"Жаттанды сөздер, түсініксіз ұрандар, цензура". Үгіт парағы – Қазақстандағы саяси жағдайдың көрінісі

Депутаттыққа кандидаттардың үгіт парақтары ілінген маңнан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 3 наурыз, 2023 жыл.

Депутаттыққа үміткерлер кім? Олардың сайлауалды ұрандары мен үгіт-насихат парағының сапасы қандай? Кандидат көп болғаны жүйені демократияландыруға кері әсер ете ме? Азаттық мәжіліс пен мәслихат депутаттарының үгіт-насихат материалдарын шолып шықты.

2023 жылғы сайлау саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге қатысы жоқ бірмандатты үміткерлердің додасымен есте қалады. Қазақстанда бірмандатты округ кандидаттары сайлауға соңғы рет 25 жыл бұрын қатысқан.

Тәуелсіз саяси сарапшылар сайлау қорытындысын алдын ала болжап, парламентке билікке адал партиялар ғана өтеді дейді. Бірақ бірмандатты кандидаттардың болуы саяси алаңның көрігін қыздырғаны рас. Үміткерлер телевизиялық пікірталас кезінде бір-біріне айқайлады, YouTube пен TikTok желісінде жарнама жасады, көшелерде үгіт-насихат парақтары мен баннерлер қаптады.

Азаттық сарапшылармен бірге кандидаттардың үгіт-насихат материалдарын шолып шықты.

Тұрғын үй қабырғасына жапсырылған депутаттыққа кандидаттардың үгіт парақтары қаланың әр тұсынан кезігеді. Алматы, 3 наурыз, 2023 жыл.

"ОРТАША КАНДИДАТ" ЖӘНЕ "АБСТРАКТ ҰРАНДАР"

Парламент сайлауына бір апта қалғанда DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының сайтында PaperLab зерттеу орталығымен бірге жүргізілген сауалнама нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, қазақстандықтардың көбі кімге дауыс беретінін білмейді.

"Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 62,5 пайызы сайлауға қатысып жатқан партиялар өз мүддесін қорғайтынына сенбейді. 22,5 пайызы тізімде үміт артуға болатын партиялар бар деп есептейді. 15 пайызы бұл сұраққа жауап беруді қиын көрген. Респонденттердің 64,1 пайызы мәжіліс депутаттығына үміткерлер арасынан өз өкілін көрмейді. 24,8 пайызы тізімде өз кандидаты барын айтады. 11,1 пайызы нақты жауап бере алмаған" делінген зерттеуде.

Сауалнамаға қатысқандардың едәуір бөлігі (38,7 пайызы) сайлау болатынын көшеге ілінген жарнамадан білген. Сайлау алдында үгіт-насихат парақтары мен билбордтар танымалдығы бойынша интернет пен телеарнадағы жарнаманы жолда қалдырды.

Депутаттыққа кандидаттардың бірінің үгіт парағы жерде жатыр. Алматы, 10 наурыз, 2023 жыл.

Сайлауалды науқан негізінен көшеде жүріп жатқандай әсер қалдырады: стенд, қоршау, подъезд, автобус, метро, бағандарға дейін үгіт-насихат парақтары жапсырылған. Осындай қалың нөпірдің арасында жұрттың назарынан түспейтін билік партиясына мүше кандидаттардың өзі көзге көрінбей қалды. Кей кандидаттардың суреті жыртылып, жерде жатыр: мұны не бұзақылар, не бәсекелестер істегені белгісіз.

Қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев сайлауалды қарбаласты талдап көрген. Оның айтуынша, өзін депутаттыққа ұсынғандар көп болғаны қоғамда саясатқа араласуға сұраныс барын, азаматтар өзін билікте байқап көру мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысып жатқанын көрсетеді:

"Әлеуметтік-демографиялық талдау жасадық. Қазақстан бойынша парламент депутаттығына 600-ден астам кандидат тіркелген. Олардың 80 пайызы – ер адам, орташа жас шамасы – 49. Яғни үміткерлердің орташа портреті – 50 жастағы қазақ азаматы. Бұл – парламенттен орын алуға талпынып жатқан белсенді топ. 34 жасқа дейінгі 11 кандидат қана бар. Әйел кандидаттар 20 пайыз болады".

Көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіне жапсырылған депутаттыққа кандидаттың үгіт парағы. Алматы, 3 наурыз, 2023 жыл.

Бейсембаев кандидаттардың сайлауалды ұрандарына да назар аударған. Ол ұрандар мақсатты аудиторияға арналмаған, жалпы халыққа бағытталған абстракт мәтіннен тұрады деп сипаттайды. Сарапшы мұны былай түсіндіреді:

– "Халық" сөзі көп қайталанады: "Халықтың игілігі – бәрінен биік тұратын заң", "Халықпен бірге бол – осындай адамға дауыс бер". Бұл көп кандидат өз сайлаушысын танымайтынын көрсетеді. Кез келген сайлау науқанында әр кандидаттың өз сайлаушысы болады. Оларды демографиялық не басқа параметрлер бойынша топтарға бөлеміз. Осылай бағдарламаңыз мен ұраныңыздың мақсатты тобы болуы керек. Қазір бұл байқалмайды. "Әділдік", "қауіпсіздік", "әл-ауқат" сөзі көп кездеседі. Бұл да – белгілі бір топтың мүддесіне жауап бермейтін жалпылама сөздер. Партияның атынан ұсынылып жатқан кандидаттарда мүлде ұран жоқ. Партияның ұранын ала салған.

Депутаттыққа кандидаттың үгіт парағы ілінген маңнан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 10 наурыз, 2023 жыл.

Дегенмен әлеуметтанушы сайлауалды науқан дауыс беру нәтижесінен тыс жақсы әсер береді деп сенеді.

– Демократияға қайшы заңнама сияқты шектеулерге, бюрократиялық бақылау мен сайлау комиссияларының билікке бағыныштылығына қарамастан, белсенді азаматтар қалыптасатын кішкентай алаң пайда болды. Сайлау өткеннен кейін де бұл белсенділік жойылмайды: адамдар тәжірибе жинап, болашақта саяси карьерасын қалай құру керегін түсінеді, – дейді Бейсембаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Осы сұрақты Назарбаев пен Тоқаевқа қоярсыздар". Тәуелсіз кандидаттардың сайлауалды науқаны қалай өтіп жатыр?

"МАЗМҰНЫ МЕН ФОРМАСЫ ҮЙЛЕСІП ТҰР"

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов мұндай оптимистік көзқарасқа қосылмайды және үгіт-насихат плакаттары мен баннерлеріне күмәнданып қарайды. Ол партияның атынан ұсынылғандардың да, өзін-өзі ұсынған үміткерлердің де ұраны бірсарынды әрі өзінің саяси бағдарламасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолданатын тезистерден ауытқымайтынын айтады.

– Кандидаттардың бір бөлігі әлеуметтік мәселелерге ден қойған. Бұл билікті жақтайтын саясаттанушылардың пікіріне сәйкес келеді. Ақорда осы арқылы халықтың назарын саяси тақырыптан басқа мәселелерге аударып, Тоқаевтың демократиялық реформалары жүзеге асты, енді әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен жұмыс істейтін кез келді деп сендіруге тырысып жатыр. Бір жағынан, сайлау науқанынан цензура байқалады: кандидаттардың ешбірі президентті немесе Қаңтар оқиғасынан кейін қалыптасқан, "Жаңа Қазақстан" деп аталатын саяси модельді сынамады, – дейді саясаттанушы.

Сайлауалды жарнама көрсетіліп жатқан LED-экран тұрған жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 9 наурыз, 2023 жыл.

Әлжанов сайлауға бірмандатты кандидаттар көп қатысқанын дұрыс көрмейді. Сарапшының пікірінше, бұл сайлау учаскесіндегі жұмысты көбейтіп, сайлаушылардың назарын бөліп, наразы дауыс қосуға жол бермейді. Содан оппозициялық кандидаттардың жеңіске жету мүмкіндігі азаяды.

– Жүйе кандидаттарға тең мүмкіндік бермей отыр. Ал үгіт-насихат науқаны бір ай ғана болады. Осы уақыт ішінде кандидат сайлауалды науқанға ақша жинап үлгеруі керек. Сондықтан көбі үгіт-насихат парақтары, жарнама роликтері сияқты дәстүрлі әдістерді таңдаған. Сайлаушыларды біріктіретін саяси технология жоқ. Бәсекеге толы сайлау өтіп жатқан елде азаматтардың сайлау учаскесіне келуін қамтамасыз ететін тиімді жүйе құруға көп ресурс жұмсалады. Өйткені әр кандидат өз округінде белгілі бір мөлшерде дауыс жинаудан үмітті, – дейді Әлжанов.

Әлжанов Қазақстанда саяси өмірге араласқысы келетін азаматтар көбейіп жатыр, бірақ сайлау жүйесі қоғамның сұранысын елемей отыр дейді.

– Алматыда үш емес, 25 сайлау округі болуы керек. Ал парламенттегі орын саны 250-ден асуға тиіс. Сонда сайлау округтеріне жүктеме азаяды, кандидаттарға сайлаушылармен жұмыс істеуге, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туады. Бір округтен 30 кандидат сайлауға түсіп жатқанда, сайлаушылардың назары бөлінеді. Бұл билігін сақтап қалғысы келетіндерге тиімді, – дейді саясаттанушы.

Депутаттыққа кандидаттың үгіт парағы жапсырылған бағана. Алматы, 3 наурыз, 2023 жыл.

Графика дизайнері Артем Калюжный қазіргі үгіт-насихат науқанының визуал контентінен ерекшелік байқамаған. Ол бұған таңғалмағанын жасырмайды.

– Үгіт-насихат парақтарын баспаханадағы кезекші дизайнерлер жасаған сияқты. Италия мен АҚШ-тың сайлауалды парақтарын алып қарасаңыз, олар да осындай болады. Өйткені сайлау материалдары бірдей ереже бойынша дайындалады: жұрт назарын аударатын қанық түс, кандидаттың суреті және ұран. Нейрожеліге үгіт-насихат парағы керек деп жазсаңыз, шамамен қазір Қазақстанда ілініп тұрған суреттер шығады.

Депутаттыққа кандидаттардың үгіт парақтары ілінген тұстан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 3 наурыз, 2023 жыл.

Артём Калюжный сайлау материалдарынан мазмұн көрмегеніне қынжылады.

– Үгіт-насихат парақтарынан кандидат туралы ештеңе білмейсің. Бәрі құлақ үйренген сөздерді жазады. Мұндай сөздерді нейрожелі де жаза алады. Түсініксіз ұрандар дәл сондай түсініксіз дизайнмен берілген. Сондықтан мазмұны мен формасы үйлесіп тұр, – дейді Калюжный.

Кезектен тыс парламент сайлауы 19 наурызға белгіленген. Оған ресми тіркелген жеті партияның өкілдері қатысады. 98 кандидаттың 29-ы бірмандатты округтерден, 69-ы партиялық тізім бойынша сайланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Димаш Әлжанов: Тоқаевты сынаушыларды саяси қабілетсіз етіп көрсетуге талпыныс