"Қуаныштан жыладық". ВИЧ жұқтырған жастар дені сау бала сүйді

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

Қазақстанда ВИЧ ауруына қарсы айлық жалғасып жатыр. Елде 24,5 мыңнан астам науқас тіркелген. 2006 жылы Шымкент ауруханасында жаппай ВИЧ дертін жұқтырған екі жүзден астам баланың бесеуі бүгінде ержетіп, отау құрған. Олардан дені сау бала дүниеге келген.

Шымкент тұрғындары Айгүл мен Баубек Мәдидің (аты-жөндері өзгертілді – ред.) шаңырақ көтергеніне биыл алтыншы жыл. Екеуі де жұмыс істейді. Үлкені - бесте, кенжесі екі жасар үш баласы бар. Бір қарағанда өзге замандастарынан еш айырмашылығы жоқ қарапайым отбасы. Алайда ерлі-зайыптының өзге жұрт түгілі тіпті кей жақындары білмейтін сыры бар. Баубек – 2006 жылы Шымкент ауруханасында дәрігерлердің салғырттығынан ВИЧ дертін жұқтырған балалардың бірі.

"Ана мен бала" орталығында ем қабылдап жатқан балалар. Шымкент, 1 шілде 2009 жыл.

"ДЕРТІ ЖАЙЛЫ ЕСТІГЕНДЕ ЕСЕҢГІРЕП ҚАЛДЫМ"

Айгүл мен Баубек 15 жасында оқушы кезінде танысып, екі жыл дос болған. Баубек Айгүлге сезімін білдіргеннен кейін жарты жыл өткенде ВИЧ дертімен ауыратыны жайлы айтқан.

- Cәуірдің l-і болатын. "Саған бір нәрсе айтқым келеді. Бірақ сенен айырылып қалудан қорқамын. Мен ВИЧ-ке шалдыққам" деді. Шынымды айтсам, алғашында сенбедім. Қалжыңы шығар деп ойладым. Бір апта өтті, хабарласпады. Сосын өзім кездесуге шақырдым. Сөйлестік. Ол "имандай шыным" деді. Есеңгіреп қалдым, - дейді Айгүл.

Айгүл Баубектің сөзінен соң ВИЧ туралы түрлі ақпаратты көп оқып, ауру жайлы біршама біліп қалғанын айтады. "Жас болдым ба, білмеймін. Маған бәрі ертегі сияқты көрінді" дейді ол. Арада екі жыл өткенде екі жас отау құру туралы шешімге келген. Айгүл анасына Баубектің сырқаты жайлы айтпауды ұйғарған. "Бұл менің өмірім, менің тағдырым. Анам уайымдайды" деп түсіндіреді келіншек.

Ерте есейген, кез-келген шешімді ақылға салып қабылдауға дағдыланған. Бір күндігін емес, ертеңін көп ойлайды.

Айгүлдің сөзінше, Баубектің мінезі тұйық. Ол жұбайын көп сөзге жоқ, айтқаныңды екі етпейтін, мейірімді, ақкөңіл жар, балалары десе ішкен асын жерге қоятын әке деп сипаттайды.

- ВИЧ жұқтырғанын бала кезінде дәрігерлерден естіп білген. Содан ба, ерте есейген, кез-келген шешімді ақылға салып қабылдауға дағдыланған. Бір күндігін емес, ертеңін көп ойлайды, - дейді әйел.

Баубек осы мінезімен де Айгүлді баурап, тағдырын онымен байланыстыруына себеп болған.

- Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдыры да болады ғой. Негізі оңай адам емеспін. Мінезім тік. Не ойласам соны айтамын. Ішімде сақтап, артынан сөз етуді ұнатпаймын. Осы мінезім Баубекке ұнаса керек, - дейді Айгүл.

"ПЕРЗЕНТХАНА ДӘРІГЕРЛЕРІ ӨЗІМДІ СӨКТІ"

Айгүл тұңғышына аяғы ауыр болған кезде қалай қорыққанын әлі ұмытпаған. Жүкті жас келіншек емханаға есепке тұрып, екі рет ВИЧ дертіне тексеріліп, анализ тапсырғанда қатты толқығанын айтады. Талдау қорытындысы шыққанша жанын қоярға жер таппаған. Өзіне ВИЧ жұқпағанын естіген кезде Баубек екеуінің қуанышы қойнына сыймаған. Айгүлдің айтуынша, перзентханада қызын қолына алған кезде ғана дәрігерлер жас ананың жұбайының ВИЧ-пен ауыратынын білген. Қайтадан анализ алып, қорытындысы шыққанша оған қызын емізуге рұқсат бермеген.

- Қарны ашып жылаған қызымды көргенде қатты қиналдым. Сондай қиын сәтте дәрігерлердің сөзі де жаныма батты. Олар дәрігерлік этиканы сақтамады. "ВИЧ жұқтырған адаммен жақындасуға болмайтынын білмеуші ме едіңіз?" дегенде төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Психолог шақырмады. Жас босанғам, сүтім қашып кетті. Оған анам, бауырларым мен маңайымдағы адамдар біліп қойса не істеймін деген қорқыныш қосылды. Кешке анализ қорытындысы дұрыс болып шыққанын естігенде Баубек екеуміз қуаныштан жыладық, - дейді ол.

Шымкенттегі СПИД орталығы.

Айгүлге ВИЧ жұқпаған. Ол жұбайы екеуі өздері үшін емес, балалары үшін қатты алаңдағанын айтады. Сәбилері жасқа толғанда міндетті анализді тапсырып, дұрыс қорытынды шыққанда көңілдері орнына түскен. Ерлі-зайыпты екеуі үнемі дәрігердің бақылауында. Алты айда бір рет тиісті анализ тапсырады. Қазір Баубек ай сайын қаладағы СПИД орталығынан алатын арнайы дәрі-дәрмекті күнделікті қабылдайды.

- Әке-шешем ерте ажырасты. Қазір ойлап отырсам, Баубек жарым ғана емес, әкем де, ағам да әрі қорғаушым да бір өзі. ВИЧ жайлы айту оған ауыр тиеді. Үйде бала-шағамыздың көзінше бұл жайлы ауыз ашпаймыз. Күйеуім балалар өскен соң да ВИЧ жұқтырғанын айтпаймын дейді. Ал отбасында екеуміз өзгелерді емес, бір-бірімізді тыңдаймыз. Ойымыз, таңдауымыз бір жерден шығатынына қуанамын, - дейді Айгүл.

ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАН БЕС ЖАС ОТАУ ҚҰРЫП, БАЛА СҮЙДІ

"Балаларды СПИД-тен қорғайық" қоғамдық қорының жетекшісі Жанетта Жазықбаеваның Азаттыққа айтуынша, Шымкентте 2006 жылы медицина мекемесінен жаппай ВИЧ жұқтырған балалардың 18 жастан асқан бесеуі (2 қыз және 3 жігіт) отбасын құрып, үйлі-баранды болған. Олардан дені сау, ВИЧ дертінен ада 9 сәби дүниеге келген. "Қор ерлі-зайыптыларға моральдық-психологиялық көмек көрсетеді. Мысалы, отбасын құру, жүктілікті жоспарлау сияқты мәселелерде кеңес береді" дейді Жазықбаева.

"Балаларды СПИД-тен қорғау" қоғамдық қорының жетекшісі Жанетта Жазықбаева.

- Балалар үйленетін адамға міндетті түрде ВИЧ жұқтырғанын айтады. Қалыңдық немесе күйеу жігітпен қорға келіп, кеңес алады. Біз олардан тиісті ақпарат алғаны, ешқандай уәжі жоғы туралы қолхат аламыз. ВИЧ жұқтырған жігітпен немесе қызбен шаңырақ көтеріп жатқандардың көбі бұл туралы өз ата-анасына айтпайды. Кәмелет жасқа толған соң біз оларды дерт жайлы ата-анасына айтуға міндеттей алмаймыз, - дейді қор жетекшісі.

Шымкентте 2006 жылы ВИЧ жұқтырған балаларға арнап ашылған "Ана мен бала" орталығында есепте тұрған балалар 18 жасқа толған соң қаладағы СПИД орталығына тіркеуге алынады. Қазір отбасын құрған науқастар сол орталықтан тиісті дәрі-дәрмек қабылдап жүр дейді дәрігерлер.

НАУҚАС БАЛАҒА СТАТУСЫН АШУ

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) кеңесі бойынша, Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған науқас балаларға ВИЧ дертіне шалдыққаны туралы 8-10 жасынан бастап айтып, түсіндіреді. Мамандар мұны науқасқа "статусын ашу" деп атайды. Олардың сөзінше, бұл – психологиялық дайындықты қажет ететін аса жауапты іс. Жанетта Жазықбаева Шымкентте 2006 жылы ВИЧ жұқтырған балалардың 85 пайызы қазіргі кезде дерті туралы білетінін айтады. Қалған балалар әлі тым жас болғандықтан әзірге бойындағы дерттен хабарсыз. "Тіркеуде тұрған бес сырқат баланың ата-анасы діни сенімдерін алға тартып, перзенттеріне арнайы дәрі беруден бас тартқан" дейді қор өкілі.

ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. "Ана мен бала" орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

"Балаларды СПИД-тен қорғайық" қоғамдық қорының есебі бойынша, қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысында ВИЧ жұқтырған кәмелет жасқа толмаған 262 бала есепте тұр.

2006 жылы Шымкентте екі жүзден астам балаға медициналық мекемеде ВИЧ вирусы жұққаны үлкен резонанс тудырған еді. Кейін 21 адамның үстінен қозғалған "дәрігерлер ісін" қараған сот медицина саласының 16 қызметкерін 2-8 жыл аралығындағы мерзімге бас еркіндігінен айырып, төрт адамға шартты жаза кескен. Қазір олардың бәрі бостандықта.

Шымкентте дәрігерлер салғырттығынан ВИЧ жұқтырған балаларға кәмелет жасқа толғанша жергілікті бюджеттен жәрдемақы төлеп тұрады.

ВИЧ – адам иммунитеті тапшылығы вирусы жыныстық жолмен, қан арқылы және анадан балаға жұғады. Дерт асқынған соң СПИД-ке айналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде ВИЧ-ке шалдыққан 37 миллионнан аса адам бар. Қазақстанда ВИЧ жұқтырған алғашқы науқас 1987 жылы тіркелген. Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының биылғы қазан айының басындағы мәліметіне сәйкес, елде ВИЧ жұқтырған 24,5 мыңнан астам адам тіркелген. Әр 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жағынан Павлодар (273), Қарағанды (249) облыстары мен Алматы қаласы (230) алда тұр. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 133 адам.

Мамандар соңғы жылдары Қазақстанда вирусты жыныстық жолмен жұқтыру көбейгенін ескертеді. Дәрігерлер ВИЧ жұқтырған адам тиісті ем қабылдаса, өмірін ондаған жылдарға ұзарта алатынын айтады. Қазақстанда ВИЧ дертіне қарсы ем тегін беріледі.