ТУЫП-ӨСКЕН ҚАЛАНЫҢ КӨШЕСІН ТОСЫРҚАУ
Умм Айша (лақап есіммен атауды өтінді – ред.) Азаттық тілшісімен кездесуге алдын ала уағдаласқан уақыттан біраз кешігіп келді. Хиджап, етегі мен екі жеңі ұзын көйлек киген 32 жастағы келіншек бес жылға жуық өмірі алыс жат жұртта өткендіктен, өзі туып-өскен қаланың көшелерін ұмытыңқырап қалғанын айтады.
Умм Айшаға сот кескен жаза мерзімінің аяқталуына әлі екі жыл сегіз ай бар. Пробация шарты бойынша, ол әр дүйсенбі сайын полицияға барып, белгіленіп отыруы керек.
– Мен "терроризмді насихаттады", "діни алауыздықты қоздырды" деген ауыр айыппен сотталдым. Ал ондай баппен сотталған адамды түрмеден оңайлықпен босата салмайды, – дейді ол.
Умм Айша Петропавлда жазасын өтеген колонияда Сириядан оралған тағы үш әйел болғанын, түрмеде өздерімен таңдаулы теологтар және психологтар жұмыс істегенін айтады.
– Діни көзқарасымның өзгеруіне ықпал еткен де солар. Бұрын мен намаз оқымайтындар мен орган қызметкерлерін "кәпір" санайтынмын, – дейді қазір де дін жолында екенін айтқан келіншек.
2014 жылы жазда Умм Айша анасына айтпай, өзінен екі жас кіші сіңлісімен бірге Сирияға аттанған. Тозаққа бергісіз соғыс ошағынан бес жылдан кейін туған еліне кішкентай екі қызымен ғана оралған.
Ол 2019 жылғы мамыр айында Қазақстан үкіметінің "Жусан" операциясы аясында Сириядан Ақтауға жеткенге дейін ниқаб киіп келгенін айтады.
Әуежайға түскен бойда келіншек өз аты-жөні күдіктілер тізімінде екенін естіген. Көп ұзамай Умм Айшаны Ақтөбедегі тергеу абақтысына жеткізген.
Ал онымен бірге елге оралған кішкентай екі қызын Умм Айшаның анасы, яғни балалардың нағашы әжесі қолына алған.
Азаттық ол туралы бұған дейін жазған:
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мәйіттерді басып жүрдік""ШАРТТЫ ТҮРДЕ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСАТЫЛСЫН"
2019 жылғы 26 шілдеде сот Умм Айшаны бес жылға бостандығынан айырған. Сот оны Қазақстан қылмыстық кодексі 174-бабының 1-тармағы ("діни алауыздық қоздыру") және 256-бабының 2-тармағы ("терроризмді насихаттау") бойынша айыпты деп таныған. Сот келіншекке үкімін 1997 жылғы редакциядағы қылмыстық кодекске сүйеніп шығарған. Ал жаңа кодекс бойынша бұл екі бапта көрсетілген қылмысқа айыпты деп танылғанды 7-12 жыл аралығында бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қамауда болған кезде өткенді ой-елегінен өткізіп, өмірге тың көзқараспен қайта қарауды үйрендім дейді Умм Айша.
Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбедегі сот тергеуі кезінде Умм Айшаның Сирияда жүрген кезде қолына автомат ұстап видеоға түскені, тіпті қарудан әуеге оқ атып, Ақтөбеде қалған анасын Сирияға шақырғаны айғақ ретінде келтірілген. Ол сот залында өзіне тағылған айыпты мойындап, процестік келісімге дайын екенін мәлімдеген.
– Мен ол жаққа жайлы өмір іздеп бардым. Адасқаным рас. Бірақ өзімді террористік ұйымға мүше болдым деп санамаймын. Сирияда дүниеге келген кіші қызымның әкесі Кавказ аймағының тумасы Ресей азаматы еді. Ол мені "екеуміз шахид болайық" деп үгіттеді. Келіспедім. Егер мен "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы идеясына берілген адам болсам, сол кезде күйеуімнің айтқанына қарсы шықпас едім, – дейді ол.
Умм Айша қамауда отырған кезде өзі сияқты Сириядан оралғандармен арнайы мамандар жұмыс істеп, діни экстремизм жайлы түсіндіргенін, түрлі тест өткізгенін айтады. Ол тіпті екі рет полиграф (адамның сезім-күйін және қойылған сұрақтарға бұрмаламай жауап беруін айқындайтын құрал – ред.) сынағынан да өтіпті.
– Өмірімді, әсіресе миға сіңіп қалған идеяларды өзгерту оңай болған жоқ. Түрмеге түскеннен кейін жарты жылдан соң полиграфтан бірінші рет өткен кездеде мүдіргенім содан болса керек, – деп түсіндірді ол.
Ал 2021 жылғы ақпанда екінші рет полиграфтан сынақтан өткен.
– "Зайырлы мемлекет мейрамдарына қалай қарайсың?", "Қазақстанда соғыс болғанын қалаймысың?", "Зират басында құран бағыштауға бола ма?", "Қай мәзхабтансың?" деген сияқты көп сұрақ қойылды. Психикам мен физиологиямдағы өзгерісті қалт жібермей бақылап отырған маман бұл сауалдардың өңін өзгертіп, бірнеше мәрте сұрады. Полиграф қорытындысы әдетте жазасын өтеушіге айтылмайды. Айтпаса да екінші рет сыннан сүрінбегенімді ішім сезді, – дейді Умм Айша.
Психологтар мен теологтардың түрлі тест пен полиграф қолданып өткізген сынағынан соң оған түрмеден мерзімінен бұрын босатуды сұрап сотқа өтініш жазуға рұқсат етілген. 2021 жылғы 4 тамызда Петропавлда болған сотқа әйелдер колониясынан онлайн қатысқан. Сот Умм Айшаны мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару жайлы қаулы қабылдап, ол 15 күннен кейін күшіне енген.
– Өзімнің діни экстремизм идеясын қолдайтын адамдар тізімінен 2020 жылы алынғанымды сол сотта естідім, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бидай кебегін талғажау қылдық". Сириядан оралған әйелдің хикаясы"АНАМНЫҢ БЕТІНЕ ҚАРАУҒА ҰЯЛДЫМ"
Умм Айша бұған дейін бірнеше рет күйеуге тигенін, соның ішінде Сирияда да шариғат жолымен неке қидырып, өзге елдің азаматымен шаңырақ көтергенін айтады.
Алты жасында анасымен бірге Сирия асып кеткен үлкен қызы қазір жетінші сыныпта оқиды. Умм Айшаның сөзінше, Сирияда құран үйреніп, арабша тіл сындырған тұңғышы кирилл қарпімен 11 жасында Қазақстанға келген соң танысқан.
– Қызым өскенде заңгер болғысы келеді. Бірақ ата-анасы сотталған адамдарды органға жұмысқа алмайтынын оған айта алмадым, – дейді шешесі.
Умм Айшаның Сирияда өмірге келген кенже қызы қазір төрт жаста. Шешесі сотталып кеткенде екі қызға нағашы әжесі қараған.
– Бостандыққа шыққан соң анамның бетіне қарауға ұялдым. Қандай жағдайда да жанымнан табылатын санаулы адамның бірі ғой. Қолымнан келгенше кейінгі сегіз жылда шеккен азабын жеңілдеткім келеді. Дәмді ас пісіріп, бабын жасауға тырысып жүрмін. Шешемнің шешіле сөйлейтін кезі сирек. Көбіне іштен тынады. Бірақ Таяу Шығыста қалған кіші қызын уайымдайтынын сеземін, – дейді Умм Айша.
Күйеулерінен ажырасып, жұмыссыз жүрген апалы-сіңлі екі қыз 2014 жылғы маусым айында кішкентай екі қызын алып, Қазақстаннан Түркияға аттанған. Интернетте танысқан жол бастаушы екеуін әуелі Стамбулдан Түркияның Газиантеп қаласына, одан әрі Сирияның Жераблус қаласына жеткізген. Сол жерде екеуі Ресей құрамындағы Шешенстан мен Дағыстанда туып-өскен екі жігітпен шариғат жолымен некеге отырған. Кейін Умм Айша күйеуімен Сирияның Ракка қаласына қоныстанып, сіңлісі отбасымен Манбидж қаласына кеткен. Ара-тұра телефонмен сөйлескені болмаса, екеуі содан қайтып жолықпаған.
Қазір жасы ұлғайған анасы Сирия кетіп оралмаған кіші қызын уайымдайды.
– "Кенже қызым екі баласымен аман-есен елге оралса, басқа арманым жоқ" дейді. Туыстары Таяу Шығыста жүрген отбасылардың WhatsApp мессенжерінде "Үміт" деп аталатын ортақ чаты бар. Сол чатқа хабарлама келген сайын анам орнынан ұшып тұрады. Қызымнан хабар болып қала ма деп елегізиді, – дейді Умм Айша.
Ол Таяу Шығыстағы соғыс аймағына Қазақстаннан барған бес әйел Ирак түрмесінде отыр деп естіген, соның бірі сіңлім деп үміттенеді.
– Анам қызының тірі екеніне сенеді. Ол үйге ең соңғы рет 2017 жылғы шілде айында Ирактың Мосул қаласынан хабарласқан, – дейді Умм Айша.
Қазақстан билігі "діни алауыздықты қоздырды", "терроризмді насихаттады" деген айыппен сіңлісінің де үстінен қылмыстық іс қозғаған. Яғни елге оралған жағдайда оны да түрме жазасы күтіп тұр.
ТОҚАЛ БОЛУҒА КЕЛІСКЕНІН АЙТАДЫ
– Петропавлдағы әйелдер колониясында болғанымда жаңалықтардан "ана жерде кішентай баланы зорлапты", "мына жерде жоғарғы қабаттан құлап кеткен" деген хабарды естісем түнімен көз ілмей шығатынмын. Сосын балаларымның күн сайын бомба жарылып жатқан Сирияда емес, бейбіт Қазақстанның тұрғыны екені есіме түсіп, көңілім тынышталып, сабырға келетінмін. Ол жақта (түрмені айтады – ред.) жүргенімде көбіне үй-ішіммен таксофонмен сөйлесіп тұрдық. Қыздарымның жылағанын көрмеу үшін видеомен қоңырау шалғым келмейтін, – дейді Азаттық тілшісіне смартфонынан жүзіне күлкі ұялаған екі қызының фотосын көрсеткен әйел.
Умм Айша түрмеден шыққан соң "әлеуметтік желіден аулақ болуға" тырысатынын айтты. Интернетті фильм көріп, музыка тыңдау үшін ғана пайдаланады. Ол түрмеде отырған кезде Сириядағы босқындар лагерінде қалған әзербайжан қызы Айтен анасына хабарласып, хал-жағдай сұрағанын үйдегілерден естіпті. Таяу Шығыста жүргенде қиын-қыстау кезеңде бірге өткерген құрбыларының тағдыры не болды екен деген ой келетінін, әйткенмен өткенмен байланысты біржола үзгенін айтады.
Түрмеден мерзімінен бұрын шыққанымен ол сот кескен жазасын әлі толық өтеп біткен жоқ. Егер үш рет тәртіп бұзатын болса, қайтадан колонияға қайтаруы мүмкін. Енді қайтып түрме есігін ашқысы келмейтін Умм Айша көшеде жүргенде де аса сақ болуға тырысады. Тіпті жолдан өтерде де бағдаршамға қайта-қайта қарағыштайды.
2020 жылғы ақпан айында Петропавлдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп отырған кезде ең жақын құрбысы таныстырған бір азаматпен заңды некеге отырған. Бұл оның жетінші некесі. Умм Айшаны түрме есігінің алдынан тосып алып, Петропавлдан Ақтөбеге жеңіл көлігімен жеткізген.
Умм Айша күйеуін "Бір сөзді адам. Дін жолын ұстанады" деп сырттай қысқаша сипаттады. Оның сөзінше, күйеуінің шариғат жолымен неке қиған бір әйелі бар екен, соған қарамастан екінші әйелі болуға келіскен.
Қазір ол вахталық әдіспен жұмыс істейтін күйеуін күтіп жүр. Вахтадан оралған соң Ақтөбеге жақын елдімекенге Умм Айшаны екі баласымен көшіріп әкетуге уәде еткен.
Петропавлдағы әйелдер колониясында отырғанда тігінші курсын тәмамдаған Умм Айша 1,5 жыл бойы жұмыс киімін тігіп машықтанған. Ол енді киім пішуді үйреніп, тігін ательесін ашуды армандайды.
Қазақстанға Сириядан қайтарылғандар
"Жусан" операциясы аясында Қазақстанға Сириядан 607 азамат қайтарылды, олардың 413-і – бала.
- Бірінші кезеңде 47 адам: 6 ер, 11 әйел, 30 бала;
- Екінші кезеңде – 231 адам: 16 ер, 59 әйел, 156 бала (олардың 18-і – жетім);
- Үшінші кезеңде 246 қазақстандық: 8 ер, 67 әйел, 171 бала (олардың тоғызы – жетім;
- Төртінші кезеңде 71 адам: 3 ер, 19 әйел, 49 бала (олардың бесеуі – жетім);
- "Жусан-5" операциясы аясында 12 адам: 4 ер, бір әйел және 7 бала (олардың екеуі – жетім) елге оралды.
- Ирактағы балаларды қайтару үшін "Русафа" деп аталатын арнайы операция жүрді. Нәтижесінде 14 қазақстандық бала елге қайтарылды. Олардың аналары Ирак түрмесінде қалды.