Семей қаласы бір кездері Орталық Азиядағы ең ірі сауда орталықтарының бірі болған. Қазақстандағы ең алғашқы су құбыры, тұңғыш телеграф салынып, алғашқы футбол жарысы да осында өткен. Әр кезеңде мұнда ақтар да, қызылдар да билік құрған. Өткен ғасырдың басында қала Алашорда үкіметінің астанасы да болған.
Ресми мәліметтер бойынша, 2010 жылы Семейде арихтектура мен қала құрылысының 36 ескерткіші болған, ал 2019 жылы олардың саны 32-ге азайған. Жергілікті өлкетанушылар мен белсенділер ескерткіштерді сақтауды қазірден қолға алмаса, ешқандай тарихи ғимарат қалмауы мүмкін дейді.
ҒАЙЫП БОЛҒАН МҰРА
"Ертіс бойы" өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов басқа өлкентанушылар мен қоғамдық белсенділермен бірге көп жылдан бері шұғыл жөндеуді қажет ететін архитектура ескерткіштеріне жұрттың назарын аударуға тырысып келеді. Бірақ құзырлы органдар олардың сөзіне әрдайым құлақ аса бермейді.
– Тарихқа қатысы бар нәрсенің бәрін, тіпті ерекше жәдігерлердің өзін көзсіз қиратып жатыр, – дейді Марат Сасанов.
Оның айтуынша, өлкетанушылар тарихи құндылығы бар деп жүрген талай ғимаратты билік сүріп тастаған.
Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын Семейде ескі гауптвахта үйі құлатылды дейді өлкетанушы. Бұл қарауыл үйін 18-ғасырда инженер-топограф Иван Андреев салған, ол – кейіннен қазіргі Семейге айналған екінші Семипалатинск қорғанын тұрғызған адам. Ол үйдің тағы бір ерекшелігі – онда Семейге жер аударылған Федор Достоевский қызмет еткен. Қазір гауптвахтаның орнында "Халық банкі" кеңсесі тұр.
2012 жылдың шілде айында шенеуніктер ескі гауптвахтаның ешқандай тарихи құны жоқ деп ұйғарған. Соның алдында ғана облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің басшысы Талғат Сүлейменовтен "бұл үй архитектура ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі" деген хат келген еді. Олар гауптвахтаны сол шілде айында-ақ тарихи ескерткіш қатарына қоспақшы болған.
ӘКІМДІККЕ ХАТ ЖӘНЕ БИЛІКТІҢ НАЗАРЫ
Семейдегі жойылып кетуге шақ тұрған тағы бір ғимарат – Қазақстандағы алғашқы телеграф үйі. "Мемлекет қорғауындағы нысан" деген жазуына қарамастан, ғимараттың терезелері сынып, шатыры қираған.
– Жағдайы өте нашар. Ішіне кіріп көрдік, шатыры түгел құлаған. Жауын-шашын суы екінші қабаттың еденіне ағып, ол шіріп жатыр. Енді аз уақыттан соң мемлекеттің қорғауында деген ғимараттан айырылып қаламыз, – дейді өлкетанушы Марат Сасанов.
Оның айтуынша, тарихи ғимаратты жөндеу туралы өтініштерге қалалық әкімдік "қаражат жоқ, инвестор жоқ" деп жауап береді. Дегенмен таяуда билік ескі ғимараттардың тарихи маңызына мән бере бастайды деген үміт пайда болды. Биыл сәуірде Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейдің тарихи бейнесіне көңіл аударып, "ескі архитектураны қорғап, қаланың тарихи келбетін сақтап қалу өте маңызды" деген.
– Бұл – тарихы ерекше қала. Мемлекеттік нысандарға тексеріс жүргізу өте маңызды. Жекеменшік секторға әлі тиіскен жоқпыз. Тарихи ғимараттар мен ескерткіштерді сақтаудың бағдарламасын қабылдау өте маңызды, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Тоқаевтың Семейге сапарынан соң.
Осыған дейін қаланың ерекше келбеті көбіне Семей тұрғындарын толғандырып келген. Мәселен, телеграф ғимаратындағы байланыс музейі мемлекеттің көмегімен емес, оған қарсылықтың арқасында пайда болған. Азаттық тілшісімен сұхбатында Қазақстанның құрметті құрылысшысы әрі қоғам қайраткері Николай Исаев сол кезде бүлініп жатқан ғимаратты сақтап қалуға өлкетанушы Владимир Лушников көп күш салды дейді. Оның бастамасымен ашылған музей жақсы жұмыс істеп жатқан. Бірақ Лушников қайтыс болған соң экспонаттарды байланыс колледжіне өткізіп, қараусыз ғимарат тоз-тозы шығып, бос қалған.
– 2017 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовке бардым. Оған "республикалық музей жасайық, бұл – Қазақстандағы алғашқы телеграф" дедім. Ол кісі сөзімді қоштағандай болған, бірақ кейін мәслихат хатшысынан "көмектесе алмаймыз" деген хат келді. Жай алдаусырату хаты десе болады. Әкімдікке қоғамдық кеңес өкілі ретінде өтініш жасаған едім, – дейді Николай Исаев.
Өлкетанушылар облыс пен қала әкімшілігіне тағы өтініш айтып, тым болмаса ғимараттың шатырын жөндеуге көмектесуді сұрамақ ниетте. "Қол жайып, сұрағаннан басқа амалымыз жоқ" дейді олар.
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өкілдері алғашқы телеграф ғимараты пайдалануға жарамсыз болғандықтан оны ескерткіш қатарынан шығарып тастау керек деп санайды.
– Найманбаев көшесіндегі 116-үйде орналасқан алғашқы телеграф ғимараты "Семей қалалық білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің балансында тұр. "Археологиялық зерттеулер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2018 жылғы наурыздың 24-індегі тарихи-мәдени сараптамасының қорытындысы бойынша, бұл ғимарат апат жағдайында тұр, сондықтан қолдануға жарамайды. Қазір аталған нысанды ескерткіштер қатарынан шығару жұмысы жүріп жатыр, – деді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өкілдері.
Қала әкімдігі тарихи ғимараттарды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр деп сендіреді:
– Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңның орындалуы қадағаланып, қорғау шаралары жасалып жатыр, арнайы белгілер орнатылып, ескерткіштерді табу, жөндеу және жапсарлас жерлерді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
КІРПІШІ ҒАНА ҚАЛҒАН ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР
Жақында Семейде патша заманындағы ескі түрмені құлатты, оның кірпіштері әлі жиналған жоқ. Бұл ғимараттағы құпия жолдар, саяси көзқарасы үшін түрмеге жабылғандарды қамаған камералар туралы аңыз әңгіме көп. Жұрт осы патша түрмесін көргісі келетін. Бірақ ол жабылған соң да қатаң күзетілген нысан болды, себебі тергеу абақтысының аумағында тұрды, сондықтан оған ешкім бара алмады.
Өлкетанушы Марат Сасанов "Екатеринкаға" (халық кейде бұл үйді солай атайды) кіріп көрген.
– Ішкі туризмді дамыту үшін бұл өте жақсы нысан болар еді. Өкінішке қарай, оның орнында биік үйлер салынады, – дейді Сасанов. – Бұл түрменің тарихпен байланысы көп еді. Себебі революция кезінде мұнда ақтар да, қызылдар да болған. Онда әйгілі адамдар, соның ішінде алашордашылар көп отырған. Ғимараттың өзі тірі тарих еді. Өзім түрмені аралап, үлкен әсер алғанмын. Өте тар камералар, темір есіктер, нөмірлер, жазулар қалған. Қабырға өте қалың, барлық жерде темір тор болған. Олардың бәрі патша заманында темірден жасалған. Өркениетті елдерде мұндай ғимараттарды сақтап қалады, себебі бұл – тарих. Онда барғысы келетіндердің көптігі де таңқалдырмайды. Ескерткіштерді, алаңдарды емес, осындай тарихи түрмелерді көргісі келетіндер көп.
Қоғам белсенділері қалада туристерге көрсететін жәдігер баршылық, сондықтан билік олардың сақталуына көңіл бөлуі керек деп санайды. Олар тек байланыс музейіне ғана емес, тарихи маңызы бар басқа да ғимараттарға назар аудару керек дейді. Семейде ондай ғимарат аз емес.
Шұғыл жөндеуді қажет ететін архитектура ескерткіштеріне қала басшылығы көңіл аудара ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Кейбір ескі ғимараттар қазір банктерге, сауда үйлеріне қарайды, ал Қазақстанның туризм саласын дамыту бағдарламасында Семейдегі архитектура ескерткіштері мүлде жоқ. Сондықтан өлкетанушылар бұл мәселе жуық арада республика деңгейінде шешіле қояды дегенге күмәнмен қарайды.