Таяқ жеген депутат күзетшісі. Жазаланған полицейлер. Өртенген театр

Көше жолында кетіп бара жатқан полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі жергілікті депутатты "қол жұмсады" деп айыптаған күзетші, көлікті масаң күйде көлік айдаған полицей ісінен соң "жазаланған" басшылар мен жүздеген миллион теңгеге жөнделген театрдың өртенгені туралы жазды.

"ҚҰЛАҚ-ШЕКЕМНЕН ҰРЫП ОЯТТЫ"

Қарағандыда шығатын "Новый вестник" газеті тамыздың 19-ында "Депутатты қол көтерді деп айыптады" деген тақырыппен мақала жариялады. Басылымның жазуынша, қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Досжановтың үйінде күзетші болып істейтін Бақтияр Қамзин есімді азамат жапа шеккенін айтып шағымданған.

"Тамыздың 12-сінде кезекшілікке шықтым. Күзетші бөлмесінде жата тұрайын дегем. Біреудің құлақ-шекемнен ұрып жатқанынан оянып кеттім. Үй иесі екен. "Жұмыс орныңда ұйықтап жатырсың" деп айқайлай бастады. Кешірім сұрап, әдейі істемегенімді айтуға тырыстым. Бірақ құлақ аспай, ұра берді. Үлкен адам әрі жұмыс берушім болған соң қол көтере алмадым" дейді күзетші Қамзин.

"Халық қызметшісінің ұлымды сабауға хақысы жоқ" деген күзетшінің әкесі депутат Досжановтың үстінен полицияға шағым түсірген" деп жазады басылым.

Депутаттың өзі күзетшінің айтқанын жоққа шығарған. Досжановтың сөзінше, Қамзин одан емес, "күзет басшысынан шапалақ жеген, кінәні де мойнына сол алған полиция депутатты тергеуге шақырмаған" деп жазады басылым.

Газет депутаттың "Үйде көп болмаймын, үнемі сапарда жүрем. Үйде әйелім мен балаларым қалады. Әрине, олардың қауіпсіздігін ойлаймын. Бірақ сол күні кешке үйде болдым. Күзет бөлмесіне кірсем, күзетші ұйықтап жатыр екен. Сол жерде бастығына телефон шалып, айттым. Күзет басшысының сөзінше, ол Бақтиярды жай ғана шапалақпен тартып жіберген. Оны ешкім ұрып-соққан жоқ" деген сөзін келтіреді.

"ЖАЗАЛАНҒАН" ПОЛИЦИЯ БАСШЫЛАРЫ

Осы аптада ақтөбелік "Диапазон" газеті мемлекеттік қызметкер этикасын бұзды деп айыпталған шенеуніктер туралы жазды. Басылым тамыздың 23-інде мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік департаментіне сілтеп, биылғы алты айда 10 мемлекеттік қызметкердің тәртіптік жауапқа тартылғанын хабарлады.

Тәртіп бұзғандардың алтауы – басшы қызметтегі шенеуніктер, төртеуі – қарапайым мамандар. Газеттің жазуынша, тәртіп бұзған бес шенеунікке әдепсіз не дөрекі сөйлегені үшін, қалғандарына масаң күйде көлік айдағаны үшін жаза қолданылған.

Қызмет көлігінің қасында тұрған полиция қызметкері. Көрнекі сурет.

Оралда шығатын "Уральская неделя" газеті тамыздың 21-інде "Батыс Қазақстан облысы полициясының алты басшысы масаң қызметкер апатқа ұшыраған соң жазаланды" деген мақала жариялады.

Тамыздың 15-і түнгі сағат 2.00-де Мичурин ауылының полицейі Оралда масаң күйде көлік айдап, қаладағы бағаналардың бірін соққан. Төрт күннен соң, тамыздың 19-ында полиция қызметкерінің қылығын қараған тәртіптік комиссияның оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдағаны хабарланды.

Осы аптада "Уральская неделя" жұмысынан қуылған әлгі полицейдің алты басшысы да жазаланғанын жазды.

Газет полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібаевтың "Мичурин полиция бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы мен кезекші көмекшісіне соңғы рет ескерту жасалды. Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушыға ескерту берілді" деген сөзін келтіреді. Белгібаевтың айтуынша, тағы үш полиция бөлімшесінің басшысына қатаң сөгіс жарияланған.

800 МЛН ТЕҢГЕГЕ ЖӨНДЕЛГЕН ТЕАТРДАҒЫ ӨРТ

Атыраулық "Ақ Жайық" газеті тамыздың 23-інде "Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының өртенуіне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын" хабарлады.

Драма театрындағы өрт тамыздың 22-сінде жергілікті уақытпен сағат 14.30-да шыққан. Төтенше жағдай комитетінің хабарлауынша, өрт төрт сағаттан соң, 18.20-да сөндірілген. Жергілікті билік өрттің нақты себебін әлі айтқан жоқ. Бірақ тамыздың 22-сінде газетке комментарий берген төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Біләлов театр қызметкерлерінің сөзіне сілтеп, "екінші қабаттағы электр қалқанынан өрт шыққанын" айтқан.

Газеттің жазуынша, қалалық полиция департаменті "өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы" бабымен сотқа дейінгі тексеруді бастаған. Полиция осы іс бойынша "тиісті сараптамалар" тағайындаған.

1975 жылы салынған Махамбет Өтемісұлы театры туралы газет биыл мамырдың 27-сінде де жазған еді. Басылым бір жарым жыл жабық тұрған театрды жөндеуге 800 млн теңге (2 млн доллардан аса – ред.) жұмсалғанын хабарлаған.