"ЖСН жоқтар үйінде өле бере ме?" Теміртау дәрігерлері емдеуден бас тартқан науқастың сергелдеңі

Теміртау тұрғыны Тамара Дунаева. Қарағанды облысы, 23 сәуір 2020 жыл.

Қатерлі ісік дертіне шалдыққан теміртаулық Тамара Дунаева емделе алмай отыр. Билік науқастың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоғын алға тартады. Дунаеваға жәрдемге келген құқық қорғаушылар бюрократиялық әуре-сарсаң кесірінен науқас медициналық көмек алып үлгермей жан тәсілім етуі мүмкін деп қауіптенеді.

"АЖАЛДАН ҚОРҚАМЫН"

Теміртау тұрғыны Тамара Дунаеваның емделу құқығы үшін күресіп жүргеніне бірнеше айдың жүзі болған. Медицина мекемелері науқастың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) алға тартып, оны емдеуден бас тартып отыр. 42 жастағы әйелдің жанын обыр жегелі жарты жылдан асты – дәрігерлер оған үшінші кезеңіне өткен сүт безі қатерлі ісігі диагнозын қойған. Тамара дерті жанына батқанда жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа ауруды басатын дәрі салады. Тамара Дунаеваға көрсетілетін бар медициналық көмек – сол ғана.

Дертім асқынып, қатерлі ісік төртінші кезеңге өтіп кетсе маған ештеңе де көмектесе алмайды.

- Мені бірден қараған жоқ, денсаулық сақтау министрлігіне шағымданған соң ғана тексеруден өткізді. Бірақ "жеке сәйкестендіру нөміріңіз жоқ" деп, емдеуден бас тартты. Мен құжатымды реттеуге тырысып, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырдым. Елшілікке бардым, бірақ айналып келгенде бәрі Ресей азаматтығын алмағанымды дәлелдейтін анықтама сұрайды. Ол анықтама келгенше уақыт өтіп, дертім одан сайын асқынып, қатерлі ісік төртінші кезеңге өтіп кетсе маған ештеңе де көмектесе алмайды. Бұл процесті жылдамдатуға болмай ма? Неге ЖСН болмаса емдемейді? Қазақстанда көп жылдан бері тұрып жатқанымды жұрт растай алады. Ажалдан қорқамын. Кеуде тұсым, қолтығым, қолым, басым жанымды көзіме көрсетіп ауырады, түн болса ұйықтай алмаймын. Дертті басатын дәрілер сатып алып ішемін, бірақ қазір одан да қайыр болмай тұр, - дейді Тамара Дунаева.

Денсаулығы нашарлаған соң Тамараны таныстары паналатып отыр. Бұрын Теміртауда пәтер жалдап тұрған, еш жерге тіркелмеген әйелдің тұрақты жұмысы болмаған. Ауруы асқынбай тұрғанда сауда саласында істеген. Тамараның Теміртауда дүниеге келгенін растайтын туу туралы куәлігінен басқа қолында ешқандай құжаты жоқ.

"Құжат реттеуге неге ертере кіріспедіңіз?" деген сұраққа Тамара "бұрын құжат керек болмады, аяқ астынан ауру жабысады деп ойламаппын" деп жауап берді.

НАУҚАСТЫ ЕМДЕУДЕН БАС ТАРТУ

Облыстық онкологиялық диспансер дәрігерлері Тамара Дунаеваның ауруын "әлеуметтік маңызы бар" деп тіркеп, қатерлі ісік болуы мүмкін деген болжам айтқан. "Ары қарай емделу үшін құжат қабылдау процесін жеделдету керек" деген анықтама берген. Наурыздың 31-іне Қарағандыда амбулаториялық тексеруден өткен Дунаеваға үшінші кезеңге өткен сүт безі қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Диагнозы анықталғаннан кейін де дәрігерлер науқасты емдеуге кіріспеген, "құжатсыз емдей алмаймыз" деп анықтама жазып берген.

Тамара Дунаева бұған дейін Теміртаудағы тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, басшылықтан көмек сұраған. Бірақ олар ЖСН жоқ науқасқа тек төтенше көмек қажет болғанда ғана жәрдем көрсетілетінін, алайда толық емдеуге кірісе алмайтынын айтқан.

Теміртаудағы №4 емхана басшылығының жауабында "Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес, құжаты, оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ адамдар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін айналасындағы адамдар үшін қауіпті ауруға шалдыққан жағдайда ғана пайдалана алады" деп жазылған. Хатта қатерлі ісік ондай ауруға жатпайды деп көрсетілген.

Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, "Науқасқа көмектесуге мүмкіндік бар ма?" деп сұрады. Басқарма өкілі бұрынғы жауапты қайталап, Дунаеваның ЖСН болмаса емделе алмайтынын айтты.

- Қазір науқастың жеке басын анықтайтын еш құжаты жоқ. Медициналық көмекті толық көлемде алу үшін науқастың ЖСН болуы шарт, - деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

ЖАЛҒЫЗ АНЫҚТАМА

Мемлекеттік мекеменің бұрынғыдай жауабын тағы да естіп, тауы шағылған Тамара Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросынан құқықтық кеңес сұраған.

Науқасқа жәрдемдесуге келіскен заңгер Данияр Ахмади Азаттық тілшісімен әңгімеде науқасты әуре-сарсаңға салған істе бар мәселе Дунаеваның Ресей азаматтығын алмағанын растайтын анықтамаға тіреліп тұрғанын айтты. Совет одағы тараған кезде Тамара біраз уақыт Ресейде тұрған. Ал Қазақстанға қайта оралғаннан кейін құжатсыз өмір сүрген. Заңгердің сөзінше, Дунаева 2020 жылдың басында құжат тапсырған көші-қон қызметі де Тамарадан Ресей азаматтығын алмағанын растайтын анықтама әкелуін сұраған.

Ол анықтама дайын болғанша тірі қалмауы да мүмкін.

- Ақпан айында Дунаева [Ресей] елшілігіне барған. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының "Босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек" жобасы аясында Дунаеваға Ресей Федерациясының азаматы емесін растайтын анықтама үшін консулдық шығынды төлеген кезінде көмек берілген. Ресей заңдарында елшіліктің анықтама қанша уақытта беретіні нақты көрсетілмеген, олардың жауабын жылдап күтуге тура келуі де мүмкін. Мәселе сонда. Ал Қазақстан азаматтығы туралы заңға сәйкес, ондай анықтамасыз Тамараға құжат берілмейді. Дунаева сәуірдің басында көмек сұрап бізге тағы да хабарласты. Біз денсаулық сақтау басқармасына науқасқа жедел медициналық көмек көрсету туралы сауал жолдадық. Оған құжат қашан берілетіні белгісіз екенін, ал науқастың жағдайы күн өткен сайын нашарлап бара жатқанын жаздық. Жауап күтіп отырмыз. Сонда ЖСН жоқ адам үйінде өле беретін болғаны ғой. Ол анықтама дайын болғанша тірі қалмауы да мүмкін. Біз Қазақстандағы Қызыл жарты ай ұйымына да хат жазып, науқасты не хосписке жатқызуды, не басқадай бір медициналық көмек көрсетуді сұрадық. Олардан да жауап күтіп отырмыз, - дейді Данияр Ахмади.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының дерегінше, жыл сайын құжаты жоқ екі мыңға жуық адам ұйым көмегіне жүгінеді. Олардың көбі СССР тарағаннан кейін көші-қон қызметіне дер кезінде бармай, совет тұсында алған төлқұжатын сол қалпы ауыстырмаған адамдар. Бюроның хабарлауынша, Қазақстанда азаматтығы жоқ деген ресми статусы бар жеті мыңға жуық адам тіркелген. Құқық қорғаушылар Тамара Дунаеваның басындағыдай жағдайға алғаш рет жолыққанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасызға пана болған дағдарыс орталығы тағы да ақшасыз қала ма?