Accessibility links

Ықтиярхаты жоқ оралман отбасы айына бір рет шекара асуға мәжбүр


Өзбекстаннан Ақмола облысы Есіл ауданына көшіп келген оралман Бейбіт Сейітмұратов. Сурет оның жеке архивінен алынды.
Өзбекстаннан Ақмола облысы Есіл ауданына көшіп келген оралман Бейбіт Сейітмұратов. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Өзбекстаннан көшіп келген қазақ отбасына Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжат арман. Олар тіркеу тәртібін бұзғаны үшін айыппұл төлеп, тұрақты тұруға рұқсатты бір жылға дейін ала алмай қалған.

2016 жылы қыркүйек айында Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданынан Ақмола облысының Есіл ауданына көшіп келген Бауыржан Өтегенов соңғы жарты жылы әуремен өткенін айтады. Оның сөзінше, Есілге келген соң ондағы таныстарының бірінің үйіне уақытша тіркеліп, бірақ басқа жақтағы пәтерде тұрып жатқан. Содан кейін Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш беріп, рұқсат құжатын (ықтиярхат) алуға документтер жинай бастаған. Осы мезетте аудандық көші-қон полициясы тексере келіп, тіркелмеген жерде тұрып жатқандары үшін бұл отбасы мүшелеріне әкімшілік айыппұл салған.

Арман болған ықтиярхат
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00
Жүктеп алу

Көші-қон полициясының өкілдері тексеріп, уақытша тіркелген мекенде тұрмағанымыз үшін сот шешімімен айыппұл салды.

- Тұрақты тіркеуге тұрған үйіміз баламыздың танысы еді. Бірақ біз үлкен ұлымыз Бейбіт жалдап тұрып жатқан пәтерде тұрдық. Көші-қон полициясының өкілдері тексеріп, уақытша тіркелген мекенде тұрмағанымыз үшін сот шешімімен айыппұл салды, – дейді Бауыржан Өтегенов.

Есіл аудандық соты 2016 жылы желтоқсанның 14-і күні шетелдіктерге арналған тіркелу тәртібін бұзған Өтегеновтер отбасына қатысты шешім шығарып, ерлі-зайыптылардың әрбіріне 31 мың 815 теңге айыппұл төлеуге үкім еткен.

Бұдан кейін Ақмола облыстық ішкі істер департаменті Есіл сотының үкімі негізінде бұл үйдің үш адамының «Қазақстанда тұрақты тұруға берген өтінішін бір жылға дейін қанағаттандырмау туралы» шешімге келген. Осылайша 47 жастағы Бауыржан Өтегенов пен оның 36 жастағы жұбайы Айнагүл Қожаниязова және 7 жастағы баласы Бірлік Сейітмұратовтардың Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуы кейінге қалған. Ал бұл әулеттің 25 жастағы ұлы Бейбіт Сейітмұратовқа қатысты осындай сот шешімі одан бұрын, 2016 жылы тамызда шыққан.

Өзбекстандағы үй-жай мен мал-мүлкімізді сатып, қалтамызға салып келген қаржымыз түгесілді. Қазір айына бір рет шекараға барып қайтудың өзі мұңға айналып кетті.

Бауыржан Өтегеновтің сөзінше, оның отбасы осыдан кейін айына бір рет Өзбекстан шекарасынан ары асып, Қазақстанға 30 күн мерзімге қайтадан визасыз өтіп келуге мәжбүр болған.

- Өзбекстандағы үй-жай мен мал-мүлкімізді сатып, қалтамызға салып келген қаржымыз түгесілді. Қазір айына бір рет шекараға барып қайтудың өзі мұңға айналып кетті. Ұлымның жалданып тапқан азын-аулақ қаржысымен күн көріп отырмыз, – дейді Бауыржан Өтегенов.

«БІР ЖЫЛДАН КЕЙІН ӨТІНІШ БЕРЕ АЛАДЫ»

Ақмола облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметінің Азаттыққа берген жазбаша жауабында қарағанда, ІІД бұл кісілерге «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабының 5-тармағына («Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзу») сәйкес тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Департаменттің жазуынша, шетелдік азамат Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірмей тұрып бұл елде «тұрақты тұруға рұқсат алуы және шетелдіктің ықтиярхатымен құжаттандырылуы керек».

Көші-қон заңына сәйкес шетел азаматтарына тұрақты тұрудан бас тартылса немесе тұрақты тұру мәртебесі жойылса, ол сол уақыттан бастап бір жылдан кейін қайтадан өтініш білдіре алады.

Ақмола облыстық ішкі істер департаменті «шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға елде тұрақты тұруға рұқсат беру, азаматтығы жоқ адамдарға куәліктер және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің тұруына ықтиярхат беру, Қазақстан азаматтығын алуды және одан шығуды тіркеу жайы ішкі істер министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі 315-бұйрығында көрсетілгенін» жазған.

«Көші-қон заңына сәйкес шетел азаматтарына тұрақты тұрудан бас тартылса немесе тұрақты тұру мәртебесі жойылса, ол сол уақыттан бастап бір жылдан кейін қайтадан өтініш білдіре алады» делінген ресми жауапта.

ӘУЕЛІ – ОРАЛМАН, ОДАН СОҢ – ЫҚТИЯРХАТ ИЕСІ, АҚЫРЫ – АЗАМАТ

Қазақстанға шет елдерден көшіп келген қазақтарға құжат берудің жайын Азаттыққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аты-жөнін жарияламауды өтінген өкілі түсіндірді. Оның айтуынша, шетелден өз бетімен көшіп келген этникалық қазаққа әуелі бір жыл мерзімге оралман куәлігі беріледі.

- Оралман куәлігін алғаннан кейін ол кісі тиісті құжаттарын жинап, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш беруі керек. Өтініш берілген күннен бастап үш айдың ішінде Қазақстан ішкі істер министрлігі оралманның өтінішін қанағаттандырып, ықтиярхат береді, – дейді ол.

Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы. (Көрнекі сурет)
Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы. (Көрнекі сурет)

Ықтиярхат алған оралман бұдан кейін Қазақстан азаматтығын алуға құжат жинай бастайды.

- Бұлардың барлығы бір жылдың ішінде атқарылып бітуі керек. Егер бір жылдың ішінде құжат жинап үлгермеген жағдайда оралман куәлігі жарамсыз болып қалады. Ал екінші мәрте оралман куәлігін алу үшін қайтадан шетел азаматы ретінде тіркелуі керек, – дейді министрлік өкілі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанға 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін 957 мың 772 адам этникалық қазақ (261 мың 104 отбасы) келіп, оралман мәртебесін алған. Ал 2016 жылы 33,7 мыңнан астам оралман келген.

Қазақстанға оралған қазақтардың 61,6 пайызы – Өзбекстаннан, 14,2 пайызы – Қытайдан, 9,2 пайызы – Моңғолиядан, 6,8 пайызы – Түрікменстаннан, 4,6 пайызы – Ресейден, қалған 3,6 пайызы өзге елдерден келген. Шеттен келген қазақтардың көп қоныстанған аймақтары – Оңтүстік Қазақстан (оралмандардың 21,2 пайызы осы өлкеде), Алматы (16,3 пайыз), Маңғыстау (13 пайыз) мен Жамбыл (9,4 пайыз) облыстары.

«Асар» шағын ауданында тұратын мыңдаған оралман жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Шымкент, 27 наурыз 2016 жыл.
«Асар» шағын ауданында тұратын мыңдаған оралман жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Шымкент, 27 наурыз 2016 жыл.

Көшіп келген қазақтардың 55,6 пайызы – еңбек жасындағы, 39,9 пайызы – 18 жасқа дейінгі, 4,5 пайызы – зейнет жасындағы адамдар. Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8 пайызы – жоғары, 20,6 пайызы – арнаулы орта, 60,8 пайызы – жалпы орта білімі бар азаматтар.

XS
SM
MD
LG