МИТИНГІСІЗ ҚАЛА
Бейбіт жиын өткізу құқығын жүзеге асыру жайын мониторинг жасаған қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның хабарлауынша, 2018 жылы елдегі бейбіт жиындардың 49,9 пайызы екі қалада - Алматы мен Нұр-Сұлтанда өткен. Осы екі қала мен аймақтар арасында бейбіт жиын өткізу еркіндігі құқығын жүзеге асыруда үлкен алшақтық бары байқалады. Бюроның дерегінше, 2018 жылы бір ғана Алматы қаласында өткен бейбіт жиындарға Қазақстанның барлық аймағында (Шымкентті қоса есептегенде) болған наразылық шараларына қатысқан азаматтардан көп адам шыққан.
Бюро қызметкерлері өз есебінде бейбіт жиындар өткізу "дәстүрі" бұрынғысынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал мен Ақтөбе сияқты қалаларда сақталғанын, ал Петропавл, Қызылорда, Қостанай тәрізді қалаларда бейбіт митингілер мүлде өтпейтінін жазады. Есепте "тағы бірнеше қалада кейде өзекті мәселелер жайлы наразылық акциялары өтіп тұрады" делінген.
Бірақ бұл аймақтарда белсенділік мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Мысалы, Өскеменде халық қоғамдық пікірін қол жинау арқылы білдіреді. Жергілікті белсенді Роман Честных қол жинаумен үш жыл бұрын айналыса бастаған.
- Қол жинауды белсенділіктің ашық түріне жатқызуға болады. 2016 жылдың соңында бізде көлік мәселесі туды, жол апаты жиіледі. Бір адам трамвай мен баған арасында қалып қойып, өлім аузынан қалды. Осыған байланысты көшеге шықтық. Бір қарағанда бұл жиынды митингіге ұқсатуға болады. Өйткені ондаған адам бір сәтте петицияға қол қоюға шықты. Әкімдік пен полиция мұны митинг есебінде қабылдап, айналамызда бақылап жүрді. Мұндай жиындар жиі өтіп тұрады. Бірақ митинг ұйымдастырмаймыз. Өйткені адамдар қорқады, оның үстіне "митинг – жаман” деген насихат та бар, - дейді Роман Честных.
Белсендінің сөзінше, соңғы уақытта қол жинау да қиындаған.
- Соңғы рет қаңтар айында қол жинадым, халық жерасты өткелінің қолайсыздығына шағынған, сол мәселені көтердік. Қол жинау әдеттегідей өтті: халыққа петицияны өзі шығарып алып, қол жинауға болатынын айттым, өзім де қол жинауды ұйымдастырдым. Еріктілер жұмыс орындарынан – сұлулық салоны, дүкендерден қол жинады. Біз көп жылдан бері солай жасап жүргенбіз. Бірақ осы жолы әртүрлі органдардың өкілдері келді. Полиция қызметкерлері мен СЭС өкілдері кей мекемелерге бірге барып, "мына жерге тексеру ұйымдастыру керек екен" деп, сөз арасында қол жинау жайлы сұраған. Тікелей қысым жасалмағанымен, адамдар қауіптеніп, әртүрлі сылтау айта бастады. Осыдан кейін далада аяз болса да, қолды көшеде жүріп жинаймыз деп шештік. Кейінірек облыстық мәслихат депутаты Чернышов осындай жағдай болғанын растады, - дейді белсенді.
Өскеменде петицияға қол жинау ерекше танымал. 2018 жылы қала белсенділері петиция әзірлеп, Риддер әкімі орынбасарының қатысуымен болған жол апаты туралы тергеу жүргізуді талап еткен. Ал 2016 жылы уақытты бір сағат алға жылжытуға байланысты петицияға қол жинаған.
- Бізде басқа механизмдер жоқ. Қоғамдық кеңестер жұмыс істемейді. Адамдар негізінен пікірін әлеуметтік желіде білдіреді, - дейді Роман Честных.
"БАРЛЫҒЫ ӘКІМДІККЕ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫДАН ТҮСЕТІН БҰЙРЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ"
Ал көрші Семей қаласында шерулер жиі болады. Сондықтан да шығар, қазанның 11-і күні БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңсесінің аймақтық жиыны Өскеменде емес, Семейде өтті.
Шарада Семей қаласының прокуроры Саид Аймұхан билік азаматтық қоғам өкілдерін қолдауға әзір деп сендіруге тырысты.
- Қоғамға есігіміз қашанда ашық, қандай болмасын көмек пен қолдау көрсетуге әзірміз. Қазіргі кезде Қазақстан ой-пікір еркіндігі – азаматтардың үнемі дамытылуы тиіс саяси белсенділігінің демократиялық институты екенін мойындайды. Қазақстан заңы адамның осынау табиғи, ажырамас құқығының жүзеге асуына кепілдік береді, -деді Саид Аймұхан.
Прокурордың бұл сөзімен 2016 жылы "жер митингілеріне" қатысқаны және 2018 жылы мамырда саяси тұтқындарға бостандық берілуін талап етіп акцияға шыққаны үшін тұтқындалған семейлік белсенді Фарит Ишмухаметов келіспеді.
- Билік өкілдерінің қаламызда әркімнің ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы сақталып отырғаны туралы айтқаны – бос сөз. Шындығына келгенде, титтей өзгеше ой-пікір білдіргенің үшін бізде әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартады. Оны өз басымнан өткерген маған ондай ертегі қажет емес. Жер митингісінен қандай қауіп төніп еді? Ол мемлекетке қатер төндірді ме? Азаматтарымыздың өміріне қауіпті болды ма? Біз тұрғындардың мүддесін қорғап шықтық, ал билік болса керісінше, бұдан мемлекетімізге қауіп көре қалыпты, - деді белсенді.
Қазақстанда 2016 жылы ұсталғандар саны соның алдындағы бірнеше жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткен. Алғашқы шерулердің бірі 2016 жылғы сәуірдің 27-і күні Семейде өтті. Жергілікті саябақта жер мәселесіне байланысты өткен акцияға ондаған адам қатысты.
2016 жылғы жер дауы
Your browser doesn’t support HTML5
Өзін оппозициялық ұйым деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) мүшесі, белсенді Роллан Машпиевтің сөзінше, Семей әкімдігі шеру өткізуге рұқсат сұраған азаматтардың өтінішіне байланысты түрлі қулыққа барады.
- 2017 жылы ЖСДП бейбіт шерулер туралы заңға сүйеніп Қазақстан бойынша бағаның қымбаттауына наразылық митингілерін өткізу туралы өтініштер тапсырды. Сол кезде Семейде орталық алаңда митинг өткізуге өтініш бердік. Әкімдік бізге шараны басқа орында – Полковничий аралында өткізуді ұсынды. Келістік. Бірақ бізге рұқсат бергенімен, көп жыл бойы жөндеу көрмеген (аралмен жалғайтын) көпірді аяқ астынан жөндей бастады. Кранмен жолды жауып, полиция аралға көліктерді өткізбей қойды. Жаяу жүре алмайтындар аралға бара алмады. Бұған қоса бүкіл қала бойынша жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Қалада осынша көп жәрмеңке ешқашан өтпеген болар. Жұрт митингіге бармасын деп өткізіп жатыр деп топшыладық. Сөйтіп аралға оншақты адам жиналдық. Митингі бейбіт өтті. Ал биыл қыркүйектің 21-і күні ұстауға кірісті, оған дейін жұрт бейбіт түрде жиналып, ың-шыңсыз тарап жүрген. Алаңға жиналып, әңгімелесіп отырған адамдарды полицияға әкете бастады.
МИТИНГІГЕ РҰҚСАТ БЕРМЕУ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯ РЕАКЦИЯСЫ
Семей әкімдігі Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына митинг өткізуге тыйым салмай, тек оны өткізу үшін басқа орын ұсынса, Талдықорған мен Петропавлда әкімдік бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерді қанағаттандырмаған. ЖСДП-ның Алматы облыстық бөлімінің төрағасы Қуат Күнболатов Азаттыққа жергілікті белсенділердің Талдықорғанда рұқсат етілген шеру өткізуге талпынысы туралы айтып берді.
- Митинг өткізуге өтініш бердік. Шараны адам көп жүретін Арбатта өткізуді ұйғардық. Мәслихат бейбіт жиын өткізетін орын ретінде белгілеген басқа жерлер барын білетінбіз. Бірақ қаладағы сондай үш орын да халық көзінен тыс жерде орналасқан. Ол жақта мүлде ешкім жүрмейді. Талдықорған – шағын қала. Халықтың негізгі бөлігі негізінен төрт кварталдың аумағында жүреді. Билік өтінішімізді қанағаттандырған жоқ. Митинг өткізуге басқа жер де ұсынбады, - дейді Қуат Күнболатов.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Петропавлда бейбіт жиын өткізу бойынша есеп дайындау барысында құқық қорғаушы Рустам Жантасов митинг өткізуге рұқсат сұрап 27 рет өтініш берген.
- Өтініштер мазмұны саяси жағдайдан әлеуметтік мәселелерге дейін: Қытай зауыттарын Қазақстанға көшіру, қалада сауда нүктелерін сүруге қарсылық, студенттер құқығын қорғау сияқты әртүрлі тақырыптарды қамтыды. Өтініш көп болғанымен, әкімдік бірде-бір митингіге рұқсат берген жоқ. Оған себептерінің бірі ретінде қауіпсіздікке жауап беретін тұлғаларды көрсетпепсің деп жазған. Халықаралық стандарт бойынша, қауіпсіздікке қатысушылар емес, полиция жауап береді. Өтініште белгіленген жерлердің митингіге арналмағаны да айтылды. Петропавлда бейбіт жиын өткізуге арналған орындардың жанында мемлекеттік органдар жоқ. Сондай орындардың бірі халыққа қызмет көрсету орталығының қасында орналасқан. Сонда біз наразылығымызды халыққа қызмет көрсету орталығына білдіреміз бе? - дейді белсенді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік пен құқық қорғаушылар пікіріндегі қайшылықБірдей оқиғаларға түрлі аймақтардың әкімдіктері ғана емес, полициясы да әртүрлі реакция білдіреді. Семейде полиция қызметкері Бауыржан Садақбаевтың сөзінше, барлық бөлімше қызметкерлеріне үнемі "ұстау шарасы кезінде азаматтармен қалай сөйлесу керегі айтылып, әрекет алгоритмі жіберіліп отырады".
- Қызметкер ұсталған азаматқа оның құқықтары мен міндеттерін айтып, өзін таныстырып, қандай құқықбұзушылық жасағанын түсіндіруі керек, - деді Бауыржан Садақбаев БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі қызметкерлерінің алдында.
Оралдық белсенді Аслан Сагутдиновтың сөзінше, жергілікті полиция оның іс-әрекетіне байланысты мүлде өзгедей реакция білдірген. Биыл мамыр айында қаладағы орталық алаңға қолына таза плакат ұстап шыққан Асланды полиция ұстаған. Сагутдиновтың айтуынша, ұстау кезінде және одан кейін де ешкім оған қандай құқықтары барын түсіндірмеген. Белсенді полицияның не істерін білмей абдырағанын еске алды.
- Олар (полиция қызметкерлері – ред.) көз алдымда сөз таластырып тұрды. Бұл күлкілі көрінді. Соңында мені босатып қоя берді. Бірақ мен мұны көшеге шыққан кезімізде бір-ақ түсіндім. Шынымды айтсам, "сотқа апара жатыр, айыппұл немесе 15 тәулікке түрме жазасына кесер" деп ойладым. Іштей дайын болдым. Бірақ мені шығарып, босатып жіберді. Қуанып, кетіп қалдым. Одан бөлек, полиция қызметкері менен плакатқа бір нәрсе жазуымды сұрады, - дейді белсенді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек"МИТИНГ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕ МЕ?
Саясаттанушы Димаш Әлжановтың сөзінше, аймақтардағы наразылық көңіл-күй деңгейіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Ол соның ішінде экономикалық фактордың маңызына тоқталды.
- Мәселе - әлеуметтік құрылымда. Біріншіден, [Қазақстанның] батысында мұнай секторында істейтін жұмысшы көп. Жұмысшылар еңбекақысындағы теңсіздік мәселесін, аймақтардың күйзеліс деңгейі әртүрлі екенін білесіздер. Оған нашар инфрақұрылым әсер етеді. Басқа өңірлермен салыстырғанда, батыста орташа жалақы мөлшері жоғары болғанымен, қаржылық ресурстар халық арасында тең бөлінбеген. Сондықтан белгілі бір компаниялар мен азаматтар жақсы табыс табады, ал халықтың қалған бөлігі жұмысы үшін лайықты жалақы алмайды. Осыдан [Қазақстанның] батысында наразылық көңіл-күй өршиді, - дейді саясаттанушы.
Әлжановтың пікірінше, Алматыдағы саяси белсенділік қала халқының, әсіресе ақпараттың кеңістіктің бір бөлігі саналатын жастардың мобильді әрі саяси оқиғаларға жақын болуымен байланысты. "Қоғам процесске қатысуға тырысады, ал әртүрлі саяси ойыншалыр мен акторлар қозғалыс бастайды. Осыдан біз куә болған нәтижелер шығады" дейді ол.
Саясаттанушы мемлекет саяси бағытын қайта қараған кезде, өңірлерде бейбіт жиындардың да саны артады деп есептейді.
- Митинг пен басқа бейбіт жиындарға шығу қаупі жоғары болған кезде, қоғамның топтарға бірігіп, наразылық арқылы диалогқа шақыру белсенділігі де төмендейді. Өйткені кемі 15 тәулікке тұтқындалу қаупі бар. Сондықтан мемлекеттік саясатты өзгерту – азаматтарға өз пікірін бейбіт жиындар арқылы ашық жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі фактор. Мәселе мемлекеттің митингіні өз билігіне қауіп көруінде болып отыр. Бүкіл әлемде бейбіт жиындар қоғам мен үкімет арасындағы диалог формасы саналады. Сондықтан сайлау арқылы келген билік сайлау арқылы кетуі де мүмкін екені қалыпты құбылыс. Мемлекет институттардың көмегімен барлығына түсінікті ойын ережелерін ұсынса, билікте мұндай қорқыныш болмайды және ол адамдардың пікірі мен еркін басып-жаншу үшін репрессивті аппарат қолдануын тоқтатады, - дейді саясаттанушы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен пикеттер жалғасып жатырСоңғы уақытта Қазақстанда азаматтар бейбіт жиын өткізу еркіндігін, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, ел аумағында Қытаймен бірлескен кәсіпорындар салуға қарсылық білдіріп, пикеттер мен митингілер ұйымдастырды.
Ең үлкен наразылық акциялары 2019 жылдың маусым айында, президенттік сайлау кезінде және одан кейін өтті. Ішкі істер министрінің дерегінше, ол кезде Қазақстанда төрт мыңға жуық адам ұсталған. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі "азаматтардың саяси пікірі мен қарсылығын бейбіт және заңды түрде білдіргені үшін айыптау және жаппай ұстауға қатысты" алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігін "бейбіт жиын өткізу және пікір білдіру еркіндігін, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу құқығын сақтауға" шақырды.
Президенттік қызметіне наурыздың 20-сы күні кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиындар туралы заңды қайта қарау керегін мәлімдеді. Президент алғашқы жолдауында жергілікті билік органдарға бейбіт акцияларға рұқсат беру керегін ескерткен. Ол бейбіт жиындар туралы заңды қайта қарау туралы бірнеше рет айтқанымен, әзірге азаматтарды бейбіт жиын өткізу үшін жергілікті билік органдарынан рұқсат алуға міндеттейтін заңды жұмсартуға бағытталған өзгерістер жобасы парламентке түскен жоқ.