ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
5 шілдеде Ресейдің Новороссийск қаласы Приморск аудандық соты Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім шығарды. Ресми мәліметке сай, "Ространснадзор" мамырда КҚК өндіріс нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның "экология ережелерін сақтамай отырғанын анықтаған".
Консорциумға 6 маусымда олқылықтарды 2022 жылдың 30 қарашасына дейін реттеуге уақыт берілген еді, алайда Новороссийскідегі "Ространснадзор" бөлімшесі сотқа жүгініп, консорциум жұмысын уақытша тоқтатуды талап еткен.
Экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстан үшін КҚК – маңызды құбырлардың бірі және бұл консорциумда болған алғашқы проблема емес. Биыл наурызда КҚК-ның Новоросийск портындағы екі айлақтық қондырғысы істен шыққан. Ресей тарапы оған Қара теңіздегі күшті дауыл себеп болғанын хабарлап, қондырғылар наурыздың аяғында іске қосылатынын айтқан еді. Алайда КҚК толық жұмысына сәуірде ғана оралған.
Сол жолы КҚК құбырының жұмысына зерттеу жасаған Германиядағы Handelsblatt басылымы қондырғының істен шығуына дауыл себеп дегенге күмән келтіріп, Ресей Еуропа нарығына шығатын қазақ мұнайына әдейі тосқауыл жасады деген болжам жасаған. Кейін Ресей 15-25 маусым арасында "теңіз түбінен аса қауіпті жарылғыш заттар анықталғандықтан" консорциум жұмыс істемейтінін хабарланған.
Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайының 80 пайызын КҚК арқылы тасымалдайды, бұл мұнай үлесі "Теңіз", "Қашаған" мен "Қарашығанақ" кен орындарында өндіріледі.
"ЖАҚСЫ КӨРШІ БҰЛАЙ ІСТЕМЕЙДІ"
Ресей сотының КҚК жұмысын бір айға тоқтату туралы шешімі Қазақстан қоғамында да қызу талқыланды. Сарапшылар бұл шешім мұнайға арқа сүйеп отырған Қазақстанның экономикасына және халқының жағдайына тікелей әсер ететінін айтып жатыр. Мәселен, қазақстандық экономист Алмас Чукин КҚК айналасындағы жағдайдың артында экологиялық ахуалдан гөрі саяси мотив бар және бұл "Қазақстанды жазалау" деп санайды.
– Қазақстан экономикасы салықтың қысқаруы салдарынан зардап шегеді. Ең қорқыныштысы, мұнай тасымалы – үзіліссіз жұмыс істеуі тиіс процедура. Егер Қазақстанда мұнай өндіріп жатқан ескі ұңғымалар тоқтаса, оларды қайта қалпына келтіру мүмкін емес, тек қайта қазу керек болады. Бұл инвесторларға да үлкен соққы. Егер мұнайды шығара алмаса ол жерге инвестиция салудың не керегі бар? – дейді Чукин.
Кезінде Кавказға қарай не басқа бағытта тасымал жолын сала алар едік. Бірақ Ресейге сендік. Енді құбыр тасымалын қару қылып қолданып отыр.
Ол Ресейдің әрекетін достық ниет емес деп атап, Мәскеуді Украинамен арадағы соғыстан соң барынша одақтастарын көбейтуге тырысудың орнына, ешкімге абырой әпермейтін әрекеттер жасады деп сынайды.
– Біз – Еуразия экономика одағына, ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Бірақ бұл әрекетті достық шешім деуге келмейді. Біз кезінде Кавказға қарай не басқа бағытта тасымал жолын сала алар едік. Бірақ Ресейге сендік. Енді құбыр тасымалын қару қылып қолданып отыр. Шындап келсек, біз де Ресейге баратын теміржолды жауып, жүгін Қытайға Хабаровск, Қиыр Шығыс арқылы жеткізуге мәжбүрлей аламыз. Жақсы көрші бұлай істемейді. Бір-бірімізге проблема жасау ешқандай жақсылыққа апармайды, – дейді ол.
Сарапшы Қазақстан билігі Ресейге ғана сенбей, басқа да бағыттар іздеуі тиіс әрі Мәскеумен саяси тұрғыда салмақты әңгіме жүргізуі керек деп есептейді.
"20 ЖЫЛДА БОЛМАҒАН МӘСЕЛЕ ҮШ АЙДА БОЛДЫ"
Ал Орталық Азияда бойынша сарапшы, журналист Брюс Панниер КҚК жұмысының тоқтауы Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы бұрынғыдай емес екенін көрсетеді деп пайымдайды.
– Ақпанда Қазақстан "ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындамайтыны" туралы емеуірін жасаған соң КҚК жұмысы үш рет тоқтады. Наурызда ауа райы туралы мәліметтерде дауыл болмаса да, қатты дауылдың әсері деді. Ал маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте жүргенде Новороссийск билігі порттан "Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған жарылғыш заттар табылғанын" айтты. Новороссийск порты КҚК арқылы мұнай тасымалын 2001 жылдан бері жүргізіп келеді. Ол жарылғыш заттардың қазір ғана табылуы күмәнді. Енді Новороссийскідегі жұмысты сот тоқтатты. Жиырма жыл бойы болмаған проблема төрт айдың ішінде үш рет пайда болды, – дейді ол.
Панниер Қазақстан мен Ресейдің қатынасы Украинадағы соғысқа дейін және кейін болып бөлінді деп болжайды және Қазақстан жуық арада мұнай тасымалының балама жолын таба алатынына күмәнмен қарайды.
– Егер Қазақстан мен Ресей ара қатынасы соғысқа дейінгідей болса Каспий мұнай құбыр консорциумында проблема болмаушы еді. Ал Баку – Тблиси – Жейхан бағыты туралы айтқанда Қазақстанның мұнайын Каспий арқылы тасымалдайтын танкерлерінің жеткіліксіздігі мен Әзербайжанның оны қабылдап, әрі қарай жеткізе алатын әлеуеті жоқтығын да ескеру керек. Әрине, Әзербайжан алдымен өз мұнайын Баку – Тблиси – Жейхан құбырымен тасымалдауға тырысады. Қазақстан мұнай тасымалын Иран арқылы ұлғайтуына болар еді, бірақ тағы да мұнай танкерлерінің жетпейтіні қолбайлау болады. Қазақстан жаңа мұнай тасымалы құбырларын салып не мұнай танкерлерін алғанша КҚК-ын пайдаланудан мүлдем бас тарта алмайды. Одан бас тарту Қазақстан мұнайының экспортын қысқартады, – дейді Панниер.
НҰР-СҰЛТАН МЕН МӘСКЕУ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан халқының әл-ауқатына орасан зор ықпалы бар мұнай экспортының салдары туралы билік ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Қазақстанда 6 шілде Астана күні ретінде демалыс болса да, премьер-министр Әлихан Смайылов КҚК мәселесіне байланысты үкіметте жедел кеңес өткізіп, мұнай экспортының шектелуінің теріс салдары мен оның мемлекеттік бюджетке әсерін талқыланған. 7 шілдеде президент Тоқаев та бірқатар салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың басшыларын жинап, мұнай тасымалдауын диверсификациялау қажеттігін айтып, Атырау-Кеңқияқ, Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыруды тапсырды.
"Мұнай тасымалдауда Транскаспий басым бағыт саналады. "ҚазМұнайГазға" оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет "Самрұқ-Қазынамен" бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет" деді Тоқаев.
Артынша Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook желісінде жиында "Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болғанын" жазып, бұл "шешімде ешқандай саяси астар жоқ" деді.
"Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз" деп жазды Желдібай желідегі парағында.
Тоқаевтың мұнай тасымалын диверсификациялау туралы ұсынысына Ресей тарабы да дереу пікір білдіріп, бұдан саяси астар байқамағанын айтты.
"Мұны саяси мотивтегі ұсыныс деуге келмес, мұқият қарау керек. Тоқтату туралы шешім экологиялық өлшемдерге байланысты қабылданды, сондықтан бұл жерде қазақстандық әріптестермен тағы да байланысу қажет" деді Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистер сауалына жауап бергенде.
БҰЛ ҚҰБЫРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстан 2021 жылы КҚК арқылы 53,1 миллион тонна мұнай тасымалдаған. Ал биылғы қаңтар мен сәуір аралығында 18.7 миллон тонна мұнайды экспортқа шығарған.
КҚК ұзындығы 1500 километрден астам. Ол Қазақстанның батысы мен Ресейдің Новороссийскідегі теңіз портының арасын жалғайды. Құбыр бастауын Атырау облысы Теңіз кенішіндегі мұнай айдайтын станциядан алады. Мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы осындай станциялар арқылы Қара теңізге жеткізіліп, ары қарай танкермен теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.
Каспий құбыр консорциумына Ресей (31%), Қазақстан (20.75%), Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), LUKARCO B.V. (12,5%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5%), BG Overseas Holding Limited (2%), Eni International N.A. N.V. (2%) бен Oryx Caspian Pipeline LLC (1,75%) иелік етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ КҚК құбырымен мұнай тасымалдау шектелді. Енді не болмақ?