"Дәулет аға, көзіңізді ашыңызшы!". Қаңтар оқиғасында оқ тиіп жараланған семейлік белсенді көмекке зәру

6 қаңтарда Семейде күш құрылымдары алаңға наразылық акциясына жиналған бейбіт адамдарға оқ атқан кезде арқасынан оқ тиген белсенді Дәулет Мұқажанов аса күрделі хирургиялық отадан кейін аяғын баса алмай қалды.

6 қаңтарда Семейде билік күштері алаңға наразылық шарасына жиналған бейбіт халыққа оқ атқан. Арқасынан оқ тиген белсенді Дәулет Мұқажанов аса күрделі хирургиялық отадан кейін аяғын баса алмай қалды. Шетелдегі қымбат оңалту шарасынан өтсе, аяғынан тұрып кетуі мүмкін. Бірақ оған қажет ақшаны төлеуге отбасының жағдайы жоқ.

"ЖАН-ДҮНИЕМДЕ БІРНӘРСЕ ӨЗГЕРГЕНДЕЙ БОЛДЫ"

56 жастағы Дәулет Мұқажановтың дауысы әзер шығады. Ол сұхбат кезінде ыңғайсызданып, қолын жиырып ала береді. Қаңтар оқиғасына дейін Дәулет отбасының тірегі болып, әйелі мен үш қызын өзі асыраған. Жүк тасымалымен айналысқан. Қазір белсенді мүгедек арбасында отыр.

Дәулеттің өмірі 2011 жылы күрт өзгерген: сол жылы 16 желтосқанда Жаңаөзенде полиция бейбіт ереуілге шыққан мұнайшылар мен қала тұрғындарына оқ атқан.

– 2011 жылы Жаңаөзенде бейбіт митинг болып, көп адам қаза тапқаннан кейін жан-дүниемде бірнәрсе өзгергендей болды, мемлекетке сенуден қалдым. Сол кезден азаматтық белсенділікпен айналыса бастадым, – дейді Дәулет Мұқажанов.

Белсенді содан бері митингілерге қатысып, мұқтаж жандарға көмектесіп келген. Ол Семейде тұратын 12 жастағы Ділназ Әбдуғалидың еміне ақша жинауға қатысып, кейінірек қайырымдылық қорын ашқан.

2022 жылғы қаңтарда Дәулет Мұқажанов Семей тұрғындарына видеоүндеу жариялап, газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан Жаңаөзен халқын қолдауға шақырған. 5 қаңтарда белсенді үш мыңға жуық адам жиналады деп болжанған алаңға бармақ болған.

Семейдің орталық алаңына наразылық митингісіне шыққан азаматтар мен олардың жолын бөгеп тұрған полиция жасағы. 5 қаңтар 2022 жыл.

– 5 қаңтарда митингіге шықтым, бірақ мені үйдің жанынан ұстап әкетіп, Затон полиция бөлімшесіне апарды. Түнгі 11-ге дейін ұстап, үйге әкеліп тастады. 6 қаңтарда тағы да бейбіт митингіге бардым, – дейді Мұқажанов.

5 қаңтардағы бейбіт наразылық митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, бүлікшілер әкімдікті басып алған. 6 қаңтарда орталық алаң қаңырап бос қалған.

– Өзімізді бейбіт ұстадық, ештеңе сындырып, қиратқан жоқпыз. Жай ғана Семей қаласының әкімі [Бақытжан] Баяхметовтің келуін талап еттік, – дейді белсенді.

Дәулет Мұқажанов әкімнің орнына оның орынбасары Айдар Садырбаев келгенін айтады.

– Ол "тарамасаңыздар қару қолданады" деді. Бұл кезде алаңды әскерилер қоршап тұрды. Адамдар ашулана бастады, әкім орынбасары кетіп қалды. Сонан кейін екі өрт сөндіру көлігі бізге қарай жүрді. Үш адам өрт сөндіру көлігінің алдына шығып, аязды күні халықтың үстіне су шашуға болмайтынын түсіндірді. Олар өзара сөйлескеннен кейін су шашпайтын болды. Халық "Өрт сөндірушілер біздің жағымызға өтті" деп қуанды. Осы кезде әскерилер артымыздан құлақ тұндыратын гранаталар лақтырып, оқ ата бастады, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ескертусіз оқ ату – фашизм". Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмған ақтөбелік тұрғын

Халық у-шу болып, жан-жаққа қашқан. Алаң қоршаулы болғандықтан, наразылар оқтан қорғануға жарайтын жалғыз ғимарат – әкімдікке қарай жүгірген. Жұртқа атылған оқтың бірі Дәулет Мұқажановқа тиген.

– Бес метр жерде граната жарылып, бір жас қыз құлап қалды. Жүгіріп барып, қызды әкімдік ғимаратына қарай алып жүрдім. Үш-төрт қадам жасағаным сол еді, жауырынымның ортасына, тура омыртқа тұсына оқ тиді. Есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, мені төрт адам көтеріп, жүгіріп барады екен. Белсенді Бибігүл Қабден жылап, "Дәулет аға, көзіңізді ашыңызды" деп айғайлады. Кейін бізді арнаулы жасақ қуып жетіп, бәрімізді тепкілей бастады. Бір қыз басымды қорғаштап, маған оқ тигенін айтып, жедел жәрдем шақыруды сұрады. Арнаулы жасақ өкілдерінің бірі оны балағаттап, басынан теуіп жіберді. Қыз сұлқ түсіп құлады. Бізді тепкінің астына алды, тағы да есімнен танып қалдым. Есімді ауруханада бір-ақ жидым.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтар көтерілісі

"КҮРЕСІМДІ ЖАЛҒАСТЫРАМЫН"

Жедел медициналық көмек ауруханасында Дәулет Мұқажановқа қиын таңдау жасауға тура келген.

– Томография жасап, омыртқама оқ қадалғанын айтты. "Оқты алып тастасақ, жүре алмай қалуың мүмкін, алмасақ, іріңдеп кетеді" деді. Оқты алғызып тастауға келістім, отадан кейін жүре алмай қалдым, – дейді белсенді.

Дәулет Мұқажановты емдеген дәрігер жарақат салдарынан жұлынға зақым келгенін, науқастың ауруы асқынып жатқанын айтады.

– Омыртқасына оқ тиіп, жұлыны зақымданған деген диагнозбен жатты. Жарақат алғаннан кейін бір аяғы қозғалмай қалды. Ауруханаға түскен күні бірден ота жасап, оқты алып тастадық. Бірақ оқ жұлынын жанап өткен. МРТ жасадық, 11-тәулікке қараған күні ауруханадан шығардық. Бәрі ереже бойынша. Антибиотик беріп, жарақаттың жібін алдық. МРТ-дан жұлынға зақым келгенін көрдік. Ауруханадан шыққанда, бір аяғы жүрмейтін, қазір Дәулет екінші аяғын да баса алмай қалған. Бұлай болуы әбден мүмкін, өйткені жұлын жарақаты одан әрі өршуі ықтимал, – дейді дәрігер.

Дәулет Мұқажанов Израильге барып емделгісі келеді. Шетелдік аурухана белсендінің еміне қанша ақша керегін есептеп жіберген. Бірақ Дәулеттің емге төлейтін қаражаты жоқ.

– Еуропаның ауруханаларына жазылдық. Бірақ ол жақта оңалтудан өту қымбат тұрады. Израильден шақырту келді. Оңалту шарасына 60 мың доллар сұрап отыр. Ондай ақшам жоқ. Жүк көлігімді саттым, аздап жинап-тергеніміз бар еді, соның бәрін қосқанда 16 мың доллар болды. Емделгім келіп, аяққа тұрып кетермін деп үміттеніп едім. Бірақ қалған ақшаны жинай алмай жатырмыз. Аяғымнан жан кете бастады, дәрігерлер дереу оңалту шарасынан өту керек деп ескертті, – дейді Дәулет.

Дәрігер Дәулеттің жүріп кету мүмкіндігі аз екенін мойындайды, бірақ сәл де болса үміт бар деп есептейді.

– Қаншалық көмегі болатынын білмеймін, бірақ ол аурухананың емдемейтін жері жоқ. Бір көмегі тиіп қалар. Үміт болса, дәрігерлер уәде беріп тұрса, неге байқап көрмеске? Олардың медицинасы жоғары деңгейде дамыған. Жұлыны зақымданған адамдар мүгедек болып қалады. Дәулетте де дәл сол жағдай. Бұл ашық мәселе, мүмкіндік аз, бірақ үміт бар, – дейді дәрігер.

Қазір Дәулет Мұқажанов мүгедектік ала алмайды, өйткені медициналық сақтандыруы жоқ. Белсендінің сөзінше, оған "келер жылы келіп, есепке тұрыңыз" деген.

– Үнемі адамдарға қолымнан келгенше көмектесуге тырысатынмын. Қазір өзім көмек сұрауға мәжбүрмін. Ыңғайсыз, әрине. Адамдардан алғанымның бәрін қайтарамын, – дейді ол.

Басынан өткен жағдайға қарамастан, Мұқажанов азаматтық белсенділігінен бас тартпауға бел буған.

– Соңына дейін күресемін. Мүгедек арбасында отырсам да, болашақ ұрпақ үшін, олар әділ мемлекетте өмір сүруі үшін күресемін, – дейді ол.

Дәулет Мұқажанов полицияға арыз жазбаған. Белсенді "мұның еш мәні жоқ" дейді. Ол кінәлілер жазаланады дегенге сенбейді. Дәулет прокурор мен халыққа "қару қолданылады" деп ескерткен әкімнің орынбасарынан өзіне неге оқ атылғанын және бұл үшін кім жауап беретінін сұраған, бірақ ешқандай жауап ала алмаған. Мұқажанов қаңтар оқиғасы жөніндегі тергеуге куәгер ретінде қатысып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Билікті сынауға болмайды, азаматтық еркіндік шектелген". Amnesty есебіндегі Қазақстан"Таяқпен зорламақ болды". Семейлік белсенді қамауда азапталғанын айтады"Жазықсыз жандарды атып тастады". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?"Алаңда оққа ұшты". Шымкентте қыршынынан қиылған қос ғұмырдың сұрауы кімнен?"Тозаққа түскендей болдым". Қаңтарда ұсталған адамның бастан кешкені