"Саяси тұтқындар" тізіміне жаңа қосылғандар қатарында биыл мамырда өткен митингілерге қатысқан белсенді Әнуар Әшірәлиев, көп балалы әйел Оксана Шевчук, жалғызілікті әйелдер Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова, сондай-ақ 9 маусымда сайлауға бойкот жариялауға шақырған Серік Жахин бар. Бесеуі тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысы бар деп күдікке ілінген. Митингіге үндеді деген айыппен биыл шілдеде тергеу изоляторына қамалған оставкадағы полиция майоры Болатхан Жүнісов те "саяси тұтқындар тізіміне" енді. "Жер тағдыры" қоғамдық қозғалысының лидері Қайырлы Омар мен Жаңаөзендегі жұмыссыздар қозғалысының белсендісі Ержан Елшібаев та "саяси тұтқын" деп танылды. Сонымен Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған 20 сотталушы бар. Бірақ Нұр-Сұлтан елде "саяси тұтқындардың" барын жоққа шығарады.
Кеңес мүшесі құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының өкілі Евгений Жовтис Азаттыққа "саяси тұтқындар" тізімі қалай жасалатынын айтып берді.
Азаттық: - "Саяси тұтқын" тізімін жасағанда қандай заңдарға, шарттарға сүйенесіздер?
Евгений Жовтис: - Бүгінде постсоветтік елдерді белгілі бір шарттарға сүйене отырып тек үш елде, Қазақстанда, Ресейде және Беларусьта саяси тұтқындар тізімі жасалады. Біз бұл істі бірінші болып бастадық. Тізім жасау жолымыз өте ұқсас, дегенмен әр елдің өз ішінде ерекшелігі де бар. Біз халықаралық Amnesty International ұйымы мен Еуропа кеңесінің шарттарына сүйенеміз. Осыған сай, біріншіден, "саяси тұтқын" деп саяси бап негізінде сотталғандарды танимыз. Яғни, олар – өз пікірін білдіргені үшін, қоғамдық я саяси іс-әрекеті үшін қудаланғандар. Қазақстанда "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру", "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысу" және "бейбіт митинг өткiзу тәртiбiн бұзу" баптарын саяси баптарға жатқызуға болады. Саяси тұтқындар тізіміне кіргендер сөзі мен ісі арқылы зорлыққа шақырмауы тиіс. Басқа баптармен қамалып, бірақ олардың ісінен қоғамдық, азаматтық не саяси көзқарасы үшін қудалау сипаты байқалса, оларды да "саяси тұтқын" қатарына қосуымыз мүмкін. Бір ғана мысал, алматылық белсенді Дильнар Инсенова "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабымен айыпталып, екі жылға қоғамдық іспен айналысуға тыйым салынды. "Бөтеннің мүлкін иемдену" айыбы мен қоғамдық іспен айналысуға тыйым салу жазасы қисынға келмейді. Бірақ ол "саяси тұтқын" емес, себебі ол қамауда отырған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Саяси тұтқындар тізіміндегі ескі де жаңа есімдерАзаттық: - Яғни, "саяси тұтқындардың" тізіміне тек қамауда отырғандар кіре ме?
Евгений Жовтис: - Иә, біз үйқамақта отырғандарды немесе қамаудан шыққандарды қарастырмаймыз. Оларды саяси қуғынға ұшырағандар деп атауға болады. Қамауда отырғандарды басты назарға аламыз. 20 адам кірген тізімге алдағы уақытта "діни" баппен сотталғандарды қосуымыз мүмкін немесе оларға бөлек тізім түзерміз. Бұл тізімге де тек қамауда отырғандар кіреді. Әрине, Қазақстан билігі саяси тұтқындардың барын мойындамайды және оны әр жерде айтып та жүр. Кезінде Ислам Каримов (1991-2016 жылдары Өзбекстанды басқарды. 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болды - ред.) басқарып тұрғанда Өзбекстан да саяси тұтқындардың барын мойындамаған. Алайда билікке Шавкат Мирзияев келген соң ақпарат Өзбекстанда бір топ саяси тұтқынның түрмеден босатылғанын хабарлаған еді.
Азаттық: - Ал "саяси тұтқын" статусы сотталушыға не береді?
Евгений Жовтис: - Материалдық көмек бермейді. Бұл – моральдық көмек, демеу. Бұған қоса, халықаралық деңгейде құқығын қорғау я белгілі бір мәселелерді шешуде біздің шешімге сүйенеді.
Азаттық: - "Саяси тұтқындарды" анықтайтын құқық қорғаушылар кеңесінде қанша адам бар?
Евгений Жовтис: - Әзірге онға жуық адам мүшеміз. Құрамына бірталай тәжірибесі бар құқық қорғаушылар, заңгер мен қоғамдық белсенділер кірген. Жылына екі-үш рет жиналып, қоғамда дау тудырған, көп сөз болған жағдайларды талқылаймыз. Әр іске объективті қараймыз. Біз үшін адамның не істегені маңызды емес, біз оны жауапқа тарту мен оған шыққан үкімді бағаламаймыз. Егер ол зорлыққа шақырмаса, оны көзқарасы үшін қамауға болмайды. Ондай адамдармен балама көзқарас айтып, пікірталас жүргізу керек.
Соңғы уақытта елде "саяси тұтқындарды" босату талабымен акциялар көбейді. 23 тамыз 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: - Бұл кеңес қашан құрылып еді?
Евгений Жовтис: - Кеңес 2013 жылы құрылды. Тарихке үңілсек, саяси тұтқындар Совет одағында да болды. Совет одағына қарсы шыққандарды, сынағандарды жазалады. Одақ тарап, Қазақстан тәуелсіздік алған соң саяси тұтқындар болмаған еді. Кейін ақырындап "президентке жала жапты" деп айыпталған Кәрішал Асанов жазаланды. Одан кейін 2000 жылдары "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының белсенділері сотталғанда құқық қорғаушылар бұл терминді пайдалана бастады. Кейін Шаңырақ оқиғасы болды. Бірнеше адам сотталды. Осыдан кейін біз "саяси тұтқынның" шарттарын белгілеуді жөн деп таптық. Қазір сайтты ашып, кім және не үшін "саяси тұтқын" деп танылғанын көруге болады. Соңғы екі жылда Қазақстанда саяси көзқарасы үшін сотталғандардың саны күрт көбейіп келеді. 2010-2011 жылы Жаңаөзендегі оқиғалардан соң "әлеуметтік араздықты қоздыру" айыбымен сотталғандар көп болса, соңғы он жылда "діни алауыздықты қоздырды" деп сотталғандар көбейді. Ал "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын сот экстремистік ұйым деп таныған соң "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп жазаланғандардың саны артты. Түркіменстан, Тәжікстан, Каримов тұсындағы Өзбекстанмен салыстырғанда Қазақстанда "саяси тұтқындар" аз, бірақ саяси тұтқындары жоқ демократиялық мемлекеттермен салыстырғанда, бұл өте көп.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.