"ХАЛЫҚ САНЫ АЗДАП БОЛСА ДА ӨСТІ"
Азаттық: Биыл және кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда демография ахуалы қалай өзгерді?
Алтын Уәлтаева: Биыл Қазақстан үшін маңызды жыл болды. Өйткені халық дамуының жаңа кезеңі басталды. Кейінгі бір-екі жылда халық санының өсуіне қатысты барлық бағытта (туу және өлім көрсеткіші, олардың айырмасынан шығатын халықтың табиғи өсімі, көші-қон, әсіресе биыл) оң өзгерістер байқалады.
Биылғы туу көрсеткіші кейінгі он жылдың статистикасынан жоғары. 1991-2003 жылдар аралығында бала туу күрт азайған. Әсіресе 1997, 1998 жылдары. Орташа есеппен алғанда, бір отбасында бір бала да дүниеге келмейтін.
Қазір жағдай түзелді. 2022 жылдың аяғына қарай бір отбасына бір жарым баладан келеді. Яғни, әлдебір үйде бес бала, екіншісінде бір бала болуы мүмкін.
Аздап болса да, халық саны көбейіп жатыр. Қазір Қазақстанда 19,5 млн-нан астам адам тұрады (ұлттық статистика бюросының қараша айындағы мәліметінде халық саны 19,7 млн деп көрсетілген – ред.). Мың адамға шаққандағы өсім қарқыны 13 пайыз (орташа есеппен алғанда, жалпы демографиялық өсім 1,3 пайыз – ред.). Бұл бізде кері көрсеткіш жоғын білдіреді.
Табиғи өсім бала туу есебінен қалыптасып отыр. Биыл 250 мың сәби дүниеге келіп, 13 мың нәресте шетінеген.
Мысалы, Ресей "демографиялық крест" (туудан өлімнің көп болуы) жағдайында отыр. Қазақстанда мұндай жайт 1990 жылдардың басында болған, бірақ жағдай ушыққан жоқ. Үнемі сәл ғана "плюста" жүретінбіз. Неге? Өйткені Қазақстан халқы бұрыннан көп бала табуға бейім. Отбасын құру, бала сүю деген біз үшін аксиома, менталитет, ұлттың коды. Өте маңызды дүние.
Азаттық: Пандемия халық санына әсер етті ме?
Алтын Уалтаева: Пандемия жылдары қалада туу көрсеткіші сәл жоғарылады. Бірақ өлім көрсеткіші де өсті. Туу және өлім көрсеткішінің жоғары болуынан орташа коэффициент өзгерген жоқ. Неке отырғандар азайды, ал ажырасу көбейді. Бірақ статистика сәл ғана өзгерді. Бәлендей үлкен өзгеріс болған жоқ.
Азаттық: Орташа статистикалық қазақстандықты сипаттап берсеңіз?
Алтын Уалтаева: Ол – 29 жаста. Үйлі-баранды, бір баласы бар, екіншісін күтіп отыр. Жұмыс істейді. Қалада тұрады. Толық орта немесе екі курс жоғары білімі бар. Болмаса, арнаулы орта білім орнын бітірген болуы мүмкін. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейді немесе шағын бизнеспен айналысады. Тегінде Қазақстан халқының 0,7 пайызы ғана ірі кәсіпкер. Ал бұл – кәсіби білімі жоқ "саяси белсенділігі пәс": біреуден естіген немесе интернеттен көрген ақпаратқа сенгіш. Саясатқа шорқақ. Аз да болса ақпараты бар-ау деген адамның өзі премьер-министр кім екенін, қандай заңдар қаралып жатқанын білмейді, басқа да маңызды мәселелерден хабарсыз. Халықтың негізгі бөлігінің саясатта шаруасы жоқ.
"ХАЛЫҚ ШАҒЫН ҚАЛАЛАРҒА ШОҒЫРЛАНУЫ КЕРЕК"
Азаттық: Биыл көші-қон көрсеткіші қалай өзгерді?
Алтын Уәлтаева: "Қазақстанға қаншама ресейлік келді" деп жүрміз ғой. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде де осындай әлеуметтік процестер болған. Қазір ресейліктер жаппай Қазақстанға көшіп келіп жатыр деу дұрыс емес. Иә, келгендер бар, бірақ кеткендер де көп.
Бірақ көп жылдан бері алғаш рет миграция өсімі тұрақты, жақсы деңгейде қалды. 2021 жылға дейін сыртқы миграция, яғни, азаматтардың шетелге кетуі кері сальдо көрсететін. Азаматтар шетелге көп кететін. 2022 жылғы қаңтардан бастап оң сальдо байқалды. Елге келгендер көп. Бұл жекелеген көрсеткіш ғана, Қазақстан өмір сүруге тартымды мемлекет, жұрттың бәрі бізге ағылып жатыр деген сөз емес. Бұған әсер еткен фактор көп, соның бірі – Украинадағы соғыс.
Сырттан келгендер қай өңірге барады? Алматы мен Маңғыстауға. Шекараға жақын және мұнай өнеркәсібі сияқты жұмыс орындары болғандықтан, Алматыға қарағанда, Маңғыстауды көбірек таңдайды. Кей азаматтар бизнес ашады. Бір қызығы, Астанаға тұрақтап қалатындар аз.
Желтоқсанның басында Қазақстан бойынша сыртқы миграция сальдосы +397 адам болды. Былтыр желтоқсанда –559, ал 2022 жылдың басында -909 адам еді. Маңғыстауда +331 адам. Бұл – ұлттық статистика бюросының ресми дерегі.
1990-жылдардан бастап көп адам шетелге көшіп кетті. Қазір оң сальдо деп отырмыз ғой, бірақ оның екі себебі бар: біріншісі – Украина мен Ресей арасындағы соғыс (Еңбек министрлігінің 13 желтоқсандағы дерегі бойынша, 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресейде "ішінара" мобилизация жарияланғалы бері Қазақстанға 837 мың ресейлік келген. Осы кезеңде 780 мың адам басқа елге кеткен – ред.). Екіншісі – көрші мемлекеттерге қарағанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты болуы.
Азаттық: Ішкі миграция туралы не айта аласыз?
Алтын Уәлтаева: Ішкі миграцияда кері көрсеткіш байқалады. Бұл ауылдағылар қалаға белсенді көшіп жатыр дегенді білдіреді. Олар көбіне Астана, Алматы, Түркістан, Маңғыстауға көшеді. Ауылдан қалаға қоныс аударғандар осы өңірлерде көбірек.
Мемлекеттік көші-қон бағдарламалары бар. Мысалы, оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру шарасы. Бірақ мұндай бағдарламалардың тиімділігі төмен. Оның себебі шағын я моноқалаларды дамыту сияқты бағдарламалардың бәрі декларативті сипатта болғандықтан. Бағдарлама жазылады, бірақ нақты жүзеге асыру механизмі жоқ. Жеңілдіктер бар, бірақ олар да уақытша ғана.
Мысалы, оқуын тәмамдап, жаңа орынға көшіп барған адам баспана алады. Бірақ ары қарайғы болашағы бұлыңғыр. Сосын үйіне қайтады. Оған өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмаған. Бұл мәселе оқу және баспанамен ғана шектелмейді ғой. Ол сол жақта тұрақтап қалсын десек, отбасын құрып, бала өсіруге жағдай жасауымыз керек: балабақша, мектеп қажет. Егер осының бәрі әлгіндей құжаттарда қарастырылмаса, бағдарлама жұмыс істемейді.
Батыс Еуропа елдерінен айырмашылығымыз бар. Бізде қалада тұратын жанды ғана адам деп санайды. Менталитет сондай. Шағын қаладан гөрі ірі қалада тұрған жақсы деп біледі. Негізінде халықтың көп бөлігі шағын және моноқалаларда шоғырлануы керек.
Моноқала деген не? Бұл – қаладағыдай инфрақұрылымы бар, бірақ ауылдағыдай дәстүрлі өмір сүруге болатын елдімекен. Сонда ауылдан көшкен адамға бірден ірі қалаға барып, саяжайда жарлы-жақыбай тірлік кешіп, балаларын жоқшылық пен аштықта, мектепте кемсітуден көз ашпайтын халге түсірудің қажеті жоқ. Әуелі шағын қалаға қоныс аударып, сонда түрып байқасын.
Неге? Өйткені онда инфрақұрылым, колледж, институт филиалы, көпқабатты пәтер бар. Жұмысқа тұруға, ауыл шаруашылығымен айналысып, бау-бақша салуға, шағын бизнес ашып, жаңа ортаға бейімделуге болады. Солай етің үйренгеннен кейін балаң келесі жолы ірі қалаға көшуге дайын болады. Осылай болғаны жөн.
Әрине, бірден ірі қаладан пәтер сатып алуға шама-шарқы жететін ауыл тұрғындары да бар. Бірақ ондай адам аз. Ауылдан көшкен халықтың 50 пайызы ірі қаланың тіршілігіне бейімделіп кете алмайды.
Ауыл тұрғындары Түркістан, Алматы, Астана сияқты қарқынды дамып жатқан қалаларға барғысы келеді. Бірақ осы арқылы өздеріне психологиялық салмақ салады. Себебі әлі дайын емес. Бұл проблемаға айналады. Демографиялық бағдарламалар жұмыс істеуі керек. БҰҰ-ның осы тақырыпта дайындаған мыңдаған құжаты бар. Бірақ Қазақстан шенеуніктері бағдарлама дайындарда ондай құжаттарды көзге ілмейді. Ауыл халқы мен шағын қалалар мәселесін оңғармай қала халқының мәселесі көншімейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүрКӨП БАЛАЛЫЛАР МЕН ҚАНДАСТАР ЖАЙЛЫ
Азаттық: Халық санын көбейту үшін сырттағы қандастарды елге көшіру, бала тууды ынталандыру үшін көп баласы барларға жәрдемақы төлеу сияқты шаралар қолға алынды. Бұл шаралар тиімді болды ма?
Алтын Уәлтаева: Қазақстанда ондай жәрдемақының мөлшері өте аз. Бұл төлемдер жұртты бала тууға ынталандыра алмайды. Бірақ президенттің Ұлытауда айтқан ұлттық қорға мақсатты ақша жинау туралы сөзі жақсы ынталандыру болар еді (2022 жылы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың жинақ шотына аударуды ұсынды. Шотқа жиналған ақшаны бала 18 жасқа толғанша алуға болмайды – ред.). Өйткені бала туған адам перзенті 18 жасқа толғанда оның пәтер алатын, оқуға түсетін я бизнес ашатын ақшасы болатынын біледі. Яғни едәуір кезеңге қамсыздандырылған. Бұл шынымен әсері бар шара.
Ал қазір ата-ана баланы бағып-қаққаны үшін тиын-тебен ғана алады. Қазақстан бойынша бір шаңыраққа бір жарым баладан келеді. Төрт, алты, жеті баласы барлар аз, сондықтан көп балалы отбасына арналған жәрдемақыны азын-аулақ топ қана алады. Көбіне бірінші немесе екінші балаға ақша төленеді. Отбасылардың 30 пайызы үшінші баласына, 15 пайызы төртінші баласына жәрдемақы алады. Сегізінші балаға мемлекеттік төлем алатындар – нөл пайыз. Сондықтан жәрдемақы бұл мәселеге көмектеспейді. Жастарға балалары кедейлік қамытын кимей өмір сүріп, қиналмайтынын көрсететін ұзақмерзімді бағдарламалар керек.
"Кедейлікті көбейтіп қайтеміз?" деген сөз бар. Көңілге тиетін, ауыр сөз болғанымен, мәселенің мәнін осыдан-ақ түсінуге болады. Әрқайсымыз қара басымызды, баламызды қалай бағып-қағып, жеткіземіз деп жүрген адамбыз. Сондықтан қазір мемлекет қолға алып отырған шара – балаға арналған капитал – жақсы тетік болуы мүмкін. Бірақ бұл шара 10-15 жылдан кейін ғана жеміс береді.
Қандастарға келсек, 1990-жылдары шынымен Қазақстанға көшкісі келетіндер көп болды. Бірақ қазір оларды ұмытып кеттік. Әлі де көшіп келген немесе тарихи отанына қоныс аударғысы келетіндер бар, бірақ оларда ешкімнің шаруасы жоқ, өздері тірнектеп еңбек етіп, күн көріп жүр. Бұрын қандастар ауыл шаруашылығымен айналысып, мал өсіру үшін оңтүстіктегі ауылдарға көшетін. Қазір бәрі қалада тұрғысы келеді. Өйткені олар мемлекеттің қалаға ғана көңіл бөлетінін көріп отыр.
Қандастар көбіне, дәстүрлі өмір салты сақталған жерлерден келеді. Яғни, бала-шағасы көп отбасылар. Ондайлар еліміздегі туу көрсеткішін арттыруға септеседі. Олар халқымызға "жұмыс істеп, бала тауып, оларды бағып-қағып, тарықпай өмір сүруге болатынына" жақсы үлгі болар еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қандас мәртебесі, азаматтық алу, "Қазақ картасы". Үкімет тұжырымдамасы неге сынға қалды?"АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ БАЛА ТУУ КҮРТ КӨБЕЙМЕЙДІ"
Азаттық: Халық санының өсуі маңызды ма?
Алтын Уәлтаева: Әрине. Өйткені халық неғұрлым көбейген сайын, реформалар тиімдірек жұмыс істеп, мемлекет, өнеркәсіп, сауда, құрылыс, медицина және білім саласы дамиды. Қазақстанда қазір әр шаршы метрге жеті адамнан келеді. Бізге көбею керек. Жастар көп болуы тиіс.
Экономикамыздың қазіргі ахуалына, даму деңгейімізге байланысты демография өсімінің кері әсері болуы мүмкін. Бірақ онсыз болмайды. Ерте ме, кеш пе, көп халыққа үйреніп кетеміз. Оның үстіне, Қазақстан жері кең, мүмкіндігі бар.
Бірақ ұзақ мерзімге жоспар құрмаймыз. Бүгін нәтижеге қол жеткізу үшін жоспарды кеше дайындауымыз керек еді. Бірақ олай болмады. Он жылдан кейін 25 миллион болсақ не істейміз? Қазір кабинетте екі адам отырмыз, 500 адам кіріп келсе, не істейміз? Түрегеп тұрамыз ба? Кешіріңіз, ол ыңғайсыз ғой. Одан да "Өзбекстанға, Ресейге кетемін, мұнда өмір сүру қолайсыз" дейсіз.
Жыл сайын туу көрсеткіші неге 200 мыңның төңірегінен аспайды? Қандастар келіп жатыр, біздің де өміріміз жаман емес, бірақ 250 мың бала ғана туады. Неге 500 мың емес? Неге 13 мың нәресте шетінеп кетеді, неге бес мың емес? Медицина дамып жатыр ғой, бөліп отырған ақша аз емес, бетперде тағып жүрміз, аттап бассаң алдыңнан дәріхана шығады. Ендеше неге? Өйткені ұзақмерзімді жоспар жоқ.
Сондықтан алдағы жылдары бала туу күрт көбеймейді. Мүмкін, 2030 жылдары болатын шығар ондай. Жалпы, демографияда жылдам әрі бір реттік шара деген болмайды. Жыл өткен сайын артып отыратын жүйелі әлеуметтік, саяси және қаржы шаралары болғаны жөн. Жайлы өмірді қамтамасыз ететін іс-әрекет көп уақыт қажет етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Сайлау алдындағы популизм". Халықтың несиесін кешу туралы шешімнің астарында не жатыр?Экс-президенттің "қателігін қайталаған" Тоқаевтың "үрейі", беделіне түскен дақ, Назарбаев мұрасы. Пол Стронскимен сұхбат"Билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек". Қазақстанды кедейлік жайлап барады