43 жастағы Жандос (аты-жөні өзгертілді – ред.) – екі баланың әкесі. Жеті жыл бұрын ВИЧ жұқтырғанын туберкулез ауруына шалдығып, ауруханаға түскенде білген.
- Бұл ауру туралы бұрын да естігем ғой. Дәрігерлер ВИЧ жұқтырғанымды айтқанда есеңгіреп қалдым. Бірінші болып есіме түскені әйелім мен балам болды. Ұлым үш айлық емізулі бала еді. Көп өтпей әйелім мен баламнан анализ алынды. Олардан да ВИЧ табылғанда түңіліп кеттім. Өмір сүргім келмеді, - дейді ол.
Жандос – ВИЧ дертінің дәрісін ішу керектігін білсе де, ішуге құлықсыз науқастардың бірі. Оның сөзінше, бұл дәрілер ауруға ем болмайды. Жандостың әйелі Гүлбанудың (аты-жөні өзгертілді – ред.) айтуынша, қазір жеті жасқа толған баласы екеуі дәрігерлер берген дәріні үзбей ішеді. Дәрілердің пайдасы бар екеніне сенеді.
- Жеті жыл ішінде отбасымызбен не көрмедік? Екеуміз бірдей ауырып, айлап ауруханада жатқанда баламызға қарайтын адам таппай қалған кездеріміз көп болды. Туған-туысқандардың қарауына беруге жүрексіндік. ВИЧ жұқтырғанын біліп қояды дедік, жасырдық. Біздің ауруымыз туралы бірді-екілі жақындарымыз білмесе, басқа адамдарға тіс жарған емеспіз. Қорқамыз, бізді қабылдамайды деп қорқамыз. Жандос дәрілерді ішіп жүрген. Меніңше, оны осы қорқыныш жеңді. Соңғы кезде жүйкесі сыр беріп жүр. Ашуланшақ болып кетті, - дейді Гүлбану көзіне жас алып.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ВИЧ жұқтырған жүкті әйелдердің тағдыры"ВИЧ ДЕГЕН АУРУ ЖОҚ"
Жүктілігінің 25 апталығында денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен 24 жастағы Жазира да (аты-жөні өзгертілді - ред.) сегіз жылдан бері ВИЧ дәрілерін ішуден бас тартып жүрген науқастардың бірі. Ол тіпті мұндай дерттің барына күмәнданады.
- ВИЧ ауруы жоқ. Бұл ауру ойлап табылған. Сенбеймін, сенгім де келмейді, - дейді ол сөзін қысқа қайырып.
Жазираға Шымкенттегі СПИД орталығының психологы мен дәрігерлері емделу қажеттігін түсіндіріп келеді. Балаға қауіпті екені айтылса да, ескермегендіктен бұл мәселені заңгерлердің қарауына жіберген.
Шымкенттегі СПИД орталығының психологы Рая Маметованың сөзінше, дәрі ішуден бас тартатындардың басым бөлігі өзінің тұратын мекен-жайын жасырады. Жазира да сол науқастардың бірі. Оның психологиялық ахуалы тұрақсыз. Бірде ашуланады, бірде жылап жібереді, енді бірде күле салады.
- Жазира жүкті екенін бізге ескертпеді. Ауруханаға түскен соң іздеп бардық. "Сіздерді кім шақырды? Неге артымнан келдің?" деп бас салды. Ол қазірге ауырып жатқан жоқ. ВИЧ-ті сезбей тұр. Сондықтан да аурудың бар екеніне сенбейді. Бес сағат бойы түсіндіріп бақтық. Ештеңе естімеді, қабылдамады. Дәріден бас тартатындардың көбі – жастар. Ересек науқастар ақыл тоқтатқан. Дәрі ішуді қалыпты деп санайды, - дейді психолог.
Рая Маметова ВИЧ-тен емделуден бас тартқандардың 30-дан астамы иммунитеті әлсіреп, туберкулезге шалдығып, енді содан емделіп жатқанын айтады. Қатты ауырып, ауруханаға түскенде де олардың туыстарына, тіпті заңды некедегі жолдасына айтуға дәрігерлердің құқығы жоқ.
Оның сөзінше, бұрынғыдай емес, көпшілік пациент ВИЧ жұқтырғанын естігенде қалыпты қабылдайтын болған. Есеңгіреп жылау азайған.
- Мәселе, қоғамның қабылдауында емес әр адамның жеке басында. Әсіресе, жұмыссыз қалудан, туыстарына айтып, айырылып қалудан қорқатындар бар. Мысалы, Гүлназдың (аты-жөні өзгертілді – ред.) ВИЧ жұқтырғанын күйеуі ғана білетін. Қайдан естігені белгісіз, енесінің құлағына жетіпті. Енесі бізге Гүлназбен бірге жұлқынып келіп "Қашаннан бері тіркеуде тұр?" деп айқай салды. Гүлназға қарасам жылап тұр. Енесі "Үйден қуып шығамын" деді. Түсіндірдік. Мұғалім екен, "Неге менен жасырады?" деп, соңында түсінгендей болған. Бірақ Гүлназ бен баласының қазанын бөліп, ауланың ішіндегі кепе үйге бөлек шығарыпты. Осы сияқты әртүрлі жағдайлар кездеседі, - дейді психолог.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 100-ден аса балаға ВИЧ жұқтырғанын естірту жұмысы басталадыАуруханаға жедел-жәрдеммен жеткізілген Маринаның (аты-жөні өзгертілді – ред.) жағдайы өте қиын, қатты әлсіреген. Аурухана науқастың ахуалымен танысқан соң оны емдеу үшін алып қала алмаған. Марина 10 жыл бұрын СПИД орталығының дәрігерлеріне ВИЧ-ке байланысты ем-дом жасаудан еш себепсіз бас тартатыны жөнінде қолхат жазып берген. Дәрі ішуге түбегейлі қарсы болған. Дәрігерлер Маринаның иммунитеті қатты әлсіреп, ВИЧ-тен бөлек бірнеше ауруға шалдыққанын айтады.
"ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТРЕТІ ӨЗГЕРДІ"
СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Машировтің Азаттыққа айтуынша, жыл сайын Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тексеруден өткен тұрғындардың ішінен 200-ге жуық адамның ВИЧ жұқтырғаны анықталады. Дәрі ішуден бас тартатындардың негізгі бөлігі ВИЧ инфекциясының бар екеніне сенбейді және арнайы дәрінің тиімділігіне шүбә келтіреді. Тексеруден өту тек жүкті әйелдер үшін міндетті. ВИЧ жұқтырудың себептері – сырқат адаммен жыныстық қатынасқа түсу, дертті қан құю және ауру анадан құрсақтағы баланың жұқтыруы.
- СПИД орталығында 1799 адам тіркеуде тұр. Олардың 411-і әртүрлі себептермен ем қабылдамай жатыр. Көпшілігі әу бастан тілхат жазып бас тартқан. Олармен дәрігерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен медбикелер жұмыс істейді. Ем қабылдамаған адамның өзгеге жұқтыру қаупі жоғары. Мысалы, ем қабылдап жүрген адамның жыныстық қатынас арқылы әйеліне, не күйеуіне жұқтыру қаупі аз болады, - дейді Қожахмет Маширов.
Маманның сөзінше, диагностикалық емдеу, алдын алу шаралары арнайы клиникалық хаттамалар арқылы іске асады. Әуелде жаппай емделу қаралмаған. Тек иммунитеті әлсіреген науқастарға ғана арнайы дәрі тегін берілген. Бір жарым жылдан бері жаппай емделу тәртібі енгізілген. Маширов емделіп жүріп тоқтатып тастау қауіпті екенін, вирус дәріге бой бермей, қайта іше бастағанда әсер етпеуі мүмкін екенін айтады.
- Осыдан он шақты жыл бұрын ВИЧ жұқтырғандардың негізгі бөлігі халықтың осал топтары, яғни есірткі тұтынушылар, жезөкшелер, түрмеде отырғандар болатын. Қазір науқастардың әлеуметтік портреті түбегейлі өзгерген. Мысалы, биыл анықталған науқастардың 90 пайызы - қызметкерлер, жұмысшылар, кәсіпкерлер, мұғалімдер, - дейді ол.
ВИЧ-тен емделуден бас тартуға бекінген Жандостың отбасы оның денсаулығын ойлап алаңдайды.
- Қайдан жұққанын әлі күнге түсінбейміз. Жандосқа өзім де дәріні тоқтатпауды өтіндім. Көнбей жатыр, - дейді әйелі Гүлбану.
Дәрігерлер Жазира ВИЧ-тің өміріне, денсаулығына қауіпті екенін жас болған соң сезбей жатыр деп ойлайды.
- Өз денсаулығына алаңдамаса да, ішіндегі баланың өмірін ойлау керек. Баланың тағдыры үшін қолымыздан келгенін жасаймыз, - дейді психолог Рая Маметова.
Ал Маринаның ауыр хәлін естіген дәрігерлер "таңдауды өзі жасады, біздің қолымыздан ешнәрсе келмеді" дейді.
СПИД орталығының мәліметінше, 2017 жылы орталықта 1716 адам тіркеуде тұрған болса, олардың 1189-ы ем-дом жасауға келіскен. 527 адам емделуден бас тартқан.