"ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙМЫЗ"
Осы аптада Атырауда балықтардың жаппай қырылу оқиғасына байланысты сот басталғанын хабарлаған "Ақжайық" басылымы алғашқы сот процесінен репортаж ұсынған. Газеттің жазуынша, қылмыстық іс бойынша үш адамға айып тағылған: "Атырау Су арнасы" коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсин. Олардан елден кетпеу туралы қолхат алынған.
Сотқа жәбірленуші тарап ретінде орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Әсел Ишанова және осы инспекцияның өкілі Мәншүк Темешева, Орал-Атырау бекіре балығын өндіру зауытының директоры Гильман Сәрсемалиев, "Лугов жылқы зауытының" Атырау бөлімшесінің бастығы Аманжан Шауданов және зауыт қызметкері Самат Ақсанбиев қатысып жатыр.
Сот ісін судья Дәуренбек Даумов қарайды. Алғашқы сот процесінде прокурор Жақсылық Сиқымов бір сағатқа жуық уақыт бойы айыптау қорытындысын оқыған.
"Жайық өзеніндегі хлордан 14 тонна 273 кило частик тұқымдас балық уланып қырылды, 13 миллион 924 мың теңге көлемінде шығын келді. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының есебіне сәйкес, Орал-Атырау бекіре балығын өндіру зауыты 429 миллион 76 мың теңге шығынға батқан. "Лугов жылқы зауыты" ЖШС-де бекіре тұқымдас жүз тонна балық өліп, 626 миллион 427 мың теңге шығын келген. Кешенді сот-экологиялық сараптамасының қорытындысы бойынша "Атырау Су арнасы" коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны суға өте улы хлор қосқандықтан балықтар өлген" деді прокурор.
Судья айыпталушылардан "айыптау қорытындысымен келісесіздер ме?", "тағылған айыпты толық немесе ішінара мойындайсыз ба?" деп сұрап еді, үшеуі де мойындамайтынын айтты.
"Су тазарту станциясындағы ағын суды шартты түрде таза деп бекер айтпайды, айыптау тарабы айтқандай ол жерде соншалықты көп хлордың болуы мүмкін емес. Әйтпесе жұрт баяғыда-ақ уланып өлетін еді. Сондықтан біз қорғап отырған азаматтар тұтас тағылған айыпты мойындамайды" деді адвокат Амантай Дүсіпов.
Оны адвокат Бауыржан Оразов та қолдаған.
"Айыптау қорытындысында тергеу орындары сүйенген сарапшылардың аты-жөндері нақты көрсетілмеген. Зерттеу барысында қанша көлемде хлор төгілгені көрсетілмеген, тіпті "хлор болуы мүмкін" деген тіркестер де кездеседі. Содан кейін сарапшылар бекіре тұқымдас балықтардың аммиактан өлгенін анықтаған, бірақ тергеу барысында аммиакты "Атырау Су арнасының" төккені дәлелденбеген. Көп жайттар қиылыспайды, факті жоқ, тек болжам ғана" деді Оразов.
Сотта сөйлеген орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының өкілі Мәншүк Темешова Жайық өзенінде "түсініксіз құбылыстардың" алғаш рет 2018 жылы 2 желтоқсанынан бері байқала бастағанын айтты. Оның сипаттауынша, алғаш табылған өлген балықтардың желбезектері қансырап тұрғанмен қабыршақтары таза болып шыққан, қатты күйгені байқалған.
"Хлор осылай күйдіруі мүмкін бе?" деген судья сұрағына ол:
"Білмеймін, менде зертханалық дерек жоқ. Өлі балықтарды ветеринарлық зерттеуге бергенбіз. Күн сайын өлі балықтарды алып, "СпецАвтоБаза" компаниясына жіберіп отырдық" деді ол.
Балықтардың жаппай қырылуы жайлы былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты "Бөтен біреудің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" (204-бап, 2-бөлім) және "Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу" (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген.
Сот процесі келесі аптада жалғасады.
ШЫМКЕНТТЕГІ МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫ
Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын "Отырар" телеарнасы бір миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте мектеп тапшылығы өткір сезіліп жатқанын, жергілікті мектептерден орын таба алмай жүрген ата-аналардың білім басқармасы мен әкімшілік табалдықтырықтарын тоздырып жүргенін хабарлады.
Теріскей ықшам ауданының тұрғындары жергілікті N46-шы мектептің биыл бірінші сыныпқа баратын балаларын "орын жоқ" деп құжаттарын қабылдамай қойғанына шағымданған.
"Бізге N25 мектепке барыңдар дейді. Бірақ ол жақта орын жоқ. 65-мектеп тек тұрақты мекен-жай бойынша ғана қабылдайды. Енді балаларымыз қайда барады? N39 мектеп жолдың ар жағында тұр. Балаларымыздың барлығы осы жерде оқып жатыр. Оларды басқа жақтағы мектепке қалай апарамыз? Олар жолдан қалай өтеді?" деді балаларының жағдайын уайымдаған наразы ата-аналардың бірі.
Телеарнаның жазуынша, мектептерде орын жетіспегендіктен биыл қаладағы 130 мектептің 19-ы үш ауысыммен оқиды. Қазір қаладағы мектептерде 194 мың бала оқып жатыр. Жыл сайын мектептер 10 мың баламен толығады. Мектеп басшылары сыныптардың онсыз да толып кеткенін, артық бала қабылдай алмайтынын айтып отыр.
"Бізде орын жоқ. Ереже бойынша әрбір сыныптағы балалар саны 25-тен аспауы тиіс. Бірақ бізде одан да көп. Балаларды қабылдай алмаймыз. Жақын маңдағы басқа мектептерге барсын" деген N46 мектептің директоры Жанна Буркулова.
Жергілікті билік алдағы бес жылда қалада 15 мектеп салынатынын хабарлаған.
ТҮРМЕДЕГІ СОТТАЛУШЫНЫҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ
Шығыс Қазақстан өңірінен ақпарат тарататын YK-news.kz сайты осы аптада "ОВ-156/2 түрмесіндегі қайғылы оқиғаға байланысты жаңа деректер пайда болды" атты мақала жариялады. Онда 2019 жылдың 17 маусымында ОВ-156/2 түрмесінен дарға асулы күйінде табылған сотталушы Андрей Кондратенконың өліміне байланысты деректер келтіріледі.
Сайттың жазуынша, сотталушының өліміне байланысты сұрақтар өте көп. Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті сотталушының суицидке бейім болғанын, өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлаған. Ал Кондратенконың туыстары өлерінің алдында бір ай бұрын сотталушының хабарласып, түрме әкімшілігінің өзіне қысым жасағанын, өміріне қауіп төнгенін хабарлағанын жеткізген. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын сотталушының әпкесі інісін түрмеде азаптағаны, ұрып-соққаны жайлы да хат алған.
"Ведомствоның редакциямызға кейінірек жолдаған жауабы бірқатар сұрақтарды туындатты" деп жазған сайт ресми деректің өзі бір-бірімен қиыспайтынына назар аударады.
"Қайғылы оқиғадан кейін алғашқы күндері Шығыс Қазақстандағы жетекші сайттардың бірі облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасай отырып, сотталушы Кондратенконың суицидке бейім болғанын жазды. Бұл ақпаратты департамент жоққа шығармады. Алайда бізге жолдаған жауабында бұл дерек расталмайды. "ОВ-156/2 мекемесінде болған кезінде А.С. Кондратенко суицид жасаған жоқ" деп жазған департамент бастығының орынбасары. Олай болса, ол камерада өз-өзін өлтірген бе? Егер өзі болса, онда суицид жасауға қандай жағдай итермеледі? Егер сотталушылар түсініксіз жағдайда түрмелерде өліп жатса, түзету мекемелеріндегі жағдайдың қандай болғаны?" деп жазды сайт.
Сотталушының әпкесі оқиғаға байланысты "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша (105-бап) қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ түрмеден ешкімді қызметтен босатпағанын айтқан.
"Сараптама нәтижесін күтіп отыр. Ал сараптама не көрсетеді дейсіз? Ол өзін-өзі суицид жағдайына жеткізді дей ме? Әзірге бізді ешбір жерге шақырған жоқ, тергеу туралы ақпарат мүлде жоқ. Мені облыстық прокуратурада қабылдады. Комиссия келгенін айтты. Бірақ ештеңе сұраған жоқ. Түрмеде де ешкімнен ештеңе сұрамағанын немесе оған еш қатысы жоқ адамдардан сұрағанын айтты. Түрмеден тағы анонимді хат алдық" деген сотталушының әпкесі.