Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан әскери күштері 5-6 қаңтар күні "Жусан" операциясын ұйымдастырып, Сириядағы ондаған Қазақстан азаматтын елге алып келген. Қазақстанға оралғандардың көбі – әйелдер мен балалар. Ақорда жариялаған видеода қолына кісен салынып, арнайы күштердің жетектеуімен кетіп бара жатқан ер адамдар да бар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "достық қарым-қатынастағы елдің көмегінің арқасында Қазақстанның 47 азаматы отанына оралғанын" айтты.
"Әйелдер және 30 бала бар. Олардың барлығы террористердің бақылауында болған. [Оларды] әр жағдаймен алдап, Сириядағы қақтығыс аймағына алып кеткен. Көбі алданып барды. Қайтыс болғандар да бар. Ал Сириядан келген адамдарды мемлекет ретінде көмектесеміз, қолдаймыз. Ол кісілер медициналық бақылаудан өтіп, бір ай бақылауда болады. Оларға көмек көрсетеміз. Келген адамдар зардабын кейін айта жатар" деді Назарбаев.
Қазақстан президенті Сириядан оралғандардың қателігі басқаларға үлгі болады деп үміттенеді. Назарбаев "соғыс аймағында еріксіз жүрген Қазақстан азаматтарын, әсіресе балаларды елге әкелу операциясы әлі де жалғасатынын" айтты.
Associated Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ қолдайтын күрдтердің Сирия демократиялық күштері ондаған Қазақстан азаматын еліне берген. Олардың 30-ы – бала, 11-і – әйел, бесеуі – ДАИШ сапында соғысқандар. Агенттік дерегінше, күрдтердің Сирия демократиялық күштері соңғы жылдары ДАИШ құрамында болған шетелдік 700 адамды ұстаған. Ұсталғандардың арасында соғысқа қатысқандар мен олардың отбасылары бар.
Күрдтердің Сирия демократиялық күштері комиссиясының жетекшісі Абдулкарим Омар The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында ұсталғандар 48 елден келгенін айтты. Олар бұл елдерге азаматтарын алып кету туралы хабарлаған. Күрдтердің ресми өкілінің сөзінше, Қазақстаннан бөлек Ресей, Индонезия, Судан азаматтары да еліне қайтарылған.
2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.
ҰҚК сол кезде қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқаны үшін Сирияда 60-қа жуық, Иракта шамамен 20 Қазақстан азаматы қамауда отырғанын да мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сирия мен Иракта қанша қазақстандық қамауда отыр?Астана Ирак пен Сириядағы соғыста барлығы қанша қазақстандықтың қаза тапқанын білмейді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде "тек Сириядағы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғысқан 260-тан астам қазақстандықтың қаза болғаны туралы мәлімет бар".
Осыған дейін Азаттықта жарияланған мақалаларда баласы Сирияда қаза болғанын, сонда қалған келіні мен немерелерін Қазақстанға қалай қайтаруды білмей жүргенін айтып бірнеше ата-ана шағымданған.