ИНТЕРНЕТТЕГІ "ШАЙҚАС"
"Нацистерсіз жаңа жыл құтты болсын!!! Ресейдің Украинадағы жылымен!!!". 20 наурызда Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театры режиссерінің көмекшісі Артем Щуров әлеуметтік желідегі парақшасына осындай "құттықтау" жазба жариялады.
Ресейдің Украинадағы әскери қимылдарын жіті бақылап отырған, Кремльдің Киевтегі "нацистер" туралы мәлімдемесіне қосылмаған Қазақстан бұл кезде шығыс халықтарында жыл басы саналатын Наурыз мерекесін тойлауға дайындалып жатқан. Сол күні демалыс болғанына қарамастан, театрдың баспасөз хатшысы Алексей Гостев әріптесінің жазбасына жедел реакция білдіріп, Facebook парақшасына "театр ұжымы ұлтаралық және әлеуметтік араздық туғызу әрекетін қолдамайды", "резонансты" жазба авторы қызметінен шеттетілді, қызметкермен еңбек келісімшарты бұзылады" деп жазды.
Бір аптадан кейін театр директоры Юрий Якушев еңбек ұжымын сынаған желі қолданушыларды айыптап, қызметкерлері саяси көзқарасын білдіруге құқылы екенін, оларды бұл үшін қудалауға жол бермейтінін айтып, видеоүндеу салды. Театр басшысы сөзінде режиссер көмекшісінің әрекетін сынаған жоқ.
Көп ұзамай әлеуметтік желіден Щуровтың жазбасы да, Гостевтің пікірі де, Якушевтің видеосы да жоғалып кетті. Соған қарағанда, мемлекет қаржыландыратын театр я жоғарыдан берілген тапсырма бойынша немесе өз бетінше бұл мәселеге назар аудармауды жөн көрген сияқты.
Бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты тартыс әлеуметтік желіде толастаған жоқ.
Наурыздың аяғында "Еуропа плюс Қазақстан" радиосынан жаңалық хабарлайтын Любовь Панова Ресей агрессиясына қарсылық білдірген желі қолданушыларға қарата дөрекі сөйлеп, өзімен ойы ортақ адамның жазбасының астына "Көп *** берсеңдер, Вова көкені көмекке шақырамыз" деп жазған.
Көп ұзамай жұмыс беруші өз қызметкері Панованың пікірінің радиостанция саясатына еш қатысы жоғын, оның жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов Facebook-те Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Ұлтаралық араздық туғызу") бойынша қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін жазды.
Бірақ кейінірек Әбдірахмановтың парақшасындағы мәлімет те, Любовь Панова пікір қалдырған пост та өшірілді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Біздің де тәуелсіздігімізді қорғап жатыр". Қазақстандықтардың Украинаны қолдау шарасыҚазақстан прокуратурасы арнайы мәлімдеме жасап, ұлтаралық араздық туғызып, Қазақстанның жерінің тұтастығы мен дербестігін бұзуға шақыратын үндеу жасаған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Полиция әлеуметтік желідегі пікірлерге байланысты "араздық туғызу" бабы бойынша іс қозғағаны белгілі болды. Бірақ "сепаратистік қызмет" бабы (бұл бап Қылмыстық кодекске 2014 жылы Мәскеу Украинаға тиесілі Қырым түбегін Ресейге қосып алып, Донбастағы сепаратистерді қолдап, әскери қақтығыс бастағаннан кейін енгізілген) бойынша ондай ақпарат жоқ.
Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров Ресей Украинаға соғыс ашқан күннен бастап Instagram парақшасында осы тақырыпта ақпарат жариялап, ой бөлісіп жүр. Ара-тұра журналистің жазбасына қарсы пікір жазатын қолданушылар да кездеседі. 29 наурызда Ахмедияров өзіне жіберілген, "Путин Оралды қосып алсын" деген мазмұндағы хабарламаның скриншотын салып, оны жазған адам Оралда тұратынын айтты.
– Бұл – ашық сепаратизм. Жазбама пікір қалдырып, басын қатерге тігетін адамдар бар. Олардың Оралды Ресейге қосып, Путин келіп, өз тәртібін орнатқанын қалайтыны анық көрініп тұрады, – дейді журналист.
Кейінірек Ахмедияров жазбаға реакция білдірген полицияның хатын да жариялаған. Онда полиция "пікір иесі парақшасын өшіріп тастаған, сондықтан қолданушының аты-жөнін анықтай алмадық" деп жазған.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СЕПАРАТИСТІК МӘЛІМДЕМЕЛЕР: ТАРИХҚА ШОЛУ
Кейінгі жылдары елде сепаратистік көңіл-күй туғызатын себеп көбейді: ресейлік саясаткерлер Қазақстанның солтүстік өңірін "орыс халқының сыйы" деп мәлімдеп, кейбіреулер тіпті, Ресейге "территориясын" қайтаруды талап етті. Нұр-Сұлтан Ресей мемлекеттік думасы депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесіне байланысты Мәскеуге наразылық нотасын жіберді. Бірақ Ресейден еш жауап болған жоқ.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен өкілетті тұлғалары Никоновтан кейінгі адамдардың мәлімдемелерін "елемеген" сыңай танытты. Бұған қазақстандық саясаткерлердің тиісті дипломатиялық тәжірибесінің болмауы да әсер еткен сияқты: тәуелсіздік алғалы көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуға барын салып келген Қазақстан алғаш рет осындай көлемді ақпараттық шабуылға ұшырап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстан кінәмшіл Ресейден алшақтай береді"Қазақстанда сепаратистік мәлімдемелер бұрын да айтылған. 1990-жылдары СССР тарағаннан кейін Ресеймен шекаралас аймақтарда – Өскемен мен Оралда жанжалдар болған.
22 жыл бұрын Оралда жергілікті казактар митинг ұйымдастырып, бұрынғы Орал облысының аумағын Ресейге беруді (бұрын бұл жер 70 жыл бойы Ресей империясының қол астында болған) талап еткен. 1991 жылы бұл жағдай казактармен жанжалға ұласып, жергілікті қазақтар "Орал казактарының Ресей патшасын қызмет етуіне 400 жыл толуына орай" ұйымдастырылған мерекенің шырқын бұзған.
1994 жылы Өскеменде славян мәдениеті қоғамы өткізген митингіге 10 мың адам қатысқан: наразылар орыс автономиясын құруды, қос азаматтық беруді және орыс тілін мемлекеттік тіл деп тануды талап еткен. 1999 жылы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті бір топ адам "көтеріліске шығып, жергілікті әкімдікті басып алып, "Орыс жері" республикасын құруға дайындалғанын" мәлімдеген. Шараны ұйымдастырған ресейлік азамат Виктор Казимирчукты Қазақстан соты жеті жылға бостандығынан айырған. Ол бостандыққа шыққаннан кейін берген сұхбатында "әкімдікті басып алу" ойы болмағанын, ол оқиғаны қазақстандық арнаулы қызмет өкілдері "қолдан құрастырғанын" айтқан. Казимирчук Қазақстанға келу себебін "мені мәслихаттың жаңа құрамы Қазақстанның солтүстігінде ресми түрде Қырым автономиясы сияқты орыс автономиясын құруды талап етеді деп ойлаған белсенділер шақырды" деп түсіндірген.
2000-жылдары Қазақстандағы жағдай тұрақты болған. Мемлекет көпвекторлы саясат ұстанып, шетелден инвестиция тартып, бюджетке мұнайдан табыс түсе бастаған. Ол кезде ішкі мәселелерден бас көтере алмаған Ресейдің Батыспен текетіресі әлі бастала қоймаған еді. Керісінше, Мәскеу батыс елдерімен іскерлік байланыс орнатып, елге шетелдік компаниялардың келуіне жағдай жасаған. Ресей қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қарсыласы АҚШ-пен қарым-қатынасын қайта құруға тырысты.
Бірақ 2014 жылдан кейін жағдай күрт өзгерді. Ресей Қырымды тартып алғаннан кейін батыс елдері Мәскеуге санкциялар салды. Ал Кремльдің мәлімдемелері агрессивті сипат ала бастады.
Мәскеу ақпараттық кеңістігінің ықпалындағы Қазақстанда да шиеленіс арта түсті. 2015 жылы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде құрылған "Солтүстік Қазақстан – орыс жері" тобына байланысты дау шыққан. Қолданушылардың көбі бұл топтың артында Ресей тұр деп топшылаған. Ол кезде осы топтан бөлек, тағы бірнеше қауымдастық бұғатталған. Олардың бірі "Қазақстандағы орыс автономиясы" деп аталады. Бұғаттаудан кейін топтың негізін қалаушылар Қазақстанда орыс автономиясын құруға қарсы азаматтарды "фашистер" деп атаған.
Сол жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын блогер Игорь Сычев бес жылға бостандығынан айырылған. Ол "Подслушано в Риддере" тобының админі болған. Сычев топқа "Риддердің Ресейге қосылуына қалай қарайсыз?" деген тақырыпта сауалнама жариялауға рұқсат берген. Сауалнама авторы табылған жоқ.
2022 ЖЫЛ: ҚОҒАМДА ОРТАҚ БОЛМЫС ЖОҚ
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, Қазақстан билігі қиын жағдайда қалды. Нұр-Сұлтан соғыстың алғашқы күндері үнсіз отырды. Бір аптадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мен Киевті келісімге келу жолын іздеуге шақырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мәскеу шамданбасын деп..." Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізу машақатыБір айдан соң Мәскеудің Киевті басып алу жоспары іске аспай, Ресей әскері шегінгеннен кейін Ақорда Украина "жерінің тұтастығын құрметтейтінін" мәлімдеді. Тоқаев әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов "Қазақстан "ДХР", "ЛХР" сепаратистік құрылымдарын мойындамайды" деді. Ізінше бірқатар ресейлік ақпарат құралдары "Сүлейменовтің мәлімдемесі Нұр-Cұлтан билігінің екіжүзділігін, мемлекет басында Мәскеуге одақтас емес "русофобтар" отырғанын көрсетеді" деп кінә тақты.
Your browser doesn’t support HTML5
Бірнеше күннен кейін Тоқаев америкалық басылымға жариялаған мақаласында әлемнің көп мемлекеті сияқты Қазақстан да Украина жерінің тұтастығына құрметпен қарайтынын, ал Ресеймен ерекше екіжақты әріптестік байланыста екенін жазды. Бірақ ресейлік ақпарат құралдары Тоқаевтың позициясын сынаған жоқ.
Қазақстан ондаған жыл бойы сыртқы саясатта Ресеймен, Қытаймен және батыс елдерімен бірдей жақсы қарым-қатынаста болуға тырысып келгенімен, кейінгі жылдары Мәскеуге жақындай түскен. 2014 жылы Қазақстан Мәскеу басқаратын Еуразия экономика одағына кірді. Экспортқа шығарылған мұнайдың басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше. Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев ұйымға мүше елдерден екі аптаға әскер алдырып, осы шешімі үшін қоғамның сынына қалған.
Қазақстанның ақпараттық кеңістігі де Ресейге тәуелді: қазақстандықтардың барлығы дерлік Ресей арналарының хабарларын көріп, орыс тілінде ақпарат тарататын сайттарды да еркін қарайды. Сондықтан Ресейдің әскери агрессиясы басталғалы Қазақстан қоғамындағы жікшілдік көзге айқын көріне бастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Біреулер Путинді қолдаса, өзгелер айыптайды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жақында стационар телефон арқылы 1100 адамнан пікірін сұрап жүргізген сауалнама қорытындысын жариялады. Респонденттердің 39 пайызы Ресейдің іс-әрекетін қолдаған, 10 пайызы Украинаға жақтасқан. Зерттеушілер қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың көбі Украинаны қолдайтынын анықтаған.
"Қазақ тілінде сөйлейтін респонденттердің 20 пайызы, орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың 6 пайызы "Украинаны қолдаймын" деп жауап берген. Ресейді жақтаушылар арасында да осындай алшақтық бар (қазақша сөйлейтіндер – 20 %, орысша сөйлейтіндер – 45 %)" деп жазады Demoscope (кей қолданушылар зерттеуге стационар телефоны бар адамдар ғана қатысқанына қарап, сауалнама нәтижесінің шынайылығына күмән келтірген).
2016 жылы "Қазақстанның солтүстік өңірлерінде тұратын азаматтардың Еуразия экономика одағымен тығыз интеграция жүргізуге көзқарасы: азаматтық және этномәдени болмыс факторы" атты зерттеу жүргізген әлеуметтанушы Серік Жақсылықов сауалнама кезінде бұрынғы зерттеуіне ұқсас көрініске куә болғанын айтады.
– Елдегі орыстардың Қазақстанның емес, Ресейдің патриоты екені байқалды. Қазір Украинадағы соғыс осы диссонанстың бетін ашып, қазақтар мен орыстар Қазақстанның болашағына, оның даму векторына, интеграциялық процестерге әртүрлі қарайтынын көрсетті. Олар Қазақстанның емес, Ресейдің патриотына көбірек ұқсайды.
Әлеуметтанушы Ресейді қолдайтындар арасында қазақтар да барын айтады:
– Бұл – Ресей пропагандасына сенетін адамдар. Олар соғысқа, оның сұмдық салдарына қарсы болуы мүмкін. Бірақ олар Ресей өз мүддесін қорғау үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болды деп сенеді. Бұл пропаганда әсері ғана емес, одан да терең дүниелер бар. Қазақстан жүз жылдан астам уақыт бойы колония болды, кейін одақтас республикаға айналды. Совет одағы тарағаннан кейін де ел билігі "бұл біздің көршіміз, досымыз, бауырымыз" деп келді.
Жақсылықов бұл жағдайды Қазақстан билігінің дипломатиялық әдіске жүгініп, өткір мәлімдеме жасаудан қашқақтауымен байланыстырады. Ол былтыр Ресейде "қазақтарда мемлекет болмаған" деп, жер даулаған талаптар айтылған кезде Қазақстан билігі үнсіз қалғанын еске салады. "Біздің билік қорқып, Мәскеуді сынаған да, жауапқа тартуға тырысқан да жоқ" дейді сарапшы.
Тарихшы әрі құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Қазақстанда ресейшіл көзқарастың таралуына бірнеше фактор әсер етті деп санайды. Бұл жерде Қазақстанның ақпарат кеңістігіне Ресейдің ықпалы да маңызды рөл атқарады, бірақ басты фактор – қазақстандықтарды біріктіретін құндылықтың болмауы" дейді ол.
– Тәуелсіз Қазақстанда ештеңе болған жоқ. Халықты біріктіретін ортақ азаматтық құндылықтар болмады. Бос символдар ғана. Ту, астана, мектепте берілетін ақпарат. Қарап тұрсақ, бізді не біріктіреді? Ондай ештеңе жоқ. Нәтижесінде Ресей пропагандасына сенген жұрт әрине, Путинді қолдайды. Бізді біріктіре алатын жалғыз дүние – азаматтық құндылықтар. Бұл жалпыға ортақ, гүлденген Қазақстан құру үшін бірігу керегін білдіреді. Бірыңғай азаматтық ұлт идеясын насихаттап, бәріміз тең екенімізді айту керек, – дейді Ағелеуов.
Авторитар үкімет пен ортақ азаматтық болмысы жоқ қоғамда сепаратизм белгілерінің пайда болуы таңғаларлық жайт емес.
– Ортақ болмыс болмаса, азаматтық емес, этникалық болмысқа баса назар аударылады. Бәріне ортақ жол жоқ. Осының бәрі биліктің ұлттық болмысты қалай түсінетінін көрсетеді. Олар этникалық сипатқа еш қатысы жоқ азаматтық болмыс дегенді түсінбейді. Осыдан барып тұйық жүйе шығады: билік этностық топтардан ресурс жинап, "қазақ" және әртүрлі топтарды бір қолшатыр астына біріктіретін "қазақстандық" болмыс бар деген саясат жүргізуге тырысады. Бірақ бұдан мәселе шешілмейді, сол баяғы күйінде қалады, – дейді әлеуметтанушы Жақсылықов.
Журналист Лұқпан Ахмедияров Оралдағы жағдайды бақылап, ерте ме, кеш пе, бәрібір қазіргідей талқылау басталар еді деген қорытындыға келген. Ол бұл жағдайды "кейін сыр берген балалық шақтағы дерт" деп атайды.
– Бұл жағдайды дер кезінде басымыздан өткеріп, ауырып-жазылып, оған қарсы иммунитет қалыптастырып үлгерген жоқпыз. Бұрын болды ма, қазір өтіп жатыр ма, ол маңызды емес, бәрібір салдарын сезінеміз. Бұл – қоғамның бірігіп, "қазақстандық ұлт" деген түсінік қалыптастыруы үшін қажет табиғи процесс. Бәріміз бір ұлт болсақ, "отандастар", "отан" деген сөздерге қатысты құндылығымыз қандай болар еді? Әзірге сирек болса да, өзге ұлт өкілдерінің паблик, блог жүргізіп, "мен қазақпын, осы жерде өстім" дегенін көріп жүрміз. Осының бәрі нәтижелі аяқталып, өзін бір ағза сияқты сезінетін бірыңғай қауым, қазақстандық ұлт болып қалыптасамыз деп үміттенемін.