Accessibility links

Теміртаулықтар Назарбаевтың қызына петиция жазды


Үй ауласындағы қара түсті қар. Теміртау, Қарағанды облысы. 7 қаңтар 2018 жыл.
Үй ауласындағы қара түсті қар. Теміртау, Қарағанды облысы. 7 қаңтар 2018 жыл.

Теміртау тұрғындарының бастамашыл тобы "қара түсті қарға қарсы" және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуды талап еткен хатқа екі күнде бес мыңнан аса қол жинады. Қаладағы негізгі кәсіпорынның иесі металлургиялық комбинаттың жұмысы – Теміртаудың экологиялық ахуалына әсер етіп жатқан көп факторлардың бірі ғана дейді.

Қол жинау шарасы Теміртаудағы екі ірі дүкенде ұйымдастырылды. Қол жинап жатқан орынға барған Азаттық тілшісі петицияға қол қою үшін дүкенге арнайы кірген ондаған адамды көрді. Олардың арасында қарттар да, жастар да, тұтас отбасыларымен келгендер де бар. "Қара түсті қарға қарсы" мыңдаған қол қойылған петицияны Астанаға – билік орындарына және былтыр жаңадан құрылған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева басқаратын "Экологиялық ұйымдар ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігіне жолдамақ.

- Мұндай қалада қалай тұруға болады? Міне, лас қар мен тозаңның киімге қалай жұғып қалатынын қараңыз (кір алақанын көрсетті - Азаттық). Тіпті дем алу мүмкін болмай кетті. Өзім демікпемен ауырамын, қиналып, әбден мазам кетті, - дейді петицияға қол қойған теміртаулық тұрғын әйел Азаттыққа.

Теміртау тұрғындары "қара түсті қарға қарсы" петицияға қол қойып жатыр. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.
Теміртау тұрғындары "қара түсті қарға қарсы" петицияға қол қойып жатыр. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.

Жұрт Теміртау көшелерінде күн сайын дерлік "химиялық" жағымсыз иіс сезілетіні, көліктерді, үй терезелерінің алдын майлы қара тозаң басып қалатыны, ал қаланы металлургиялық комбинат жақтан тараған сұр немесе көкшіл түтін тұмшалап алатыны туралы айтып шағынады. Бұған қоса, бастамашыл топ қала тұрғындары күнделікті қоршаған ортаға бөлініп жатқан зиянды заттар мөлшері мен ауадағы заттар құрамы жайлы сенімді ақпаратқа қол жеткізе алмай отыр деп мәлімдейді.

"АПАТТЫ ЖАҒДАЙ"

Петиция жолдау идеясы өткен аптада әлеуметтік желілерде Теміртауда ыстан қарақошқыл болып кеткен қардың суреттері тарағаннан кейін туған. Қала тұрғындары фотосуреттер мен видеолар жариялап, ашу-ызаға толы жазбаларында бірнеше күннің ішінде қардың беті қап-қара болып кеткенін айтқан болатын.

"Бұдан артық не болуы тиіс? Тағы қандай дәлел керек? Адамдар жаппай қырылып, мутант балалар тууын күтіп отыр ма? Барлығы көзге бадырайып көрініп тұр, ешқандай өлшеу, зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Комбинаттан жайылған ыс-күйе қалаға тонналап түсіп жатыр. Кейінгі 2-3 жылда мұндай нәрсе болмаған. Сұмдық қой! Таңертең ағаштарда сұр түсті қырау қатып тұрады!" деп жазған бастамашыл топ мүшесі Наталья Высоцкая әлеуметтік желілерде.

Бес мыңнан аса адам қол қойған петицияда "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек отаны – Теміртау қаласындағы экологиялық апатты жағдайға" назар аударуға шақырған. 38 жыл бұрын жұмыс жолын Теміртауда бастаған Нұрсұлтан Назарбаев "қазақстандық Магнитка" аталып кеткен металлургиялық комбинатта еңбек еткен. Бұған қоса, Назарбаев дәл осы қалада отбасын құрып, екі қызы – Дариға мен Динара осында дүниеге келген.

Петиция жолдау идеясы авторларының пікірінше, тұрғындардың, экологтардың, белсенділердің, қала басшылығы мен депутаттардың, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі жазбалардан тиісті нәтиже шықпай отыр. Тұрғындар үкімет металлургиялық комбинатты проблеманы жоюға мәжбүрлеудің орнына, алып кәсіпорынға зиянды қалдықтар бөлгені үшін айыппұл салуды тиімді көретін болар, өйткені бюджетті толтыру керек қой деп топшылайды.

"Мемлекет құқығымызды қорғауды қамтамасыз ете алмай отыр, сондықтан біз – Теміртау қаласы тұрғындары констиуциялық құқығымыз – экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тұруға қолайлы ортада өмір сүру, таза ауамен тыныстау құқымызды өзіміз қорғауға мәжбүрміз. Қаламыздағы жағдай, әсіресе кейінгі екі жылда тіпті мүшкіл болып кетті. "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамы табиғатты қорғау шараларына арнап қағаз жүзінде және құжаттарда ғана қыруар ақша қарастырады, ал іс жүзіне келгенде ешқандай нәтиже жоқ. Қала адамдардың тұруына мүлде қолайсыз болып барады, бұл жағдайы жұрттың қаладан кетуіне де себеп болып отыр" делінген үндеуде. Бұған қоса петицияда мемлекет экологиялық тұрғыдан таза, салауатты ортаны қамтамасыз етуге міндетті екені жазылған.

Бастамашыл топ экологиялық заңдарды орындау деңгейін, оның ішінде Теміртау кәсіпорындарындағы тазартқыш құрал-жабдықтарды пайдалану талаптарының қалай орындалатынын тексеруді, құзырлы мемлекеттік органдарды адамдар тұратын аймақта химиялық иістің және ыс-күйе мен майлы тозаңның қайдан шығып жатқанын анықтауға міндеттеуді өтінген. Бұған қоса тұрғындар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан бөлінетін зиянды қалдықтарға ашық мониторинг жүргізуге көмектесуді, қоршаған ортаға зиянды заттардың шекті нормадан артық тарауы анықталған жағдайда кәсіпорын басшылары мен комбинаттың экологиялық тобы жетекшілерін дереу жауапқа тартуды сұраған. Сонымен бірге Теміртау қаласында бас эколог қызметін қалпына келтіруді, Теміртаудағы ағаштарды жабайылықпен отауды тоқтатуды және "қаланың жасыл белдеуін" күшейтуді талап еткен.

Тұрғындардың бастамашыл тобы қол жинаумен бірге, прокурорлар металлургиялық комбинатта экологиялық тексеру жүргізу үшін жағдайға жаны ашитын азаматтардан прокуратураға өз аттарынан арыз жазуларын сұраған. Тіпті ондай арыздың үлгісі де әлеуметтік желілерде таратылды.

АМТ: "ПРОБЛЕМАНЫҢ ӨЗГЕ СЕБЕПТЕРІ ДЕ БАР"

Петицияға қол жинау шарасы басталған күні тұрғындар қалыптасқан ахуалға негізгі кінәлі санайтын "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясы ауаға бөлінетін өнеркәсіп қалдықтары көлемін бақылау күшейтілді деп хабарлады. Қарағанды аймағында қалыптасқан экологиялық жағдайға байланысты компания таратқан хабарламада "тазартқыш жабдықтардың жұмысын бақылауды күшейту және экологиялық ахуалды тұрақтандыруға арналған қосымша шаралар қарастыру туралы шешім қабылданғаны" айтылған.

"АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинаты кәсіпорынынан ауаға тарап жатқан түтін. Теміртау, Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинаты кәсіпорынынан ауаға тарап жатқан түтін. Теміртау, Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2018 жыл.

АМТ дерегінше, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы болат департаментінен бөлінген зиянды заттар көлемі 18 мың тоннадан артық мөлшерге азайған. Компанияның мәлімдеуінше, металлургиялық комбинатта жаңғырту жөніндегі экологиялық жобаларды іске қосу мен тазартқыш жабдықтарын орнатудың арқасында 2018 жылы эмиссияларды азайту жоспарланған. Металлургиялық комбинатқа экологиялық құрал-жабдықтар сатып алуға 18,5 миллиард теңге бөлінетіні және 2017 жылы экологиялық жобаларды іске асыру аясында 5,3 миллиард теңге игерілгені туралы хабарлаған. Бұған қоса, АМТ компаниясы қазір жағдай қосымша тексеріліп, тиісті өлшеу және талдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

"Металлургиялық комбинаттың жұмысы – аймақ экологиясына әсер ететін көп факторлардың бірі ғана, проблеманың бұдан өзге себептері де бар, мысалы, автокөліктер саны үш есе ұлғайды, төрт мыңнан астам үй пешпен жылынады. Комиссия жұмысы аяқталып, оның қорытындыларын алғаннан кейін компания мамандары проблеманы шешуге бірден кіріседі. Экологиялық проблеманы түпкілікті шешу көп жылдарға созылатын жоба, оны қысқа мерзім ішінде іске асыру мүмкін емес. Металлургиялық комбинат тәрізді нысандар елді мекендерден белгілі бір қашықтықта орналасуы тиіс. Бірақ қазір қала мен комбинат бір-біріне тым жақын орналасқан" деп хабарлайды "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы.

Әлеуметтік желілерде жұрттың ашу-ызаға толы жазбалары тарап жатқан тұста Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Қарағанды облысының экология департаментіне хат жазды. Барлық өндірістік бөлімшелердің жұмысын тексеріп, ыстың қайдан тарап жатқанын анықтау, шаң-тозаң сынамаларын алып, талдау үшін аймақта АМТ және облыстық экология департаменті мамандарынан комиссия құрылды.

Азаттықтың тексеру жайлы комментарий беруді сұрап жолдаған ресми сауалына Қарағанды облысының экология департаменті қаңтардың 11-і күні кешке жауабын жіберді.

"Қазіргі уақытта қара түсті қардың пайда болуын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылды, оның құрамына облыс әкімдігінің, экология департаментінің, "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының, табиғат қорғау прокуратурасының, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің, кәсіпорынның өкілдері, сонымен бірге қоғамдық бірлестік енді. "Экоэксперт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәуелсіз лабораториясы қара түсті қар сынамасын алды" делінген облыстық экология департаментінің жауабында.

Бұған дейін, қаңтардың 10-ы күні Қазақстан кәсіби экологтары қауымдастығына мүше экологтар мен метеорологтардан құрылған жұмыс тобы зерттеу және ыс-күйенің қайдан тарағанын анықтау үшін Теміртауда қар сынамасын алған. Қаланың әр тұсынан сынамалар алуға Теміртау әкімі Ғалым Әшімов те қатысты. Бірақ тұрғындар оларды зерттеу нәтижелері нақты жағдайды дұрыс көрсетпеуі мүмкін деп алаңдайды, өйткені сынамалар жаңадан қар жауып кеткен кезде алынған. Әйткенмен жаңа түскен қар да аздап қарайыңқы түске ене бастағаны байқалады.

XS
SM
MD
LG