Ықтияр хат пен азаматтық арасындағы сергелдең

Оралман Түсіп Айнағұл. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл.

Қазақстанда бір жылға берілген оралман куәлігінің мерзімі аяқталуына байланысты азаматтық ала алмай жүрген мыңдаған адам бар. Олардың көбі –Қытайдан қоныс аударған этникалық қазақтар.

Алматы облысы Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылында тұрып жатқан Түсіп Айнағұл 2014 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Сауан ауданынан көшіп келген. Жасы 70-ке таяған қария отбасындағы бес адамның, өзімен бірге жұбайы мен үш баласының да Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтады.

- 2016 жылы алған оралман куәлігі "бір жылға ғана" деп жазылған екен. Бірақ біз бұл қаріпті (кирилл әліпбиін – ред.) танымағандықтан ықтияр хат секілді бірнеше жылға жарайды деп жүре беріппіз. Қазір куәлік жарамсыз болып қалғандықтан азаматтық ала алмай отырмыз. Сонымен бірге әйелімнің Қытай төлқұжатының уақыты алдағы наурыз айында бітеді. Оны ұзарту үшін Қытайға бару керек. Ал барса, ұсталып саяси үйрену орталығына кіріп кетеді, - дейді ол.

  • Оралман куәлігінің сыртқы беті.

ҮШ МӘСЕЛЕ

Ал 2013 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Қойшыбай Байжұмаұлы – қазір Қазақстан азаматы. Бірақ қызы Фариза Қойшыбай әлі Қытай азаматы екен. Әкесінің айтуынша, 2013-2014 жылдары орта мектепте оқып жүргендіктен оған ықтияр хат берілмеген. Кәмелетке толғаннан кейін "Қытайда сотталмаған" деген анықтаманы әкеле алмауына байланысты ықтияр хатқа қолы жетпеген. Қазір ықтияр хат алғанымен "оралман" куәлігінің мерзімі біткеніне байланысты азаматтық ала алмай жүр. Қытайда туған этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын алу үшін әуелі "оралман" мәртебесін иеленіп, сотталмағаны туралы анықтама тапсыруға міндеттелген. Бұл саясат көптеген оралманның наразылығын тудырып, көші-қон процесіне кедергі болған соң Қазақстан билігі мұндай анықтама алу шартын Қытайдың тиісті министрлігінен емес, қоныс аударушының тұрып жатқан мекеніндегі полиция бөлімшесінен де алса болады деп оңайлатқан.

Алматы облысына қарасты аудандардың бірінде тұратын Тұрсынгүл Жұматайқызы да отбасында бес адамның оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетуіне байланысты азаматтық ала алмай қалғанын, одан басқа кәмелет жасқа толмаған екі баланың бар екенін айтады. Ал Гүлжанар Мәмен есімді оралман келіншек:

- Мен басында құжаттарымды делдалдарға бердім. Соларға сеніп жүргенде уақыт өтіп кетті, - деп өкінеді.

Бірақ Гүлжанардың оралман куәлігі 2009 жылы алынғандықтан онда белгілі бір мерзімі көрсетілмеген. Соған байланысты осыдан бір жыл бұрын азаматтық алу үшін құжаттарын тапсырғанымен әлі еш нәтиже жоқ.

Осындай түрлі себеппен негізгі құжатқа қол жеткізе алмай жүргендердің мәселесін көтеретін "Ел-аманат" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасынның айтуынша, Қытайдан қоныс аударған қазақтардың оралман куәлігінің өтіп кетуінің бірнеше себебі бар.

"Ел-Аманат" бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасын. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл.

- Біріншіден, осында ықтияр хатпен жүрген қазақтарды Қытай билігі түрлі себеппен қайтадан шақырып алып, уақытында жібермей қойды. Соның салдарынан олардың құжатының уақыты өтіп кетті. Екіншісі, 2013 жылы шыққан "Көші-қон туралы" заңдағы өзгерістер де қол байлау болды. Үшіншісі, кейін алынып тасталған "сотталмаған" дейтін анықтама, - дейді ол.

Ырысбек Тоқтасын дәл қазір қолында оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен 3200 адам және Қытай паспортының уақыты біткен 93 адамның тізімі бар екенін айтты.

"МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ ҚАЖЕТ"

2013 жылы желтоқсанның 10-ы күні бекітілген "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген. Бұл заң оралмандар мен олардың құқығын қорғаушылардың наразылығын тудырып, қызу қоғамдық талқылауға ұласқан еді. Кейін заңға қайтадан өзгерістер енгізіліп, шетелден келген этникалық қазақтар бір жылдың ішінде азаматтық алатын болған. Бірақ сол уақытқа дейін жарамдылық мерзімі шектеусіз түрде (Қазақстан азаматтығын алған күнге дейін жарамды – ред.) беріліп келген "оралман" мәртебесі бір жылға ғана жарамды болып бекітілген болатын.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі мәселелермен айналысып жүрген заңгер Гүлмира Қуатбекова Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қазақтардың мәселесін шешу үшін мемлекеттік комиссия құру керек деп санайды.

Заңгер Гүлмира Қуатбекова. Алматы, 25 қаңтар 2019 жыл.

- Қандай да бір статус алу үшін қажетті құжаттар тізімі бойынша әрбір аудан әртүрлі талап қояды. Біз оны практика жүзінде көрдік, білеміз. Сондықтан ықтияр хат бар, оралман куәлігі бар, басқа да талаптар бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, (ықтияр хат пен оралман куәлігін талап етпейтін – ред.) жеңілдік туралы шешім қабылдау қажет, - дейді заңгер.

2018 жылы қарашада парламенттің бір топ депутаты үкіметке хат жазып, оралмандардың азаматтық алу мәселесін оңай тәртіппен шешу туралы депутаттық сауал жолдаған еді. Депутаттық сауалда "Азаматтық ала алмай жүрген қазақтардың саны жеті мыңға жуық екені" айтылған.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев депутаттар сауалына қайтарған жауабында: "Этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру құқығын көздейтін заң жобасы биыл (2018 жыл – ред.) мамыр айында мәжіліс қарауына енгізіледі" деп жазған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің өкілі Бағлан Қасеновтің айтуынша, мерзімі өтіп кеткен оралман куәліктеріне байланысты есеп 2017 жылы ғана жүргізілген.

- 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі мыңдай оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. 2018 жыл бойынша [есепті] енді жасаймыз. Ал оралман куәлігінің мерзімі енді ғана біткен адамдар болса, оны алты айдың ішінде (оралман куәлігінің мерзімі біткенінен кейін алты ай өтпегендер үшін – ред.) үш айға дейін ұзартып бере аламыз, - дейді Қасенов.

Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегі бойынша 2018 жылы 2000 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан шыққан.