ПАРЛАМЕНТТЕ СОЛ БАЯҒЫ ҮШ ПАРТИЯ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурызда жариялаған халыққа жолдауында "жаңа Қазақстанда" саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдейді деп мәлімдеген. Президент заңға партия құру үшін кемінде 700 адамнан тұратын бастамашыл топ құрып, жаңа саяси ұйымды қолдайтын 5 мың адамның қолын жинаса жеткілікті деген түзету енгізуді ұсынған.
"Саяси партиялар туралы" қазіргі заң бойынша, бастамашыл топ құрамында кемі бір мың адам болуы шарт және жаңа партияны қолдайтын 20 мың адамның қолын жинау қажет деп жазылған.
Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін кейбір азаматтар бірігіп, саяси партия ретінде тіркелуге талпынып көрді. Бірақ олардың тапсырған құжатын әділет министрлігі "дұрыс толтырылмаған" деген ескертумен қайтарған. Мамырдың басында вице-министр Алма Мұқанова Азаттыққа осы жөнінде пікір білдіріп, "құжатты қайта түзеп әкелуге болатынын" айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Биылғы көктемге дейін елде ресми тіркелген алты саяси партия – "Нұр Отан", "Ақ жол", Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Ауыл" және "Адал" болған еді. Кейінгі екеуі өзге партиялармен бірігіп, атауын өзгерткені болмаса, 2007 жылдың қаңтарынан бері Қазақстанда ресми тіркеуге алынған саяси партиялар қатары азаймаса, толыққан жоқ.
Биліктегі "Нұр Отан" партиясы биыл наурызда атауын "Аманат" етіп өзгертіп, "Адал" партиясын өзіне қосып алды.
Бес партияның үшеуі – "Аманат", "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша парламент мәжілісіне өткен. Оның алдындағы үш шақырылымда да парламентке осы үш партиядан ғана өкілдер сайланған еді.
Қазақстанда кейінгі отыз жылда алғаш рет президент ауысқан 2019 жылдан бастап елде жаңа партия құру туралы бастама көтерушілер көбейген. Әділет министрлігінің мәліметінше, содан бері жаңа партия тіркеу туралы 14 өтініш түскен. Осы кезеңде билікке сын айтып, саяси-экономикалық реформа жүргізуді талап етіп жүрген белсенді азаматтар "Қазақстанның демократиялық партиясы", HAQ, "Республика", "Біздің құқық", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" партияларын құратынын мәлімдеген. Кейбірі бағдарламасының жобасын да жариялаған. Суперпрезиденттік билік жүйесінен парламенттік басқару формасына көшуді ұсынып, елге саяси-әлеуметтік және экономикалық реформалар қажетін айтып, үкіметтен жаңа партияларды тіркеуді талап еткен.
"Саяси партиялар туралы" заңның 6-бабы бойынша, мемлекеттік орган бастамашыл топты тіркегеннен кейін партияны ұйымдастыру комитеті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, екі айдан кешіктірмей құрылтай съезін өткізуі тиіс. Ұйымдастыру комитетінің қызметі алты айдан кейін тоқтатылады.
Бірқатар белсенділер "Байтақ" экологиялық партиясын, "Жанашыр", "Алға, Қазақстан", "Қазақстанның халық конгрессі", "Сақтау", "Bizdin tandau" саяси партияларын құратынын мәлімдеген. Бұған қоса "Еңбек", "Алаш – Желтоқсан" ұлттық партиясы, "Халык сенiмi", "Алаш жолы", "Ел мен Жер", "Жер қорғаны", "Ынтымақ", "Халық таңдауы" партияларын құратынын жариялағандар болды. Кейінгі бес жылда шеттегі, әсіресе Қытайдағы қазақтардың құқығы мен бостандығын қорғаумен белсенді айналысқан, ресми тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының өкілдері де саяси партия құруға ниет білдірген. Бірақ осы аталған ұйымдардың бірен-сараны болмаса, көпшілігінің саяси белсенділігі байқалмайды. Үкіметті сынап жүрген белсенділер оппозициялық партия құруына билік кедергі жасап, қудалайтынын айтады.
2020 жылы оппозициялық белсенділер өздері құрған "Көше партиясы" ресми тіркелу үшін құжат тапсыратынын жариялаған соң, мамырда астананың Есіл аудандық соты оны "экстремистік ұйым" деп танып, жұмысына тыйым салды. Оған дейін, 2018 жылы наурызда Есіл аудандық соты дәл сондай шешім шығарып, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын да "экстремистік ұйым" деп таныған, қызметіне тыйым салған. Екі ұйым да Қазақстандағы авторитар билік жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне көшуді, азаматтардың құқығы мен бостандығын шектемеуді, коррупциямен күресіп, жемқорлар ұрлаған қаржыны мемлекетке қайтарып, халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат тұтады. Билік сот шешіміне сүйеніп, тіркелмеген бұл екі ұйымның іс-әрекетіне қатысты деген айыппен ондаған белсендіні қудалады: қылмыстық іс қозғап, соттады. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
ПАРТИЯ ҚҰРУҒА ТАЛПЫНҒАНДАРДЫ ЖАЗАЛАУ
26 шілдеде Нұр-Сұлтан әкімшілік соты азаматтық белсенді Марат Жыланбаевқа тіркелмеген партия жайлы ақпарат таратпақ болғаны үшін айыппұл салған полицияның әрекетін заңды деп тапты. Содан екі апта бұрын, 10 шілдеде астаналық полиция қызметкерлері "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшелері Марат Жыланбаев, Амангелді Жахин, Венера Жанбаева, Нұргүл Жүсіпованы көшеден ұстап әкеткен. Билік оларға "тiркелмеген я қызметi тоқтатылған, тыйым салынған қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысқаны" үшін (Әкімшілік кодекстің 489-бабы 10-тармағы) әрқайсына 50 айлық көрсеткіштен (153 мың теңге, шамамен 320 АҚШ доллары) айыппұл салған. Полиция Ғалия Тамабаева, Мереке Нұғыманов, Айжан Ақышва, Алмаз Матаев, Аужан Аязбаева мен Нұргүл Жүсіпованы да осындай айыппұл төлеуге міндеттеген.
24 шілдеде Екібастұзда жергілікті белсенді Жанат Жамалиев "Алға, Қазақстанның" үгіт-насихатын жүргізгені үшін екі күнге қамауға алынды. Оған соттың бұрын шығарған үкімін орындамады деген айып таққан. Былтыр маусымда сот Жамалиевті "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыптап, бір жылға бостандығын шектеген. Сот белсендіге үш жылға дейін қоғамдық жұмыспен айналысуға, әлеуметтік желіге жазба жариялауға тыйым салған еді.
Өзін жазалаған биліктің шешімімен келіспеген Марат Жыланбаев 13 шілдеде Сарыарқа аудандық полиция бөлімін сотқа берді. Ал 17 және 24 шілдеде полиция оны қайтадан ұстап, тағы сол бап бойынша әкімшілік жауапқа тартты. Билік белсендіге екі рет хаттама толтырып, жиынтығы 306 мың теңге (шамамен 640 АҚШ доллары) айыппұл салды, бірақ ол бұл жазамен келіспейді.
– Полиция хаттамасына қол қоюдан бас тарттым. Өйткені біз заңды бұзған жоқпыз. "Алға, Қазақстан" партиясы тыйым салынған ұйым емес. Бұл – тіркелуге талпынып, қатарына адам тартуға әрекет жасап жүрген ұйым. Әділет министрлігі партиямыздың құжатын дұрыс тексерместен қайтара салды, – деді Марат Жыланбаев Азаттыққа.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған автократиялық билік режимін сынайтын Марат Жыланбаев дүйім жұртқа Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген супермарафоншы ретінде танымал. Ол 1992 жылы Қарақұмда 20 күнде 1,2 мың км; 1993 жылы Африка Сахарасында 24 күнде 1,7 мың км; 1993 жылы Австралиядағы Үлкен Виктория шөлімен 22 күнде 1,6 мың км және 1994 жылы АҚШ-тың Невада шөлі арқылы 17 күнде 1218 км жерді жалғыз өзі жүгіріп өткен. Былтыр билікшіл "Ар-Бедел" қоғамдық қоры Жыланбаевтың әлеуметтік желіде жариялаған посты экс-президент Назарбаев пен қазіргі президент Тоқаевтың "ар-намысына тиеді және қоғамда билік жайлы теріс пікір қалыптастырады" деп, оны сотқа берген. Азаматтық істі қараған сот арыз иесінің талабын қанағаттандырмады.
Бұған дейін әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ ұсынған тізімдегі 1050 адамның 638-нің дерегі күмәнді екенін, олардың арасында "қайтыс болған, кәмелетке толмағандар мен шетел азаматтары" барын айтып, қабылдаудан бас тартқан. "Алға, Қазақстан" белсенділері әділет министрлігі өкілімен кездесуде "дерегі күмәнді" азаматтар жайлы нақты ақпарат беруін талап еткенімен, тұтас тізім талапқа сай емес деген жауап естіді. Бұған наразы болған "Алға, Қазақстан" белсенділері әлеуметтік желіде "Мен тірімін" деген видео жариялап, челлендж жасаған. "Билік түрлі саяси партия құруға еркіндік береміз деп алдап отыр. Партия құруға талпынғанымыз үшін бізді ұстап, айыппұл салып, қудалайды" дейді белсенді Айжан Ақышева.
ПАРТИЯ ТІРКЕТУДІҢ МАШАҚАТЫ
Бірнеше жылдан бері партия құруға талпынып, әділет министрлігіне құжат өткізіп, тіпті ұйымдастыру комитетін тіркеткен кейбір бастамашыл топтар құрылтай өткізуге келгенде кедергіге тап болғанын айтады.
- "Біздің құқық" партиясы. Закированың сотталуы
2019 жылдың қаңтарында әділет министрлігі "Біздің құқық" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топқа тіркелгенін растайтын құжат берген. Саяси ұйым сол жылы 9 наурызда құрылтай съезін өткізбекші еді. Бірақ құрылтай өтпей қалды. Партияны ұйымдастыру комитетінің ресми өкілі, азаматтық белсенді Санавар Закирова "бастамашыл топ мүшелері мен съезге шақырылған делегаттарға қысым көрсетті" деп билікті айыптады.
Ол саяси ұйым құруға кедергі келтірді деп "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясын сынаған. Билік партиясы Закирова мен тағы екі белсендіні "жалған ақпарат таратып, іскерлік беделімізге нұқсан келтірді" деп сотқа берді. 2019 жылдың қарашасында сот үш белсендіден "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің пайдасына алты миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Осы даудан соң Закирова 2020 жылы шілдеде "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша бір жылға абақтыға қамалған. Жарты жылдан кейін сот жазаның қалған бөлігін айыппұлмен алмастырып, белсенді бостандыққа шықты. Санавар Закирова өзіне тағылған айыпты мойындамай, "істің саяси астары барын" мәлімдеген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
Санавар Закирова партия құру мақсатынан таймайтынын айтады. "Қазір Алматы мен Тараздан аймақтық кеңселер аштық. Жуық арада бәрін қайта бастайтын боламыз" деді ол Азаттыққа. Закирова партия құруға қаражаты жоғын, ұйым тіркелгеннен кейін мүшелік жарнадан құралған қаражатқа жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын айтты.
- Лидері түрмеде отырған "Демократиялық партия"
2019 жылғы желтоқсанда әділет министрлігі "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топты да тіркеген. Бірақ белсенділер 2020 жылғы 22 ақпанға белгіленген құрылтай съезін өткізуге бөгет жасап, қысым көрсетті деп билікті айыптап, наразылық митингісіне шығатынын мәлімдеді.
– Үкімет бір мың адамның қолы бар құжатымызды тіркегенімен, құрылтай съезін өткізуге кедергі жасады. Съез өтуге екі апта қалғанда билік өкілдері бастамашыл топ мүшелеріне қысым көрсетті, кейбірін пойыздан түсіріп алды, енді біреулерінің көлігін өртеді. Бізді қолдайтындар көп, бірақ билік тосқауыл қойып отыр. Партияны тіркеу үшін биліктің саяси ерік-жігері ғана қажет, – дейді тіркелмеген партия белсендісі Инга Иманбай.
Иманбайдың жұбайы, "Демократиялық партия" лидері Жанболат Мамай 26 ақпаннан бері абақтыда отыр. Әуелгіде тергеу орындары оған "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша, кейін Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген айыптар тақты. Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Демпартия белсенділері қамауда отырған Мамайдың бостандыққа шығуына, саяси партия съезін өткізіп, оны ресми тіркетуге күш салатындарын айтады. "Партия құруға қаражаттың көп болғаны емес, адамдардың энтузиазмы мен принципі болғаны маңызды. Жақтастарды тек шын күрескер принципінде жинаймыз. Бізді қолдауға ықыласты азаматтар бар. Ірі көлемдегі ақшадан аулақ болғанды дұрыс көреміз, ешкімнің ықпалында болығымыз келмейді. Партия құруға ерік-жігеріміз де, қаржымыз да жеткілікті" дейді Инга Иманбай.
- "Намыс" партиясының құрылтайы
Бұрын биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары болған, біраз уақыт Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімін басқарған Санжар Боқаев биыл ақпанда "Намыс" партиясын құратынын мәлімдеді. Жаңа саяси ұйым әділет министрлігіне тиісті құжатын тапсырғаннан кейін, 18 маусымда 429 делегатпен құрылтай съезін өткізген. "Жақында министрліктен құрылтай жиынына кемінде мың адам қатысуы керек деген жауап алдық" деді Боқаев Азаттыққа.
"Заңның 6-бабында саяси партия құру үшін бастамашыл топ құрамы мың адамнан кем болмауы керек деп көрсетілген, бірақ съезге мың адам қатысуы керек деп жазылмаған. Мың адам жинау мүмкін емес, тіпті қонақ шақырсаң да бәрі бірдей келмейді ғой. Бірақ билік осындай талап қойып отыр. Біз бәрібір мақсатымыздан айнымаймыз, керек болса сонша адам жинап, қайта құжат өткіземіз" дейді Санжар Боқаев.
Партия құруға көп қаражат керегін, осы кезге дейін жұмсалған қаржының ауқымды бөлігі өз қалтасынан шыққанын айтқан Боқаев оның толымды есебін әлеуметтік желіде хабарлауға уәде бергенімен, әзірге ондай ақпарат жарияламады.
- "Ел тірегі"
"Ел тірегі" саяси партиясы құру жөніндегі бастама көтеріп жүрген парламенттің экс-депутаты әрі бұрын үкіметте лауазымды қызмет атқарған Нұржан Әлтаевтың сөзінше, ынталы топты тіркетуге тапсырған құжаттарын әділет министрлігі 21 рет кері қайтарған. Әлтаев министрлікпен арадағы "қақпақыл" 2020 жылдың қарашасынан бері жалғасып келе жатқанын айтады.
"Әр жолы түрлі сылтау айтады. Біресе тізімде өлген адамдар жүр, кейбіреуін мәжбүрлеп кіргізіпсіңдер, басқа партия өкілдері бар деген тәрізді нақты адамның аты-жөнін көрсетпей, жалпылама жауап жіберген. Енді бізге ондайды таңбау үшін қазір тізімдегі адамдар жайлы Egov порталында тіркелген биометриялық мәліметтер бар база дайындап жатырмыз" дейді Әлтаев. Ол партия құруға қаражат тартуда бизнес өкілдерінің жәрдеміне сүйенетінін айтты. "Әзірге кейбір бизнесмендер қолдау көрсетіп келді. Бұған менің екі мәрте вице-министр, мәжіліс депутаты, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында орынбасар қызметін атқарғаным себеп болды деп ойламын. Кәсіпкерлер бізге сенім танытты" дейді Нұржан Әлтаев.
- "Жасылдар-Байтақ" партиясы
"Байтақ" экологиялық партиясын құру жөніндегі ынталы топтың өкілі Азаматхан Әміртайдың сөзінше, олар 17 наурыздан бері әділет министрлігіне 15 рет құжат өткізіпті. Әміртай 15 шілдеде үш мың адамның қолы бар құжатты тапсырғанын, пікірлестерімен бірге партия атауын "Жасылдар-Байтақ" деп өзгертуді ұйғарғанын айтады.
"Жасылдар – әлемдік стандарт бойынша әрі мәні тереңірек, экология аумағынан кең ұғым. Саяси платформада да өзгеріс болады. Негізгі мақсатымыз – президент Тоқаевтың 2020 жылы БҰҰ-да айтқан "2060 жылы Қазақстанда көмірқышқыл газы (СО2) нөлге жетеді" дегенін ұстанамыз. Бұрынғы платформада экологиялық ойлау, экологиялық мәдениет тәрізді философияға көп мән беріп кеткенбіз. Платформа дайын, оны әзірге көрсетпейміз, идеямызды өзгелер ұрлап кетпес үшін" деді Әміртай Азаттыққа.
Ол партия құру жұмыстарына осы күнге дейін 1,5 миллион доллардан астам ақша жұмсалғанын айтады. "Партиямыз тіркелген соң мүшелік жарнадан түскен қаржымен жұмыс істейміз" деген Әміртай саяси ұйымды тіркеуде кедергі болмайды деп санайды.
- "Халық дербестігі" партиясының құрылтайы қашан өткені белгісіз
18 сәуірде әділет министрі Қанат Мусин бастамашыл тобын тіркетуге құжат тапсырған төрт саяси ұйымның бірі – "Халық дербесігі" партиясы екінші кезеңге өтіп, съезін өткізді деп хабарлаған. "Енді 20 мың адамның тізімін өткізуі керек. Тізімдегілердің заңға сәйкестігін тексеру кезінде, заң бойынша, партияны тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады" деген ол. Сарапшылар "Халық дербестігі" партиясының құрылтайы қашан, қай жерде өткені, қанша делегат қатысқаны жайлы ақпарат еш жерде жарияланбағанына назар аударады. Жаңа партияның саяси бағдарламасы мен басшылығы туралы да баспасөзде я ашық ресурстарда ешқандай дерек жоқ.
"БІР ЖЕРДЕН БАСҚАРЫЛАТЫН СЦЕНАРИЙ"
Алматыдағы "Саяси шешімдер орталығы" қоғамдық қорының сарапшысы Арман Әмірдің пікірінше, Қазақстанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында орныққан авторитар билік жүйесі саяси өмірдегі өзгерістердің белгілі бір сценарийден ауытқымауын көп жыл бойы жіті бақылауында ұстап келді.
– Іс жүзінде бізде отыз жылда авторитар жүйе қалыптасты ғой. Күнделікті саяси процесстер бір жерден – президент әкімшілігінен бақыланады. Сондықтан елде жаңа саяси партиялардың пайда болуы заңнан бұрын перзидент пен оның әкімшілігіндегі жауапты саясаткерлердің ерік-жігеріне байланысты деп есептеймін, – дейді ол.
Саяси белсенділер мен құқық қорғаушылар Қазақстанды отыз жыл басқарған бұрынғы президент Назарбаевтың тұсында билік елде оппозициялық партиялар мен қозғалыстарды үнемі қудалап, басып-жаншығанын, салдарынан ондай ұйымдар ресми статусынан айрылып, саяси сахнадан ығыстырылып шығарылғанын айтады.
2019 жылы ақпанда Назарбаевтың орнына мемлекет басшылығына келген Тоқаев саяси реформалар жүргізуге уәде еткенімен, елде жаңадан тіркелген саяси партия жоқ дейді Арман Әмір. Сарапшы бұдан жаңа партиялар мен саясаткерлердің пайда болуына билік шынымен мүдделі ме деген дүдәмал ой туатынын айтады.
– Мәселе заңда немесе жеңілдікте емес. 2019 жылы президент сайлауына оппозициялық тұлға саналған Әміржан Қосанов түскенде санаулы күнде-ақ қажет қолды жинап алғанын көрдік. Ресми мәліметке сай, оған сайлаушылардың 16 пайызы дауыс берді, яғни қоғамда билікті қолдамайтын сонша адам бар. Ендеше оппозициялық партия 5000-20000 қолды жинай алады деген сөз. Бірақ оны президент ұсынысымен тағайындалатын әділет министрлігі тіркей ме, мәселе сонда, – дейді сарапшы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жүйе өзгермей, парламентте қанша партия бары маңызды емес"Ол жаңадан партия құрып, тіркетуге талпынып жатқандардың жолындағы кедергілерді жоюға асықпай отырған биліктің өзі еркін саяси бәсекеге дайын емес деп санайды.
– Жаңа партиялар, саясаткерлер пайда болса, оларға шынымен еркіндік берсек, олар өз іс-қимыл, әрекетін Ақордамен келісіп жасамаса, билік тізгінін уысымыздан шығарып аламыз деп қауіптенеді. Тоқаев Назарбаевты айлап көрмеуі де, одан нұсқау алмай, дербес шешім қабылдауы да мүмкін. Бірақ оның қасында Назарбаев дәуірінен қалған адамдар бар. Ішкі саясатқа жауапты идеологтар осы күнге дейін ескі әдіспен жұмыс істеп келді, енді олардан жаңа бірдеңе күту мүмкін емес. Бұл ешқашан көлік жүргізбеген адамды бірден рөлге отырғызғанмен бірдей. Бәсекеден ада ортадан шыққандар бәсекелі орта қалыптастырады дегенге сенбеймін, – дейді Арман Әмір.
Бұрынғы мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев қазіргі жүйенің жаңа саяси партиялардың пайда болуына, шынайы саяси бәсекеге жол беретініне күмәнмен қарайды.
– Тоқаев қанша жолдау жолдаса да, олар шын мәнінде орындалмайды. Бейбіт шерулер туралы заңды өзгерттік деді, бірақ митинг өткізіп, еркін сөйлеу бұрынғыдан да қиындай түсті. Сондықтан "партия құрамын" деп айқайлап жүргендерді түсінбеймін. Егер болашақты ойлайтын болсақ, бізге партиядан гөрі қоғамдық бірлестік түріндегі халық қозғалысы керек. Оны тіркеу де жеңілірек, – дейді Серікбай Әлібаев.
Оның пікірінше, Ақорданың сөзі мен ісіндегі алшақтық елде өзгерістің ауылы алыс екенін аңғартады.
– "Жаңа Қазақстан", "екінші республика" деп несіне жар салды? Тек шоу болды ғой. "Нұр Отан" "Аманатқа" айналды, Коммунистік партияның атауы халық партиясы болып ауысты. Басқа не өзгерді? Сондықтан "жаңа партия тіркеледі, жеңілдік беріледі" деген құр иллюзия, – дейді Әлібаев.
Қазақстанның жаңа тарихындағы ең үлкен қантөгіспен аяқталған қаңтардағы жаппай наразылықтан кейін президент Тоқаев елде саяси өзгерістер жасауға уәде еткен. Бірақ құқық қорғаушылар мен сарапшылар Ақорда қоғамдық-саяси және әлеуметтік өмірді өзгертетін қадамға бармай, жеңіл-желпі сылап-сипаумен шектелді деп жиі сынайды. Тоқаевтың 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін наразылық күшейген тұста берген "саяси модернизация жасайтыны" жайлы уәдесі де құр сөз болып қалғанын еске салады.
Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге бірігу құқықтары, сөз бостандығы мен баспасөз ерікіндігі шектелетінін сынап, билікті адам құқығын сақтау жөнінде алған міндеттемелерін орындауға шақырған. Нұр-Сұлтан елде адам құқықтары сақталады, азаматтар Конституцияда көрсетілген құқықтары мен бостандықтарын еркін пайдаланады деген уәж айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мәжілісте "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобын құрды. Биліктің көздегені не?Тоқаевтың "демократия түсінігі" һәм биліктің "бетпақтығы"Шалқар Нұрсейіт: Тоқаев демократиялық өзгерістер тез жүргенін қалайтын саясаткерге ұқсамайдыТоқаев "Нұр Отан" партиясы төрағалығын да қолына алды"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады