Астананың қолы жетпейтін жерде тұрып жатқан бұрынғы қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтің билік қалыптастырған "жау" бейнесінің сипаты кейінгі кезде өзгеріп барады. Бұған дейін экономикалық қылмыс жасады деп айыптап келген билік енді Әблязовті "адам өлтіруге тапсырыс беруші" ретінде және экстремизмге қатысты айыптап жатыр.
Кейінгі тоғыз жыл бойы Қазақстан билігі қазір шетелде тұрып жатқан БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті кезінде өзі басқарған банктен миллиардтаған доллар ақша жымқырды деп айыптап келген еді. Әблязов өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қудалауы кесірінен активтерінен айырылып қалған қарсыласы санайды, ал Қазақстан билігі оны "қаржылық алаяқ" деп атайды. "Қаржы жымқыру" айыбы бойынша Әблязовті былтыр 20 жылға сырттай соттаған, бірақ баяғыдан созылып келе жатқан тірес бұл үкіммен бітпеді. Қазір енді Әблязовке 2004 жылы "тапсырыспен кісі өлтіруге қатысы болған", одан кейін қазіргі билікті құлатуды көздейтін "экстремистік әрекетпен айналысып отыр" деген жаңа айыптар тағылып жатыр.
ҚАСТАНДЫҚҚА "ТАПСЫРЫС БЕРУШІ"
Мұхтар Әблязов үшін былтырғы жаздан бері "қызу" маусым басталған - 2017 жылғы маусымның 7-і күні Алматы соты оған БТА Банктен "қаржы жымқырды" деген айыппен қозғалған іс бойынша үкім шығарған.
Әблязовтың ісі
ӘБЛЯЗОВ ІСІ
2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.
2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.
2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.
2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.
2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.
2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.
2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.
2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.
2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.
2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.
Кездейсоқтық па, жоқ па, бірақ бес күннен кейін 2005 жылы бизнес-әріптесінің активтерін бопсалаған деген айыппен бизнесмен әрі "ҚазҚұрылысӘйнек" зауытының қожайыны Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Әблязов "биліктің мақсаты – Тоқмәди емес, мені қолға түсіру" деп сол кездің өзінде мәлімдеген болатын. "Бопсалау" ісі сотқа жетіп, 2017 жылғы қазанның басында Тоқмәдиге үкім шықты.
Әлгі үкімнен кейін көп ұзамай Мұратхан Тоқмәди бұрынғы "Тұран ӘлемБанкінің" тең қожайыны әрі топ-менеджері болған Ержан Тәтішевті 2004 жылғы желтоқсанда Мұхтар Әблязовтің "тапсырысы бойынша өлтіргенін мойындаған". Тоқмәдидің "мойындауы" негізінде "тапсырыспен адам өлтіру" қылмысы бойынша іс қозғалып, сотқа жетті.
Бұған дейін Тәтішевтің қазасы – аң аулауға шыққанда болған "жазатайым оқиға", ал Тоқмәдидің әрекеті – "абайсызда адам өлтіріп алу" деп түсіндіріліп келген іс бойынша бұрынғы сот үкімінің күші жойылды. Ақыры 2018 жылғы наурыздың 16-сы күні Тараз соты Мұратхан Тоқмәдиді он жарым жылға соттады.
Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілерде "Тәтішевтің өліміне ешқандай қатысым жоқ әрі Тоқмәдиді танымаймын" деп мәлімдеп келеді. Тоқмәдидің "Тәтішевті өлтіргенім үшін Әблязовтен миллиондаған доллар алдым" деген сөзін Әблязов Азаттыққа айтқан пікірінде жоққа шығарып, оны "шылғи өтірік" деп атаған. Билік Әблязовтің бұл мәлімдемелеріне қатысты ешқандай комментарий берген жоқ.
54 жастағы Мұхтар Әблязов адам өлтіруге "тапсырыс берген" деген айыптауды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы күресінің кезекті шиеленісуімен байланыстырып, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрғаны үшін өзінен Қазақстан билігінің кек алу үшін жасаған амалы деп санайды.
ӘБЛЯЗОВ ЕНДІ "ЭКСТРЕМИСТ" БОЛЫП ШЫҚТЫ МА?
Биыл наурызда Астана соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныды деп хабарлады сотқа осындай талаппен жүгінген прокуратура.
Наурыздың 13-ы күні Астанада өткен баспасөз жиынында Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова "Сот ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан территориясында оның қызметіне тыйым салды" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ҚДТ ақпараттық материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер және сайттар арқылы таратуға да тыйым салынған.
Прокуратура өкілінің айтуынша, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов "заңға қайшы әрекетін" жалғастырып отыр.
"Әблязов әлеуметтік желілер мен парақшалардың көмегімен халыққа үндеу жариялау арқылы азаматтарды ҚДТ-ға қосылуға шақырып, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастырып, наразы көңіл-күйді өршітуге арандатып отыр. Осы әрекеттері арқылы әлеуметтік өшпенділік пен араздықты қоздырып отыр" деп мәлімдеді Лоскутова.
"ҚДТ басшысы Мұхтар Әблязов пен оның белсенділері наразылық акциялары бейбіт сипатта өтетін болады деп талай мәрте мәлімдегеніне қарамастан, олардың көздегені – билікті құлатып, басып алу. "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес, мұндай әрекеттер саяси экстремизм деп танылады және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы жасалған қылмыс ретінде қудаланады" деген Лоскутова.
Сот шешімінен кейін белсенділер мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларын полицияға шақырып, "прокурорлық ескерту қағазын" тапсыра бастады. Мұндай сипаттағы "сұхбаттарға" шақырылғандардың сөзінше, оларға ҚДТ қозғалысына қандай да бір қатысы бар чаттар мен топтардан шығу және әлеуметтік желілерде ҚДТ-ға ешқандай қолдау танытпау, қозғалыс материалдарын құптап "лайк" баспау немесе қайта жарияламау туралы кеңес берген. Қозғалыс жақтастарының айтуынша, олардың ешқайысы сот шешімін көрмеген.
Оқи отырыңыз: ҚДТ жақтаушыларын полицияға шақыра бастады
Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында Мұхтар Әблязов ҚДТ жақтастарын мейрам кезінде көпшілік демалатын орындарға көк түсті шар ұстап шығуға шақырып үндеу жасаған. Мереке күндері полиция қызметкерлері "құжат тексеру" дегенді алға тартып, көшеге әлгіндей шар ұстап шыққан азаматтарды шамалы уақытқа ұстап, жеке мәліметтерін жазып алған соң босатқан. Ұсталғандардың нақты саны белгісіз. Мейрам өткеннен кейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне көк шармен жүрген адамдарды ұстау немесе шарларды тартып алу туралы бұйрық бермегені туралы мәлімдеме таратты.
Көк шармен жүргендерді полиция ұстады. Астана, 22 наурыз 2018 жыл.
ӘБЛЯЗОВ ҚДТ ЖӘНЕ БИЛІКТІ "БЕЙБІТ ЖОЛМЕН АУЫСТЫРУ"
Мұхтар Әблязов Қазақстан билігінің ҚДТ қозғалысына тыйым салу туралы шешімі өзі үшін күтпеген шешім болмағанын, тіпті бұлай боларын алдын ала болжағанын айтады. Ол қозғалысқа тыйым салу себебін қазіргі кезде әлеуметтік желідегі "ҚДТ белсендісі" чаты қатысушыларының саны толассыз өсіп бара жатқанымен байланыстырады. Әблязовтің топшылауынша, билік қозғалыс жақтастарын қудалап, оларға қылмыстық сипаттағы айыптар тағатын болады (Қылмыстық кодекстің "Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу" туралы 405-бабында алты жылға дейін жаза қарастырылған). Әблязовтің пікірінше, бұған қарамастан ҚДТ қозғалысы дами беретін болады, өйткені оның қызметіне тыйым салу ұйымды жұрт арасында "тіпті танымал ете түскен".
"Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Мұхтар Әблязов "билікті басып алуды" емес, қазіргі режимді "бейбіт жолмен ауыстыруды" көздейтінін айтқан.
Телеарна Әблязовтің "Мына режимді, бұған қоса, Назарбаевтың өзін де, оның жақын туыстарын да биліктен тайдыруымыз керек... Біз режимді ауыстыруға бейбіт әрі конституциялық жолмен қол жеткіземіз. Біз Назарбаевтың отставкасын талап ететін боламыз, жүздеген мың, бір миллионнан кем емес адам көшеге шығатын болады. Сондықтан прокуратураның режимді күшпен ауыстыруға шақырады дегені – өтірік сөз" деп айтқанын келтірген.
Әлгі сұхбатында Мұхтар Әблязов оны шетелде, яғни қауіпсіз жерде отыр, ал Қазақстандағы жақтастарын наразылық акцияларына шақырып, өзгелердің басын қауіп-қатерге тігіп отыр деген айыптауды жоққа шығарған.
"Өзімді қауіпсіз жердемін деп сезінбеймін. Өзі айдалада отырып алып, адамдарды белсенділікке итермелейді деп жатқандардың бәрі – Назарбаевтың трольдері мен агенттері. Қазақстанда немесе өзге жерде тұрып жатқан кез-келген адамға қарағанда, ең үлкен қауіп қай жерде болсам да маған төнетінін олардың өздері де жақсы біледі, өйткені менің мақсатым - айқын" дейді Әблязов.
АЙЫПТАРДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР МА?
Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дувановтың айтуынша, Мұхтар Әблязовтің оппозициялық ҚДТ қозғалысын құруы қазіргі билікті қатты тіксіндірген. Бірақ, Дувановтың пікірінше, ҚДТ қозғалысы шын мәнінде әлі құрылған жоқ, сондықтан ол жайлы қиялдағы қозғалыс, виртуалды бірлестік ретінде ғана айтуға болады.
Журналистің сөзінше, бұған қарамастан, Әблязовтің әзірше виртуалды сипаттағы ҚДТ қозғалысының көмегімен билікті "бейбіт жолмен алу" мақсатын жариялауы қазіргі режимнің мазасын қашырған.
- Сондықтан олар [билік] бұл қатерді барынша азайтудың барлық амалын жасап бағуда. Оны әуелі "экономикалық қылмыскер", кейін олардың болжамынша, Тәтішевті өлтіруге "тапсырыс берген" "қандықол қылмыскер" ретінде көрсетудің амалдары жасалып жатқаны сондықтан. Ал қазір оны "саяси қылмыскер" деп жариялады, - дейді Сергей Дуванов.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің ойынша, биліктің ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым ретінде тыйым салуы мен Мұхтар Әблязовті тыйым салынған ҚДТ басшысы ретінде жариялауында ешқандай саяси астар жоқ.
- Бұл жерде мүлде саясат жоқ. Мұның бәрі мүлде өзге, яғни заң саласына қатысты нәрселер, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.
Бұл жерде мүлде саясат жоқ. Мұның бәрі мүлде өзге, яғни заң саласына қатысты нәрселер
Өзін оппозициялық партия деп атайтын Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бейресми жетекшісі әрі парламент депутаты Владислав Косаревтің мәлімдеуінше, Әблязов құрылды деп жариялаған оппозициялық ҚДТ қозғалысының саяси тұрғыдан да, заң тұрғысынан да ешқандай мазмұны жоқ.
Бірақ ол 2002 жылы құрылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық саяси қозғалысының белгілі бір саяси мазмұны болғанын мойындайды.
- Уақыт өз бағасын берді, ҚДТ деген ұйым қазір жоқ. ҚДТ-ға баға беруге кеш енді, - дейді Владислав Косарев.
Заңгер Сергей Уткиннің Азаттыққа айтуынша, ол экстремистік ұйым ретінде ҚДТ-ға тыйым салу және Мұхтар Әблязовтің әрекеттерін қылмыстық сипатта деп тану туралы шешім шығарған сот қаулысын таба алмаған. Уткиннің пікірінше, Әблязов – саясаткер, ал кез-келген саясаткердің билікке келуді көздеуі – қисынды нәрсе. Оның сөзінше, әлдебір саясаткердің билікті бейбіт жолмен алуды көздеуі – заңды мақсат әрі заңды әрекет болып саналады; билікті күшпен тартып алу немесе күшпен ұстау ғана заңсыз.
Уткиннің айтуынша, Әблязов өз мақсаты – ҚДТ көмегімен билікті бейбіт жолмен алу деп жариялағанын ғана біледі, сондықтан заңгер бұл заңға қайшы әрекет емес деп санайды.
Сергей Уткиннің пікірінше, Мұхтар Әблязовке қарсы саяси күресте сотты, прокуратураны, тергеу орындары мен арнайы қызметті қазіргі режимнің өзі заңсыз пайдаланып отыр.
Саяси қарсыластармен күресте "тәуелсіз" тергеу тетіктерін, "тәуелсіз" сотты, арнайы қызметті пайдалану дұрыс емес
- Оны [Мұхтар Әблязовті] жау санап, онымен күресіп жатыр. Бірақ бұл, яғни саясаткерлердің бір-бірімен достасуы немесе жауласуы қалыпты нәрсе ғой. Алайда қарсыласпен күресте заңсыз тәсілдерді қолдануға болмайды. Саяси қарсыластармен күресте "тәуелсіз" тергеу тетіктерін, "тәуелсіз" сотты, арнайы қызметті пайдалану дұрыс емес, - деп санайды Сергей Уткин.
Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың соңында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында жұмыс істеп, әуелгіде ұлттық компанияны, кейінірек энергетика, индустрия және сауда министрлігін басқарған. 2000 жылдардың басында Әблязов елде демократиялық өзгерістер баяулап қалды, тездету қажет деп мәлімдеген жас шенеуніктер мен бизнесмендерді біріктірген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі болған. Кейінірек қозғалыс талқандалып, оның негізгі қайраткерлері – Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов коррупциялық айыптармен сотталған. Түрмеде бір жыл отырғаннан кейін президент "енді саясатқа араласпайсың" деген шартпен Әблязовке рақымшылық жасаған. 2005-2009 жылдары Мұхтар Әблязов Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі - БТА Банкті (ребрендингке дейін – "Тұран Әлем Банкі" деп аталған) басқарған. 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткеннен кейін елден кетіп қалған Мұхтар Әблязов сол кезден бері шетелде – Қазақстан билігінің қолы жетпейтін жерде тұрып жатыр.