Теміртау халқының шымбайына батқан экология мәселесі неге шешілмей келеді?

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинатынан ауаға тараған түтін. Қарағанды облысы, 19 ақпан 2021 жыл. Жергілікті экобелсенді Олег Гусевтің видеосынан скриншот.

Теміртау белсенділері 180 мың тұрғыны бар қала зиянды қалдыққа тұншығып отырғанын бірнеше жылдан бері айтып, дабыл қағып жүрсе де, мәселе әлі шешілген жоқ. Ауаны ластайтын қалдықтың басым бөлігі жергілікті металлургия комбинатынан шығады. Белсенділер мұны "экологиялық геноцидке" балайды. Шенеуніктер комбинаттың табиғатты қорғау шаралары тиімсіз екенін мойындайды. Есеп бойынша, мәселені шешуге миллиардтаған теңге жұмсалған, ал қалдық көлемі бір пайызға жетер-жетпес азайған.

Диоксид азоты, диоксид тотығы, фенол, аммиак, көміртек тотығы, күкірсутек. Бұл – жай ғана химиялық қосындылар тізімі емес, бұл – Қарағанды облысындағы шағын қала – Теміртау тұрғындары күнделікті тыныстап жүрген заттар. Қазақстандағы экологиялық жағдайы нашар қаланың әрбір тұрғынына жылына 1,4 тонна қалдықтан келеді. Ал Теміртаудың өмірі жергілікті металлургия комбинатына тәуелді. Қала комбинатсыз өмір сүре алмайды, ал комбинат қалдық шығармай жұмыс істеуге қауқарсыз. Қалдық қала ауасын бұзып, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізіп жатыр.

САРҒЫШ ТҮТІН, ҚАУІПТІҢ ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙІ

Түсі сұрғылт-сарғыш түтін аспанға көтеріліп, қала мен далаға төбеден төніп тұрады. Құдды заманақыр жайлы фильмдегі қорқынышты картина ма дерсіз. Дәл осындай көріністі Теміртау тұрғындары 19 ақпанда көрді. Сол күні "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинаты бір сағат бойы өндіріс қалдықтарын сүзіп-тазартпай сыртқа шығарды.

Алғашқылардың бірі болып жергілікті журналист әрі экобелсенді Олег Гусев дабыл қақты. Ол желіге 18 секундық видео жариялап, болған жағдайды "экологиялық геноцид" деп атады. Гусев комбинаттың тазарту құрылғысының жұмыс істемейтінін экология департаментіне жеткізген.

– Конвертер цехына газды ауаға таратпай тазартатын құрылғы орнатқан. Бірақ бұл тазартқыш дұрыс жұмыс істемей тұр, – дейді белсенді 19 ақпандағы оқиға жайлы.

Бірнеше күннен кейін жергілікті белсенділер брифинг өткізіп, Нұр-Сұлтанда экология министрлігі өкілдерімен, Қарағанды облысындағы шахталарды иеленіп отырған "АрселорМитталдың" бас компаниясының вице-президентімен кездескенін айтқан. Экология министрлігі шенеуніктері Теміртау комбинатындағы тазарту құрылғысы бұзылып қалғанын айтып, оған адам факторы әсер етуі мүмкін деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Карантин кезінде Қазақстандағы ауа сапасы жақсарды ма?

– Себебін анықтап, шығынды есептеу үшін тексеру басталды. Айыппұл да есептеледі. [Жағдайды] хабарламағаны үшін, нормативті асырғаны үшін, тазартқыш құралды дұрыс орнатпағаны үшін компания жауапқа тартылады, – деді брифингте экология министрлігінің экологияны қадағалау және реттеу комитетінің жетекшісі Зүлфухар Жолдасов.

"Отражение" қоғамдық экоұйымы орнатқан құрылғылар Теміртауда адам өміріне қауіп ең жоғарғы – қызыл деңгейге жеткенін көрсеткен. Экологтардың сөзінше, қызыл деңгей кезінде сыртта ұзақ жүру адамға қауіпті. Ауа ластануын өлшейтін құрылғы қалада сары және сарғыш деңгейді жиі тіркейді. Мұндай кезде жұрт, әсіресе өкпесі ауыратын, астмасы бар адамдар сыртқа шықпағаны жөн.

СӨГІС ПЕН ҰРСУДАН "ПАЙДА ЖОҚ"

Теміртаудағы лас ауа мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Қалдық көп мөлшерде шықса, шенеуніктер қалаға салып жетіп, жергілікті жұртпен кездесіп, сөзін тыңдайды. Комбинат иелерін шақырып, жағдайды реттеуге уәде береді. Бірақ әлі күнге еш өзгеріс жоқ.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинатынан ауаға тараған түтін.

Экология министрлігінің ақпаратынша, жыл сайын комбинаттан ауаға 200-230 мың тонна қалдық тарайды. Министрлік кәсіпорын иесі тазалау құралдарына 28 миллиард теңге жұмсағанын айтады. Бірақ ауаға бөлінетін қалдық көлемі сол қалпы.

– Компанияның табиғатты қорғау шараларының тиімділігін сараладық. Қалдық көлемі 190 тоннаға ғана қысқарған. Бұл дегеніңіз бір пайызға да жетпейді. Демек, тиімсіз екені анық көрініп тұр. 2019 жылдың соңында компаниямен меморандумға қол қойғанбыз, олар қалдық көлемін 30 пайызға дейін азайтамыз деген. Бірақ 2020 жыл компанияның сөзінде тұрмағанын көрсетті. Өте үлкен әңгіме болды. Компания пандемия мен карантинді сылтауратып, құрылғыны әкеле алмадық деді. Бірақ компания сәуірдің соңына дейін қалдық көлемін 30 пайыздан артық қысқартатын стратегия ұсынамыз деп уәде етті, – дейді Зүлфухар Жолдасов.

Теміртау экобелсенділері компаниямен меморандумға қол қою мәселені шешпейтінін, 200 мыңдай адамның денсаулығы үшін (Теміртау мен оның маңындағы ауылдардағы тұрғын халықтың жиынтық саны) ауаны ластаушыларға қатаң шарт қойып, оны орындауды талап ету керек деп біледі. Теміртауда қатерлі ісікке шалдыққандар, тыныс алу жолдары мен қан айналымы дертіне шалдыққандар саны облыс бойынша көрсеткіштен 20-30 пайызға артық.

– Еуропа бірден қысар еді, ол жақта мынадай бассыздыққа жол бермейді. Себебі олардың экология заңы қатал, қоғамы бізбен салыстырғанда белсенді. Миттал (Лакшми Миттал – ұлты үнді британ миллиардері, "АрселорМиттал" компаниясының қожайыны – ред.) Чехияда екі мыңыншы жылдары комбинат сатып алған кезде қоғам петиция мен демонстрация арқылы экологиялық модернизацияға қол жеткізді. Көрдіңіздер ғой, бәрі дұрыс жұмыс істеу үшін көп іс қажет емес. Ал бізде көзді бақырайтып қойып жүре береді. Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртауды" қатаң жазалайды дегенге сенбеймін. Бірақ қандай да бір мәлімдеме жасай бастағаны да жақсы, – дейді Олег Гусев Азаттыққа.

Теміртаулық журналист әрі экобелсенді Олег Гусев.

Қарағандылық тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков биыл Қазақстанда жаңадан қабылданған Экология кодексіне үміт артады. Заңда кәсіпорындарға таза жұмыс істеуге ынталандыру және санкция қолдану қарастырылған. Кодексте кәсіпорынды ынталандырудың екі шарасы қарастырылған. Біріншісі, кәсіпорын ешқандай шара қабылдамаса экология төлемі өседі. Екіншісі, кәсіпорын ең үздік технологияны қолдануы тиіс. Калмыковтың сөзінше, бұл талапты орындаған кәсіпорыннан экология төлемі алынбайды. Егер 10 жылдан кейін қалдықтарды белгілі бір деңгейге азайтса, әрі қарай экология төлемін төлемейді. Ал егер жағдай керісінше болса, кәсіпорыннан 10 жылдың төлемін бірден алып, айыппұл салады.

– Жай сөйлесу мен ұрсудан пайда жоқ. Министрлік бұрын солай істейтін. Қалдықты азайту компанияларға экономикалық тұрғыдан тиімді болу керек, әйтпесе олар жұмыс істемейді. Бұған қоса, Қазақстанның климатқа тигізетін зиянды азайту бойынша алған міндеттемесі бар. Біз Париж келісіміне сай қалдықтарды азайтамыз деп келеміз. Егер көмірден бас тартпасақ, еш нәтиже шықпайды. Оған қоса, Лакшми Миттал "АрселорМитталдың" барлық компаниясы көміртектен ада болады деп уәде еткен. Бұл – компаниялар парник газын шығармайды деген сөз емес, оны сіңіріп, жойып отырады, – дейді Калмыков Азаттыққа.

Қарағандылық тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.

КӨГІЛДІР ОТЫН "ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ" МЕ?

Көмірден бас тарту мәселесі де бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Қазақстан газ құбырын салып жатыр. Магистрал оңтүстік аймақтардан орталық пен солтүстікке тарайды. Бұған дейін билік Теміртаудағы комбинат көмірден газға ауысады деп мәлімдеді де. "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы бірнеше жыл бұрын қоғамдық тыңдауда газға ауысса, шахталарды жауып, жұмыс орнын қысқартатынын айтқан. Кейін бұл мәселе қоғамда талқыланбай қалды.

Компания экология министрлігімен бірге қол қойған ауаға бөлетін қалдықты азайту меморандумын "табиғи газды қолжетімді бағаға жеткілікті мөлшерде алғанда" ғана іске асыруға болатынын мәлімдеген. Бұл үшін кемінде 15 жыл бойы компанияға жыл сайын 300 млн текше метрден 600 млн текше метрге дейін газ қажет болады. Газ комбинатқа 2022 жылдың соңына қарай келуі мүмкін деген болжам бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теміртаулықтардың Назарбаеваға хаты

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының экология бойынша директоры Галина Дроздова жергілікті басылымға "қатты отын – мазутты табиғи газ алмастыра алатынын", "табиғи газбен қалдықты 60 мың тоннаға (30 пайыз) азайту көзделгенін" айтқан.

Эколог Калмыковтың сөзінше, әлемдегі барлық металлургия өндірісі көмір қолданудан бас тартқан. Ол ТМД мен Еуропадағы бірнеше зауытқа барғанын және нәтижесін көргенін айтады.

– Қалдықты азайтуға болады. Газ көмірге қарағанда жеңіл және қатты заттары жоқ, шаң да шықпайды. Газ әлдеқайда таза. Бірақ Теміртаудың газға көшуі екіталай. Компания үш жылдан бері газ керек дейді, бірақ газға көшу туралы жоспар сұрасаңыз, көрсетпейді. Көмірден бас тартып, газға көшетін нақты жоспар керек. Екі бірдей жылу орталығы көмір жағады, газға көшуге болар еді. Тағы да уәде берген. Бұрын да уәде болған. Сондықтан қазір көп нәрсе түсініксіз. Компанияға қазіргі жағдай ұнайтын сияқты. Мемлекет пен қоғам талап етпесе, кәсіпорындар отыра береді. Барлық елде солай. Талап ету керек. Қара қар жауғалы төрт жыл өтті, бірақ нәтиже жоқ. Газға көшу де міндетті емес. Мысалы, Финляндия астанасы Хельсинкидің қақ ортасында жылу орталығы тұр, бірақ түтін жоқ. Себебі онда жақсы тазартқыш орнатылған, – дейді ол.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургия комбинатынан тарап жатқан түтін.

Эколог Париж келісіміне сай Нұр-Сұлтан қалдықтарды азайту міндетін мойнына алғанын айтады. "Билік үлкен мінберден игілікті істер жайлы көп айтқанымен, төменгі жақта ешқандай іс жүріп жатқан жоқ" дейді тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.

Былтыр желтоқсанда БҰҰ Париж келісімі туралы онлайн өткізген саммитте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасы әлі де болса пайдалы қазбаларға сүйенетінін айтқан. Бірақ ол бұл тәуелділікті қысқартуға уәде берген. Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай климат тұрғысынан бейтарап болады деп мәлімдеген.

Теміртау тұрғындарының бар арманы – қырық жылдан кейін емес, дәл қазір таза ауамен тыныстау. Жергілікті халықтың көбі пайдаға кенеліп отырған компания экология мәселесін шеше алатын еді деп санайды. 2019 жылы "АрселорМиттал Теміртаудың" таза табысы 79,5 миллиард теңге болған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Компанияның былтырғы табысы әзірге жарияланған жоқ.