Accessibility links

«Қазақстан шеттегі қазақты бұрынғыдай шақырмайды»


Түркияның Алтай ауылында алғаш рет өткен қазақтардың «Жаз» фестиваліне қатысушы қазақ жастары. 2015 жылдың мамыры. (Түркиялық қазақ Таха Ясин Малкочтің жеке архивіндегі сурет.)
Түркияның Алтай ауылында алғаш рет өткен қазақтардың «Жаз» фестиваліне қатысушы қазақ жастары. 2015 жылдың мамыры. (Түркиялық қазақ Таха Ясин Малкочтің жеке архивіндегі сурет.)

Астана мен Алматыдағы өзгерістерге қуанған түркиялық қазақ атамекендеріне неге көшкісі келмейтіндерінің себебін де айтты.

Түркия қазағы, 83 жастағы Қажы Омар Жігіт – 1940 жылдары Қытайдан Үндістанға өтіп, кейін Түркияға жеткен қазақтардың бірі. Қазақстанға қыдырып келген сапарында Азаттық тілшісімен сөйлескен ол кісі Түркия қазақтардың жергілікті басқару жүйесі жайлы, олардың атамекендеріне көзқарастары туралы әңгімеледі.

Азаттық: – Қытайдан Үндістанға ауған кездеріңіз есіңізде бар ма?

Артынан айғайлап жыласа да қарай алмайды. Алып жүруге шама жоқ. Көшке ілесе алмай қалсаң, өзіңнің де өлгенің. "Қытайдан шыққан жұрттың жартысынан астамы жолды қырылды" дегені құлағымда қалған үлкендердің.

Қажы Омар Жігіт: – Қытайдан қазақтар бірнеше топ боп көшті. Сол көштің бірі Қытай шетіндегі дүнген жеріне келгенде бес жаста екенмін. Көп нәрсе бала болсам да есімде қалды. 1940 жылы дүнген жерінен шығып, Үндістан шекарасына бір жылда жеттік. Гималайдан асардағы қиыншылықты адам баласының басына бермесін. Артыңнан жау шауып, өлген адам көмусіз далада қалды. Жерді қазу мүмкін емес. Жерді қазу үшін от жағу керек. Бір күн от жақсаң, бір қарыс зорға қазылады. Кейбірінің сөйтіп беті жабылды. Ісіп-кеуіп кеткен адамдарды ат көтере алмайтын болған соң жанына су қойып, туған бауырын, баласын тірідей тастап кетуге мәжбүр болды жұрт. Артынан айғайлап жыласа да қарай алмайды. Алып жүруге шама жоқ. Көшке ілесе алмай қалсаң, өзіңнің де өлгенің. «Қытайдан шыққан жұрттың жартысынан астамы жолды қырылды» дегені құлағымда қалған үлкендердің.

Ол кезде Үндістан мен Пәкістан бөлінбеген, ағылшын билігі бар кез. Бізді бірнеше жерге орналастырды. Пәкістан бөлінген соң біз сол мемлекетте 12 жыл тұрдық. 1952 жылдары ақсақалдар бас қосып, 1953 жылы түрік елшілігіне барып арызданып, Түркияға өткізуді сұранды. Сөйтіп Түркия бар жағдайымызды жасады. Түрік тілін, қолөнерді үйретіп, кәсіп ашуымызға көмектесті.

Түркия қазағы Қажы Омар Жігітпен сұхбат:

Қазақстанға қазақтарды бұрынғыдай шақырмайтыны байқалады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Азаттық: – Түркиядағы қазақтар шоғырланған ауылдардағы жергілікті басшылар кімдер?

Қажы Омар Жігіт: – Бізді Стамбұлға әкеп ес жинатқан соң жан-жаққа таратты. Алтай ауылы – қазақ көп шоғырланған ауылдардың бірі. Бұл ауыл құрылғалы қазақ басқарып келеді. Ауылды басқарғысы келетін азаматтар өздері шығады. Халық кімге көп дауыс берсе, сол әкім болады. Түркияның көп жерінде халықтың сайлағаны болады. Өкімет оны қатты тексереді.

Азаттық: – Түркиядағы қазақтарға Қытай елшілігі көмектесіп тұрады деседі. Ол рас па?

Қажы Омар Жігіт: – Ол рас. Қытай елшілігі өкілі Алтай ауылына келіп жағдай сұрағанда жергілікті жұрт ауыз судың қиыншылығын айтқан. Сонда ауыз су жеткізіп берді, басқа да қызмет істеді. Ақталуы десе де болатын шығар. Қайтадан Қытайға жинау мақсатын да көздейтін сияқты.

Азаттық: – Шеттегі қазаққа Қазақстан қалай көрінеді?

Ауылды басқарғысы келетін азаматтар өздері шығады. Халық кімге көп дауыс берсе, сол әкім болады. Түркияның көп жерінде халықтың сайлағаны болады. Өкімет оны қатты тексереді.

Қажы Омар Жігіт: – Қазақстанға соңғы рет 2004 жылы келгенмін. Одан бері келіп тұрғаным – осы. Астанаға бардым, Аллаға мың шүкір еттім. Дүниенің ең жақсы қаласының бірі болыпты. Қазақшылығы да әлдеқайда жақсарыпты. Алматыда да қалың қазақ жүр.

Бір «әттеген-айы» – Пәкстаннан азып-тозып келгенде Түркия бізді жұрт қатарына қосып еді, Түркияның қамқорлығын еш ұмыта алмаймыз – сондай қамқорлықты Қазақстанымыздан көре алмадық. Бізді әр жерге бөліп жібереді келсек. Біз бірге өмір сүріп үйренгенбіз. Бір кездері Түркия қазақтарының 60-70 адамның атынан Қазақстанға келгенмін. Қалаға жақын, мал бағатын жайылым бар жер сұрап едік. «Қазақстанның солтүстік бес облысында іздеген жерлерің бар» деген соң оны да көрдік. Бізге ұнады. Видеокамераға түсіріп көрсеткенбіз елге. Басында бәрі құлшынған. Көшкісі келмейтін кей ағайын «солтүстіктің суығы Гималайдан кем емес екен» деген соң айнып қалды.

Жылы орнын суытқысы келмейтіндер де жетерлік. «Қазақстанға барсақ осы жағдайымызда айрылып қаламыз ба» деп қорқады. Менің де балаларымның біреуі Оңтүстік Африкада, екеуі Түркияда орнығып қалды. Өзім Түркияда 10 жыл егін ектім, трактор айдадым. Кейін Стамбулдан былғары фабрикасын ашып, Еуропаға былғары киім шығардық. Қазір зейнетте жүрмін.

Қазақстан оралман алып, қазақты көбейте берсе деп тілейміз. Бұрын Қазақстаннның көші-қон билігінде отырғандар Қазақстанға шақырып, үгіттейтін еді, қазір ондай байқалмайды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG