СОТ ШАҒЫМДЫ ІШІНАРА ҚАНАҒАТТАНДЫРДЫ
Шымкенттік белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов пен Данияр Байтілеудің митинг өткізуге рұқсат бермеген жергілікті әкімдіктің үстінен берген шағымы бойынша азаматтық істі қараған Қаратау аудандық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі қазанның 1-і күні шешімін жариялады. Сот белсенділердің арызын ішінара қанағаттандырып, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың биылғы шілденің соңында шығарған қаулысын заңсыз деп таныды.
- Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов пен Данияр Байтілеудің арызы ішінара қанағаттандырылсын. Шымкент қаласы әкімдігінің шілденің 29-ы күні қаулысы заңсыз деп танылсын. Сот арыздың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартады, - деді Жанат Мүсірәлі.
Бұған қоса судья бұған дейін азаматтық сотқа қатысуын өзі міндеттегеніне қарамастан сот отырысына келмеген Шымкент қаласы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбековаға жеке ұйғарым шығарып, қала әкіміне шенеунікке шара қолдануды және бұл туралы бір ай ішінде сотқа хабарлауды тапсырды.
Қазанның 1-і күнгі отырысқа белсенділер Ерғали Құлбаев пен Данияр Байтілеу, олардың қорғаушысы Жаңабек Әбішев, прокурор Бақытжан Мұстафаев және қала әкімінің өкілі Бексұлтан Әділханов қатысты. Ал арыз иелерінің бірі Нұржан Мұхамедов қыркүйектің 18-і күні қалалық мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 15 тәулікке қамалғандықтан бұл отырысқа қатыса алмады. Мұхамедовпен бірге әкімшілік жауапқа тартылған Ерғали Құлбаев бес тәулік қамауда болып шыққан.
Данияр Байтілеу сот белсенділер митинг өткізуге рұқсат бермеу туралы қаулы шығарған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайға да шара қолдануы тиіс болатын деп санайды. "Біз апелляциялық шағым түсіреміз" деп мәлімдеді ол.
Қала әкімдігінің өкілі сот шешіміне байланысты Азаттыққа пікір білдіруден бас тартты.
ДАУЛЫ ҚАУЛЫ БОЙЫНША СОТ
Үш белсендінің шағымы бойынша қыркүйектің 3-інде басталған азаматтық сот процесі барысында судья арыз иелерінің талабы бойынша Шымкент әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен әкім аппараты басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбекованы сот отырысына қатысуға шақырғанымен екеуі де келген жоқ. Сот отырыстарына әкімдік өкілі ретінде өзге адамдар қатысты.
Шымкенттік белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов пен Данияр Байтілеу шілденің айының ортасында жергілікті билікке тамыздың 4-і күні Шымкенттегі Абай саябағы, орталық саябақ, Ордабасы немесе Наурыз алаңдарының бірінде митинг өткізуге рұқсат сұрап өтініш тапсырған еді. Белсенділер ол шарада Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін заң жүзінде іске асыру мәселесі туралы айтпақшы болған.
Шымкент әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шілденің 29-ы күні қол қойған қаулыда белсенділер митинг өткізетін орын ретінде сұраған жерлерде "тамыздың 4-і күні басқа шаралар өткізу жоспарланғанына байланысты" олардың өтініші қанағаттандырылмайтыны айтылған. Бұдан кейін белсенділер тамыз айында тағы үш рет митинг өткізу туралы өтініш тапсырғанымен, Шымкент әкімдігі әлгіндей уәжді алға тартып, шараға рұқсат бермеді. Бұдан соң белсенділер "билік митинг өткізуге рұқсат етпей, конституциялық құқымызды бұзды" деп, әкімдік қаулысын заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Сонымен бірге белсенділер "митингі өткізуге негізсіз рұқсат бермеген" және әкімдік қаулысын "заңда көрсетілген мерзімде жеткізбеген" шенеуніктерді жауапқа тартуды сұраған.
БИЛІК РҰҚСАТ ЕТПЕГЕН АКЦИЯЛАР
Әкімдікке берген бірнеше өтініші қанағаттандырылмаған шымкенттік белсенділер тамыз айында жергілікті биліктің келісімі болмаса да акциялар өткізген. Бұл акцияларда олар билікке әртүрлі талаптар қойды.
Нұржан Мұхамедов "саяси тұтқындарды" қолдау акциясында. Шымкент, 25 тамыз 2019 жыл
Your browser doesn’t support HTML5
Мысалы, шілде мен тамызда өткен акцияларда сол кезде Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш пен "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті, 2009 жылы жемқорлық айыбымен ұзақ мерзімге сотталып, қазір түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті және құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етті.
Қыркүйекте Қазақстан үкіметінің Қытаймен бірлескен жобаларына қарсылық шерулерін өткізді. Осы акциялардың кейбірі шымкенттік белсенділер әкімдікке берген өтініштерінде көрсеткен орындарда және уақытта өтті. Олар бұған дейін жергілікті билік "басқа шара немесе жөндеу жұмыстары жоспарланған" деген орындардың бос тұрғанын көрсеткен болатын.
Шымкентте тамыздағы рұқсат етілмеген акцияларға қатысушыларға билік өкілдері "әкімдіктің келісімінсіз шараның заңсыз деп саналатыны" туралы ескертумен шектелген еді. Ал қыркүйекте Шымкенттің әкімшілік соты "бейбіт митингілер ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзғаны" үшін төрт белсендіні бес тәулікке және біреуін 15 тәулікке қамауға алу, одан өзге төрт адамға 50500 теңгеден (шамамен 130 доллар) айыппұл салу туралы шешім шығарған.
Қыркүйектің 21-і Шымкенттегі Ордабасы алаңына жақын саябақта жүрген бірнеше адамды полиция көлікке мәжбүрлеп отырғызып, алып кетті. Бұл күні Қазақстанның өзге бірнеше қаласында да полиция күштері елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов "митингі орны" ретінде жариялаған жерлерден ондаған адамды әкетті. Ұсталғандар арасында Қазақстанның саяси жүйесіне наразылық білдіргендер, "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткендер және "Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына қарсымыз" деп үндеу көтергендер байқалды. Кейін Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қыркүйектің 21-і күні елде жүзге жуық адам ұсталып, оның тоғызы қамауға алынғаны және алтауына айыппұл салынғаны туралы хабарлады.
БЕЙБІТ ШЕРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ
Биылғы наурыздың 20-сынан бастап Қазақстан президенті болған Қасым-Жомарт Тоқаев елде бейбіт митингілер туралы жаңа заң әзірлеу жоспары туралы бірнеше рет айтқан. Қыркүйектің басында халыққа алғашқы жолдауында ол "Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деп мәлімдеген. Тоқаев бейбіт митингілер өтетін орындардың қаланың шетінде болмауы керектігіне назар аударған.
Осыдан екі апта бұрын Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқығы өлшемдері жөніндегі конференциясында Қазақстанның үкімет делегациясының өкілдері "Қазақстандағы бейбіт митингілер өткізу ережесі халықаралық құқық нормаларына сай келеді, елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы сақталып отыр" деп мәлімдеген.
Қазақстан заңына сай, азаматтар бейбіт митинг, наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Белсенділер жергілікті билік көбіне түрлі сылтаумен митинг өткізуге рұқсат бермейді деп шағым айтады. Батыс елдері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанның жиын туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.
Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қыркүйектің басындағы алғашқы отырысында азаматтардың саяси құқығына қатысы бар бес заңды өзгерту жөнінде белсенділер ұсыныс жасаған. Бірақ қолданыстағы заңды өзгертетін заң жобасы парламентке әлі түскен жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бейбіт шеру бостандығы. Билік пен белсенділердің бағасы әрқилы