені белгісіз болып қалған.

Назарбаев мемуарының аяқ жағында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "сенімді серігім" деп атаған. 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен кезде өз орнына Тоқаевты қалдырғаны дұрыс шешім болғанын айтқан. Назарбаевқа жақын адамдардың Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен шеттетілгені, өзінің "Тұңғыш президент және елбасы" мәртебесінен айырылғаны туралы ешқандай пікір айтпаған.

Назарбаев Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған ірі қантөгіс (ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан), жаппай тұтқындап, азаптау оқиғаларымен қалған былтырғы қырғын туралы: "Қаңтар оқиғасының басты себебі – билік үшін күрес" деп тұжырым жасаған. Автордың жазуынша, бұл – Тоқаевтан билікті тартып алғысы келетіндердің әрекеті. Назарбаевтың берген бағасы Қазақстан билігінің қазіргі ресми ұстанымдарына тура келеді.

Назарбаев мемуары жарық көргені туралы жаңалықты жергілікті баспасөз де жазды. Бірақ көбі бұған дейін ел аузында ғана айтылып, Назарбаевтың өзі тіс жармай келген тоқал жайлы, одан туған екі ұлы барын экс-президенттің алғаш рет жария түрде мойындағанына қаттырақ назар бөлгені байқалады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен ҮшқоңырСалтанатты сарай, қымбат қонақ үй. Назарбаевтардың Германиядағы мүліктері"Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі"Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды? OCCRP зерттеуі