Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованың ісін қарай бастады. Прокуратура оларды Қаңтар оқиғасы кезінде "жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақырып, өздері де қатысқан" деп айыптады. Белсенділер тағылған айыппен келіспейді, істің саяси астар бар деп санайды.
ҚАМАУДАҒЫЛАРДЫҢ БІРІНІҢ ӘКЕСІ ӨМІРДЕН ӨТІП, БІРІНІҢ БАЛАСЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Жеті айдан бері Шымкенттегі Сәуле ықшамауданында орналасқан 167/11 тергеу изоляторында (ИЧ 167/11 мекемесі) қамауда жатқан белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованы 13 шілдеде әл-Фараби аудандық сотына арнайы күзетпен, қолына кісен салып жеткізді. Сот ғимараты алдына үш белсендінің туыстары мен жақтастары – барлығы елуге жуық адам жиналды. Сот залына жиырма шақтысы ғана кіре алды, сыймағаны сыртта қалды.
Шымкенттегі Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 48 жастағы Қайрат Сұлтанбек – 7 қаңтардан, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 44 жастағы Жанмұрат Аштаев 8 қаңтардан бері қамауда отыр. Олар тергеу кезінде өздерін кепілмен босатуды я үйқамаққа ауыстыруды сұрағанымен, сот олардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Жанмұрат Аштаев сот залына кірген бойда "Біз кінәлі емеспіз!" деді.
Сот тергеуі басталмас бұрын Қайрат Сұлтанбек осыдан он күн бұрын дүниеге келген қызын алғаш рет осы жерде көрді.
12 шілдеде Аштаевтың әкесі қайтыс болған еді. Жиналғандар сот залында марқұмға құран бағыштады.
Сотқа дейінгі тергеу басталғанда үш белсенді "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап), ал Қайрат Сұлтанбекке бұған қоса "Бұзақылық" (293-бап) қылмысына күдікті деп танылған. Кейіннен іс қайта сараланып, прокуратура үшеуінің ісін біріктіріп, оларға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) жасаған деген айып тақты.
Жоғары білімі бар үш белсенді де үйлі-баранды. Сұлтанбек пен Досмамбетова – жеке кәсіпкер. Аштаев – күзетші болып жұмыс істеген. Досмамбетова – жалғызбасты көп балалы ана. Ал кәмелетке толмаған 4 баласы бар Аштаевтың әйелінің бесінші балаға аяғы ауыр.
"ШАЛ, КЕТ! ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКА ҚҰРАЙЫҚ!"
Үш белсендінің сот процесін судья Еркебұлан Төлешов жүргізіп отыр. Прокурор Құндыз Қаратаева оқыған айыптау актісінде Қайрат Сұртанбектің 5 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласы аумағындағы жаппай тәртіпсіздікті естіген соң "оны жалғастыруды ойлағаны" айтылған.
"Сол мақсатпен Досмамбетоваға хабарласып, сөз байласқан. Кешке дыбыс зорайтқыш алып, қала әкімдігінің алдына барған, сол жерде Досмамбетовамен кездесіп, екеуі бірге "Шал, кет! Парламенттік республика құрамыз!" деп сөйлеп, жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақырып, арандатып, халықты ызаландырып саяси дүрбелең туғызған" деді прокурор.
Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсендінің соты басталды (13 шілде 2022 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5
Сотқа дейінгі тергеу қорытындысында Сұлтанбек пен Досмамбетованы алаңға жиналған наразы жұртты "жаппай тәртіпсіздікке арандатқан" деп сипаттаған. Сұлтанбек "алаңда жиналған жұрттың полиция мен әскерилерге зорлық-зомбылық жасап, өміріне қауіп төндіргенін, көліктер мен мемлекеттік ғимараттарды қиратқанын көрген және қасақана өзі де қатысқан" деп жазылған айыптау актісінде.
– Сұлтанбек пен Досмамбетова Шымкент қаласы әкімдігін, аудан әкімдіктері мен "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясының ғимаратын қирату, мемлекеттік мекемелерді, полиция басқармаларын, билік өкілдерінің байланыс құралдарын істен шығару мақсатында "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының ғимаратын өртеу, жұртты жаппай тәртіпсіздікке айдап салу, қарулану, қала әкімдігі алдындағы алаңға тас төгу және қаржыландыру туралы ұялы телефонмен сөйлескені құжатталды. Аштаевпен әкімдік алдындағы алаңда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысып, әкімдік ғимаратын қорғап тұрған билік өкілдеріне, күштік құрылымдарға күш қолдану мен оны аяғына дейін жеткізу мүмкін болмағаны жөнінде сөйлескен. Митингіде шабуыл сәтті болуы үшін не істеу керегін талқылаған. Сот психология-филологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сұлтанбектің, Досмамбетованың сөзінде күштеу және зорлық-зомбылық іс-әрекетке итермелеу белгілері бар, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокуратура үш белсенді "қасақана ауыр қылмыс жасады" деген қорытынды шығарған. Аштаевтың басқа екі белсендіден айырмашылығы – жаппай тәртіпсіздікке қатысып, "тәртіпсіздікке қатысушыларға шабыт беріп, ешқайда қашпай, оларды белсенді қарсылық көрсетуге шақырғанымен", арандатпаған деді прокурор.
Судья үш белсендінен тағылған айыпты мойындайтыны я мойындамайтынын сұрады. Аштаев пен Сұлтанбек айыпты мойындамайтынын айтты, ал Досмамбетова бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
"ЖҮРЕГІНЕ ОҚ ТИГЕН АДАМ КӨЗ АЛДЫМДА ӨЛДІ"
Бұдан кейін сот тергеуінде үш айыпталушының жауабы тыңдалды.
Ләззат Досмамбетова 5 қаңтарда Назарбаев көшесінің бойында орналасқан қала әкімдігінің алдындағы алаңда несиені өтеу, жұмыссыздық, жалақының аздығы сияқты әлеуметтік мәселелерді көтермекші болғанын айтты.
Алаңға жете бергенде бір топ адамның жүрегіне оқ тиіп жараланған азаматты көтеріп келе жатқанын көрген. Алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, әлгі адамның жан тапсырғанын байқаған.
– Алаңдағы айқай-шуды естігенім болмаса, мен тұрған маңда тәртіпсіздік болған жоқ. "Шал, кет! Парламенттік республика!" деп айқайлағаным рас. Демократиялық республикада тұрғым келді, – деді сотқа берген жауабында Досмамбетова.
Қайрат Сұлтанбек өз іс-әрекетінде қылмыс бар деп есептемейтінін айтты.
– Алаңда тұрған кезде әкімдік жақтан оқ атылып, жанымда тұрған жігіттің жүрегіне тиді. Оның қайтыс болғанын көрдім. Көз алдымда адам өлді. Видеоға түсіріп, жарияласын деген мақсатпен Украинада тұратын танысыма жібердім. Тінту кезінде полицейлер менің үйімнен 19 900 доллар, 1 миллион теңге тәркілеп алды. Бұл – өз ақшам. Маған "террористерді қаржыландырдың" деп жала жапты. Бір жыл бұрын мені 405-баппен ("Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу") соттады. Жазаны өтеп, Қазақстаннан кетемін деп шештім. Сол үшін ақша жинап жүргенмін, – деді Сұлтанбек.
Сот тергеуінде сөйлеген Жанмұрат Аштаев 4 қаңтарда бейбіт митингіге барғанын мойындайтынын, бірақ 5 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын мәлімдеді. Ол Сұлтанбекпен 6 қаңтарда, яғни митинг болып өткеннен кейін сөйлескен сөзін тергеушілердің айып тағуға ілік етіп алғанын, сөйтіп өзінің Конституцияның 20-бабында көрсетілген мәлімет алу және алмасу құқығы бұзылғанына наразылық білдірді. Бұған қоса тергеу кезінде азапталғанын айтты.
– 8 қаңтарға қараған түні полиция мені бала-шағамның, ауру әкемнің көзінше үйден күштеп әкетті. Полиция департаментіне барған соң дәлізде ұрып-соқты. Жеті айдан бері қамауда отырмын. Ұрып-соққан адамдар әлі бостандықта жүр, – деді Аштаев.
Адвокат Мұрат Жолшиев судьядан айыптау тарабының Сұлтанбек пен Аштаевтың телефон әңгімесінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру белгілері бар деген айғағын іс құжаттарынан оқып беруді сұрады. Судья Аштаевтың Сұлтанбектің алаңға тас алып бару, Алматыдағы наразылық туралы сөздеріне "Не істеу керек? Ух, ты! Імм" деп жауап бергенін айтты.
– Оқиға 5 қаңтарда болды. Сұлтанбек, Досмамбетова мен Аштаев 6 қаңтарда телефонмен сөйлескен. Әңгімелескені болмаса, ешқандай іс-әрекет жасамаған. Сөз күйінде қалған. 15 маусымда арнайы прокурорлар басқармасы басшысы Нұржан Көлбаев қылмыстық қудалауды ішінара тоқтату туралы қаулы шығарған. Онда күдікті Сұлтанбек, Досмамбетова мен Аштаев жаппай тәртіпсіздік кезінде мүлікті қирату, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасау, бұзақылық, яғни қоғамда көрінетін іс-әрекеттерді жасамаған, полиция мен әскерилерге күш көрсетпеген, қару қолданбаған, алып жүрмеген я сақтамаған деп шешім қабылдаған. Осы қаулыны ескерсеңіз, – деді Сұлтанбектің адвокаты Аққұлов судьяға.
ҚАҢТАРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ЖАЗАЛАУ
Бұған дейін "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Қытай экспансиясына" қарсылық сияқты түрлі наразылықтарға қатысқан Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованы билік бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан: айыппұл салды, әкімшілік қамауға алды. Мысалы, кейінгі үш жыл ішінде азаматтық ұстанымын айтып, наразылықтарға қатысқан Аштаев 5-15 күннен алты рет әкімшілік қамауда болған.
Үш белсенді 2021 жылы "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (405-бап) деген айыппен қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып, сот үкімімен түрлі мерзімге бостандығы шектелді. Бұдан бөлек 2021 жылғы 1 шілдеде Шымкент қаласы әкімдігі алдында "Саяси тұтқындарға" бостандық талап етіп аштық акциясын өткізген кезде Аштаев "билік өкіліне күш қолданды" және "билік өкілін қорлады" деген айыппен, оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Былтыр қараша айында "тергеуге кедергі келтірді, қашып кету қаупі бар" деген желеумен соттан белсендіні қамауды сұраған. Шымкент қалалық тергеу соты Аштаевты кепілмен босатқан.
25 қаңтарда Жанмұрат Аштаев полиция үйінен әкеткеннен кейін ұрып-соққанын, өзі талап еткенімен сот-медициналық сараптама тағайындалмағанына наразылық білдіріп, абақтыда аштық жариялаған. Көп өтпей сараптама жасалып, белсенді аштық акциясын тоқтатты. Сараптама қорытындысы Аштаевтың иығы мен аяғы көгергенін, денесіне жеңіл жарақат түскенін анықтаған.
Ақпанда Қайрат Сұлтанбектің әйелі белсенді Ардақ Сәтбаева көлігінің екі дөңгелегін белгісіз біреулер шегемен тесіп кеткенін хабарлады. Ол мұны күйеуінің қамалуымен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.
Наурызда Қайрат Сұлтанбектің әйелі мен Жанмұрат Аштаевтың зайыбы күйеулерінің заңсыз қамалғанына наразылық білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізбекші болған. Бірақ қала әкімдігі оларға пикет өткізуге рұқсат бермеді.
19 сәуірде үш белсендінің туыстары Шымкент қалалық прокуратурасына барып, прокурормен кездесуді талап етті. Ешкім шықпаған соң олар қамауда жатқан жақындарын босатуды талап етіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан үндеу жолдады.
Жылдың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бірнеше қалада дүрбелең мен қантөгіске ұласты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарусыз жұртқа оқ атты". 6 қаңтарда Шымкент әкімдігі жанында не болды?Шымкентте 4 қаңтарда Жаңаөзен халқының талабын қолдап шыққан азаматтардың бейбіт басталған наразылық шеруінің соңы жаппай тәртіпсіздікпен аяқтылды. Ресми дерек бойынша, 4-6 қаңтар аралығында Шымкентте 20 адам қаза болып, 207 адам жараланған.
Қаңтар оқиғасына байланысты Шымкентте 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың арасында жеті белсенді бар, оның екеуі – көп балалы әйел. Бұған дейін сот екі белсендінің ісін қарап, үкім шығарды. Молдабай Сәдібековті 3 жылға бостандығынан айырып, Ерғали Құлбаевтың еркіндігін 4 жылға шектеді.
Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты, ашық зерттеуге үндеген халықаралық ұйымдардың ұсынысын ресми Нұр-Сұлтан қабылдамады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтардағы шеруде "Жаңаөзенді қолдайық! Шал, кет!" деп ұрандаған белсенді Молдабай Сәдібековті сот үш жылға түрмеге қамадыҚаңтардағы наразылыққа қатысқан шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев сот үкімімен келіспейді"Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейді"Билікті сынауға болмайды, азаматтық еркіндік шектелген". Amnesty есебіндегі Қазақстан"Төрт айып тақты". Шымкенттегі наразылықтан соң көп балалы ананы абақтыға қамады