Шілденің 23-і күні Ақтөбе қалалық соты Сириядан оралған соң терроризм айыбымен жауапқа тартылған Ақмарал Алмағамбетованың ісін жаңа процестік келісім жасау үшін прокуратураға қайтарды. Сонымен бірге судья сотталушының іс-әрекетін соңғы қабылданған Қылмыстық кодекс бойынша саралаумен келіспейтінін айтты. Содан бір күн бұрын басталған соттың алғашқы отырысында Алмағамбетова өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, процестік келісімге дайын екенін мәлімдеген.
Сот айыпталушыны тұтқында ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты.
"АНАСЫМЫН ҒОЙ, ҮЙДЕ ШЫДАП ОТЫРА АЛМАДЫМ"
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Алмағамбетова 2013 жылғы тамыз айында Қырғызстан арқылы Түркия асып, одан әрі Сирияға кетіп қалған. Араға алты жыл салып, Ақтөбеге оралған Ақмаралды анасы Раиса Алмағамбетова шілденің 22-сі күні сот дәлізінде көрді. Айдауыл сот залына қарай алып келе жатқан қызына жақындай алмаған ана мейлінше ұстамды болуға тырысты. Ақмарал Алмағамбетованың өзі де шешесінің тұсынан бас изеп өтіп кетті.
- Талдырмаш қыз еді. Алты жылда толысып, қатты өзгеріпті. Туыстар "ол бәрімізді қарабет қылды, қайтесің?" деген еді. Анасымын ғой... Үйде шыдап отыра алмадым, - дейді Раиса Алмағамбетова.
Бұрын теміржолшы болып жұмыс істеген, қазір зейнетке шыққан Раиса Алмағамбетованың ері 35 жасында өмірден өткен. Ерте жесір қалған әйел үш баласын жалғыз өзі ,баққанын айтады. Оның сөзінше, Ақмарал отбасындағы бір ұл мен екі қыздың кенжесі. 9-сыныптан соң кешкі мектепте оқыған Ақмарал Алмағамбетова 18 жасында тұрмыс құрған.
- Күйеу балам жаман жігіт емес еді. Қызымның үш баласын күйеуіне тастап, Сирияға кеткені ақымақтық болды. Бір қуанатыным – ешкімді өлтірмеген екен, қолына қару ұстамаған. Күйеу баламда қалған үш жиеніме анда-санда барып тұрамын. Ал Сирияда өмірге келген екі жиенді әлі көргем жоқ. Туыстар "Кімнің баласы екенін де білмейсің, олар саған не керек?" дейді. Кішкентай балалардың жазығы не? Екеуін қолыма алып, тәрбиелеуге денсаулығым жарамас. Сонда да жетімдер үйіне ара-тұра соғып тұрғым келеді, - дейді Раиса Алмағамбетова күрсініп.
22 шілде күні Ақтөбе қалалық сотына Ақмарат Алмағамбетованың бұрынғы күйеуі Мирболат Жаманқұлов та келді. Қазір басқа отбасы бар Жаманқұлов сот залына кірген жоқ. Бұрынғы әйелінің адвокатына үш баласының туу туралы куәлігін беріп, сот отырысынан соң балаларының құжатын алып кетті. Тілшілермен сөйлесуден де бас тартты.
"АЙЫБЫН ТОЛЫҒЫМЕН МОЙЫНДАДЫ"
Сотта Ақмарал Алмағамбетованың құқығын қорғап жүрген адвокат Назгүл Дүйсенбекованың айтуынша, Сирияда 2015 жылы өмірге келген Альбара мен 2017 жылы туған Ниссанұр аналарымен бірге биыл мамыр айында Ақтөбеге жеткізілген. Қазір балалар мемлекет қарауында.
Тергеу 32 жастағы Ақмарал Алмағамбетованы "терроризмді насихаттады", "ұлттық алауыздық тудырды" деп айыптаған еді. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, алғашқы сот отырысында процестік келісімге дайын екенін айтты. Кеңесу бөлмесінен келген судья Әлима Әділова шілденің 23-і күні Алмағамбетованың ісін жаңа процестік келісім жасау үшін прокуратураға қайтарып берді. Сот қылмыстың саралануымен келіспеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сириядан оралып, істі болғандар кімдер?- Ақмарал Алмағамбетова 2014 жылғы қаңтарда заң бұзды деп айыпталғандықтан іс-әрекеті 1997 жылғы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодекс бойынша дәрежелеуге жатады. Ал кодекстің жаңа редакциясында сотталушының мүлкін тәркілеу сияқты жазаны ауырлататын жағдайлар бар. Жазаны жеңілдететін жағдай болған кезде неге біз оның іс-әрекетін ауырлататын баптармен саралауымыз керек? Сот қылмыстың саралануымен келіспейді. Іс прокуратураға қайтарылсын, - деді судья Әлима Әділова.
Осылайша терроризм айыбы тағылған Ақмарал Алмағамбетованы қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.
Тергеу материалдарына қарағанда, Ақмарал Алмағамбетова заңды некедегі күйеуінен 2013 жылғы мамыр айында шариғат жолымен ажырасқан. Ол кезде отбасындағы үш баланың кішісі бір жаста болған. Ақмарал Алмағамбетова 2014 жылғы қаңтар айында Ақтөбеде қалған күйеуіне Сириядан хабарласып, қақтығыс аймағында жүргенін айтқан. Кейін бірнеше рет аудио және жазбаша хабарлама жолдап, балаларының әкесі Мирболат Жаманқұловқа ДАИШ экстремистік ұйымының идеяларын насихаттаған.
- Арнайы сараптама Ақмарал Алмағамбетова жолдаған хабарламаларда терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру белгілері барын анықтады. Күдікті өз кінәсін толық мойындады, – деді прокурор Азамат Байболатов.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Алмағамбетованың Таяу Шығыста жүргені туралы 2016 жылғы қазан айында айтыла бастады. Онымен ресми түрде ажырасуды жоспарлаған күйеуі сол кезде сотқа әйелін "із-түссіз жоғалды" деп тану туралы арыз түсірген. Мирболат Жаманқұловтың арызы негізінде сот 2016 жылғы наурыз айында Ақмарал Алмағамбетоваға халықаралық іздеу жарияланған. Сондықтан сот Мирболат Жаманқұловтың арызын қанағаттандырмай тастады.
Тергеу материалдарында Сирияға барғаннан кейін Ақмарал Алмағамбетованың бірнеше мәрте тұрмыс құрғаны айтылады.
"Ақмарат Алмағамбетованың әзірбайжандық күйеуі әуе шабуыл кезінде қаза тапқан соң ол Ирак азаматымен бас қосады. Онымен дәм-тұзы жараспай, 2014 жылы маусымда дағыстандық азаматқа қосылған. Ұрыс алаңына ауыз су тасыған дағыстандықтың көлігіне бомба түсіп, 2014 жылы қазанда қаза тапқан. Ол кезде Ақмарал ұлы Альбараға жүкті болған. Асыраушысынан айырылған жүкті әйелге ДАИШ 2500 доллар өтемақы төлеген. 2017 жылы өмірге келген Ниссанұрдың әкесі де ДАИШ сапында жүріп, мерт болған" деп жазылған айыптау актісінде.
Тергеудің дерегінше, Ақмарал Алмағамбетова соңғы алты жылда Сириядағы бірнеше қаланы мекендеген. Соңғы тұрағы осы елдің солтүстігіндегі Кобани қаласынан күрд жасағының көмегімен босқындар лагеріне жетіп, 2019 жылғы мамырдың 9-ы күні "Жусан" операциясымен Қазақстанға келген.
- Қызымның еті тірі. Сирияға кетпес бұрын Алматыдан киім-кешек тасып, Ақтөбенің "Шығыс" базарында сауда жасады. Жазасын өтеп шыққан соң балаларын қолына алып, түзу жолға түседі ғой деп үміттенемін, - дейді Ақмаралдың анасы Раиса Алмағамбетова.
Айдауыл сот залына әкелген Ақмарал Алмағамбетова діни ғұрыппен киінбеген. Басына орамал тартпаған. Бірақ оң білегін таңып алыпты. Адвокаты Ақмаралдың Сирияда жарылыс кезінде үйінді астында қалып, омыртқасы мен иығы сындырып алғанын айтты.
"Ақмарал Алмағамбетова жарақатын әлі күнге ауырсынады. Білегін сол себепті таңып алған" деді қорғаушысы.
Биыл мамырдың 7-9 аралығында "Жусан" арнайы операциясымен Сириядан Қазақстанға жеткізілгендердің ішінде Алмағамбетовадан бөлек тағы үш ақтөбеліктің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, айыпталушылардың бірі 28 жастағы Руслан Қуанов "Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан болуы мүмкін" деген күдікке ілінген. Ал Данабек Төреханов және Дәурен Сәбитұлына "терроризмді насихаттады", "діни алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған.
Қосымша мәлімет
2018 шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткені туралы хабарлаған. ҰҚК мәліметінше, Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдар қатарында қазақстандық 120 ер, 250-ден астам әйел және кәмелетке толмаған 500 бала болған. 2019 жылы Қазақстан билігі «Жусан» операциясы барысында Сириядан елге 516 адам жеткізген, олардың 360-ы - бала. Бұған дейін билік елге жаңадан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған. Қазақстанға оралғандардың кейбірінің үстінен іс қозғалған.