"БАЛАМДЫ ӨЛДІ ДЕУГЕ ҚИМАЙМЫН"
Шымкенттегі қаңтардың басындағы оқиғада қаза тапқан 37 жастағы Бағдад Оңалтаевтың артында алты баласы, әйелі және қарт ата-анасы қалды. Тұңғышы – студент, кенжесі – үш жаста. Бағдад 5 қаңтар кешкісін балаларына дәрі алып келем деп шығып кетіп, оралмаған.
– 5 қаңтарда қала тыныш емес еді. Қоғамдық көлік тоқтаған. "Көшеде автобус жоқ" деп Бағдад көлігімен мені жұмыстан үйге алып келді. Кешкі ас іштік. Екі қызымның дене қызуы көтеріліп жатты. Сағат кешкі сегіз шамасында қыздарыма дәрі әкелемін деді де, шығып кетті. Ары-бері күттім, келмеді. Әкімдік жақта айқай-шу, атыс қатты естіле бастады. Қоңырау шалдым. Байланыс болмады. Сол кеткеннен үйге қайта оралмады, – дейді марқұмның әйелі Күләш жылап.
Әйелі мен достары 6 қаңтар түске дейін Бағдадты іздеп таппаған. Кешке достары оның сүйегін мәйітханадан тауып, әке-шешесі тұратын қара шаңыраққа алып келген. Мәйітханадан берілген қаза болғаны жайлы медициналық анықтамада өлім себебі "оқ тиген, кеудесінде ашық жарақат бар" деп көрсетілген.
Мәйітхана қызметкерлері Бағдадтың әкесі Серік Оңалтаевқа ұлының сүйегі алаңнан жеткізілгенін айтқан. Бірақ кім, қашан, қалай алып келгенін ашып айтпаған.
– Есімізді жинай алар емеспіз. Адамның қадірі кеткен заман ба? Өлді деп полиция тіркемеді. Үкіметтен "балама кім, қайда оқ атты?" деп сұрайын десем жүрегім дауламайды. Баламды өлімге қия алмай отырмын. Оның жоқ екеніне әлі сенбеймін, – дейді әкесі.
Туыстары Бағдадты "балажан, мінезі жайлы, ақкөңіл, сабырлы" деп еске алады. Базарда сауда жасап отбасын асыраған, онкологиямен ауыратын мүгедек әке-шешесіне қарасып, демеу болған.
– Наразылық кезінде туған-туысқанына хабарласып, ешқайда шықпай үйде отыруды тапсырған еді. Өзінің оқ тиген сүйегін әкелгенде төбемізден жай түскендей болды, – дейді әкесі.
Ал етегі жасқа толған анасы Гүлзәмилат Тұяқбаева "Алты баласы мен келіншегін аманат етіп тастап кетті. Арты не болатынын білмейміз. Не болғанын, адамымыздан айырылғанымызды әлі толық түсінбей отырмыз. Адамдар келіп жатыр, құран оқылып жатыр. Ал өзімізге баламыз есіктен кіріп келетіндей" дейді.
"БЕЙБІТ МИТИНГІДЕ РУХЫМЫЗ КӨТЕРІЛДІ ДЕП ҚУАНЫП ЕДІ"
Шымкенттік 35 жастағы Серік Салдаров 5 қаңтарда қала әкімдігі алдындағы алаңда өткен наразылыққа барып, екі аяғына оқ тиіп, ауруханаға жеткенше қансырап қаза болған.
Ол 4 қаңтарда қаладағы Орыс драма театры алдында мыңдаған адам жиналған бейбіт митингіге қатысып, сол жерден шамамен 10 шақырым қашықтағы қала әкімдігіне шерулетіп барған бейбіт жұрттың арасында да болған. Қала әкімдігі алдында наразыларға құлақ тұндыратын граната лақтырып, су шашып таратқан соң таңға жақын үйіне қайтқан.
5 қаңтар кешке үйден "жұмысқа барамын" деп шыққан. Түнгі 11-де теледидардан елде төтенше жағдай жарияланып, қалада комендант сағаты тәртібі енгізілгенін білген әкесі Бауыржан Салдаров ұлын іздеп, қоңырау шалғанымен телефон тұтқасын ешкім көтермеген. Түн ауа ағасы қаралы хабарды естірткен.
Әкесінің сөзінше, қала әкімдігі алдында оқ тиіп, қансырап жатқан Серікті ол жерден белгісіз адамдар көтеріп алып шығып, кездескен көлікке салған. Көлік жүргізушісі жақын жердегі перзентханаға жеткізген. Алайда қансыраған жігіт перзентхана алдында көз жұмған.
– Перзентханаға барғанда баламның мәйітін көрдім. Дәрігерлер полицияға тіркетіп барып, әкеткен дұрыс деді. Таңертең полицияға хабар беріп, күттік. Түстен кейін сүйегін мәйітханаға алып бардық. Сараптамадан өткізген соң, жерледік, – дейді Бауыржан Салдаров ауыр күрсініп.
Серіктің артында аяғы ауыр әйелі Арайлым, жеті және екі жасар екі қызы қалды. Арайлым жұбайының бейбіт митингіге қатысып, рухтанып келген еді деп еске алады. Оның сөзінше, Серік қаңтардың бесіне қараған түні мыңдаған адам Орыс драма театры алдынан әкімдікке дейін барған бейбіт шеруге қатысып, кейін үйге келгенде "Әнұран айтылды, рухымыз көтерілді" деп қуанған.
– Күйеуім еңбекқор еді. Мектепті де, консерваторияны да қызыл дипломға бітірген. Соңғы рет Түркістан облыстық мәдениет басқармасында жұмыс істеді. Шымкентте қайтыс болған адамдардың тізімі әлі жарияланбады. Ресми түрде ешкім келіп сұрамады. Енді Серікті террорист етіп жібере ме деп уайымдап, күдіктенем. Бейбіт митинг деп шыққан күйеуімді бұлай жаманатты етуін қаламаймын. Ол үшін қайда, кімге барамыз, білмейміз, – дейді Арайлым жасын сүртіп.
"АТА-АНАМНЫҢ МАРҚҰМ АҒАМ ЖАЙЛЫ СӨЙЛЕСУГЕ ШАМАСЫ ЖОҚ"
5 қаңтар түнде Шымкенттегі дүрбелеңде 26 жастағы Наурызбай Қазыбай да оқ тиіп, қаза тапты. Ол сол күні шамамен үш шақырым жердегі қала әкімдігі жақтан атыс естілген соң бауырларын іздеп шыққан. Алаңнан туыстарын тауып, оларды үйіне жіберіп жатқан кезде өзіне оқ тиіп, жараланған. Наурызбай Қазыбай жеңіл көлігімен №2 қалалық клиникалық ауруханасына жеткенімен, ота үстінде көз жұмған.
– Ата-анамның марқұм ағам туралы сөйлесуге шамасы жоқ. Ағама оқ тиіп қайтыс болғаны рас. Қазірге одан артық ақпарат бере алмаймыз, – деді өзін Наурызбай Қазыбайдың інісімін деп таныстырған жігіт.
Шымкент – 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған жаппай наразылықты алғашқылардың бірі болып қолдаған қала. Мұндағы наразылық 4 қаңтарда басталып, кейін ойранға ұласып кетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені4 қаңтарда Республика көшесіндегі "Колос" аялдамасынан жаяу шерулетіп келе жатқан жүздеген адамның жолын полиция бөгеп, ұстады. Кешке Орыс драма театры алдына жиналған мыңдаған адам ұсталғандарды босатуды талап етумен бірге, газдың қымбаттауына қарсылық білдіріп, наразылық акциясына шыққан жаңаөзендіктерді қолдайтынын, қымбатшылықтан қажығанын айтты. Жұрт театр алдынан шамамен 10 шақырымдағы қала әкімдігіне дейін жаяу шеру жасап барды. Қала әкімдігі жанына жеткен соң бір топ адам сол жерде тұрған полиция көлігін бүлдіре бастады.
5 қаңтар кешке адамдар қала әкімдігі алдындағы алаңға қайта жиналды. Куәгерлер осы сәтте жиналғандарға оқ атылып, адамдар жараланғанын, қайтыс болғанын айтады. Көп өтпей ресми орындар 120-дан аса адамның түрлі жарақатпен ауруханаға түскенін, қайтыс болған адамдар барын хабарлады. Бірақ олардың аты-жөнін, нақты санын жарияламады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында қаза болғандарҚазақстан билігі ел бойынша қаңтар оқиғасында кемі 227 адам қайтыс болды деп мәлімдеді (225 адам қаза болғаны жайлы – бас прокуратура, тағы екі адамның қазасын денсаулық сақтау министрлігі хабарлады).
Азаттық Шымкентте қанша адам қаза тапқаны, қалай қаза болғанын білу үшін қала әкімдігіне, қала прокуроры мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдаған. Қала прокуроры орынбасары Ержан Марат бас прокуратура жауабына сілтеп, қалған ақпарат сотқа дейінгі тергеп-тексеруге байланысты жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Адам шығыны, қылмыстық істер, қамалғандар. Қаңтар оқиғасынан кейін дәл қазір не белгілі?"Мүліктен гөрі адам өміріне басымдық берілуі керек". HRW Қаңтар оқиғасын бейтарап тергеуге шақырды"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?"Төрт айып тақты". Шымкенттегі наразылықтан соң көп балалы ананы абақтыға қамады