Қымбат Қазкенова, инфекционист:
Covid немесе пневмониямен ауырып, айыққан адамдар міндетті түрде тағы 14 күнге оқшаулануы керек. Жеке бөлмесі, жеке ыдыс-аяғы, гигиеналық заттары да бөлек болсын. Бөлмеден шыққанда бетперде таққаны жөн. Үйдегі тазалықты сақтап, күніне бірнеше рет бөлмесін желдетіп отыру қажет.
Ең алдымен иммунитетті қалпына келтіру қажет. Иммунитет көтеру үшін дұрыс тамақтану маңызды.
Құнарлы тамақ ішіп, ұйқысын қандыруы керек. Неге? Вирус жеңіл өтсе де, адамның иммунитетін әлсіретеді. Соның салдарынан ағзаның кез келген бактерияға, вирусқа, қоздырғышқа төтеп беру қабілеті әлсірейді. Сондықтан айығып шыққанның өзінде бұл науқастардың басқа ауруларға шалдығу қаупі жоғары. Не істеу керек? Ең алдымен иммунитетті қалпына келтіру қажет. Иммунитет көтеру үшін дұрыс тамақтану маңызды. Күнделікті С, В тобындағы витаминдерді, А, Е, D дәрумендерін, көкөніс, жеміс-жидек, ет, сорпа, ақуызы мол тағамды көп жеген жөн.
Covid ауруынан өкпе зақымданады. Адам жазылып кеткенімен, өкпедегі ауру ошақтары жоғалмай, көпке дейін сақталуы ықтимал. Сондықтан емделіп шыққан адам пульмонологтың бақылауында болғаны жөн. Дегенмен көп нәрсе науқастың өзіне байланысты. Дәрігер нұсқаулық бергенімен, оны орындау-орындамау – әр адамның жеке ісі. Сондықтан азаматтар бұған жауапкершілікпен қараса деймін. Үйде тыныс алу жаттығуын жасап, құнарлы тамақ ішсе, сақтық талаптарын ұстанып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті уақытымен ішсе, ағза тезірек қалыпқа келеді.
Иә, вирус жұқтырып, жазылған адамдарда антидене пайда болады. Бірақ ол қанда бір жарым, екі айға дейін, кейде жарты жылға дейін ғана сақталуы мүмкін. Оған сеніп, еркінсу, меніңше дұрыс емес. (Шетелдік ғалымдар арасында да, ДДСҰ тарапынан да вирус жұқтырғандардың бойында антидене қанша уақыт болатыны жайлы әлі нақты ғылыми тұжырымдама жоқ – ред.).
Мейіржан Әбішев, пульмонолог:
Пульмонолог ретінде аңғарғаным, дерттен жазылып шыққан адамдарда бір-екі айға дейін вирустың кейбір белгісі анда-санда байқалып тұрады. Тамақ жыбырлап, кеуде ауыруы мүмкін. Сосын ең көп кездесетіні – тершеңдік. Тершеңдік коронавирусқа тән дер едім. Қорқып, дәрігерге жүгірудің қажеті жоқ, бұл біртіндеп басылады. Алаңдайтын симптом – дене қызуының қайта көтерілуі, ентігу немесе әлсіреу. Covid жұқтырған адамдармен төрт-бес айдан бері жұмыс істеп келемін, бірақ осы белгілердің қайталанғанын байқамадым. Десе де олай болуы ықтимал. Ауырғандарға келсек, кейбір науқас бірден жақсы болып кетеді. Адамдардың 15-20 пайызында осы жеңіл симптомдар кейін де байқалады.
Өз тәжірибемде мыңдаған адамның ішінен екі-ақ науқастың құлан-таза жазылғанын көрдім. Яғни, өкпедегі зақымданған ошақтар толық жоғалған. Пульмонолог ретінде айтарым, біріншіден, жазылу үшін уақыт керек, екіншіден, ол әр адамның жеке ерекшелігіне тікелей байланысты. Яғни, өмір салты, өзін-өзі күтуі, дәрігер нұсқаулығын дұрыс орындауы маңызды. Науқас ауруханадан шығарда міндетті түрде компьютерлік томографиядан өтеді. Кейін қайталап өту қажеттігін ескертеміз. Ауру деңгейі, зақымдану көлемі мен өкпедегі ошақтардың сипатына қарай әр адамға әртүрлі мерзім белгіленеді. Меніңше, сырқаттан кейін адам ағзасы кем дегенде екі-үш айда қалыпқа келеді. Жалпы өкпесі қатты бүлінген кейбір науқастың толық жазылуы екіталай. Ол кісілер қалған өмірінде тыныс алу аппаратымен үйде отыруға мәжбүр болады.
Сауығып шыққан соң қалыпқа келу үрдісіне ессіздікпен емес, ақылмен, байыппен қараған дұрыс.
Өкпе, бүйрек, тамақ бездері мен жоғары тыныс жолдары суықты жақтырмайды. Бұл нені білдіреді? Көлікте, үйде, кеңседе кондиционер қосуға болмайды. Өкпек жел де қауіпті. Созылмалы жүрек талмасы, бүйрек дерті болмаса, сұйық көп ішсін. Сонда қан құрамы жақсарады. Қазір қымыз, шұбаттың саудасы қызды. Жазылғандарға ішуге болады, бірақ оны да мөлшерлеп пайдаланғаны жөн. Дәруменді де қораптап алып, есепсіз іше беруге болмайды. Ауырып тұрған адамның асқазанына ауыр болады. Айтарым, сауығып шыққан соң қалыпқа келу үрдісіне ессіздікпен емес, ақылмен, байыппен қараған дұрыс.
Арман Байдылов, иммунолог:
Covid – иммунитетті әлсірететін ауру. Бұл тұста, ағзаға ең қажеті – D3 витамині дер едім. Әлемдік университеттердің кейбір зерттеулері коронавирустан көз жұмғандар арасында D дәрумені тапшы адамдардың үлесі жазылып шыққандардан 20 пайызға көп екенін көрсетті. Сондықтан жазылып шыққан соң міндетті түрде D витамині бар тағамдар ішу керек.
Келесі тізбектегі микроэлементтерден мырыш пен магнийді атар едім. Өйткені жасушалық деңгейдегі тыныс алу процесі мен энергия түзілісі магнийге тікелей тәуелді. Магний тапшы болғанда энергия түзілісі баяу жүреді, ал коронавируспен ауырып, айыққан адамдарда әлсіздік басым болады.
Емделу кезінде науқастар түрлі антибиотик қабылдаған. Бұл – ағза үшін ауыр препараттар. Сондықтан ішек микрофлорасын, бауырды қалыпқа келтіруге мән берген жөн. Бұл кезде дәрігерге жүгініп, қалыпқа келтіру жолы туралы кеңес алу керек. Дерттен айыққандар өз бетінше қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдауына болмайды. Дәрігер жазып берген препараттарды ғана ішуі тиіс.
Сергей Молчанов, жоғары санаттағы психотерапевт
Дәл қазіргі індет жағдайында адамдардың психологиялық ахуалына ерекше мән беру керек. Себебі жаңа вирусты жұқтырып, айығып шыққан адам бойында өлімнен қорқу синдромы үдей түседі. Бұл – заңды құбылыс.
Күйзеліске түсіп кетпей, іштей серпілуге тырысу керек.
Адам өзі үшін ғана емес, жақындары, тіпті бітпей қалған ісі үшін де алаңдап, үрейге бой алдырады. Сондықтан сырқаттан жазылған адамдарды өмірге, кейбір құндылықтарға жаңа қырынан қарауға шақырамын. Күйзеліске түсіп кетпей, іштей серпілуге тырысу керек. Қалайша? Мәселен бұрын мән бермей, кейінге қалдырған шаруаларын бітірсін, ұнататын адамдармен аралассын. Бәлкім бұған дейін кей адаммен еріксіз араласса, енді арадағы байланысты үзсін. Сосын жақсы музыка тыңдасын, көптен бері ойында жүрген фильмдер болса, соларды көрсін. Яғни өзі үшін, жаны қалайтын, көңіліне жағатын дүниелерді жасасын. Эмоциялық деңгейде демалсын. Сонда адам ауру салдарынан туындаған "жайсыз" күйден құтылады.
Covid – жаңа вирус. Жай адам түгілі бастапқыда бұл індеттен дәрігерлердің өзі қорықты. Аурудан айыққандардың көбі қайта сырқаттанып қаламын деп уайымдайды. Бұл түсінікті де. Дегенмен әр адамның қабылдауы әртүрлі. Кейбірі психологиялық тұрғыдан жеңіл еңсерсе, екінші адамда керісінше болады. Бір мысал, әйелімнің коронавирусқа тапсырған ПТР тесті "вирус анықталды" деп шықты. Шыны керек, алаңдадым. Бірақ ол уайымға салынбады. Содан да болар, тез сауықты. Жұмысына оралып, адамдармен емін-еркін араласты. Ал кейбір адам вирусты жұқтырғанын біле сала күйзеліске түседі. Бірден оқшауланады, жан-жағымен байланысты үзеді. Сөйтіп өзімен өзі, іштей тынады. Ондайда өлімнен қорқу синдромы күшейеді.
Иә, елде мезгілсіз қаза көбейді. Кеше ғана сөйлескен адам бүгін жоқ. Жақынымыздан, досымыздан, әріптесімізден айырылдық. Бұл стресс кейін созылмалы депрессияға әкелуі мүмкін. Сондықтан ауырып, айыққан жандар да, туысынан айырылғандар да қазіргі жағдайда үнсіз, іштен тынып қалмауы керек. Қайғыны, жан дүниедегі арпалысты дәл осы сәтте шығарсын, оған күші жетпесе, мамандарға жүгінсін. Әсіресе жақынынан айырылған жандар үшін бұл маңызды.
Айгүл Рақымжанқызы, психолог:
Елде коронавирус басталғалы өлімнен қорқу процесі белең алды. Өйткені айналамызда ажал көп. Адам өзі үшін де, жақындары үшін де алаңдайды. Ойламайын десе де індет жас-кәріні талғамай жалмап жатыр. Адам үшін ең қиыны – қазаны қабылдау, ал күтпеген өлімді қабылдау екі есе ауыр. Бұл – көп адам еңсере алмайтын күйзеліс. Психологияда бұл төрт кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – сенбеу. Кеше ғана сөйлескен, болмаса бір апта бұрын сап-сау жүрген жаннан айырылып қалған адамның әрі-сәрі күйге түсуі. Екінші кезең, "Жағдай бұлай емес, басқаша болғанда ше?" деген сұрақ қойып, таңдаудың жоқтығына налу процесі. Ал үшіншісі – кінәлау, "Кім кінәлі? " деген сұраққа жауап іздеу. Дәл осы кезде адам депрессияға ұшырауы мүмкін. Дәрігерлермен қақтығыс, туысқандармен кикілжің немесе дәрі тапшылығына кінәліні іздеу осы кезде болады. Яғни, айналамен конфликт басталады. Ең соңғысы – мойындау. Адам осы төрт процестен өтпей, жаны тынышталып, өз-өзіне келуі екіталай.
Қазір біз осы үдерістерді бастан кешіру мүмкіндігінен айырылдық. Өйткені бір өлім екіншісіне ұласып жатыр. Өмірден өткен туысын жоқтап, қоштасып үлгермей жатқандар, жан-тәнімен қайғыра алмай жатқандар бар. Не істеу керек? Өте күрделі сұрақ. Бар айтарым, жақынынан айырылған адам өзіне бекем болсын. Маңайына салмақты, байсалды әрі нақты қадам жасауға қауқарлы адамдарды жинасын. Үрейшіл, байбаламшыл жандардан арылсын. Ең бастысы, өзін кінәлауды доғарсын.
Алексей Вибе, фитнес жаттықтырушы:
Әзірге тәжірибемде коронавируспен ауырып, жазылған адамдар болған жоқ. Бірақ алдағы уақытта болары анық. Сондықтан елдегі ахуалды саралап, жаңа жаттығу бағдарламасын әзірлемек ойым бар.
Бұл жерде адамның жеке басының денсаулығы мен дәрігер нұсқаулығы ескеріледі. Індеттен айықса да, олардың ағзасы әлсіз. Сондықтан мейлінше жеңіл жаттығулар жасау керек. Бұған дейін спортпен шұғылданған болса, бірден бұрынғы жүктемемен жаттығам деуге болмайды. Оған біртіндеп жеткен жөн.
Дерттен айыққан адам жаттығуларды да дәрігермен ақылдасып, маманның нұсқаулығы бойынша жасағаны дұрыс. Мысалы, жүрек пен бүйрекке салмақ салатын жаттығудан бас тарту керек. Тыныс алу гимнастикасын үздіксіз жасауды, отырып-тұрып жаттығу жасауды ұсынамын.