ТОҚАЕВТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ТАҚЫРЫПТАР
22 қараша күні Алматыда Sulpak дүкенінің жанындағы көп жылдан бері өсіп тұрған ағаштардың оталуы қоғам наразылығын тудырды. Қас қарайғанда кесілген 13 түп ағаштың тоғызы – "Қызыл кітапқа" енген емен. Сауда үйі әкімшілігінің бастапқыда ағаш кесуге қатысы жоғын мәлімдеуі, одан кейін қала әкімдігінің оны терістеуі жағдайды одан әрі ушықтырғандай болды. Эко белсенділер мен тұрғындар 9 емен мен 4 қарағашты кесуді табиғатқа жасалған қиянатқа балады.
Facebook-те қызу талқыланған бұл мәселеге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың та араласып, "кінәлілерді жауапқа тартуды" тапсырғанын оның баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды" деп жазды Уәли 24 қараша күні Facebook-парақшасына.
Келесі күні заңгер Жохар Өтебеков кінәліні табу мәселенің шешпейтінін жазды.
"Қазақстанда заңсыз ағаш кесудің неліктен түкке тұрмайтынын қазір түсінесіз. Емен [кескені] үшін қылмыскерлердің қанша өтемақы төлейтінін білесіз бе? Тіпті "Сулпактың" жанындағы варварлар кесіп құртқан сау еменнің де өтемақысы сол. 6 айлық есептік көрсеткіш!! 16,5 мың теңге. Автокөлікті дұрыс қоймағанда салынатын айыппұлмен бірдей. Тағы қайталап айтамын. 1 емен = 40 доллар! Ол 70 жыл бойы 40 долларға дейін өскен!! Мұндай мазақ төлем тұрғанда "Сулпак" тұтас емен тоғайын аралап тастаса да, мұртын балта шаппайды" деп жазды заңгер Facebook-те.
Бірақ президент тапсырма бергеннен кейін мәселені тез шешуге тырысқан Алматы әкімдігі Sulpak-ты кінәлай отырып, оталған 13 ағаштың орнына 30 түп еменді өз есебінен отырғызып тастады.
Президент Тоқаевтың қоғамда резонанс тудырған мәселеге байланысты пікір білдіруі алғаш рет емес.
Қарашаның басында Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақүй салынбақ деген хабар тарап, интернетте тағы да көп сын айтылды. Экобелсенділер қонақүй салу шатқал табиғатына зиян тигізетінін айтып, жоспарға қарсы шықты. Facebook-тің қазақстандық сегментінде құрылысқа наразылық науқаны басталды. 17 қараша күні Тоқаев та бұған үн қосты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Табиғаты ерекше шатқалға қонақ үй салуды билік қолдап, қоғам қарсы болдыОның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасына "Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді" деп жазды. Президентке мадақ айтушылар да көп күттірмеді. Ал қорықтың қауіпсіздігіне алаңдағандар қонақүй салынбайтын болды деп көңілі орнына түскендей болды.
Бірақ келесі күні Берік Уәли "бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді" деп, әлгі жазбасына "қосымша түсініктеме" берді.
"Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады" деп жазды Уәли.
5 шілде күні Каспийде шомылып жүрген жасөспірімдердің теңізде жүзіп жүрген итбалыққа тас лақтырғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарап, лезде тренд тақырыпқа айналды. Бес күннен соң үкімет отырысында Тоқаев кінәні жасөспірімнен емес, мектептен іздеу керегін айтып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты осы мәселе жөнінде ойлануға үндеді.
27 наурызда, Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар анықталғаннан кейін екі апта өткенде, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли "қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық болмысымызға қайшы, шығыстық қалпымызға сәйкес емес "Қалаулым", "Қалауым сен" атты бағдарламаларға қоғам тарапынан қарсылық көбейгенін" айтып, Тоқаевтың тиісті тапсырма бергенін хабарлады.
"Азаматтар әлеуметтік желілерде қол жинап, бағдарламалардың жабылуын талап етіп, БАҚ беттерінде түрлі сыни мақалалар жарияланып жатыр. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаларға қатысты қоғамның ұстанымын біледі. Соған сәйкес тапсырма берілді" деп жазды Уәли Facebook-те.
Президент баспасөз хатшысының осы постына 350 пікір жазылды. Көбі "дұрыс болды" деп құптады. Тоқаевтың тапсырмасынан соң "Қалаулым", "Қалауым сен" реалити-шоулары телеарналар эфирінен жоғалды. Бірақ көп ұзамай жұп құрамын деген қыз-жігітті табыстыратын өзге шоулар көрсетіле бастады.
ЗАҢСЫЗ АҒАШ ОТАУ – ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ АРАЛАСАТЫН ШАРУА МА?
Саясаттанушы Данияр Қосназаров Тоқаевтың Алматы көшесіндегі ағаштардың оталуына араласуы "бекер емес" дейді.
"Тоқаевтың осы коммуникациялық актіні жасауына не түрткі болды?" деп сұрақ қойды саясаттанушы Facebook-те. Ол бұл сұраққа өзі жауап берді: "Жылыту маусымында Алматы электораты экологияға ерекше алаңдайды. Әкімге істің анық-қанығына жетіп, кінәлілерді жазалауды тапсыру арқылы президент аталмыш мәселе бойынша алаңдаушылығын және бірізді ұстанымын көрсеткісі келді".
Қосназаров бұл жағдайдың Тоқаевтың рейтингіне оң әсер ететінін айтады. Ол сондай-ақ ағаш кесуге байланысты пікір білдірген президент "кімнің қожайын екенін" көрсетті дейді.
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев "президент ағашпен айналысып жүргенде үкімет коронавирус салдарымен күресу үшін Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард евродан сәл асатын көлемде қарыз алып отыр" деп жазды.
"Сайлау алдындағы қарбалас. Біріне "еститін мемлекет" концепциясының жұмыс істейтінін көрсету керек, басқаларына 10 қаңтар алдында (парламент сайлауы өтетін күн – ред.) әлеуметтік наразылықты азайту үшін әлеуметтік-экономикалық механизмге ақша төгу керек" дейді Сәтпаев.
Журналист Қанат Тілеухан президенттің ағашқа байланысты пікір білдіруін оның айналасындағылар ұйымдастырған іске балайды.
"Президенттің [бұл оқиғадан] қаншалық хабары барын білмеймін. Мұны президент білмейтін сияқты деген күдігім бар. Мұны да жасап отырған айналасындағы адамдар, – деді Тілеухан Азаттыққа. – Керісінше, оның имиджіне нұқсан келтірумен айналысып жатқандай көрінеді маған".
Тілеухан Sulpak дүкені жанындағы ағаштарды кесу президент тұрмақ қала әкімі араласатын шаруа да емес деп санайды. Бұл мәселені аудан басшысы не аудан басшысының аппараты деңгейінде шешуге болар еді дейді журналист.
"ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ" КОНЦЕПЦИЯСЫ ТОҚАЕВТЫҢ TWITTER АРҚЫЛЫ РЕАКЦИЯ БІЛДІРУІНЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ
Азаттық АҚШ-тағы George Washington университетінде саяси коммуникация мамандығы бойынша білім алған Шалқар Нұрсейітовке Қазақстан президентінің халықпен байланысу әдісі жөнінде сұрақ қойды.
Азаттық: Берік Уәлидің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы ағаш кесу ісіне араласуы жайлы жазбасы қандай әсер қалдырды?
Шалқар Нұрсейітов: Тоқаев "халық үніне құлақ асатын мемлекет" концепциясының авторы емес, реактивті президентке айналып кеткендей әсер қалдырды. Бұл маған бір жарым жыл бұрын ғана 70 пайыздан астам дауыс жинаған президенттің емес, рейтингі құлап кеткен президенттің реакциясындай көрінді. Facebook-тегі "хайп" (ағылшынның hype сөзінен алынған, медианың қандай да бір өнімді не оқиғаны қызу талқылауы – ред.) тақырыпқа жармасу арқылы қандай жолмен болса да өз рейтингін күшейтуге тырысып жатқандай. Өзіне сенімді, саяси ортада салмағы бар және қоғамда өзінің рейтингіне күмәнданбайтын президенттің әрекетіне ұқсамайды.
Азаттық: Реактивті президент пен халық үніне құлақ асатын президенттің айырмашылығы неде?
Шалқар Нұрсейітов: "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" – көпшілікке әлі күнге дейін түсініксіз, нақтыланбаған концепция. Авторларының өзі толық түсінеді дегенге күмәнім бар. Бізде мемлекеттік институттар жұмыс істесе, жаңа концепция ойлап табудың қажеті жоқ. Әр институт, әр мемлекеттік орган көпшіліктің мәселесін өз деңгейінде шешіп отырса, арнайы бағдарлама қабылдаудың керегі де жоқ. Бірақ Қазақстан сияқты авторитарлық мемлекетте мәселелердің барлығы тек имитация арқылы шешіледі. Барлығы өрт сөндірушінің қызметін алып алған. Қай жерде өрт шықса, сол жерге барып, "мәселе мемлекеттің бақылауында, бәрін шешеміз" деген көзқарас қалыптастыруға тырысады.
Ал мына "еститін мемлекет" концепциясы Тоқаевтың Twitter немесе Берік Уәли арқылы реакция білдіруіне айналып кетті.
Ағаш кесу – сол Sulpak дүкені орналасқан ауданның әкімдігі шешіп тастайтын мәселе. Ағаштан бөлек, азаматтардың тұрмысына, жұмысына және күнкөрісіне байланысты көкейкесті мәселе қаншама?! Бастысы халықтың осы мәселелер жайлы арыз-өтінішін құқық қорғау органдары қалай қарастырып жатыр? Осы сұрақ мазалауы керек. Мына жағдай мемлекеттік органдардың дисфункциясы қандай деңгейге жеткенін көрсетеді. Ірі мегаполистегі мемлекеттік органның жағдайы осындай болса, аймақ туралы ойлаудың өзі қорқынышты.
Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі аккаунттары
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2011 жылдан бері Twitter желісінде @TokayevKZ аккаунты бар, 179 мың оқырман тіркелген. 2019 жылы 1 сәуірде Instagram-да аккаунт ашқан, оған 1,7 миллион оқырман жазылған. Akorda.kz сайтында осы екі аккаунт қана көрсетілген. Facebook желісінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атымен ашылған бірнеше аккаунт бар, бірақ баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың Twitter мен Instagram-ді ғана қолданатынын айтып, өзгесін фэйк деп атаған.
Азаттық: Сіздің түсінігіңізде "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қандай болуы керек?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алғашқы һәм соңғы ауыл әкімін "тікелей" сайлау ұмытыла бастадыШалқар Нұрсейітов: Ең алдымен әкімді халық тікелей сайлауы керек. Мейлі ол аудандық я ауылдық болсын, барлық деңгейде. Сайланатын азаматтар қаласа да, қаламаса да көпшіліктің пікіріне құлақ асады. Екінші мәселе, құқық қорғау органдары атқарушы билікке тікелей тәуелді. Мысалы қарапайым митингілер кезінде әкімдік өкілдері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тапсырма беріп, белсенділерді ұстап жатады. Тіпті үйінен әкетіп, қысым көрсетеді. Оның барлығын әкімдіктегі ішкі саясат бөлімімен бірлесіп жасайды. Құқық қорғау органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші емес, саяси репрессия құралына айналып кетті. Бұл – халық үнін еститін емес, азаматтарды ерік-жігері үшін жазалаушы мемлекеттің белгісі.
Азаттық: Президенттің коммуникациялық стратегиясы туралы не ойлайсыз?
Шалқар Нұрсейітов: Тоқаев Twitter-ді 2011 жылдан бері пайдаланады. Әлеуметтік желіде болған соң, қандай да бір мәселелер жөнінде пікір айтуы керек. Бірақ бұл президент кез келген нәрсеге реакция білдіруі керек дегенді білдірмейді. Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, оларда президент белгілі бір мерзімге сайланатын болғандықтан, оның күн тәртібінде жоқ дегенде екі-үш өзгермейтін мәселе болады. Сол мәселелерді үнемі күн тәртібіне шығарып отырады. Ол үшін президентке коммуникация департаменті қызмет етеді. Онда сыртқы және ішкі коммуникацияға жауап беретін арнайы мамандар жұмыс істейді. Бұл – әбден машықтанған адамдардың командасы. Олар президенттің әрбір твитіне дейін дайындап, мән береді. Ондағы месседж, президенттің күн тәртібімен үйлесімдігі – бәрі есептеледі. Ал біз Тоқаевтың реактивті стиліне қарап, оның командасында коммуникацияға бір-екі көмекшісі мен баспасөз қызметі ғана жауап беретінін көріп отырмыз.
Sulpak дүкеніндегі жағдайға дейін "Қалаулым" кейсі болды. Оған дейін әрбір "әкімге жеке тапсырма бердім", "назарда ұстаймын" деген твиттері болды. Мұның бәрі "халық үнін еститін мемлекеттің" имитациясына айналып кетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус жұқтырған дәрігердің бастан кешкендеріОнлайн тапсырма беруге министрлер де әуестенді. Естеріңізде болса, Меркідегі аурухананың дәрігері маска тапшы екенін айтқан соң сол кездегі Денсаулық сақтау министрі өз қызметкеріне әлеуметтік желі арқылы тапсырма берді. Қарамағындағы қызметкерге тапсырманы онлайн беру этика жағынан да дұрыс емес.
Былай қарап тұрсақ, бізде мәселені шешудің, азаматтардың мүддесін қорғаудың өмірдегі имитациясы онлайнға да көшіп кеткені байқалады.
Салық төлеуші ретінде бізге шенеуніктің тапсырманы қалай беретіні қызықты емес. Бізге тек мәселенің қалай шешілгені ғана маңызды.
Ал мұның бәрі "әлеуметтік желіні керемет пайдаланып жатырмыз, қарап отырған жоқпыз" деген образ қалыптастыру үшін жасалып отыр.
Денсаулық сақтау министрінің әлеуметтік желіде тапсырма беруі
8 сәуір күні өзін Жамбыл облысы Меркі ауданындағы аурухананың инфекционист дәрігері деп таныстырған Толқынай Ордабаева жұмыста жүріп коронавирус инфекциясын жұқтырғанына аурухана басшылығы кінәлі екенін Facebook-те жазды. Дәрігер өзін аурухана басшылығы артық жұмыс істеуге, маска тігуге мәжбүрлегенін және өзге де жайтты баяндады. Сол күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов министрлікке қарасты Тауар және қызмет көрсету сапасын бақылау комитетінің сол кездегі басшысы Людмила Бюрабековаға Facebook желісі арқылы тапсырма берді.
Азаттық: Кейде мәселенің контексіне байланысты жергілікті оқиға республикалық деңгейге шығып жатады. Мысалы, ағаш кесуден елдегі экологиялық ахуалдың шынайы көрінісі қылаң беруі мүмкін. Оның үстіне оқиғаға ірі сауда дүкенінің қатысы бары, дүкен иесінің ықпалды топтың ортасында жүруі істің әділ аяқталатынына деген күдікті күшейтсе керек. Тоқаевтың осы бір жергілікті оқиғаға назар аударуы қажет болсын делік. Президенттің реакциясы қандай болуы керек?
Шалқар Нұрсейітов: Дамыған елдерде президент осындай ағаш кесу секілді оқиғаға пікір білдірсе, ол біздегідей екіұшты қабылданбайтын еді. Экология мәселесіне бағдарламасынан ойып тұрып орын берсе, күн тәртібінен түсірмей отырса, президенттің пікірі қоғамда шынайы қабылданар еді. Тоқаев эко белсенділерді қолдай бермейді.
Былтыр Көкжайлау туралы дау туғанда, реакция білдірді. Бірақ ол кезде алдымен Байбек (Алматы қаласының сол кездегі әкімі, қазір биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек – ред.) пікір білдірді. Артынша Тоқаев жоба "менің тапсырмаммен тоқталады" деді.
Тоқаевтың Көкжайлау шатқалына курорт салуға реакциясы
Алматыдағы Іле Алатау ұлттық табиғи паркіндегі Көкжайлау шатқалына шаңғы курортын салу жобасы эко белсенділердің наразылығын тудырып, дауға қалды. 2019 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында қаланың сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек жобаны кейінге қалдыруды ұсынды. Сол күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парақшасында "Б.Байбек мамандардың сараптамасын, қала тұрғындардың пікірін білу үшін "Көкжайлау" тау-шаңғы курорты жобасын шегеруді ұсынды. Менің ұсынысым бойынша қабылданған осы шешімді қолдаймын" деп жазды.
Бұл да саяси мақсаттағы реакция деп ойлаймын. Бұл қоғамда барынша қызу талқыланып жатқан, адамдардың басын біріктіретін, кейін саяси талаптарға ұласып кетуі мүмкін ұшқынды "алдын ала өшірудің" әрекеті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Айман Тұрсынхан: Мемлекет халықтың алдында техникалық дефолтқа ұшырадыПандемия кезінде кедей адамдар одан әрі кедейленіп, наразылық күшейе түсті. Мемлекетке көңілі толмайтын жандар көп, оны билік көпшілікке жария етілмейтін зерттеулері арқылы да біліп отыр. Оның үстіне электоралды кезең келе жатыр. Алда – парламент сайлауы. Оларға артық дау-дамай, азаматтардың саяси белсенділік танытқаны керек емес.
Бұл жерде әкімдікті де атап өтуге болады. Орталықтан тапсырма түскен соң әкімдік Sulpak-тың мәселесін өз мәселесі қылып алды да, оны шешумен өзі айналысып кетті. Ағашты салық төлеушілердің есебінен отырғызып тастады. Бұл азаматтардың ашу-ызасын одан әрі күшейтіп, кері әсер етті. Жүйелі шешімдер керек.
Азаттық: Жүйелі шешім демекші, Берік Уәли президенттің "Қалаулым" бағдарламасын жабу туралы пікір білдіргенін жазды, бірақ одан соң сол сипаттағы өзге шоулар ашылды. Дәл сол Уәли мемлекет басшысының Бозжыраны да сөз еткенін мәлімдеді, бірақ ертесіне "бұл құрылыс болмайды дегенді білдірмейді" деп түсініктеме беруге мәжбүр болды. Санаулы күннен кейін Маңғыстау облысының әкімі құрылыс 1-2 шақырым қашықта салынады деді. Бозжыраның ерекшелігін ескерсек, 1-2 шақырым тым алыс емес секілді. Президенттің сөзі орындалмайтындай көрінеді. Бұл президенттің ықпалы жоқ дегенді білдірмей ме?
Шалқар Нұрсейітов: Бұл жерде Бозжыра болсын, Sulpak болсын, барлығының артында ірі олигахтар тұр. Мұндай жобалар кітапханадағы (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігі – ред.) адамдардың қолдауынсыз жабылмайды. Ашық деректердегі видеодан Sulpak иесінің [бұрынғы президенттің үлкен қызы] Дариға Назарбаевамен бір яхтада сауық құрып жүргенін көруге болады. Ал енді сол компанияның ешқандай кешірім сұрамауы, мәселені ушықтырмауы үшін әрекет жасамауы, менің ойымша, олигархтардың әлі күнге дейін экс-президент пен оның әулетінің айналасына топтасқанын білдіреді.
Егер билік шынымен Тоқаевқа өткенде олигархтар қаласа да, қаламаса да соның айналасына топтасатын еді. Бұл – саяси ойынның ережесі. Әрбір олигарх Назарбаевтың кезінде жиған мал-мүлкінен айырылып қалмау үшін жаңа президентпен дос болуға тырысушы еді. Олар Тоқаевты әлі күнге дейін бірінші адам ретінде қабылдамайды.
Азаттық: Тоқаевтың "Қалаулым" шоуы, Sulpak дүкенінің жанындағы ағаштардың кесілуі жайлы пікірі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің аузымен айтылды. Бұл туралы не ойлайсыз?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жарты сағат талқылап, жарты ғасырға жалға берді". Ұлттық парк жері кімнің қолына өтті?Шалқар Нұрсейітов: Қателеспесем, Көкжайлау жөнінде өзінің Twitter-дегі аккаунтынан жазды. Бізде мәселеге иерархиялық көзқараспен қарайды. Мұндай мәселелерді Берік Уәли мен президенттің көмекшілері жеткізуі мүмкін. "Әлеуметтік желідегі бүгінгі "хот топик" – мына тақырып, осыған пікір білдірсеңіз, қоғамның алдында рейтингіңіз артады" деген секілді. Сондай кезде Тоқаев келіседі деп ойлаймын.
Төңірегіндегі адамдар "Қалаулым" туралы мәселе көтерсеңіз, қазақ тілінде сөйлейтін аудитория сізге оң көзқараспен қарауы мүмкін" деген болуы керек. Ал Тоқаевтың ондай аудиториямен коммуникациясында проблема барын білеміз. Мемлекеттік тілді еркін меңгермегені де бар.
Азаттық: Мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп қалдыңыз. Сол "Қалаулым" қазақ тілінде ғой, бағдарламаны өзі көрді деп ойлайсыз ба?
Шалқар Нұрсейітов: Көргеніне күмәнім бар. Өйткені президенттің уақыты өте шектеулі. Оның уақытына айналасында қаншама адам таласады. Бұл жерде не алдына есеп келген, не баспасөз хатшысы болмаса көмекшісі айтқан болуы керек.
Бірақ дәл осы бағдарлама туралы айтқаны өте сауатсыз мәлімдеме болды. Тоқаевтың өзі Қазақстан демократия жолымен келе жатыр деп жүр. Ал енді президенттің бір БАҚ-тың ішкі саясатына араласуы, бағдарламаны жауып тастау сол демократияға жат нәрсе. Мұны сөз еркіндігін шектеуге бағытталған қадам ретінде бағалауға болады. Егер "Қалаулым" БАҚ туралы заңды бұзбаса, рейтингі жақсы болса, бағдарламаның өміршең болуға құқығы бар.
Facebook-те жұрт шулап жатыр екен, президент реакция білдірді деп ол бағдарламаны жауып тастаса, бұл биліктің цензура барын ресми түрде мойындауы болар еді. Президенттің жанында кәсіби коммуникация мамандары болса, мұндай қателік жібермес еді.
Бізде баспасөз қызметіне тек журналистер жарайды деген көзқарас бар. Ал баспасөз қызметін тек пресс-релиз тарататын бөлім ретінде қабылдайды. Президенттің баспасөз қызметін саяси салмағы бар, басшыға тіке кіре алатын адамды қойған жөн. Бізде кімнің беті жылтырақ, кім танымал, сол азаматтарды қояды. Мейлі президент әкімшілігі болсын, мейлі министрлік болсын.
Кризис коммуникациясы деген бар, айтылған мәлімдеменің жалпы нарративке сай болуы деген бар – осының бәрін ортаңқол журналистерге тапсырып қояды. Мысалы, "Қалаулым" бағдарламасы жайлы мәлімдемесі Конституцияға қайшы екенін ешкім аңғарған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Реформатор" Тоқаевтың "қайшылықты ұстанымы" мен "реформалар пакеті"Азаттық: Тоқаевтың коммуникация стратегиясына тоқталсақ. Назарбаев жасанды болса да, елдегі мемлекеттік басылымдардың тілшілерімен және басшыларымен кездесіп, олардың "қауіпсіз" сұрақтарына жауап беріп жататын. "Халық үнін еститін мемлекет" концепциясын ұсынып жүрген Тоқаев осы күнге дейін шетел басылымдарына бірнеше сұхбат берді, бірақ жергілікті тәуелсіз журналистерге бірде-бір рет сұхбат берген жоқ. Мұның себебі не деп ойлайсыз?
Шалқар Нұрсейітов: Бұл жерде екі мәселе бар деп ойлаймын. Президент шетелдік БАҚ-қа сұхбат беруде былтыр белсендірек болды. Былтыр президент ауысты. Ал елде қаншама шетелдік инвестор бар. Оларға "елде билік транзиті бейбіт өтіп жатыр", "Назарбаев сенімді адамын қойып кетті" деген месседжді жеткізу керек болды. Бар болғаны сол ғана.
Егер Тоқаев төрде отырып алып, айналасына Назарбаев секілді бес-алты мемлекеттік БАҚ-тың өкілін жиып алып сұхбат берсе, бұл кітапханаға ұнамауы мүмкін. Сұхбатты бұлай беру Назарбаевтың "фишкасы". Мұндайды ол Тоқаевқа қимайтын сияқты. "Елде қожайын – Тоқаев" деген көзқарастың қалыптасқанын қаламайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұзаққа созылған қоштасу". Постназарбаев дәуірі келе ме? Ол қандай болады?